Әр-түрлі мақал-мәтелдер жинағы

әр-түрлі, мақал, мақал-мәтелдер

Есіктен ергенек кетсе,
Иттен иба кетеді.


Жеңген ит желкесінен талайды.


Аш иттің құйрығын
Сұқ ит жалайды.


Иттің құны — бір күшік.


Иттің басын алтын табаққа салсаң
Шоршып түсер.


Қазаннан қақпақ кетсе,
Иттен ұят кетеді.


Иттің ұлығанын бөрі есітпес.


Ит те киімге қарап үреді.


Ит аузы тигенмен
Дария суы арам болмас.


Итін жамандасаң,
Иесіне тиеді.


Ит үрген жерде ауыл бар.


Итке темір не керек?


Көп жортқан ит
Күшәлаға кездеседі.


Ит баласы жүре азар.


Ысқырған жылан шақпайды,
Үреген ит қаппайды.


Қырсыққанның иті қырын жүгіреді.


Жақсы ит өлігін көрсетпейді.


Асыранды күшік
Аузыңды жалайды.


Итті қонақ жараспас.


Ауыл итінің достығы
Сүйек тастағанша.


Сүйекпен ұрған ит қыңсыламайды.


Қойға қасқыр шапса,
Ит семіреді.


Итті иесімен қина.


Ит ұяласынан қорықпас.


Итті күшігім десең,
Аузыңды жалар.


Алжыған төбет айға қарап үреді.


Ит итті жұмсайды,
Ит құйрығын жұмсайды.


Түлкі алған итте сын болмас.


Табаны қышыған ит керуенге өреді.


Ақ ит, қара ит, бәрі бір ит.


Иттің жатқан жері — төсегі.


Иттің ішіне сарымай жақпайды.


Итті тепсең — ырысыңды тебесің.


Мысық жоқта тышқан кісінейді,
Ит жоқта шошқа үреді.


Ит әлі жеткенін талар.


Ит қорыған жерге өш.


Жаман күшіктің атын
Бөрібасар қояр.


Итке үкі жараспайды.


Ит арық болса
Ауылдың намысы.


Түлкіні түлен түрткенде
Тойлы ауылға кездесер.
Қасқырда қас қылмайды жолдасына.


Қасқырдан қорыққан
Тоғайға бармас.


Қасқыр қарызын терісімен төлейді.


Жолбарыс жұлқынса,
Жонынан от шығады.


Бөрі арығын білдірмес,
Итке сыртын қампайтар.


Арыстан күшігін тістеп сүйеді.


Қасқырдың ауызы жесе де қан,
Жемесе де қан.
Көбік қарда түлкі ойнар.
Көк шалғында жылқы ойнар.

Аю — аңғал,
Түлкі — айлакер.

Түлкі түсінде
Тауық көреді.

Түлкіні түн асырайды.

Ұрының арты қуыс.

Ұры байымайды,
Сараң семірмейді.

Ұры ұрлығын қойса да,
Ұры аты қалмайды.

Адам тілінен жазады,
Ұры ізінен жазады.

Елді жерде Ұры бар,
Таулы жерде бөрі бар.

Ұры азығы мен бөрі азығы

Ұрының қатыны өзіне лайық.

Бөлінгенді бөрі алар,
Ұзағанды ұры алар.

Ауыл үйдің моншағын
Күндіз ұрлап, түнде тақ.

Ұры бір түнде — бай,
Бір күнде — кедей.

Ұры — көптің жиені.

Аты шулы ұры аштан өлер.

Ұрыны ұры ұрмай-соқпай ұстайды.

Барымташының басы бодаудан,
Ұрының басы төлеуден шықпайды.

Өтірік сөз — жанғақас,
Өткір пышақ – қынға қас.

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам.

Өтірік деген дұшпан бар,
Отқа сүйреп салады.
Әділет деген аға бар,
Дұшпанның қолын қағады.

Түстік жерге өтірік айтсаң,
Кешке артыңнан қуып жетеді.

Таң атпайын десе де
Күн қоймайды.
Өтірікті қуалап
Шын қоймайды.

Жыртық үйді жел табар
Өтірік сөзді шын табар.

Қамыс отын емес,
Жалыны бар да шоғы жоқ.
Өтірік сөз досым емес,
Айтқан жерде өзі жоқ.

Өтірікті — шындай,
Ақсақты — тыңдай.

Ойнап айтса да ойындағысын айтады.

Көсеумен түрткеннің кегі кетпес.
Ескі тонның жылуы жоқ,
Қайтқан күннің қызуы жоқ.

Тар киім — тозғақ.

От пен су — тілсіз жау.

Жақсылық таудың басында,
Жамандық табан астында.

Есекті ысқылағанша, иығын шұқыла.

Қатты ағашта шайыр жоқ,
Қатты адамда қайыр жоқ.

Түйекеш түйесін бағады,
Түйесі түйекешті бағады.

Қодастың еті
Қырық жылғы ауруыңды қозғайды.

Ай қораланса
Арбаңды сайла,
Күн қораланса,
Күрегіңді сайла.

Жайлауы жақсының
Әр бұтасының түбі бір кесек ет.

Боталы түйе — боздауық.
Пейілі жаман бәлеге жолығар.

Өзім білем –өрге апармас.

Ақ көңілден арамдық шықпас,
Арамдық шықса да, жамандық шықпас.

Арақ атаңнан қалған ас емес.

Арақты итке құйсаңда ішпейді.

Өзге елдің оты,
Өз еліңнің түтініне татымас.

Сағынған елін аңсайды,
Сары ала қаз көлін аңсайды.

Ел аузына елек қойып болмас.

Кеңес қылған ел азбас,
Кеңінен пішкен тон тозбас.

Адассаң елмен адас.

Елді іс біріктіреді, сөз бұзады.

Елді сөкпе, кенді төкпе.

Ерден аспақ бар, елден аспақ жоқ,

Ел ағыны мен су ағыны тең.

Ел қадірін көрген біледі,
Жол қадірін жүрген біледі.

Ел аузы дуалы.

Ел құлағы елу.

Ел жасымен көрікті,
Тау тасымен көрікті,
Аяқ асымен көрікті.

Есің барда еліңді тап.

Беліңнің мықтысы бір басыңа,
Еліңнің мықтысы бір ғасырға.

Жер шежіресі-ел шежіресі.

Жат елдің қаршығасынан,
Өз еліңнің қарғасы артық.

Жақсы бала-сүйік,

Жаман бала-күйік

Бесік баласы бес түлейді.

Кәрі қасқыр қақпанға түспейді.

Елін жамандаған
Елеусіз қалады.
Ауылын жамандаған
Атаусыз қалады.

Тойған үйге тоғыз бар.

Сыйлап берген су да тәтті.

Жолсыз жүріп торыққан
Жол қадірін біледі.
Жалғыз жүріп зарыққан
Ел қадірін біледі.

Балық тілін бақа білер.

Ескіні жамағанның
Есі кетеді.

Ашу үстінде
Ант жүрмейді.

Несиеге ет жесең,
Сүйегі ішегіңді жыртар.

Құтырғаннан
Құтылған олжа.

Талаптың тұлпары
Тас қиядан таймайды.
Саятшының сұңқары
Салса, ілмей қалмайды.

Қорыққан мен қуанған бірдей.

Қазан ұстаған
Қазан жалайды,
Сазан ұстаған
Қылтанақ санайды.

Ойын түбі — от,
Тұман түбі — жұт.

Арашаға бой бермеген
Арашаға зар болар.

Ажалды киік ашыққа қашады.

Қайғының қандай екенін
Қайғырғандабілерсің.
Қарындастың қандай екенін
Айырылғанда білерсің.

Ұлыңа бес жасқа дейін патшаңдай қара
Он бес жасқа дейін қосшыңдай сана,
Он бестен асқан соң досыңа бала.

Отау үй оңаша келеді,
Отындары тамаша келеді.

Отыз ұлың болса да
Әрқайсысының орны басқа.

Дау мен жау — ерге сын,
Көшіп-қонбақ — елге сын.

Адам — тастан қатты,
Гүлден нәзік.

Арсыз болса — қыз қорлық,
Ақылсыз болса — ұл қорлық.

Балаң жақсы болса —
Екі көздің шырағы.
Атың жақсы болса —
Бұл дүниенің пырағы.
Алған жарың жақсы болса —
Абыройыңның тұрағы.

Сүтпен кірген мінез
Сүйекпен кетеді.

Көп шайнаған
Қартаның дәмі болмас.
Құлақ есіткенді көз көреді.

Таршылықтың тақсіретін тартысқан
Кеңшілікте кейіспейді.

Құс қанатымен ұшады,
Құйрығымен қонады.

Жоқшылық — жүдетеді,
Бөз көйлекке — жібек жамау.

