Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы


ұлт, ұлттық тәрбие, тәрбие, болашақ, ұлт болашағы

Тәрбиенің негізгі алтын діңгегі – Отан. Ал Отан отбасынан басталады, демек тәрбие-тағылым отбасынан берілетін ұлттық құндылық. Қазақ халқының даналығы, тәрбие тағылымы – тамыры тереңде жатқан асыл мұра. Ерте заманнан ата-бабаларымыз өскелең ұрпақты елін, жерін сүюге, тектілікпен, жан-жақты тәрбиелеуді басты мұрат тұтқан.


Қазіргі дамыған дәуірде озық қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Себебі, еліміздің дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы білімге, мәдениетке және ұлттық тәрбиеге байланысты. Тәрбиенің қуатына тең келетін рухани күш, қуат көзі жоқ екенін жақсы түсінеміз. Ұлттық тәрбиеден нәр алған адам – рухани құндылықтарды бойына сіңіріп биік дәрежеге көтеріледі. Оның ең маңыздысы адамды ойлануға бағыттайды, жеке тұлға болып қалыптасады.


Қазіргі жастар тәрбиесінің жұтаңдығына Шығыс және Батыс бағыттары әсер етуде. Бет аузын тұмшалап қап-қара киінген қазақтың қыздары мен иегіне сақал қойған жап-жас жігіттердің қатары көбейген. Екінші жағынан етек-жеңі ашық, сандарын жалтыратқан қыздарды, темекі тартып, арақ ішіп тұрған жастарды көресің. Міне осындай екі ортада өмір сүріп келеміз. Қазақтың тәлім-тәрбиесін қай жағы жеңіп кетеді екен деген қорқыныш бар. Бұл біздің тек қана ұлттық тәлім-тәрбиемізге ғана емес, тұтас ұлтымызға кәдімгідей іріткі салуда, шабуыл жасауда.
Адам баласының бүкіл адами қасиеттері отбасында беріліп, бүкіл ғұмырына негіз болады. Отбасында берілетін тәрбие мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің сақталуы, о бастан қастерлеп келе жатқан отбасылық құндылықтарымыздың бағасы төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Күнделікті тәрбиені былай қойғанда, көптеген отбасылардың шаңырақтары шайқалып, бала тағдырына шолақ қарайтын жастар көбейді. Отбасында береке болмаған жағдайда адам қалайша мемлекеттік істерде пайдалы жұмыстар жасай алады? Өркениетті елдерде тәрбие мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Мысалы, бізді өзінің ерекше дамыған технологиясымен таң қалдыратын Жапонияның экономикасы ең алдымен отбасы экономикасынан басталатын көрінеді. Шаңырақтарындағы тәртіп баланы сәби кезінен бар күш қуатын еңбек етуге жағдай жасауы, білімге баулуы елді зор өркениеттілікке жеткізген. «Ұлдың ұяты-әкеде, қыздың ұяты-шешеде» деген бар. Ата-аналарымыз түзде жүрсе де «ар», «намыс», «ұят» қасиеттерін сақтауға, қорғауға үйретуі қажет. Жастардың бойында ұлттық сана-сезімді, ата-баба дәстүріне адалдықты сіңіру ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміздің бір тармағы. Қазақтың қанында тастанды бала мен қараусыз ата-ана болмаған. Есігіне құлып салынып, үйінің алдына қарауыл ұстамаған, демек бұл тәрбиені жоғары көрсеткішті берген халық деген сөз.
Отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері: туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, сана-сезім, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттер ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттарына жатады. Тұрмыс – салтқа байланысты туған әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің, бәрінде халықтың арман-тілегі, ой-пікірі, келешек ұрпаққа айтар өсиеті көрініс беріп отырады.
Адамның әдептілігі мен мәдениет деңгейі оның сөйлескен сөзінен, істеген ісінен, мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан көрініп тұрады. Тілге тиек етіп айтар қасиет – имандылық. Себебі, имандылық қасиеті адамның ішкі жан дүниесінің тазалығын сақтап, оның ой-өрісін кеңейтіп, әлеуметтік белсенділігінің артуына әсер етеді. Имандылық сөзінің өзі әдептілік, ұяттылық, ұлтжандылық деген ұғымдарды қамтиды.
Сөз соңында Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе» дегендей, ертеңгi ұрпақтың тәрбиесiн бүгiннен бастап қолға алып, жастарымызды ұлтын сүйетiн ұлт¬жанды, Отанын сүйетiн патриот етіп тәрбиелеу, Ұлттық тәрбие мен құндылықтарды қолға алу біздің басты міндетіміз дегім келеді.


Нұрсәуле Садулла, 

ҚазХҚ және ӘТУ  3курс студенті


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу