Жаз туралы өлеңдер жинағы авторымен


Құрметті оқырман осы мақалада жаз туралы өлеңдер жарияланған және авторларымен қоса жазылды.


жаз, автор, жаз туралы өлең авторымен, жаз туралы өлең абай, жаз туралы өлеңдер


Жаз
Оңайгүл Тұржан
Аптапқа шашым шарпылып,
Тарады желдің тарағы.
Бұталар құмға малтығып,
Қараңдап кетіп барады.
Солардың мен де бірі боп,
Кешемін ойдың ақ құмын
Тұрды да тауда дірілдеп,
Мұңыма келіп батты күн.
Мың сауал қойдым.
Ұлық күн
бір жауап айтар түрі жоқ.
Қолыма қысқан үміттің,
Сабағы қалды гүлі жоқ.
Көлік қып жолға алғаным,
Көңілдің сынық күймесі.
Ағытылады алда мың,
Жейделі күннің түймесі.
Жанды да сөнді сәуле бір,
Айналды сосын сағымға.
әлекке түскен әуре-Өмір,
өлеңге ен де, дамылда.
Жаздың бір әсем кешінде
Қасымхан Бегманов
Жаздың бір әсем кешінде,
Сарыағаш бағы есімде.
Дірілдеп аппақ саусағың,
Келе алмай тұрдың шешімге.
Хабарласпадың, арайлым,
Почтаға күнде караймын.
Елігім едің сен менің,
Еркесі едің Бабайдың*.
Жылуыменен хаттардың
Алматы жаққа аттандым.
Қинады мені, қинады,
Жанарындағы жатқан мұң.
Жырменен жолдар астасып,
Вагондар, сырлас досқа асық.
Тамбурда кеттім егіліп,
Түркістан қалды қоштасып...



Жаз көңіл
Қасым Аманжолов
Жаз көңіл жарқылдаған бұл бір шағым,
Жаныма дарытпаймын дүние шаңын.
Әніммен қарсы аламын әрбір күнді,
Жайғандай ерке нәзік жар құшағын.
Жаз көңіл жігіт болдық той бастаған,
Құрбыға зейіні бар ой тастаған.
Жас өмір жайлауында шіркін көңіл
Бәйгіден күнде келіп ойқастаған.
Желпимін жанымды бір осындайда,
Үңілер жүрегіме досым қайда?
Кездесіп көңілімнің күнгейінде,
Әніме асыл құрбым қосылмай ма?!
1948



Жаз
Бернияз Күлеев
Қыстың қары, аяздың зәрі батқан,
Қар мен мұзға көміліп біраз жатқан.
Жер жаңарып, жан бітіп табиғатқа,
Бәйшешегі бұраңдап жайнаң қаққан.
Аспан беті арылған сұрғылт бұлттан,
Қайғылы қыс күндерін мүлде ұмытқан.
Көкжиегін қаптаған бұлт орнында,
Күнді көзім көреді жылжып шыққан.
Қоңыр салқын іңірде ескен самал,
Жүректі орап жан - жәндік бір жай тасар.
Тобылғылы қызғалдақ, қыналы қар,
Иісі аңқыған буылдыр нулы арал.
Су сағалай ағаштың терек, талы,
Бұтақтары бұраңдап шайқалады.
Майысқан гүл, сыбырлаған су тілімен
Сыбдыр қағып жапырақтар жайқалады.
Таудан аққан күбірлеп су сыбдыры,
Тоғай толған әсемді ән, құстар жыры.
Қырмызыдай құлпырған гүл бәйшешек,
Көк мақпал шөп жалғанның сыны - сыры.
Айдын шалқар, өзен, көл, асқар пана,
Жүз құбылып жайқалған жібек дала.
Қолтығына құмармен көмілесің,
Көк орайлы көрінеді сай мен сала.
Жылтыр қанат көбелек сай мен қырда,
Қонып алып құрақты жас буынға.
Шөп басында қалқиып қорек іздеп,
Шаршамайды қалықтап құр ызыңға.
Торғай шырлап, қаз қонып, тоғай толып,
Балапанды сорлы үйрек суға қонып,
Жалтақтайды жан - жаққа сұм мергеннен,
Шыбын жан мен баласын бірдей қорып.
Қосылысқан су мен сай, қыр мен тоғай,
Айналада сұлу ағаш, гүл көк орай,
Қарағанда алысқа әлдеқайда,
Көк жиекте көрінер сағым сырлай.
Қиқулаған аспанда қаз, қу, тырна,
Ойнақ салған, жайылған мал бар қырда.
Мін таба алмай жалғанның кестесінен,
Тілсіз болып қаласын батып сырға.



