Туған жердің түтіні атты өлеңдер


Туған жердің түтіні (топтама)


Бірінші
Асыл жібек, ақ шарқат – жамылғаның.
Ақық бұйым, әшекей – тағынғаның.
Қисық ине сабақтап әжем отыр,
Иілгені секілді қабырғаның.

Сәби ойнап, уілдеп жөргегінде,
Салған әні қандай-ды жеңгенің де.
Бесік басы қайталап, қайырмалап,
Бес-алты рет айтады ол кемінде.

Момын үйде жататын сүт төгіліп,
Сыртқа құлып салынбай, ішке құлып.
Ұйқы шіркін бұзылып шала боп жүр,
Туған үйдің тұрмысы түске кіріп.

Екінші
Біздің ауыл – Ескеннің сары атаны,
Өз әліне қарамай зор атағы.
Таңда – дау, түсте – сойқан, кеште – момын,
Жамылып жеткен күздей қарашаны.

Даудың басы – сары атан, кепкір неме,
Көзақы боп жегілген көп кірмеге.
Құдық басы у-шу боп даурығады ел,
Ешкі татыр су қалмай ешкімге де.

Еліреді Ескен шал қабақ қатып.
Жүйкелетер адымын санап басып.
Кепкен малды боқтайды, одан қалды
су соратын моторы қабаттасып.

Үшінші

Көкала үйрек сымпылдап ұшқан көктем.
Сыңғыр қаққан қыз-өзен тұстан да өткем.
Бәсіремді желдіріп бесін ауа,
Ер жеткенмін жылқыға құштар боп мен.

Қыз бүлдірген өсетін сайға келіп,
Сам жамырай жеткенмін майда желіп.
Теріп алар бүлдірген ұшты-күйлі,
«Ол қайдалап» мен қалдым, бойда – желік.

Құдай өзі берген! – деп, – сені маған,
Құдай қосса көктемде келіп алам! –
Бүлдірген қыз жанында мен отырмын
өткенді айтып:
Кездер-ай, көңіл алаң!..

Төртінші

Сары маса сызылтып ән салады,
Шымшық, торғай қуалар дәу сонаны.
Біздің үйдің қойшысы – Қожабек шал,
Теріс қарап, бүркеніп томсарады.

Қыт-қыттаймыз біз өңкей тыным бермей,
Көке! – дейміз өтірік, жүгінгендей.
Ешкі тулақ жамбастап күбірлейді:
О не! – дейді ол да аса түрін бермей.

Көлеңкеге құнанын тұсап, кейіп:
Мазамды алма! – басына кітап киіп.
Көке! – дейміз.
Әкеңнің! – сыбап алып,
Сосын кеңк-кеңк күледі тісі ақсиып!

Бесінші

Үркек ат секілденіп сырма жапқан,
Жел толқып күрең өзен қырға қашқан.
Тоқтарбай бәйге барып,сыбап келді,
Тоқымын құшақтап ап күн жалатқан.

Ол енді сипамайды ат кекілін.
Ағаның ұрлап мінді «мацекілін».
Арыны басылмады желдей ескен,
Жұмысы жоқ па? – деді ел, – басқа осының!

Ауылдан шыға ма екен жер білмеген,
Аулақта жығылып қап, өлдім деген.
Дегбірін қашырады дауыл соғып,
Қияқ жал су-су етіп, жел гулеген.

Алтыншы

Жылы сәуір төгіп тұр шуақ, нұрын,
Апам жайсыз ұйықтады бірақ бүгін.
-Мазаң болмай отыр ғой! - деймін қарап,
-Қарғам! - дейді, - Жо-жо-жоқ!..Қуаттымын!

Күйіп-жанып тұрса да тұла бойың,
Неге жалған сөйлейсің, дұғагөйім?!
Аз-кем тыныс алған жөн, уайымшылым! -
күйгелектеп мен оның ұғам ойын.

Ішке еніп көр тізеңді бүгіп төрге –
Құлаққа ұрған танадай тыныш бөлме.
Құлағы ауыр еститін апам жатыр,
Маңдайынан ыршытып күміс теңге.

Жетінші
Қарлығаштың ұясы – үй үстінде
көмулі тұр мүйізі киіктің де.
Әбдіресін ақтарған әжеміздің,
Әңгімесін тыңдаймызұйып күнде.

Жылқышы атам мүйізден дәрі үгеді.
Жүрек сыздар еске алсам қазір оны –
Мүйізді пұлеткенмін, ұяны күл,
Біздің шалдың ашуы мәлім еді...

Кешіріңдер, тіршілік дәнекерім!
Мейірімнен аз ғана дәметемін.
Құс ұясы – адамдық!
Ал мүйіздің
білген жоқпынсатылмасар екенін!
Сегізінші
Дүниенің мысалы – күміс шідер.
Күміс шідер қадірін жігіт білер.
Үшке бөліп алмақ боп үш ағайын,
Күшке мінді қос білек түріп түгел.

Бірінде – ұят, бірінде – ар, бірінде –ақыл.
Бүлк етпестен бүк түсіп бұғып жатыр.
Шіреп тартқан шідері қақ бөлінді –
Үшеуінің бірлігі үзілді ақыр.

Бүкпей айтсам іштегі егер сырды,
Көмейіме кілкілдеп өлең тұнды.
Уақыт төре тұр қарап биігінде,
«Бірің өліп, бірің қал» деген сынды.

Тоғызыншы

Теміржолдың бойында – шағын ауыл.
Жүйткігенде пойыздар сабыла ауыр
жүк тиеген вагонның өксігіндей,
Ауыр-ауыр демігіп жабығады ұл.

Қамығады ұл әжесі үмітті еткен
қала жақтан –
пойыз кеп мініп кеткен.
кетерінде иіскеген ұлын ұзақ,
Оралмасын адамдай біліп кеткен.

Ағыл-тегіл пойыздың өксігі өшіп,
Солқ-солқ етіп бүйірін тепкілетіп,
Сағынады ұл әжесін жалғызсырап,
Ауыл жатыр кете алмай көшке ілесіп.

Оныншы

Кемпір-шалдың баласы – Абақ бала,
Мазаққа да іліккен, озатқа да.
Апыл-тапыл жүр-жүрлеп ол атасын,
Алып барған жиналыс, сабаққа да.

Үйдегінің қарамай сөккеніне,
Қолы жеткен адамдай көктегіге,
Атасының орденін тағып алып,
Тартып кеткен ол бірде мектебіне.

Интернаттың жеп өскен қара нанын,
Оныншыда оқиды сол Абағың.
Еске салсам орденді күліп алып,
Қызарады түріндей долананың.


Абай ОРАЗ


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу