Аягөз деген- аядай бұлақ деседі...
Кешегі Абай, Мағжандар бастаған ұлы ақындардан бастап, қазіргі сөз ұстаған сүлейлерге дейін туған жер туралы тебіреніп жыр жазу- ұрпақтық парызға айналды. Себебі, туған жер, өскен өлке- әр ұрпақ үшін алтын бесік, құт орда. Сол үшін де қазақ халқы әлімсақтан бері туған өлкесін қорғау, оны жат қолына бермеу үшін «мың өліп, мың тірілді». Елінің үмітін ақтау жолында ұлт батырлары мен ел иелері «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» жер қорғады. Осының бәрі «туған жерге туыңды тік» дейтін халық ұғымы мен даналығына саятын ізеттілік пен ізгілік болмақ. Қай пенденің болмасын, туған жері- дара, ұлттық рухы осы жалқы ұғымның қазығына байланады.
Осы тұста менің алтын бесік, туған өлкем Аягөз мекені екенін атап өтпей кеткен болмас.
Аягөз деген- аядай бұлақ деседі,
Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?
Аягөз болып ғасырлар алға көшеді,
Ая, көз, ая- арулар елі кешегі!.. – деп, Мұқағали Мақатаев жырлаған Аягөз тек арулардың емес, батырлар жері, абыздар елі, ақындар мекені ертеден...
Аягөз қазақ халқына қатысы бар негізгі оқиғаларға куә болған мекен десек, асыра айтқандық емес. Аягөз жерінде моңғол шапқыншылығы да, қалмақ қырғыны да өтті. Тұтас тарихымызға бойлай тереңдей алмасақ та, оны туған мекеннің өткенімен өзектес тануға ықыласты болу санамызға бүкіл елге деген сүйіспеншілік қасиетін туғызары анық. Мен Ұлы Сарыарқа төрінде лайықты тұғыры бар Аягөз өлкесінде кіндігімнің кесілгенін мақтан етемін. Ал Сарыарқа әлемде аумағы жағынан тоғызыншы орын алатын алып аймаққа қоныс тепкен Қазақ мемлекетінің бір бөлігі.
Аягөз- бүкіл қазақ жерінің бренді әспеттес Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуға соғылған ғажап махаббат мұнарасы орныққан жер. Сондай-ақ Таңсық теміржол бекетінен күн батысқа қарай 10 шақырымдай жерде Аягөз өзені ерекше әдемі сызылған жарты шеңбер бойымен садақтың иініндей арна жасап ағып өтеді. Осы иіннің дәл ортасындағы биік төбеде махаббат некрополі тұр. Біз осы уақытқа дейін қос ғашыққа арналған жауһар жырға таңданумен шектеліп ғана қойыппыз да, бұл жұмбақ тұнған үнсіз архитектуралық кереметтің ішкі сырына үңілмеппіз. Ескерткіш адырнасы он шақты шақырымға тартылған алып садақтың жебесіне ұқсайды. Жебенің нысанаға байланғаны жауыздық. Мавзолей пирамида тектес үлгімен қаланған. Сәулетші ғасырлар қойнындағы құндылықтарды жебедей шаншылған осы ескерткіш арқылы бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізуді мақсат еткендей. Сонымен қатар, өткеннің жаңғырығын ғана емес, рухани өнегесінің толғаныс пен күйзеліске толы жай-күйін бүгінге жеткізіп ғана қоймай, кейінгі ұрпақ зердесіне аманат қылып қалдырған.
Аягөз-ел бастаған көсемдердің, сөз сөйлеген шешендердің, ту ұстаған батырлардың бас қосқан мекені. Қазіргі Аягөз қаласының түбінде Мамырсу деген өзеннің бойында кезінде Абылай хан ордасын тігіп, Хан Кеңесін өткізген.
Аягөз- Абылай ханның өзі иығына алтынмен апталған тон жапқан Еспембет батырдың кіндік қаны тамған жер.
Аягөз- Қабанбай туы астында томағасын тұңғыш сыпырып, Жоңғар шапқыншыларына найза тіреп, қылыш суырған Шыңқожа, Бөдес, Бигелді, Бижігіт сияқты елі мен жері үшін шыбын жанын садақа еткен батырлардың туған жері.
Аягөз- қазақ-қалмақ соғысында тынысы талмаған дауылпаздар- атақты Ақтамберді жырау мен Боранбай бидің ата қонысы.
Аягөз- таңдайына бұлбұл ұя салған Құттыбай бидің, атағы алты Алашқа әйгілі Ақтайлақ бидің, дала Геркулесі атанған Барақ төренің де туған өлкесі.
Аягөз- дуалы сөзі жалпақ жұртқа жеткен Дулат, Түбек, Сабырбай, Қуандық, алапат дарын Әріп пен маржан сөздің киелі мұрасын ұстаған Адық, Саркөз, Төлеу, Есенсары сияқты орақ тілді ақындар елі.
Осындай тарихы тағлымды өңірдің келешекте сан ақиықтарға толғақты болатынына күмән жоқ. Тектілік тамырыАягөзде соғуын тоқтатпақ емес. Бүгінгі заманда ұлт тектілігінен сусындамасақ, ұлт құндылықтары сана төріне орнықтыра алмасақ, жаһандану деген тажалдың көмейіне жұтылып кетпеудің сенімді кепілін жасай алмаймыз. Кейінгі жылдары бұл бағытта біраз істің тындырылғанына куәміз.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында қазақ зиялылары кешегі атаусыз қалған тұлғалардың есімін жаңғыртуға күш салғаны белгілі. Аягөздің де өшкенін тұтату үшін тер төккендер аз емес. Соның бірі даңқты жазушы Қабдеш Жұмаділовті айтпай кету қиянат. Жерлесіміз Ғабиден Құлахметовтің еңбегі ұшан-теңіз. Мұхтар Мағауиннің есімін қоспай кету мүмкін емес. Егер тындырылған істі жоғарыда сөз болған ұлттық идентификацияланудың арнасына тоғыстыра білсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Кімде-кім болсын халқының рухани құндылығын молайтуға қосқан үлесімен бағаланбақ. Парасат-пайымын байыту, бабалар даналығын, ата-баба өсиетін зердеге тоқып, рухани қазынамызды толтыра түсуге талпынып, оған өз еншісін еселеп, кейінгі өскелең ұрпаққа қалдырудың қамын қаузау, болашақ үшін құнды іс тындыруға ұмтылу аягөздіктерге тән қасиет.
Жұмыр жердің бетінде Қазақ деген халық қанша өмір сүрсе, аягөздіктердің сол халықтың лайықты өкілдері болып қала береріне күдік жоқ.
Кәмшат БӨЛЕГЕНОВА
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: аягөз, шығарма, ая, бұлақ, эссе