Қазақстанның таңғажайып жерлері. Дүниетану, 3 сынып, қосымша материал.
Сабаққа арналған әдістемелік нұсқаулар
- «Еліміздің ең көрікті жерлері» бейнематериалын көру
Оқушыларға Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бейнематериалын көрсетіңіз. Оқушылар топта берілген кестедегі өз сұрақтарына жауап жазып отырады. Әр топ мүшесі 4 сұрақтың біреуін таңдап, жауап жазады. Бұл оқушылардың көріп отырған бейнематериалдарын зейін қойып көрулеріне
жағдай туғызады.
- «Топтастыр» стратегиясында оқушылар берілген суреттерді туризм түрлеріне байланысты топтастырып, анықтайды. Сол анықтаған туризм түрлеріне қысқаша мәлімет береді.
- «Картаға саяхат» тапсырмасы
Қазақстанның физикалық картасы бойынша су нысандарын атайды.
Талқылау сұрақтары:
- Қазақстанның су нысандарын атаңдар.
-Қазақстанның қандай су нысандарын туризм саласына қолдануға болады?
- Қазақстанның қандай су нысандарына туристер көп барады?
Сұрақтарға оқушылар карта бойынша, өз өмірлеріндегі естіген-білгендерімен, оқығандары бойынша жауап береді.
- Жарнамалық буклет. «Туристік компания» тапсырмасы.
Жарнамада су нысанының географиялық орны, фотосуреті және туризмнің түрлері нақты түсінікті тілмен көрсетілуі керек.
Оқушылар тобы «Туристік компания» болып «офисте» (парталарында) отырады. Басқа топ мүшелері оларға келгенде олар өз қызметтерін жарнамалап, «туристерді» көндіруге тырысады. Басқа оқушылар «Жолдамалар» сатып алу арқылы бағалайды. Қай топ саны жағынан көп «жолдама» сатты, сол топ жеңіске жетеді.
- «Рейтинг құру» стратегиясы. Қазақстанның ерекше тартымды туристік су нысандарының рейтингісін жасайды. Ол үшін жарнамалық букеттердегі сатып алынған «жолдамалар» тақтаға жазылған әр топтың қатарына тізіліп жабыстырылады. Қай топта ең көп сатылым жасады,сол топтың рейтингісі, сәйкесінше туристік су нысанының рейтингісі жоғары деген сөз.
- Рефлексия «Кеме»
Оқушылар сабақ бойынша кері байланысты кеменің желкенін жасыл/сары/қызыл түске бояу арқылы береді. Желкеннің суреті бар таратпа материалды сабақ алдында парталарына таратып қою арқылы уақыт үнемдеуге болады.
Теориялық материалдар. Өзен жүйелері және өзен алаптары. Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 85 мың өзен бар. Олардың ішінде 7 өзеннің (Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле, Шу) ұзындығы 1000 км-ден асады.
Республиканың барлық өзендері Солтүстік Мұзды мұхит және ішкі тұйық көлдер алаптарына құяды. Екі алап арасындағы суайрық Сауыр-Тарбағатай тау жүйесінің қырқасы мен Сарыарқа, Торғай үстірті арқылы өтіп, Оңтүстік Оралға тіреледі.
Солтүстік Мұзды мұхит алабы өзендерінің су ағыны тұрақты келеді. Бұл алқапқа жататын өзен Ертіс (Есіл және Тобыл салаларымен).
Республика өзендерінің едәуір бөлігі ішкі тұйық алапқа жатады. Ішкі тұйық алап ірі көлдерге құятын өзендер жүйесімен келесі сатыдағы кіші алапқа бөлінеді. Бұл көлдердің ірілері — Каспий, Арал теңіздері және Балқаш көлі. Ішкі тұйық алапқа ұсақ көлдерге құятын, құмға барып сіңіп кететін, сондай-ақ уақытша ағатын өзендер де жатады
Каспий теңізі алабы Батыс Қазақстан өзендерін қамтиды. Оларға Жайык, Жем, Сағыз, Ойыл, Сары өзен, Қара өзен және т.б. жатады.
Арал теңізі алабына Оңтүстік және Орталық Қазақстанның оңтүстік бөлігінің өзендері жатады. Өзендер шөл зонасында орналасқан және өзен желісі сирек. Басты өзендері Сырдария, Арыс саласы мен Шу, Сарысу, Торғай, Ырғыз, Талас өзендері. Бұлардын ішінде Сырдариядан басқасы Арал теңізіне жетпей құмға сіңіп кетеді.
Балқаш-Алакөл көлдер жүйесіне Қазакстанның оңтүстік-шығысындағы өзендер кіреді. Олар: Қаратал, Лепсі, Аксу, Іле, Тентек, Сарқан, Басқан және т.б.
Өзен жүйесінің ерекшелігі. Қазакстан өзендерінің бірінші ерекшелігі – жасы әр түрлі. Жазық бөлігінің өзен жүйелері ескі, өзінің даму сатысының соңғы кезеңінен өтуде. Сондықтан жазықтардағы өзендердің аңғарлары жаксы түзілген әрі кең болып кетеді. Бұл өзендерде тереңдік шаю әрекеті (эрозиясы) баяу, ал бүйірлік шаю күшті болады. Таулы аймақтардың өзендері геологиялык тарихы жағынан жас, өз дамуының бастапқы кезеңінен өтуде. Бұлардың бойлық қимасы тік, құламалы келеді, яғни қалыптасып бітпеген. Өзендердің тереңдік шаю әрекеті жылдам да, бүйірлік шаюы баяу.
Қазақстан өзендерінің екінші ерекшелігі – оның әркелкі таралуы. Жазықтарда өзен жүйесінің (торының) жиілігі солтүстіктен оңтүстікке қарай кеми береді. Жауын-шашын көбірек түсетін орманды дала және дала зоналары өзенге бай. Республиканың солтүстігінде өзен жүйесінің жиілігі әрбір 100 км2-ге орта есеппен 4-6 км-ден, ал оңтүстік шөл зонасында 0,5 км-ден келеді. Қазақстанның биік таулы аймақтарында өзен көп. Алтай, Жетісу Алатауы және Тянь-Шань тауларына жауын-шашын мол түседі. Өзен жүйесінің жиілігі тау бөктерлерінде әрбір 100 км2-де 4-6 км-ге, таудың орта бөлігінде 10-12 км-ге, биік тауларда 16-18 км-ге дейін жетеді.
Өзен суының шығыны және жылдық ағыны. Өзеннің су шыгыны дегеніміз өзеннің су қимасынан бір секунд ішінде ағып өтетін су мөлшері. Әдетте су шығыны секундына ағып өтетін текше метр (м3/сек) есебімен өлшенеді.
Қазақстанның ең мол сулы өзені – Ертістің көп жылдық орташа су шығыны 880 м3/сек, Сырдарияда – 703 м3/сек. Өзеннің жыл бойындағы ағып шыққан су шығынын жыл-дық ағын деп атайды. Мысалы, Ертістің жылдык ағыны -28 млрд м3. Су ағыны жер беті суларының қорларын аныктайды. Ағын республика аумағы бойынша өте әркелкі тараған, беткі ағынының мөлшері – 59 км3.
Тянь-Шань, Жетісу Алатауы өзендері көктем мен жазда, яғни жылдың жылы кезінде тасиды. Бұл тауларда қардың еруі көктемде төменгі белдеуден басталып, одан орта, жоғары биіктегі қар мен мұздықтар жаз бойы еріп, күзге дейін созылады. Тау өзендерінің ағынында жаңбыр суының үлесі шамалы (5-15%), ал аласа тауларда оның үлесі 20-30%-га дейін жоғарылайды.
Биік тау өзендерінің мұз режимі басқаша. Олардың таулы бөлігінде ағыстың күшті болуына байланысты және жер асты суымен қоректенетіндіктен, тұрақты мұз жамыл-ғысы қалыптаспайды. Тек кей жерлерде ғана жағалық мұздар байқалады.
Алакөл – тұзды ағынсыз көл. Ол Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шегарасында орналасқан. Көлдің оңтүстік-шығыс жағында Жоңғар қақпасы орналасқан. Батыс жағында Көктума ауылы бар, ол қазақ-қытай шегарасынан 80 шақырым жерде жатыр. Шығысында – Қабанбай ауылы. Бұл ауыл дамыған туристік инфрақұрылымымен ерекше, Қабанбайдың шығысында 15 шақырым жерде Барлық-Арасан курорты орын тепкен.
Алакөл - емдік қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы. Мұндағы Арқаның қуаң даласындағы құрғақ ауа теңіз бетіндегі дымқыл ауамен араласып жағасындағы адамға жағымды әсер береді. Көл суы да минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы медицинада дәлелденген.
Шипалы су Ыстықкөлдің суынан да жылы. Кезінде жорықтан қайтып келе жатқан Шыңғыс хан жараланып, қансыраған әскерін осы Алакөлдің суына айлап жатып, шомылдарып емдеген деген аңыз бар.
Алакөлде курортты демалыс орындарының орналасу себебі – суының минералдарға бай болуында, оның құрамында Менделеев кестесінің элементтерінің көбі кездеседі, құрамы жағынан Қара және Өлі теңіздерге ұқсайды. Сондықтан бұл аймақта демалушылар емдік туризммен шұғылданады. Көл жағалаулары тек емдік саяхаттар үшін ғана емес, тыныштықты қалайтын туристерге де көп ұсыныс жасайды. Бұл ретте Алакөл аумағындағы балық аулау мен аңшылық өте танымал.
Балқаш – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі үшінші орында. Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының шегінде, Балқаш-Алакөл ойысында, теңіз деңгейінен 340 м биіктікте жатыр. Ауданы құбылмалы: 17 – 22 мың км2, ұзындығы 600 км-ден астам, ені шығыс бөлігінде 9 –19 км, батыс бөлігінде 74 км-ге жетеді.
Балқаш – жартылай тұщы көл. Суының химиялық құрамы көл алабының гидрографиялық ерекшеліктеріне байланысты. Судың минералдылығы мен тұздылығы бұл екі бөлікте екі түрлі. Көлге ағып келетін судың негізін Іле өзені құрайтындықтан, батыс бөлігінің суы тұщы, лайлы. Шығыс бөлігінің суы тұздылау, түсі көгілдір, ашық көк.