Кергіген кері кетер,
Кесірі түбіне жетер.

Тіршілік — түзетеді.

Жегенін білмейтін шұнай,
Жұтқанын білмейтін құмай,
Алғанын білмейтін құдай.

Сөз ауыздан кірмейді,
Құлақтан кіреді
Құлағың керең болса
Қаяқтан кіреді?

Сараңға саңыраулық қонады,
Есітсе де есітпеген болады.

Жас арқалағаннан
Тас арқалаған жеңіл.

Өтпес пышақ қол кесер.

Ебін тапқан екі асар.

Бәле қайда деме,
Аңламасаң, аяқ астында.

Құдай бергенге құлай береді.

Арсызда бет болмайды,
Азғында кек болмайды.

Халық ауызына
Қақпақ қойыпболмас.

Татарға тілмаш керек емес.

Ұры түн асқанша,
Бөрі қыр асқанша.

Екі үйдің қонағы
Емексіп жүріп аш қалар.

Қарды қылау өсіреді,
Баланы сылау өсіреді.

Қыздың көзі қызылда.

Жан ашыры жоқ адам
Жал-құйрықсыз атпен тең.

Еңсесі түскеннің
Ер-тұрманы жиылмайды.

Екі қоянды қуған,
Біреуін де ұстай алмас.

Жапа шегіп, жай жату,
Жасқаншақтың белгісі.
Аспандағы айды ату.
Мақтаншақтың белгісі.
 
Балықта бата жоқ,
Итте ата жоқ.
Қажып жүрген адамға,
Қарсы алдынан шыққан ит,
Қасқыр болып көрінер.

Ақша кетуге тырысады,
Есеп ұстауға тырысады.

Тауықтың түсіне тары кіреді.

Балта сабынан озбайды.

Барар жердің алыстығы жоқ,
Керек тастың ауырлығы жоқ.

Асыққан етегіне сүрінеді.

Өсекші мен өтірікші – егіз.

Өзің сүйгенді алма,
Өзіңді сүйгенді ал,
Өзің сүйгеннен жапа шегерсің,
Өзіңді сүйгеннен рахат көрерсің.

Ұлы сөзде ұят жоқ.

Ақ шалаға көрінді –
Алыс емес су жақын.

Жұрттың жүргені басылмай
Иттің үргені басылмас.

Көзің барда көргенің –
Көңіліңе тергенің.

Бара жатқанның балтасын
Келе жатқанның қалтасын қағады.

Ұртына мұртын жалғайды.

Бас – кемеңгер,
Жүрек – ер,
Құлақ – бұлақ,
Аяқ – пырақ,
Қол – мұрап,
Тіл – тілмаш,
Кілтін тап та сырын аш.

Кісі киімі кіршіл,
Кісі көлігі тершіл.

Іздегенге – сұраған.

Өткендерін ескерген –
Өскендіктің белгісі,
Өткендерін жек көрген –
Өшкендіктің белгісі.

Бұраудың да сұрауы бар.

Өткен күнде белгі жоқ.

Алтын пышақ өтпесе,
Алтынын ал да отқа жақ.

Көптің аузы дуалы.

Дәндеген қарсақ
Құлағымен ін қазады.

Қойға қасқыр шапса,
Жарлының жалғызын жейді.

Бүркіт саңқылдаса,
Киік күйбектейді.

Біреу көріп күледі,
Біреу еріп күледі.
Әкесі өлгенді де естіртеді.

Біреудің атан көтермес бөзі бар,
Біреудің ат көтермес сөзі бар.

Қарнымның ашқанына жыламаймын,
Қадірімнің қашқанына жылаймын.

Тісің барда ысқыр,
Мұрның барда пысқыр.
Бір жылға қоян терісі де шыдайды.

Көргенсізбен құрдас болма,
Опасызбен сырлас болма.

Өлсең көрің кең болсын.

Кең болсаң, кем болмассың.

Адам өзінен кейінгілерді
Көріп қартаяды.

Әсіре қызыл тез оңар.

Қатыны өлген мен байы өлген қосылса:
Күндіз екеу,
Түнде төртеу.

Киім кірі жуса кетеді,
Көңіл кірі айтса кетеді.

Өтірік — қаңбақ,
Шын — салмақ.

Кірісіне қарай — шығысы.

Тентекке — келтек.

Бас жарылса — бөрік ішінде,
Қол сынса — жең ішінде.

Басы қатты болса,
Аяғы тәтті болады.

