Жұмақ мекен – туған жер
Бұл жаһан-дүние жер бетіне адам болып аяқ басқаннан кейін шарайна ғаламшардан бір мекен бұйырары анық. Дегенмен көшіп-қонып, мұхит асып, өзге топыраққа табан тіреп, күн кешіп жүргендер де баршылық. Тағдыр жолы қай арнаға бұрып, қай өлкеден ғұмыр бұйырары беймәлім. Әйтсе де кез келген саналы адамзат баласы үшін жердегі жұмақ мекен «Туған жер» деген атау алған. Өзінің туған жерін мақтан тұтып немесе өзгемен салыстырсадағы мың артық болып көрінетіні де сіз бен біз үшін де өзіндік ақиқат.
Жарық ғаламға іңгәлеп көз ашқанда кіндігіңді кесіп, ана мен жер ана құшағында өсіп жетіліп, балалықтың бал күндерін ойынмен өткізіп, ел-жұрт, ағайынға бауыр басып өскен жер соншалықты қымбат та қадірлі. Өсе келе алып шаһар, көркем табиғат мекеніне барсаң да ешқашан туған жеріңе жетпейді. Бұл әрбіріміз өз санамызда мойындаған шындық.
«Азаматына қарап, елін таны» деген аталы сөз әрбір адамның туған жер абыройына қатысты таным деңгейіне ұстын болар сөз емес пе? Яғни, өз туған жер мен еліңе деген махаббаттың тұла бойыңда қаншалықты өркен жаюына байлынысты. Кір шалдырмай, ел бетін жерге қаратпас жан болуды көздейтін ұлттық тәрбиенің құнды мәтелі. Демек, әрбіріміз осы бір сөзді есте сақтап, жасаған қарекетіміз зиянды болмауын қадағалауға міндеттіміз.
«Ер туған жеріне, Ит тойған жеріне» деген мақалдың төркіні өз жері үшін бүкіл тіршілік баяны мен қам-қарекеті бағытталатынын көрсетеді. Ұлы бабаларымыздан өсиет болған мәнді сөз: «Жастың тілеуін берсін» деген еді. Демек, ежелден жас ұрпақтың бойында ұлттық тәрбие беріп, құндылықтарын қастерлеуге, «Отан үшін отқа түс күймейсің» деп қорғауға үйреткен-ді. Тал бесіктен басталатын тәрбие атаулының түп-негізі адамдыққа бағытталған. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назабаевтың: «Жастар - біздің болашағымыз. Оларды жаңа заманда өмір сүруге үйрету - біздің міндетіміз» деген болатын. Ертеңіміз үшін елең етер жан болсақ, жас ұрпақтың бойына ең алдымен туған жер, туған тіл, ұлттық құндылық тұрғысында қасиеттерді дарытуымыз қажет.
Заманауи талаптарға сай, ел болашағы үшін еңбек етіп, теңізге тамшыдай болса да үлес қосарлық біршама жастардан төмендегі екі сұраққа жауап алдық.
- Алдағы 10 жылда өз туған жеріңізге, ауылыңызға қандай да бір пайдасы тиерлік әрекет жасар едіңіз?
- Ол жасаған әрекетіңізден елдік мүддеге, мемлекетке, болашақ Қазақстан дамуына қаншалықты үлес қосады деп ойлайсыз?
Туған жеріміздің дамуы – Қазақстан өркендеуінің негізі. Яғни, бұл біздің ортақ Отанымыздың болашына еткен еңбегіміз болмақ. Бүгінде жоғары білім алып, студент атанып жүрген біршама жастардың алдағы 10 жылда туған жеріне қандай үлес қосқысы келетін білдік.
- Алдағы 10 жылда өз туған жеріме қазіргі оқып жүрген журналистика мамандығы бойынша үлес қосқым келеді. Белгілі бір мектеп, мәдени үйірмелер ашып, рухани бай ұрпақтың қалыптасуына өзіндік тамшыдай септігімді тигізсем деймін. Болашақ жастардың қолында десек, мәдениет пен руханият жас буынның негізгі тірегі деп білемін.
Балым Әбдурахман (Түркістан қаласы)
- Біздің ауылдың табиғаты тамаша, топырағы құнарлы. Бау бақшамен, мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы мекен. Сол себепті қолымда қаржы болса осы жұмыстармен айналысар едімОсы арқылы ауыл халқын жұмыспен қамтып, киелі Торғай еліне пайдамды тигізер едім. Бұл да мемлекетке тиімді болар еді. Ауыл халқына жұмыс беру, оларды сүт тағамдарымен, бау бақшамен асырау елге де үлкен үлес деп есептеймін.
Жанболат Мықыш (Торғай қаласы)
- Мен қазіргі уақытта ауыл кітапханасына әдеби кітаптар беріп тұрамын. Жыл сайын 2-3 кітаптан. Алдағы уақытта ғылыми кітаптарда беремін деген ой бар. Ақшалай да көмек беремін деген ойым бар.Камал Смайылов "қазіргі жастар кітап оқымайды, театрға бармайды. Олар қандай жаңалық ашады" дегені бар. Мүмкін алдағы уақытта өз ауылыма театр салдырып беретін шығармын. Қаладағыдай күнделікті болмаса да, аптасына бір уақыт бөліп театрға барған бала, ата-ана рухани байиды деп ойлаймын.Қазіргі уақытта үлкен ата-апалардан қандай кітап оқыдың десең бірнеше кітаптарды тізіп айтып береді, онда не жазылғанына дейін. Ал, қазіргі жастар сол жасқа келгенде кейінгі ұрпаққа не ақыл айтады?! Ақыл айта білу үшін де кітап оқу қажет деп білемін.
