Орынбор атамекені - туған жерім - Қазақстан!
Туған жер-ай, күнім де сен, дінім де сен,
Тағдыр сендей сүйесе, сүрінбес ем.
Керегі жоқ басқа атақ,
Басқа абырой,
Жетіп жатыр тек өзің ұлым десең!
Қадір МЫРЗА ӘЛИ
Қазақстан – Орталық Азияның жүрегінде орналасқан, «Ұлы Даланың» төрінен орын алған, көрінісінен әсерлі сурет қалған, сонау Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғастырар «Азия қақпасының кілті», әрі қойнауында тарихы сыр шерткен, өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізген ежелден келе жатқан ұлы мемлекеттердің бірі. Сонымен қатар, ол - көк аспанында бүркіті қалықтаған, тауларында ақындар жырымен, айтыскерлер сырымен шалқақтаған, өзен-көлде мөлдір суы сарқыраған, жайлауында қызғалдақтар жарқыраған, аттарымен жер жүзін дүбірлетіп, қобызымен күйін күбірлеткен, ата-бабаларым қоныс тепкен, атадан балаға мұра болып жеткен қазіргі туған жерім, киелі бесігім, кіндік тамған атамекенім!
Иә, осы сөздердің түгелі-дерлік елім мен жерімді мақтан тұтуға лайық. Дегенмен де, біз күнделікті қарбалас өмірдің күйімен күн кешіп, тарихымызда сыры шертілмеген кейбір деректерді уысымыздан шығарып кетеміз. Бұл – адами фактор. Бірақ, ол деректердің өзі келешекте көптеген қиындықтар мен орасан зор шығындар әкелуі мүмкін. Міне, бүгінгі осы мақалада сондай мәселелердің бірсыпырасын қарастырамыз. Ендеше, кеттік!
1731 жылы 19 ақпан. Қазақ тарихындағы ең ежелгі ауыр, мұңды қайғы-қасіреттердің бірі. Бұл күнде Кіші жүздің ханы Әбілқайыр хан мен оның қол астындағылар императрица Анна Иоановнаның елші арқылы жіберген «Ресейдің қол астына өтуі» туралы грамотаға күрсініп, мәжбүрлікпен қол қойды.Сол кезден бастап-ақ, қазақ халқының өмірі өзгерді, туған жері, қазба байлығы, діні, ділі, мәдениеті, тіпті тілі де байланғандай, орыс патшасының қол астына құрдымға кетті. Мұндай қасіретті күйде өмір сүрген ақын М.Дулатов та,
Мың жеті жүз отыз бір сәнасында,
Біз кірдік Руссияның фанасына.
һүнерсіз бостығымыз көрінген соң,
Қызықбас кім қазақтың даласына? – деп күйінішпен елімізге арнау ретінде өлең жазған еді. Міне, содан бері, қаншама ғасырлар тоғысы өтті. Біз торға қамалған тотықұс ұқсап, не дерімізді білмей, есеңгіреп қалдық. Алайда, «Сарала қаз көлін аңсайды, Сағынған елін аңсайды» демекші, от пен суға түстік, азулы да, қаһарлы күндерді бастан кешірдік, алыстық, жұлыстық, тәуелсіздігіміз бен жерімізге, өз дегенімізге жеттік...
Көтеріліп отырған мәселенің басты төркініне келсек, қазіргі РФ-ның иелігінде Оренбург деген қала бар. Ол Қазақстанның солтүстігімен шекаралас, Орал өзенінің бойында орналасқан облыс орталығы ретіндегі қала. Бірақ, бұл қала жалпы тарихта Орынбор деген атпен қазақ жерінің иелігінде болғаны баршамызға мәлім емес. Тіпті, білсе де кейбір адамдар бұл ақпаратты жасырады... Ақпарат демекші, Оренбург қаласының туған жері Қазақстан екеніндігін дәлелдейтін қарапайым 3 дәлелді атауға болады. Біріншіден, мен жоғарыда атап өткен XVIII ғасырдың басындағы екі мемлекеттің картасын алып қарайтын болсақ, қала толықтай қазақ жерінде. Екіншіден, Кіші жүз қазақтары орыс патшалығының құрамына өткен кезде ғана қала экспедиция көмегімен бекініс ретінде салынды. Негізі, тарихи жаулардан қорғайтын бекініс деу - тарихи бұрмалану. Шындығына келсек, экспедицияның басты себебі - басып алған елді мекен туралы ақпарат жинау, әрі отаршылдықты күшейту болып табылады. Оның алдында, бекініс орны тек ауылды жер ғана болған. Үшіншіден, Орынбор қала дәрежесіне көтерілген кезде де, үлкен рөл ойнады. Қазақ халқының қалыптасқан кезеңінде 1920-1925 жылдар аралығында тұңғыш астана болды. Сонымен қатар, тарихта есте қаларлық оқиғалар мен ұлы тұлғалардың басын біріктірген сәттерді әкелді. Мәселен, Орынбор қаласында тұңғыш рет «Қазақ» газеті жарық көрді, Алаш зиялыларының бастамасымен тұңғыш Жалпықазақ съезі өткізілді, «Қазақ автономиясын» құру туралы үлкен жоба қолға алынды. Онымен қоса, ұлы тұлға Ыбырай Алтынсарин жастайынан осы жерде білім алды, тұңғыш әліппе жазған Ахмет Байтұрсынұлының орталықта өз үйі болды, ал атақты күйші домбырасымен сыр шерткен Құрманғазының «Балбырауын» күйі алғаш рет осы қалада орындалған екен... Осыдан кейін өз өлкеңнің туған жерін қалай өгей санауға болады?!
«Айта берсең, жыры таусылмайды» дегендей, қала туралы көптеген деректерді қызыл тілді шұбартып, баба сөзін тұмар ғып, ауыз толтырып айтуға болады. Себебі, Орынбор – өз туған жеріміздің бір бөлшегі, пазлы іспеттес ұлттық мұрамыз. Алайда, әлі күнге дейін бұл қала басқа елдің бүркеуінде маңызды қызмет атқаруда, сол елдің мәдениетіне, тіліне, дініне бет бұруда. Бұл менің мемлекетті кемшіл санап, қорлағаным емес, керісінше, өскелен ұрпақ пен жастарға сыры шертілмеген құпиялар мен болжамдарды дәлелдеп, Орынбордың шын мәніндегі атамекенін айқындап бергім келеді. Себебі, Елбасымыз бір сөзінде, «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық мемлекетінің көркеюі жолында Жан теріңмен еңбек ет!» деп үндеу тастаған еді, ал «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы бір сөзінде, «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін» деп болашақ ұрпаққа, яғни біздерге сеніммен қараған еді. Міне, сол үшін де мен туған жер тақырыбындағы мақалада осы мәселе туралы ой өрбіткім келген еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, Орынбор атамекені – туған жерім – Қазақстан. Бұл анық ақиқат. Себебі, бұл сөздің шындығын жасыру мүмкін емес. Тіпті, қанша жасырып, тырыссақ та, қолымызды жай сілтей салсақ та, уақыт өте келе бәрібір гүл секілді топырақ бетіне оның ақиқаттылығы жарып шығады. Сондықтанда қолда тұрған алтынды қара көмірдің арасынан жағаламайық, керісінше гауһардан да асып түсетіндей аманатымыз бен мұратымызды бағалайық. Өйткені, біз туған жердің топырағында аунап өсер - «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпанды басынбаған, басымыздан сөзді асырмаған елміз!»
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: орынбор, туған жер, қазақстан, атамекен, шығарма, эссе