Қайыр қылсаң, бүтін қыл.

Кішіпейілдік —
Кішілік емес,
Кісілік.

Бардан жұғады,
Балдан тамады.

Ерте жат та ерте тұр,
Бір піспекті артық ұр.

Аға болсаң ақыл айт,
Ақыл айтсаң, мақұл айт.

Ісім жақсы деме,
Көпке ойлат.
Суды саяз деме,
Құрығыңды бойлат.
Еңбек етсең ерінбей,тояды қарның тіленбей.

Не ексең соны орасың.

Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі,

жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі

Жаяуға жол алыс.

Аш бала, тоқ баламен ойнамайды.
Тоқ бала, аш болам деп ойламайды.

Аспаннан киіз жаусада
Сорлы ұлтараққа жарымайды.

Ұста пышаққа жарымас,
Етікші етікке жарымас.

Жоқшылық ердің қолын байлар.

Біреу тойып секіреді,
Біреу тоңып секіреді.

Батыр туса ел ырысы
Жаңбыр жауса жер ырысы

Есекке алтын ноқта тақсаңда есек болады.

Балықшы балықшыны алыстан таниды.

Өтірік өрге баспайды.

Қанағат қарын тойдырады.

Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаңда қарызыңды өтей алмайсың.

Балалы үйде өтірік жатпайды.

Өзге елде сұлтан болғанша,өз еліңде ұлтан бол.

Айтылған сөз атылған оқпен тең.

Ақылы көпті дау алмайды, досы көпті жау алмайды.

Жігітке жеті өнерде аз болады.

Алыстағы туыстан жақындағы көршің артық.

Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер

Жылтырағанның бәрі алтын емес.

Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады.

Астың дәмін тұз келтірер, ауылдың сәнін қыз келтірер

Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі.
Әке-жезде, шеше-күйме.

Әкесі құрдастың баласы құрдас.
Әкесі достың баласы дос.

Әкеге баланың алалығы жоқ.

Әкесін сыйламаған кісіні,
Баласы сыйламайды.

Әке өлсе мүлкі мұра,
Аға өлсе жеңге мұра.

Әкең барда ел таны, көріп жүріп,
Атың барда жер таны, желіп жүріп.

Әке отырып, ұл сөйлегеннен без,
Ана отырып,қыз сөйлегеннен без.

Өз қолыңда болмаса, әкеңде жат.

Жақсы әке жездедей-ақ.

Соры қалың әкенің-
Кер бағып ұлы өседі,
Сөз бағып қызы өседі.

Баланың балалығына әкенің даналығы бар.

Он бала бір әкеге жүк болмайды,
Бір әке он балаға жүк болады.

Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық.

Аллаға сенген құстай ұшады,
Адамға сенген мұрттай ұшады.

Жоққа-салауат,
Барға-қанағат.

Кедейшілік есіктен кірсе,
Иман терезеден шыға қашады.

Садақаны сауыңда бер.

Ақ жол-айғақ,
Қара жол-тайғақ.

Адамның басы –
Алланың добы.

Атың жаман болса, қарың кетер,
Балаң жаман болса, арың кетер.

Жесір қатын ер болар,
Жетім бала ел болар.

Атаңның құлы айтса да,
Әділдікке басыңды и.

Сын түзелмей-
Мін түзелмес.

Аяз әліңді біл,
Құмырсқа жолыңды біл.

Иілген басты қылыш кеспес.

Әркім өз кездігімен өлшейді.

Әркім өз бойына қарап-тон пішер.

Көштің байсал тапқаны
Көкорайға қонғаны.
Даудың байсал тапқаны
Көлденеңге барғаны.

Біткен іске сыншы көп,
Піскен асқа жеуші көп.

Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды.

Сезікті-секірер.

Аузы күйген –үріп ішер.

Керіскеннің кесірі-
Келген бақты кетірер.

Әділ болсаң ақжарма,
Жақсы іске билік қыларсың.

Сараңдықтың соңы-арамдық.

Малым-жанымның садағасы,
Жаным-арымның садағасы.

Үмітсіз жаннан без,
Қайырсыз малдан без.

Адалдық ардың ісі,
Ауырлықты көтеру нардың ісі.

Сөз-сүйектен өтер,
Таяқ еттен өтер.

Бар барын жейді,
Ұятсыз арын жейді.

Пасық адам белгісі:
Өзі бола алмайды,
Болғанды көре алмайды.

Ақ пен қараны шындық айырар.

Ар қайда болса,ұят сонда.

Ұрының арты қуыс.

Арыңды жастан сақта.

Қанағат кеткеннен-
Қасиет қашады.

Адамдықтың нұры бол,
Адалдықтың құлы бол.

Алдыңа келсе,
Атаңның құнын кеш.

Малыңа сүйенбе,
Арыңа сүйен.

Ақкөңіл адамға-
Біреудің сырқаты да батады.

Жүре берсең, көре бересің,
Көре берсең, көне бересің.

Үндемеген үйдей пәледен құтылады.

Қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді.

Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар.

Көз қорқақ, қол батыр.

Соңғы түйенің жүгі ауыр.

Есектің жүгі жеңіл болса жатаған келеді.

Денсаулық зор байлық.

Ішің ауырса аузыңды тый,көзің ауырса қолыңды тый.

Ананың көңілі балада,
Баланың көңілі далада.

Атаның еккен ағашы ұрпаққа сая.

Әке өліп, бала қалса,
Мұратына жетеді;
Бала өліп,ата қалса,
Арманы іште кетеді.

Әке тұрып, бала сөйлесе шіркіндігі,
Аға тұрып, іні сөйлесе еркіндігі.

Атадан бала, мойыннан жаға озбайды.

Атасы басқа аттан түс,
Атасы бір, атқа мін.

Алыссаң атаң болса да жық,
Аясаң көтеріп жібер.

Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді.

Құлынында кісінемеген ат болар,
Атасын көрмеген ұл жат болар.

Атаның жаман ұлы малға ортақ,
Әр үйлі жанға ортақ.

Өзіңді көрген өлсе өлсін,
Атаңды көрген өлмесін.

Ата даңқымен ұл өтер,
Ана даңқымен қыз өтер.

Атадан ұл қалса, өзі қалғаны,
Қыз қалса, ізі қалғаны.

Құс балапаны үшін торға түседі,
Ата баласы үшін азапқа түседі.

Тай ат болса, ат тынар,
Ұл ер болса, ата тынар.

Әке-бауыр, бала-тас.

Жердің үстімен барып,
Астымен қайттық.

Орнында бар – оңалар.
 
Кішіні – мақтап,
Үлкенді – мін.

Мергеннің
Көзі де мерген,
Қолы да мерген.

Жетесінде жоқ,
Жете сыйламайды.

Бөрік – басқа көрік.

Мен не деймін,
Қобызым не дейді.

Кісі өлтіретін пышақты
Кісі көрмейді.

Қонақты сөзбен тойғыза алмайсың.

Аузына ие болмағанның
Қолында ұяты бар.

Жүректің сырын
Көздің нұрынан байқа!

Ауыл – қарайлас,
Шаруа – орайлас.

Күнің шуақты болсын,
Көлің суатты болсын,
Қонысың өрісті болсын,
Еккенің жемісті болсын,
Еңбегің келісті болсын.

Салақтан – олақ жаман.

Бар барын айтады,
Жоқ зарын айтады,
Құда базына айтады,
Құдағай назын айтады.

Көзі көрместің
Көңілі сезбес.

Біреуден екеу жақсы,
Құр қолдан көсеу жақсы.

Арамды құдай табады,
Момынды қайыр табады.

Ашуланса,
Көшке берген тайлағын алсын.

Кісіден тілегеннің
Екі көзі шығады.
Еңбегіне сенгеннің
Екі бүйірі шығады.

Жеміс жеміске қарап өседі.

Домалаған тасқа мүк тұрмайды.

Ауыздан шыққан сөз алыстар.

Төңкерген ыдыс толмайды.

Ел боламын десең бесігіңді түзе.

Бала тілі бал.

Жақсыдан үйрен,жаманнан жирен.

Бірлік болмай,тірлік болмайды.

Сабырлы адам сақтанып сөйлер,
Сабырсыз адам мақтанып сөйлер,
Сапырыстырып, ақтарып сөйлер.

Мұрыны кішкентайдың
Есесі бетінде.

Қолы қимылдаған адамға
Кедейлік жоқ.
Аяғы қимылдаған адамға
Алыстық жоқ.

Қудан —үйрен,
Сұмнан — жирен.

Кезенген пышақ,
Кез бойы ұзарып кетеді.

Қарыстың алыстығы бар,
Сүйемнің жақындығы бар.

Желгеқарсы түкірсең —
Өз бетіңе былш етер.