Динара Жолшиева (Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылы)
- Алдағы он жылға тоқталмай, осы екі жылдағы əрекетім былай болмақ. Аудан орталығынан кітап дүкенін ашып жастарға кез келген кітапты қолжетімді ету. Ал, төрт жылда осы ісімді дамытып өзімде баспа үйін ашқым келеді. Себебі біздің ауданның материалдық жағдайы төмендеу. Мен айтқан баспа үйі,біздің ауданда ашылған болса елге титтей болса да пайдасы тиер еді. 10 жылға туған жерге нақты мұнан артық жоспар жоқ себебі " қыз жат жұрттық" Бұдан тиер пайда:
- жастарды рухани дамыту
- жұмыспен қамтамасыз ету
- елге қаржылай көмек
- өзге елдермен серіктестік жасау
Балым Әлішер (Түркістан облысы Ордабасы ауданы)
- Алдағы 10 жылда университеттен алған пиар маманының білімін ауылымның пиарын, туризмін Қазақстанға кеңінен танытуға арнаймын. Менің жасаған әрекетім ауылымның, туған өлкемнің туризмін дамыту арқылы, Қазақстанның көрікті жерлерін әлемге паш етіп, еліміздің экономикасының дамуына үлес қосады.
Бекзатсаттархан Құрманәлі (Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылы)
- Құдай қаласа алдағы уақытта өзімнің туған жерімнің тарихи қала болуына көмектесер едім. Себебі Отырар қаласы ежелден келе жатқан қала болып табылады.Қазіргі таңда бұл тарихи қала жайлы да ұмытылып бара жатыр. Сондықтан өз тарихымызды ұмытпас үшін, мақтанып айтып жүру үшін өз үлесімді қосар едім. Пайдасы тиеді, егер Отырар қаласын дамытып, кітапхананы табатын болсақ. Қазақстан әлем бойынша кітіпханалық тарихынан 2-орында болар еді. Яғни, көптеген мәліметтерге ие болып, тағыда дамыған елдер қатарына косылып өркендей бермекпіз.
Бақдәулет Тұрдалы (Түркістан облысы, Отырар ауданы)
- Алдағы 10 жылда егер де бюджеттік қаражатым болса, ауылыма балабақша салдырар едім. Себебі, бүгінгі таңда ауылымыз кішкентай ғана және көрші ауылдағы балабақшаға баруға мәжбүр. Өз ауылымда болғанда бұл келешек жас ұрпақтың толыққанды саналы, салауатты болып қалыптасуының негізі болар еді. Яғни, Қазақстан болашағы жастардың қолында десек, балалардың өмірге бейімдеу маңызды. Және ауыл балаларына, жастарына қажетті мәдени, спорттық бағытта үйірмелер ашатын едім.
Альфия Адамбек (Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Атақоныс ауылы)
Жауап берген жастардың негізгі ойы ауылға, туған жерге пайдасы тиерлік істер жасағысы келеді. Демек, туған жерге деген махаббат өсе келе белгілі бір пайдалы әрекетке алып бармақ. Ұлттық тәрбиенің негізгі жемісі деп түсінуге лайықты.
«Жастар – болашақ кепілі» деп ұғынатын болсақ, өсіп келе жатқан жас буынның тцуған жеріне деген махаббаты басым әрі пайдалы іске жетелер болса қуанарлық жағдай. Әр адамның тұғырлы жері – туған жер. Сондықтан, туған жердің топырағы, тау-асы, өзен суы соншалық қымбат. Туған тарих еншісінде өткен ұлы тұлғалар, ұлы оқиғалар сол өлкенің әр азаматының мақтанышы есепті. Бабалар қалдырған асыл өсиет сөздердің төркіні – туған жердің бәрінен қымбат екенін ұғындыру. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Өзге елде сұлтан болғанша, Өз еліңде ұлтан бол» дейтұғын мақал-мәтелдер айқын дәлелі.
Қадірің мен қасиетің ерекше, әмсе тарих қатпарларына куәгер, бабамның қаны, анамның жасы тамып, ата сүйегі көмілген туған өлке санамнан әсте өшкен емес. Қандай іс атқарып, қай жерде жүрсемдағы жүрек төрінде, ой биігінде: «Өзіңе кір келтірмесем» деген ұғым жатады. Туған ел, ауыл-аймақтың үкілеген үмітін арқалаған жастың бірі өзім. Осы жалынды жас күнімнің бар қуатын туған жерді гүлдендіру, Отан қорғау, Қазақстан дамуына үлес қосу мақсұтында арнамақпын. Атадан мирас, бабадан мұра болып келе жатқан қара жерге тіршілік күнімізде адал маңдай терімізбен гүлденуіне, өркендеуіне, азат елдің әлем алыптарымен иық тіресер күніне жеткізуге аянбауға ант етемін.
Әзімбек Әбдіқұлұлы
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: туған жер, мекен, жұмақ, шығарма