Балқаштың батыс бөлігіне Іле (жер бетімен келетін судың 78,2%-ын береді), шығыс бөлігіне Қаратал (15,1%), Лепсі (5,4%), Ақсу (0,43%) өзендері құяды. Солтүстіктен ағатын Аягөз, Бақанас, Тоқырауын, Жәмші, Мойынты, т.б. өзендер әдетте көлге жетпей сарқылады. Көлдің солтүстік жағалауы Сарыарқаның ұсақ шоқылы тау сілемдерімен ұштасып жатқандықтан, биік жарқабақ болып келеді және көптеген жыра-жылғамен тілімденген, ал оңтүстік жағалауы – суы біртіндеп тартылған кезде жиналған шөгінділерден пайда болған құмды ойпат.
Балқаш көлі Қарағанды, Алматы және Жамбыл облыстарының аумағында орналасқан. Көлдің солтүстігінде Қазақ соқпақтары, батысында Бетпақдала оңтүстігінде Шу-Іле таулары, Тауқұм құмдары қоршап жатыр. Балқаш көлі жер бетіндегі ең көне көл болып саналады.Балқаш фаунаға бай. Көл түбінде моллюскілер, судағы ұсақ жәндіктердің дернәсілдері, шаян тәрізділер тіршілік етеді. Батыс бөлігі планктонға бай. Көлде балықтың 20-дан астам түрі бар, мұның 6 түрі ежелден көлдің өзінде өскен балықтар кездеседі.
Аймақта орналасқан табиғи ескерткіштердің бірі – Бектау ата тау желісі. Бектау ата тауының шыңы 1000 метрге дейін жетеді. Бектау ата тау желісінің ұзындығы 4000 га, алайда оның аумағында түрлі атқалдар мен құздар орналасқан. Мұнда өсімдіктердің жүзге тарта түрі кең таралған, олардың 45 сирек кездесетін болса, 8 Қызыл Кітапқа енгізілген.
Каспий теңізі Қазақстанның батыс жағында орналасқан.Теңіздің атауы «каспий» атты ерте заманда мекендеген тайпа атауына байланысты.Сонымен қатар теңіздің басқа да атаулары болған:Гирқандық,Хазарлық,Хвалындық.Каспий теңізі және оның жағалауында мекендеген тайпалар туралы алғашқы деректер Геродот еңбектерінен кездеседі.
Каспий теңізі солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 шақырымға созылған,орташа ені – 320 шақырым,жағалау ұзындығы 7000 шақырымға жуық (6000 шақырымы Ресей мен басқа елдерге қарасты) .Акватория аймағы - 371000 шаршы шақырым;Теңіздің ең терең жері – 1025 метр (оңтүстік жағында).Теңіздің қазақстандық бөлігі терең емес,солтүстік жағалауының тереңдігі 15-20 метрге жуық. Қазақстан аумағындағы ең ірі шығанақтар – Комсомол,Маңғышлақ ( Маңғыстау), Кендірлі, Қазақ, Қар-Бұғаз-Гол және тб . Барлық елу аралдың аумағы 350 шаршы шақырым. Еділ, Орал және Ембі өзендері Каспий теңізіне солтүстіктен құяды. Каспий теңізі қазаншұңқырларының бедеріне қарай Солтүстік, Орталық және Оңтүстік болып 3-ке бөлінеді. Солтүстік бөлігінің шегі Маңғыстау түбегінің бойымен өтеді. Ортаңғы бөлігі содан Апшерон түбегіне дейін созылған, қалған жері, Оңтүстік бөліктің үлесіне келеді. Солтүстік бөлігі температураның тұрақсыздығымен ерекшеленеді, ауа-райы континенталды, ал батысы бір қалыпты, ал оңтүстік бөлігі барынша ылғалды, субтропикалық болып келеді. Солтүстік өңірде үнемі құрғақ ауа сақталады. Орталық және солтүстік бөліктерде қазан-сәуір айларында жауын-шашын мөлшері барынша аз болады. Теңіз суының соңғы кездегі төмендеу деңгейлері 1929 жылдан бастап 1957 жыл аралығында тіркелген. Бұл жағдайлар климаттық құрғақшылыққа, сонымен біре өзенде үлкен гидротехникалық және ирригациялық құрылыстарды салумен тікелей байланысты болды.Каспий теңізінің флорасы мен фаунасы басқалармен салыстырғанда кедей. 500 жуық өсімдік түрлері өседі және 854 балық түрлері мен су жәндіктері, бірнеше құс түрлері теңізді мекен етеді.
https://baribar.kz/student/7239/qazaqstannynh-oezenderi/
- Қосымша сілтемелер:
№ | Тақырыбы | Сілтемелер | Ұзақтығы |
1 |
| 2:42 | |
2 |
| 10:01 | |
4 |
| 2:28 | |
5 |
| 2:06 | |
6 |
| 29:32 | |
7 |
| 3:40 |
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру