Абай өлеңдерінің тәрбиелік мәні


Ақылбек Шаяхмет,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры

Кеңдік. Биіктік. Тереңдік. Осынау бір-бірінен ажырамас үш ұғым арқылы Абай жырындағы, Абай сөзіндегі ұлылықты ұғып, ұрпаққа ашып айтамын, не биікке шығамын, не тереңге бойлаймын деген адамның өзі жоғары шықса, басы айналары, төмен түссе, тұңшығары анық. Өйткені, Абай рухы аспандай асқақ, қара жердей қасиетті, ақын ойы қазақтың кең байтақ даласындай барлық құпия сырын ішке түйіп жатыр. Абайдың бір өзі – тұтас әлем және көрінгенге ашыла бермейтін, қалтарысы көп жұмбақ әлем, зерттелмеген мұхит, игерілмеген ғарыш.
Абай және Мен. Абай – ұлы, кемеңгер, ойшыл. Ал Мен кіммін? Абайды сабағандар, оның шалғайына жармасуға жарағандар мені кісі құрлы көреді деп ойламаймын. Бірақ, үндемей іштей тынып, үйдей пәледен құтылайын деген де ниетім жоқ. Ерегессем – ел үшін, арпалыссам, айтыссам – ақиқат үшін.«Адам бір боқ сасыған боқтың қабы, боқтан сасық боласың өлсең тағы»,– деп Абай қалай дәл тауып айтқан. Өлмей-ақ, көзі тірісінде сасып жүргендер қаншама?! Адамның хайуаннан айырмашылығы асқазаннан биік тұрған мида және ел-жұрты үшін елжірейтін ет-жүректе болса керек. Оның жауабын да Абай әлдеқашан шешкен: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».
Абай қоян жылы қайтыс болса, мен қоян жылында дүнияға келіппін.Абай маусым айында қайтыс болса, мен маусым айында дүнияға келіппін. Сондықтан да Абай сөзін жалғасам деген уәдеге берікпін.
«Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз...» - деген Абай сөзі «Ғылым таппай мақтанба...» өлеңінде жалғасын табады. Не нәрсеге асық болу керек, не нәрседен қашық болу керек, толық жауапты Абай сөзінен табамыз.
Абайдың: «Единица болмаса – не болады өнкей нөл» деген өлеңі еске түсе береді. Шындығында біздің бастапқы бірлігіміз де, қазіргі тірлігіміз де бір және нөл сандарымен тығыз байланысты. Қазақ үшін барлық сан да қасиетті, алайда, бірліктің өзін бірден бастаған аталарымыз осы санның атауын еркек мағынасында қолданған тәрізді. Ал нөл әйел деген ұғымды білдіреді. Яғни, бір бастап, нөл қоштап, екеуі біріксе ғана сан көбейеді. Бұдан әйелдің қоғамдағы орны төмен деген ұғым тумайды. Керісіңше, нөл болмаса, алдыңғы санға нөл қосылмаса, алғашқы тоғыз онға жеткеннен кейінгі ешбір сан санға саналмайды, санатқа жатпайды. Нөл қосылмаса Бірдің де бағы жанбайды.
Он дегеніміз санмен 10 деп белгіленсе, нөлді алға қойсақ – 01, яғни, единицаның алдына нөлдің шығуы – өзеннің теріс аққанымен бірдей. Жүз бен мыңның, миллион мен миллиардтың да көш басында бірлік тұрады. Бұл – бұлжымайтын заң. Ендеше осы заңды бұзғысы келіп жүргендер немесе шама-шарқы келгенше бұзып жүргендер өмірдің өзегін бұрмалаушылар, бір мен нөлдің бағасын білмей, жөнсіз қудалаушылар.
Қазақтың «жүз жылдық күйеу, мың жылдық құда» деген сөзінің мәнісіне көз жіберсек, аралас-құраласқан 10-ға тағы бір нөл қосылса 100 (жүз) шығады, оған екі нөл қосылса 1000 (мың) шығады. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегенде де нөлдер озбайды, тек 1 (бір) ғана озады. Қой бастайтын көсем серке де Бір. Сондықтан да санды он деп санасақ та, ойда нөл тұруы керек. Барлық санды тек қана санатта бар сандар емес, көбінесе жоқ деп есептелетін, шындығында бар нөл ретке келтіруі керек.
Олай болса тәрбиелік мәні жағынан Единицамыз Абай. Единица – көш бастаушы, қазақы ұғыммен айтар болсақ, қой бастайтын көсем серке. Адасқан халыққа жол көрсетуші, жөн сілтеуші. Единица қисық кетсе, дүния бүлінеді. Единица тура жүрмесе, арттағы нөлдер есепке алынбайды. Единица болмаса, басқа сандар есепшотқа салынбайды. Яғни, единица дегеніміз – халық қамын ойлаған хакім. Ақын айтқан единица-бірлік осы күнгі тірлікке жеткізіп отыр. Единица – сағат тіліндей мезгілді дәл көрсетуі керек, уақыттан қалып та қоймауы керек, озып та кетпеуі керек.
Өнер-ғылым меңгеруге ұмтылудың орнына шен-шекпенге қызыққан, мансап қуған жастарды көріп қапаланған Абай: «Ойында жоқ бірінің Салтыков пен Толстой, Я тілмаш, я адвокат,Болсам деген бәрінде ой!» – деп күйінеді.
Сөз тыңдайтын құлақ таппай, сырласатын жан таппай, жапандағы бақсының моласындай жалғыз қалып, қамыққан сәттерінде де Абай ұрпаққа ұлағат, келешекке өсиет айтады: «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң - арқалан. Сен де бір кірпіш, дүнияға Кетігін тап та, бар, қалан!» Осы шумақта бүкіл тірліктің мәні, өмірдің сәні жатыр. Абай айтқан бойы бұлғаң, сөзі жылмаңдар, кердеңдеген кербездер, су жұқпайтындар, сөз ұқпайтындар, пейілі шикілер, ақылы күйкілер, тамағы тоқтар, жұмысы жоқтар, көпшіл бола алмайтындар, кекшілдікті қоя алмайтындар арамызда осы күні де құмырсқадай өріп жүргені өтірік емес. Сондықтан да Абайдың «қуатты ойдан бас құрап еркеленіп шығар сөзі» көбінесе ызаға, құсаға толы болса, ол ақынның сол кездегі надандарға деген көзқарасына, өзегін өртеген өкінішке байланысты туған.«Ызалы жүрек, долы қол,Улы сия, ащы тіл,Не жазып кетсе, жайы сол,Жек көрсең де өзің біл», – дегенде де ақын ақтарылып, шынын айтып отыр. Абай бізге де ең алдымен осы шындығымен, ақиқатты кейде сыбырлап, кейде айқайлап айтуымен қымбат. Айтпаса, сөздің атасы өледі емес пе?! «Өлең шіркін өсекші», іштегі сырды жұртқа жария ететінін біле тұра, ұлы ақын жүректегі шерін жырмен шығарады, көкірегіне байланған қайғы-қасіретін сөзбен емдейді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру