Үйкеліс күшінің пайдасы мен зияны. Жаратылыстану, 3 сынып, қосымша материал.


Әдістемелік нұсқау

Жаратылыстану

3-сынып

Табиғат физикасы. Күш және қозғалыс. Үйкеліс күшінің пайдасы мен зияны

Сабақ барысында үйкеліс күшін зерттеу және оның білінуіне мысал келтіру; күштің әсер ету бағытын анықтау оқу мақсаттары жүзеге асырылады.

Сабақ басында өткен тақырыпты пысықтау жүргізіледі. «Кітап үстел үстінде қозғалыссыз жатыр. Кітап пен үстел бетінің арасындағы үйкеліс қалай аталады? Доп домалап барады. Бұл үйкелістің қай түріне мысал бола алады?» сұрақтары арқылы тақырып күнделікті өмірмен байланыстырылады.

Кіріспе тапсырманы орындау үшін оқушыларды топқа біріктіру қажет. «Үйкеліс пайдалы ма әлде зиянды ма?» деп сұраңыз. Қайтарылған жауаптарды тыңдаңыз. (Иә/Жоқ.) Бір топқа «Үйкеліс пайдалы», екіншісіне «Үйкеліс зиянды» тақырыбына постер жасауды ұсыныңыз. Олар «Иә» не «Жоқ» екеніне дәлелдер келтіріп, дәлелдейді. Содан соң постерлермен алмасып, дәлелдемелерін бағалауды тапсырыңыз.

Дескриптор:

-үйкелістің пайдасы/зиянына екі дәлелдеме келтірілген

- келтірілген дәлелдемелер дұрыс

Бұл тапсырманы орындай отырып, оқушылар талдайды, қорытынды жасайды. Үйкеліс пайдалы да, зиянды да бола алады.

Оқулықтағы суретпен жұмыс жасап, әр суреттегі үйкелістің пайдасы мен зиянын айтып бере алады. Жауаптары: Үйкелістің пайдасы: жүріп келе жатқан адамға тайғанауға жол бермейді; үй төбесіне қағылған шегені ұстап тұрады; матадағы жіптердің тарқатылып, сөгіліп кетуіне жол бермейді. Үйкелістің зияны: жүкті көлденең жазықтық үстімен жылжытатын адамдарға қиын; дөңгелектердің ескіруіне әкеліп соғады.

Үйкеліс күші табиғатта қалай әрекет етеді? Фотосуреттермен жұмыс жасауды ұсыныңыз. Суреттегі үйкеліс түрлерін, олардың пайдалы ма әлде зиянды екенін анықтайды. Өз ойларын түсіндіреді. Мысалы: Пайдалы, себебі: маймылдың бұтақққа жабысуына көмектеседі (маймылдың алақаны мен бұтақ арасында пайда болатын үйкеліс), пілдер азығын түсіріп алмайды (пілдің тұмсығы мен жапырақ арасында пайда болатын үйкеліс) Қосымша әдебиеттен табиғатта кездесетін үйкеліс мысалдарын іздеуді тапсырыңыз. Бұл тапсырма оқушылардың талдау жасау дағдысын дамытады. Сонымен қатар өз өмірлік тәжірибесінен мысал келтіруге болады.

Үйкеліс күші техникада қалай әрекет етеді? Егер мүмкіндік болса, автомобильдің немесе велосипедтің дөңгелегін немесе олардың суретін көрсетіңіз. «Неліктен оның беті кедір-бұдыр?» (Үйкеліс пайда болуы үшін.) Қай мезгілде үйкеліс көбірек: (жазда ма әлде қыста ма? (жазда). Қыста дөңгелектердің жолға үйкелуін қалай арттырады? (Бүртабан қолданады. Дөңгелектің бүрі үшкір әрі өткір болады. Ал көктайғақ жолдарда қауіпсіздік қалай сақталады? (Құм себу, мұздың беті кедір-бұдырлы бетке айналады). Бұл тапсырма себеп-салдарлық байланыстарды табу дағдысын дамытуға бағытталады.

Не ортақ? Суреттермен жұмыс жасауды ұйымдастырыңыз. Не бейнеленген? Суреттер арасында ортақ не бар? (Әр жерде сұйықтық бар.) Сұйық зат пен үйкелістің арасында қандай байласынс бар деп сұраңыз. Неге қозғалтқышқа май құяды? Неге мәшинелер дымқыл асфальт үстінде жиі тайғанайды? Неге балықты ұстап тұру қиын? Оқушыларды сұйықтық үйкелісті азайтады деген қорытынды жасауға жетектеңіз. Ол үшін жеке тәжірибелерін еске алуды ұсыныңыз. Мысалы, сусынның қақпағын, қатты жабылған банканың қақпағын құрғақ қолмен және дымқыл қолмен ашу. Аша алмай жатқан кезде, неліктен қақпақтың үстіне сүлгіні, матаны жауып, сыртынан бұрайды (үйкелісті арттыру үшін).

Зертте. Оқушыларды шағын топқа (не жұпқа) бөліңіз. Әр топқа қажет ресурстар (су толтырылған пластикалық бөтелке, сабын кесегі, резеңке қолғаптар, орамал немесе майлықтар, кішкентай шыны бөтелке, күріш, ағаш таяқша) дайындаңыз.

Топтар алдымен эксперимент жоспарын құрады. Оларға көмек ретінде зерттеу жүргізу нұсқаулығын ұсынуға болады. Зерттеу жүргізіп болған соң жоспары мен жүргізілген жұмысты салыстырады. Егер жоспарға өзгеріс енгізген болса, неліктен екенін негіздейді. Бұл тапсырма жоспар құру, талдау жасау, қорытынды шығару дағдыларын дамытуға бағытталған. Оқушылардың біреуі тәжірибені жасаудың басқа жолын ұсынуы мүмкін. Өз экспериментінің жоспарын ұсынуды сұраңыз. Жұмыс соңында оқушылар үйкелісті азайту не арттыру тәсілдері туралы қорытынды жасай алады.

Ойлан. Дене бір мезгілде қозғала және тыныштық күйін сақтай ала ма?» – деп сұраңыз. Жұмысты практикалық түрде орындаған тиімді. Жұптар екі кітапты (өшіргіш, пенал, т.с.с) бірінің үстіне бірін қояды. Астыңғы кітапқа күшпен әсер етіп (итеріп, тартып) қозғалысқа келтіреді. Сабақ жоспарында көрсетілгендей талдау жүргізіңіз. Оқушылардың қоршаған ортадан, өмірден осындай жағдайға мысал келтіре алуы маңызды. Мысалдарын түсіндіруге мүмкіндік жасаңыз, қолдау көрсетіңіз.

Сен білесің бе? Бұрынғы заманда құрылысты қалай жүргізгені туралы болжам жасауды ұсыныңыз. Пирамидаларды салу немесе жергілікті жердегі ерте замандағы ескерткіштерінің салынуы туралы әңгімелесу жүргізіңіз. Олардың тәжірибе арқылы жаңалықтар ашқаны, жаңалықтар олардың еңбегін аз да болса жеңілдеткені туралы пікір алмасуға болады.

Дәптермен жұмыс жасау. 33-жұмыс парағы. Сызбаны толтыру. Оқушылар үйкеліс әсерінің мысалдары бейнеленген суреттердің нөмірлерін тиісті бағандарға жазады, өз мысалымен толықтырады. Жауап: Пайдасы: жүріп келе жатқан адам; мойынға байланған орамал; жолда тұрған автомобиль; таяқшаларды үйкеу арқылы от шығару. Зияны: тетік бөлшектерінің үйкелуі, ауыр затты жылжытуға кедергі келтіру.

34-жұмыс парағы. Сөзжұмбақты шешу. Оқушылар сұрақтарға жауап береді және жауаптарын сөзжұмбақтың тиісті торларына жазады.

Жауаптар:

Көлденеңінен:

1. Бұдырлар

2. Май

3. Сырғанау

Тігінен:

2.Масса

4.Тыныштық

5. Домалау

Тақырыпты бекіту. Үйкеліс күші туралы екінші сабақ болғандықтан бекіту ұйымдастырыңыз. Сөйлем үлгілерін тақтаға іліп немесе таныстылымға шығарып қойып, оқушылар өз таңдауымен сөйлемдерді толықтырып айтуын ұсыныңыз.

Үйкеліс күші туралы мен ... білемін.

Үйкеліс күші туралы мен ... түсіндіре аламын.

Үйкеліс күшін мен ... қолданамын.

Үйкеліс күші туралы мен ... білгім келеді.

Рефлексия. Бағдаршам

Бағдаршамның түстерімен көрсету.

Қызыл: Сабақ қызықсыз болды.

Сары: Сабақ қызық болды. Мен қатысып отырдым.

Жасыл: Мен сабақта толық қанағаттандым.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Информация
Посетители, находящиеся в группе Читатель, не могут оставлять комментарии к данной публикации.