Жаз
Ыбырай Алтынсарин
Сөуірде көтерілер рахмет туы,
Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.
Көктен жаңбыр, таулардан сулар жүріп,
Жайылар жер жүзіне қардың суы...
Үшпақтың бір сәулесі жерге түсіп,
Өсірер жерден шөпті нүрдың буы.
Жақындар Қүдайымның көктен күні,
Тең болар жарлықпенен күн мен түні.
Аспаннан рақымменен күн тонгенде,
Қуанып қыбырлайды ыныс-жыны.
Үйқыдан козін ашқан жас балаша,
Жайқалып шыға келер жердің гүлі.
Шапақтан бүлты шығар мүнарланып,
Жаңбырлы күндер түсер түманданып.
Адамзат нәр ауасын судай жүтар,
Шол тартқан айуандарша қүмарланып.
Жетпеген үлкендікке жас балалар
Жүгірер ойдан-қырға жүмарланып...
Сөуірде алуан-алуан жауар носер,
Носердің қуатымен жер шобі осер.


Кокорай дүние жүзі шалғын болып...
Жан, айуан, адамизат бауырын тосер.
Жан-жәндік рахат тауып түру үшін
Үшпақтан хош иісті желдер есер.
Сәуірдің әрбір күні дертке дәрмен,
Қүдайым дәрмен бол деп етер пәрмен.
Бір малы шаруаның екеу болып,
Қыстаудан ел шығады алуан-алуан.
Күлісіп, қүшақтасып әзіл етер,
Әйелдер кош жонелтіп кейін қалған...
Жүгірер киік, қүлан тау мен қырда,
Қуанып ықыласпен келген жылға.
Алыстан мүнарланған сағымдары
Шақырып түрар күліп кел деп мүнда.




Жаз
Сәбит Дөнентайұлы
Жаз келіп жайды құлаш халайыққа,
өлшейік ғибрат көзбен қарайық та.
Жадырап жазылды жан қысылғаннан,
Дәулетке хақтың берген қанайық та
Бәрі әзір, бәрі тегін трлі неғымет,
Мұны бір ұжымақ деп санайық та...
Қаз қаңқыл, үйрекм сымпыл, аққу сыңқыл,
Еткенге құлақ түріп салайық та.
Құс, құрттар білген әнін жырламақ та,
Тым-тырыс біз де үндемей қалайық па?
Жер жайып, түрлі кілем той қылмақшы,
Кел, қазақ, тойға таман барайық та...
Кеңіген, бейілденген мезгілінде,
Тосаңсып жатырқауың ылайық па?..



Жаз
Ақмолла Мұхамедиярұлы
Қыспақ кетіп,қыс өткен соң келді жаз,
Қиқуласып,келді әндетіп үйрек-қаз.
Жан-жануар жадырасып ,көк шығып,
Күллі әлем масайрасып болды мәз.
Жердің жүзі масатыдай құлпырар
Көкте мұнар,Жерден булар бұрқырыр.
Арық-тұрық көкке шығып тойынып,
Қырдан ойға шапқыласып тырқырар.
Тербетіліп айдын көлдер шалқиды,
Түрлі құстар баурын төсеп қалқиды.
Көкорай шөп көлді айнала көмкеріп,
Мас қылады,күшті жас иіс аңқиды.
Сұлу қыздай кербез құрақ сылдырлап,
Көз ұшында сағым жүріп бұлдырлап,
Торғай шырлап,бұлбұл жырлап сайрайды
Тілі шыққан жас баладай былдырлап.
Жаз не деп еді
Есенғали Раушанов
Ол өксіген қарс айырып көкірегін:
«Үйренісіп өзіңе кетіп едім,
Маған қиын болады жалғыз қалу,
Қалшы осында,
қала ғой,
өтінемін».
Өмірі үшін,
о мейлі ққмары үшін,
Ол қимады жанының жұбанышын:
«Маған қиын болады жалғыз қалу,
Ей, тас жүрек,
сен соны ұғамысың?».
Ал сен кетіп қалдың...
Құшағында жаз қалды қоңыр түннің,
Көз алдыңда көйлегі оның күлгін.
Сары шаш күз кездесті,
бұрын, тегі,
Күз көрмеген секілді сен ұмтылдың.
Жабығып жүр,
қажып жүр демесін деп,
Күлген болып,
сол баққа келесің көп.
Жаз кіреді түсіңе,
шошып тұрып,
Күздің суық ерінін өбесің кеп.
Сары күзге сенбейсің,
шүбәлісің.
Сыбырлайсың...
Қан жылап тұрады ішің:
«Маған қиын болады жалғыз қалу,
Ей, тас жүрек!
Сен соны ұғамысың?» 




Жаз жайлау
Бақыткерей Ысқақ
Жаз жайлау неткен кең еді.
Жұпарын желмен төгеді.
Балдырған тілді бұлақтар
Құлдилап шауып келеді.
Ұшқан құсқа сорғалап,
Жаяды төсін шартарап.
Құлын, тай тұрмас орнында
Бір-бірін қуып, жорғалап.
Жұмыртқадай ақ үйлер,
Төгіліп тұрған ән күйлер.
Жұп - жұмсақ алақанымен
Жаз жайлау, бәрін-әлдилер.
Жаз шықты да...
Жанғали Набиуллин
Жаз шықты да,
Жаз шықты да,
бар табиғат шешінді,
Әр әсердің бағамы бар кесімді.
Декольтелер көзді қарып өтеді,
Ақ балтырлар алып әбден есіңді.
Көше толы әзәзілдер жосыған,
Өрт шығады кімнің бүгін қосынан?
Айналаңа сұқтана көп қарама,
Қан қысымы көтерілді осыдан.
Шықпай-ақ қой үй деген бір үңгірден,
Тағы қандай сынағы бар,
кім білген!
Осылай деп...
сені ме, әлде,
білмеймін,
Өзімді ме,
кімді үгіттеп тұрмын мен?



Жаз
Фариза Оңғарсынова
Таң бұзып тынышымды жіберді деп,
жазғы түн кетерінде түнерді кеп.
Жер-ару серпігенде түн көрпесін,
маужырап қарап тұрды Күн елжіреп.
Гүл бөлеп хош иіске атырабын,
ағаштар жайып салды жапырағын.
Самал жел сыбырласа, сыр ұрласа, -
өзенде мың бұралып жатыр ағын.
Төсінен терсек тағы қызғалдақты,
басында заңғар таудың ызғар қапты.
Шыдамай жаздың жастық жалынына,
ойнақтап ерке бұлақ құздан да ақты.
Сұлулар суға барған сайға бұғып,
қарайды көлдің бетін айна қылып.
Шіркін, жаз, жомартсың-ау базарлыққа
бересің жан біткенге жайдарылық!
1958



Жаз дидарлы жас ана
Қасым Аманжолов
Жаз дидарлы жас ана,
Жаныңды тос әр күйге.
Жасара түс, жасара,
Бөбегінді әлдиле.
Қыз жырлайды бақытын,
Төгілтіп шаш арқаға.
Ойлап өткен уақытын,
Күрсінеді қарт ана.
Шіркін ана қыз тауып,
Күң өсірген күн қүрсын.
Нұр үстіне нұр жауып,
Өз күніміз құлпырсын.
«Теңдік» атты терең күй
Бізден басқа қай елде?
Дүние, бүгін басынды и
Еркін, азат әйелге.
Көктен, жерден, теңізден
Жұлдыз емес, қыз көрдік.
Ерке сәби емізген
Айдай ана біз көрдік.
«Сұлулық пен махаббат
Не?» деп әркім таласар.
Бақыты бар, басы азат
Адамға олар жарасар.
Қазақ кызы қара шаш,
Есіңде ме «Қырық байтал?»
Бүгініңе жай құлаш,
Өткеніңе бол қатал.
Жаз дидарлы жас ана,
Жаныңды тос өр күйге.
Жасара түс, жасара,
Бөбегіңді әлдиле.



Жаз
Абай Құнанбайұлы (Абай Кунанбаев)
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Кұйрығымен шылпылдап,
Арасында кұлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап.
Жоғары-төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса сымпылдап.
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап,
Ақ білегін сыбанып,
Әзілдесіп сыңқылдап.
Мал ішінен айналып,
Көңілі жақсы жайланып,
Бай да келер ауылға,
Аяңшылы жылпылдап;
Сабадан қымыз құйдырып,
Ортасына қойдырып,
Жасы үлкендер бір бөлек
Кеңесіп, күліп сылқылдап.
Жалшы алдаған жас бала,
Жағалайды шешесін
Ет әпер деп қыңқылдап.
Көлеңке қылып басына,
Кілем төсеп астына,
Салтанатты байлардың
Самаурыны бұрқылдап.
Білімділер сөз айтса,
Бәйгі атындай аңқылдап,
Өзгелер басын изейді,
Әрине деп мақұлдап.
Ақ көйлекті, таяқты
Ақсақал шығар бір шеттен
Малыңды әрі қайтар деп,
Малшыларға қаңқылдап.
Бай байғұсым десін деп,
Шакырып қымыз берсін деп,
Жарамсақсып, жалпылдап.
Шапандарын белсенген,
Асау мініп теңселген
Жылқышылар кеп тұрса,
Таңертеңнен салпылдап.
Мылтық атқан, құс салған
Жас бозбала бір бөлек
Су жағалап қутыңдап.
Қайырып салған көк құсы
Көтеріле бергенде,
Қаз сыпырса жарқылдап.
Өткен күннің бәрі ұмыт,
Қолдан келер қайрат жок,
Бағанағы байғұс шал
Ауылда тұрып күледі,
Қошемет қылып қарқылдап.





Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу