Ауырлық күші қай жерде әсер етеді? Жаратылыстану, 3 сынып, қосымша материал.


Әдістемелік нұсқау

Жаратылыстану

3-сынып

Ауырлық күші қай жерде әсер етеді?

Сабақ барысында ауырлық күшін зерттеу және оның білінуіне мысал келтіру оқу мақсатын орындалады. Сонымен қатар, оқушылар эксперимент жоспарлау және жүргізу дағдысын жетілдіреді.

Мүмкіндік болса, мектеп ауласына серуен ұйымдастырыңыз. Оқушылар айналаны бақылап, ауырлық күшінің білінуіне мысал тауып, атайды, құбылыстарды сипаттайды. Мұндай жұмысты суретпен, таныстырылым көрсету арқылы да ұйымдастыруға болады.

Кіріспе тапсырма. «Аулада не болып жатыр?» Суретпен жұмыс. Онда не бейнеленген? Әткеншекті қайтадан тепе-теңдік күйге келуге не мәжбүр етеді? (Әткеншек жоғары-төмен қозғалады, бұл ауырлық күшінің әсерінен болады. Бұрқақтағы су ауырлық күшінің әсерінен төмен құлайды. Бадминтон добына ауырлық күші әсер етеді). Ауладағы барлық денелерге ауырлық күші әсер етеді.

Өзен қалай ағады? Глобус немесе картамен жұмыс істеп, өзендер мен көлдерді атаңыздар. Олардың қайдан бастау алып, қалай қарай ағатынын анықтаңыздар. Одан соң Жердің пішіні қандай деп сұраңыз. (Жер шар тәріздес.) Жер шар пішінді болса, неге теңіздер мен өзендер төгілмейді? (Суға ауырлық күші әсер етеді.) Өзендер мен көлдер арасында қандай айырмашылық бар? (Олар ағады.) Өзендер көпшілік жағдайда қайдан бастау алады? Өзендер неліктен және қайда ағады? (Көпшілік өзендер таулардан бастау алып, ауырлық күшінің әсерінен төмен қарай ағады.)

Ғаламшарлар. Жұптық жұмыс ұйымдастырыңыз. Балалар өзара ауырлық күшінің басқа ғаламшарларда бар екенін талқылап, дәлел келтіреді. Көмек ретінде суреттер немесе таныстырылым ұсыныңыз. «Неге Сатурнның сақиналары неге тарап кетпейді? Неге Айда кратерлар бар?» тәрізді сұрақтар арқылы талдауға жетелеуге болады.

Ғарышта. Ғарыш, Күн жүйесінің суретін көрсетіңіз. Тек Жерде, Күн жүйесінде ғана емес, тартылыс күші бүкіл әлем қозғалысын реттеп тұратын күш екні туралы алғашқы түсінік алады. Жердің ауырлық күші үлкен бе деп сұраңыз. Неліктен Жер тартатын ғарыш денелері оның бетіне құламайды? (Олар өте алыс орналасқан, сол себепті оларға әсер ететін ауырлық күші Жер бетінде орналасқан заттарға әсер ететін ауырлық күшінен кем. Басқа ғарыш денелері де тартылыс заңына бағынады)

Зерттеуге дайындық

  • Зерттеу сұрағын қою, зерттеу мақсатын анықтау
  • Болжам жасау
  • Эксперимент жоспарын құру
  • Ресурстарды тарату (дайындау)

Зерттеу жүргізу үшін нұсқау беру

  • Жайпақ табақты үстел үстіне қою.
  • Оған су құю.
  • Астына қағаз парақтарын умаждап сала отырып, алдымен табақтағы судың деңгейінің бір жаққа басым болатын жағдайға жеткізу.
  • Содан кейін табақ астына қағаз сала немесе алып тастай отырып, судың табақ бетінде неғұрлым бірдей деңгейде болуына қол жеткізу.
  • Нәтижені тіркеу. Қорытынды жасау.
  • Эксперимент жоспарын оның жүзеге асырылуымен салыстыру.

(Экспериментті орындау барысында оқушылар көлденең жазықтықтың үлгісін жасады. Егер жазықтық көлденең болса, оның бетіндегі сұйықтық жылжитынын, оның жылжуына ауырлық күшінің әсерін бақылайды. Жұмыс барысында оқушылар эксперимент жоспарын құру мен оны жүзеге асыру дағдыларын арттырады).

Ойлан. Болжам жасауды тапсырыңыз, егер ауырлық күшінің әсері кенеттен тоқтаса, әлем қалай өзгеруі мүмкін?

Жердің қандай қабықтары өзгеріске ұшырайды? (Лито-, гидро-, атмосфера, ғарыш: денелер бір-біріне тартылуын жоғалтады.)

Сен білесің бе?

Ағылшын ғалымы Исаак Ньютон өзінің жеміс бағында демалып отырғанда басына алма құлап түскен екен. Осы құбылыс оның бүкіләлемдік гравитация заңын ашуына (ауырлық күші, тартылыс күші) себеп болғанын айтып беріңіз.

Дәптермен жұмыс. 29-жұмыс парағы. Бос орындарды толтыр. Оқушылар сөйлемдердегі бос орындарды толтырады.

Жауап. Жаңбыр тамшысы жерге түседі, себебі оған ауырлық күші әсер етеді.

Дененің массасы неғұрлым үлкен болса, ауырлық күші соғұрлым көп болады.

Дене неғұрлым Жерден алыс болса, оған әсер ететін ауырлық күші соғұрлым аз болады.

Дұрыс-бұрыс. Оқушылар ауырлық күші туралы сөйлемдер оқып, кестедегі дұрыс сөйлемдерді құсбелгімен белгілейді.

Жауап: «Ауырлық күші тек Жерде ғана әсер етеді» – дұрыс емес.

«Жердің ауырлық күші Айға қарағанда күштірек» – дұрыс.

«Ауырлық күшінің әсерінен барлық денелер Жерге құлайды» - дұрыс.

«Массасы үлкен денелерге үлкен ауырлық күші әсер етеді» - дұрыс.

«Айда ауырлық күші бар» - дұрыс.

«Жоғарыға лақтырылған зат аспанға ұшып кетеді» - дұрыс емес.

30-жұмыс парағы. Салыстыр. Оқушылар ең көп ауырлық күші әсер ететін денеден Жерге қарай жасыл сызық, ең аз әсер ететін денеден Жерге қарай қызыл сызық жүргізеді.

Жауап: Ең күшті ауырлық күші пілге, ең азы шыбынға әсер етеді.

Рефлексия.

- Сен бүгін не үйрендің?

-Саған бүгін ең маңызды болған нәрсе? Неліктен?

-Не туралы тағы да көбірек білгің келеді?

«СМС-хабарлама» арқылы өзін –өзі бағалауды ұйымдастырыңыз.

Оқушылар жақын досына бүгінгі сабақ жайлы СМС хабарлама жазады. Ол қысқа, нақты, түсінікті болуы керек. Онда жоғарыдағы сұрақтарды ашады. Ең қысқа да нұсқа хабарламаны анықтауға да болады.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу