Менің туған жерім – Нұра кенті


Мен жасыл желек жамылған орманды, сұлу табиғатты әсем өлкеде туып өстім. Мені асыл әжем алғаш туған кезімнен бастап:
"Әлди -әлди ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Жылама, бөпем жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын,
Жіпке тағып берейін," - деген бесік жырын айтып, құлағыма сіңіріп өсірді.

Туған жерді ойласам, Кенен Әзірбаевтың мына өлеңі есіме түседі.
Туған жер, сай мен сала аймағында,
Ән шырқап қазақ, қырғыз жайлауында.
Салқын су, самал жел, жұпар аңқып,
Менің де әсер бердің сайрауыма.
Туған жер, туған жер,
Балапан көбелек қуған жер.
Осылай Кенен ақын Қордай өлкесінің табиғатын әсем әнімен жырлаған болатын.
Менің туған жерім – Нұра кенті. Нұра жерін ел арасында Қара Нұра деп те атайды. Қара сөзі көне түркі тілінде қасиетті деген сөз. Қара Нұра - қасиетті Нұра деген мағынаны білдіретін шығар. Нұра өлкесінің қара топырағы өте құнарлы. Ол топыраққа екен картоп, сәбіз, қызанақ, қияр, қырыққабат сияқты көкеністер мен құлпынай дәмді өседі.
Менің атам Алтай тауының бауырайында туып өсті. Атам ұзын бойлы, қой көзді, асықпай ақырын сөйлейтін, әңгіменің шырайын келтіріп айтатын адам. Ол мені еркелетіп, жазғы демалысқа барғанда үнемі Алтай тауында қыдыртып, серуендетіп, табиғатын тамашалататын еді. Онда Сырғалы, Елікті, Құлынембес, Аралтөбе, Ақсу сияқты өте көрікті жерлер бар. Елікті, Құлынембес ормандарын аралап жүрсең жұпар иісін сезесің. Бұл иіс – әтірдің иісінен де тәтті, сарайыңды ашатын, жаныңды жадырататын иіс. Мұндағы орман - ит тұмсығы өткісіз ну орман.
Құлынембесте жайылып көк шөпке тойған құлын енесін ембей қояды екен. Сондықтан шөбі шүйгін бұл жерді ел "Құлынембес" деп атап кеткен екен.
Аралтөбені екіге бөліп Ақсу өзені ағып жатыр. Мұнда балықтардың түр-түрі кездеседі, әрі бұл жердің балықтары өте дәмді. Атам мен әжем күз мезгілінде балықты ау арқылы сүзіп алғанын, үлкен шанышқымен балықты шаншып алғанын, ұсақ балықтың өзін 2-3 қап алғаны жайында әңгімелеп айтатын. "Ақауыз" деп аталатын үлкен балықты атқа мініп, шанышқымен шаншып аулайды. Ақауыз балығын аттың қанжығасына байлағанда құйрығы жерге тиіп тұратын өте үлкен балық дейтін.
Айнадай мөлдір, тұнық сулы Сырғалы көлі әйел адамның құлағындағы сырғаға ұқсайды. Аққу, шағала, сарыала қаз, қоңыр қаз, үйрек, тырна сияқты құстар Сырғалы көлін құс базарына айналдырады. Әсіресе, көктем мен күз айларында құстардың жылы жаққа кетіп, жылы жақтан келетін кездерінде көл құстар үнінен думанға бөленеді. Біз, балалар, көлдегі жүзген құстарды көру үшін, құйқылжыта ән салған құстардың даусын есту үшін көлге жиі баратынбыз. Алтай тауының баурайында бұғы, марал, тау ешкі, арқар, аю, қасқыр, түлкі, қарсақ сияқты аңдар, үкі, ұлар, кекілік сияқты құстар мекендейді. 2017-2018 жылдары мұхит асып, Америкаға барғанымда, саябақ пен хайуанаттар саябағынан аңдар мен қарағай, самырсын шыршаларды көргенімде, атамның туған жерінің орман-тоғайы, аңдары көз алдыма елестеп кетті.
Біз орманға апаратын бұралаң жолға шықтық. Жолдың екі жағы киіздей қалың балапан қайың. Топырақтары әлі түсе қоймапты. Бұралаң жол тау етегіне қарай ойысқанда қалың жыныстың ішіне іліктік. Орман іші көркімен көз арбаған сымбатты қарағай, сұңғақ бойлы шырша, қол шатырдай қанатын кеңге жайған балқарағай, самырсын, арудай сыланған ақ қайың. Қойнауы толған жеміс-жидек. Ну орманның ішінде ағаштан ағашқа секірген тиінді көрдік. Тотыдайын таранған орман ішін тағы біраз араладық. Бұлақты жиектей өсіп тұрған жеміс ағаштары бабына жете пісіпті. Балалар моншақтай тізілген орман жемістерін уыстап жеп, мөлдір бұлақтың тіс сындырар мұздай суымен шөлдерін қандырып, тамылжыған табиғатты тамашалап, мәз-мейрам болыстық.
Бұл өлкеде жанға дауа, дертке шипа "Ақсу" шипажайы бар. Тау қойнауынан сансыз бұлақтар ағып жатыр. Алтын, күміс, сынап, күкірт арасан бұлақтарына ванна орнатқан. Ванна сыртында кішкентай үй бар. Бұл ванналарға адамдар 25 минуттай жатып, шипалы судың қасиеттерін бойын сіңіреді. Арасанда бүйрек, бауыр, өт, тіс, көз, бас, мұрын, тамақ ауруларына арналған үлкенді-кішілі бұлақтар ағып жатыр. Әрбір бұлақтың басында сол дене мүшесіне ұқсас тас орналасқан. Бұл тастарды табиғат өзі орныластырған, ешкім қолмен апарып қоймаған. Өте ғажап, таңдандыратын дүние. Таудың келесі дараларында бастың, тілдің арасандары бар. Бас арасанына басыңызды тосып жуған соң, шашын жайған әйелдің бейнесі сызылған тас бар, сол тасқа басыңды төсеп жатасың. Тіл арасанына тілі шықпағандар барады. Тілдің бейнесі сияқты тасқа арасан суы бұлақтан тамшылап тұр.. Сол судың шипасы сондай, кейбір тілсіз балалар сөйлеп, тілі шықан. Таудың келесі қойнауында ұшық арасаны орналасқан. Адам шомылуға арналған жоғары жақтан су бұрқақ сияқты тастан жасалған шүмектен су ағып тұр. Адамды далдалап тұратын биік, әрі үлкен тастан жасалған перде көз тартады. Сонымен қоса, бұл жерде тастан жасалған үлкен төсек бар. Бала армандаған аналар қонып, сол төсекке жатып сәбилі болған. Тау басында адам бара алмайтын құздың үстінде табиғат жаратқан тастан жасалған бала бесігі бар. Көп адамдардың дертіне дауа болған киелі бұл арасан жайында әңгімелер ел арасында өте көп айтылады.

 

Айдана Орынтай


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу