Туған жер туралы толғау
Көктем туа біздің өңірден терістікке бағыт алып, Көктемді канатына қондырып құстар ұшып барады. Жалғыз жарым емес, топ болып ерекше сәнімен, ерекше бір әнімен қиқулап өтеді. Қайда барады, деп сұраушы едік үлкендерден бала күнімізде. Туған жеріне барады, тағыда өмірге ұрпақ әкелу үшін асығып барады,дейтұғын олар, арманды жанарларымен ұзап бара жатқан лекке қарап. Сол құстар қазірде ұ шып өтеді,ертеңде ұшады,мәңгі ұша береді. Сазды да сағынышқа толы әндерін ертеңде айтып өтеді, мәңгілік айта береді. Соңыра күзде, кейін оралғанда да әндетіп қайтады. Ол ән көктемгіден мұңды, өзгеше, кейін қалған Атамекеніне айтып бара жаткан қош-қошы,жаз өмірін, мәз өмірін туған жер төсінде тайраңдап өткізіп, енді келесі көктемге дейін жылы жактан пана іздеп барады, өліп қалмас үшін жан сақтайтын орын іздеп барады, сонау терістікке, қалған ұясына көктемде аман-сау оралу үшін амалсыздан кетіп барады. Жан-жануарлардыңдың барлығы да өзінің Туған , өскен жерін аңсап тұратынын бәріміз білеміз. 1959 жылы ұжымшарларды біріктіргенде, көшіп келген үйлердің мысықтары 20 шақырымды бір тунде жүріп, бос қалған қонысына барып жылап жүргеніне таң қалғанбыз дейтін атам. Сонау Нарыннан әкелген түйенің басы босаған шақта Жайықтан жүзіп өтіп, бір түнде атақонысынан бір-ақ шыққанын атам жыр етіп айтып отыратын.Африканың ну жыңғылының әр аймағында жыртқыштардың да өз қонысын қалай қорғайтынын әлем біледі. Ал ақылсыз құстар мен жануарлар осындай болғанда, ақыл-есі дұрыс адам баласының Туған жерін Өле суюі табиғи заңдылық! Біреуіміз орман- тоғайды, жерімізді, екіншіміз таулы-қыратты өлкемізді, үшіншіміз қу тақыр, тастақты шөлейтімізді мақтан тұтамыз. Әне Туған жерге деген махаббат! Нарындықтар үшін анау өркеш-өркеш шағылдардан артық мекен жоқ. Тайсойған тұрғындары да солай. Олар үшін су келмеседе жарып шыққаннан артық өзен жоқ. Табиғаты бұзылып жатса да, жылойлықтар өз жерлеріне айтылатын жағымсыз сөзге шамдана қалады. Дендерліктер тауы мен тұзды көлдеріне мақтанғанда алдарына жан салмайды. Ал біздер Махамбеттіктерше? О, алдымен Ак жайықтан бастаймыз! Оның екі жағын жағалай өскен тоғайларымыз ды көкке көтереміз. Жайықтағы қаракөз бен ақсеркемізді, аққайраң мен табанымызды, сазан мен жайынымызды айтсақ болды, айтысып отырғандарды мүдіртеміз, жеңіп шығамыз. Бұл мақтаншылықтардың барлығыда орынды, әрі табиғи. Туған жер! Оны жырламаған ақын жоқ, жырына қоспаған ақын, ақын емес. Қазақтың сонау заманғы жырауларынан бастап келе жатқан бұл үрдіс қазіргі кезге жалғасуда. « Ақтабан шұбырындының» қасіретінен туған жерден айырылғандардың: Қара таудың басынан көш келеді, Көш соңында бір тайлақ бос келеді Туған жерден айырылған қиын екен, Екі көзге мөлтілдеп жас келеді,- деп атақты « Елім-ай» әнімен мұң шаққаны, «Қайран да менің Еділім» көкірегі қарс айырылған Ақтамбердінің , «Абайламай айырылдым ар жақтағы елімнен-- анау Нарын деген жерімнен» деп толғанған Махамбеттің махаббаты қандай тамаша! Қандай нәзік сезім! Өзінің Қарасазын сағынған Мұқағали «Туған жер сағындырды», келді есіме, өзім кепіл енді оны көрмесіме»,- деген екен соңғы дәмі таусыларда. «Шираз қанша әдемі болсада, Рязань даласына жетерме !» деп атақты «Поленезін» шығарыпты поляк сазгері Огинский, Алатауы мен саржайлау даласын жырлап Нұрғиса өтті өмірден. Айта берсе шеғі жоқ ыстық махаббат, тебңрентер сағыныш, оган деген жалынды журек. «Туған жердің топырағы бұйырсын»! деп бата береді екен айдауда немесе соғыста жүрген ата- бабаларымыз біріне-бірі. Шабуылдың алдында еліне хат жазған жерлесіміз Шобақов Сәрсенғали ақын «Бақалы балдырғанды көл аман бол, өсірген бізді, туған жер аман бол» десе, сонау Қиыр Шығыста айдауда жүрген Оңдаған ақын атам: Ішінде көк мешіттің мінберім-ай, Мінберден әсем шыққан үндерім-ай, Ақсайым, Ару Жайық, тал-терегім, Қойныңда сайран салған күндерім-ай!- деп толғанған екен. Ендеше қандай қиындықта жүрседе, адамның жүрегінде туған жердің жарқын бейнесі тұрады екен. Туған жерінен қол үзген адам жерден күш ала алмаған. Антей тәрізді бас, дене, қуыс кеуде іспеттес болатыны содан. Ей, жас ұрпақ, кейінгі келе жатқан өр де жас буын! Туған жеріңді суйе алсаң ғана Отаныңды суйе аласың, оны қорғай аласың. Сен үшін табаныңның астындағы қара жер қасиетті. Әр қадам басқан сайын туған жерің, Отаның үшін мақтаныш сезімі бойыңды кернеп тұратындай болсын! Сіміре жұтқан Ақ Жайықтың суын бал шырынындай қкабылда! Анау жағалай өскен тал теректер сенің панаң, олармен сырлас бол. Иісі бұрқыраған жусан сенің балғын кеудеңді, ішкі сарайыңды кенітіп, нұрландыратын болсын. Көшелермен келе жатқанда , әсем үйлерге көңілің көтеріліп, сазды ән салатын бол. Көше - Отаныңның бәр бөлігі, онда шалалыққа, шалдуарлыққа, бей-берекетсіздікке жол берме. Жайықтан қашықтау болсада, Таңдайдың топырағына аунап ал, күш қосылады балғын денеңе. Сарытоғайдан Махамбетке дейін жаяу жүр, жан- жағыңа қара, не көрдің, көңіліңе түй.Талдыкөлден, аққайыңнан, Бейбарыстан анау тегіс жолға бағыт алып, өзіңмен өзің сырласып көрші. Не айтады, анау иесіз жатқан жыралар мен сайлар? «Мен сенің айналайын туған жеріңмін»- дейді олар. Еңбекшілден ортақшылға шейін созылып жатқан Өзекті көрдің бе? Жағалап жүріп көрші, саяхат жасап байқашы бір. Тарих жатыр ол жерде, соны зерттеші қане, өренім, туған жердің өткеніне үңілші. Әне жаныңа жақсылық, бойыңа күш қосылды ма? Солай! Махамбетттен жоғары қарай өзен жағалап, Исатай- Махамбет өткен тұсқа барып, ұзақ-ұзақ үнсіз ойланшы. Халқының қамын ойлап, басын оққа байлаған сарбаздардың қаhарлы дауысы естілеме? Сарайшық тұсындағы Жайықтың жарынан көрген адам сүйектерінде туған жердің шерлі бір күндері жатқанын білесің бе? Білмесең, зертте, біл. Өйткені ол туған жер тарихы. Сенің жеріңде де мыңнан аса жер атаулары бар. Олар қандай сыр жасырып жатыр, соны ізде таппай қойма. Көне көз қариялардың соңғы буыны қалды, солардың дуалы аузынан шыққан пәтуалы сөзді қалт жіберме, жазып ал. Ертең олар кеткенде тірек таба алмай қарманасың. Жеріміздегі елдің мекендердің атаулары қандай әдемі! Оған сен мақтануың керек. Бұған тек тәуелсіздігіміздің арқасында жеткенімізді білгеніміз жөн. Бейбарыс, Махамбет- ерліктің символы, Ақтоғай, Сарытоғай, Аққайың, Талдыкөл, Ақжайық-- табиғат символы, Ортақшыл, Еңбекшіл—бірліктің, бауырластықтың символы, Алмалы-- молшылық символы, Алға -- жарқын болашақ шақырып тұрған, жүрегіңе от беретін ұран. Мұның Бәрі менің Туған Жерім, Отаным!
Азат Ғаниұлы
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: толғау, туған жер, шығарма