Бұлтты күн ашылар,
Бұлыңғыр көңіл басылар.

Жығылған үстіне жұдырық

Жұрт өтірік айтпайды,
Жоқ өтірік айтады.

Сөзі — олақ,
Ойы — шолақ.

Құдайдан қорықпа,
Құдайдан қорықпағаннан қорық.

Мысқал,
Мысқыл түбі мүшкіл.

Құдай бір айналдырғанды,
Шыр айналдырады.

Бас жарылса,
Бөрік ішінде,
Қол сынса
Жең ішінде.

Балапан басымен,
Тұрымтай тұсымен.

Басы аман, малы түгелдің,
Құдайымен ісі жоқ.

Қайғысы жоқ адамға
Қара көже балмен тең.
Қайғысы көп адамға
Кең дүние жармен тең.

Үйі жоқтың көңлінде
Алтын сарай жүреді.

Аш отырып,
Ас таңдайды,
Жаяу отырып,
Ат таңдайды.

Таудай талаптан
Бармақтай — бақ.

Тышқанның тәңірі —
Мысық.

Олай тартсаң өгіз өледі,
Бұлай тартсаң арба сынады.

Көңілі қаран
Жолдасынан айрылады.
Көп жасаған,
Құрдасынан айрылады.

Біреу жәбір етсе,
Сен сабыр ет.

Тасбақаның басқаны
Тәңірге аян.

Көзі сынық инемен
Көйлек тіге алмайсың.
Көңілі сынық құрбымен,
Ойнап-күле алмайсың.

Азапсыз махаббат —
Арзан махаббат.

Ұялған тек тұрмас.

Шыбынға шоқпар көтермес болар.

Бұлбұл гүлдің ашылғанын
Көрем деп сайрайды.

Құс жеткен жеріне қонар,
Қонақ қалаған үйіне қонар.

Айдындағы аққуды
Ақылды мерген атпайды,
Ақ еркесін айдынның
Атуға қолы батпайды.

Шөлмен жүрсең, жолмен жүр:
Жол бұлақты көлге апарады,
Көл қонысты елге апарады.

Өзінің бетін аямаған,
Кісінің бетін шиедей қылады.

Екеудің үлесі,
Үшеуге үнем.

Саңырауға сәлем берсең,
Атаңның басы дейді.

Алтынды тот баспайды.

Әліне қарамаған — әлек.

Сабы алтын болса да,
Көсеудің көсеу аты қалмайды.

Көптің көзі — көреген.

Көзден кетсе, көңілден кетеді.

Көсеуі ұзынның қолы күймес.

Көңілім келсе – көлдеймін,
Көңілім келмесе – шөлдеймін.

Қолынан келген қырынан қояды.

Кішкентай тастан
Қауақтай бас жарылады.

Күйеу – жүз жылдық,
Құда – мың жылдық.

Үйге кірген жыланды да
Басына ақ құйып шығарады.

Жер асыңнан
Жемес асың көп болсын.

Жақыныңмен жауласқан
Жатқа мазақ болар.

Өзім дегенге,
Өзегімді суырып берем.

Балаға —
Ата қорған, ана құрбан.

Ауыл үйдің қонағы,
Айында-жылында бір келер.

Біреу — арашашы
Біреу — тамашашы.

У ішкеннің іші білер.

Тоты құс бойын көріп —
Сыланады,
Аяғын көріп —
Қорынады.

Көзі қарайған там сүзер.

Құлан қайда семірсе,
Қан-жыны сонда төгілер.

Сынбайтұғын шөлмек жоқ,
Ажал жетпей өлмек жоқ.

Сүймеске асылма,
Арзымасқа шашылма.

Барымтаны басынған алады,
Иә, ашынған алады.

Көрмеген көлде
Білмеген құстың
Даусы естіледі.

Оты өшкен үйдің
Шаңырағынан байғыз саңғиды.

Сырқат пен семіру — көңілден.

Қасапшы қалған-құтқанды жейді.

Аш тамағым —
Тыныш құлағым.

Ашта тойғаныңды тоқта ұмытпа.

Қоқиланған қораздың
Қотыр-соқыр микиендері болады.

Ерінбеген есекпен қоян алады.

Жеңіл барып, ауыр қайт.

Жуас түйе жүндеуге жақсы,
Бұралқы сөз күлуге жақсы.

Бақыт шыбын сияқты —
Бірде гүлге қонса,
Бірде көңге қонады.

Қасқыр мен ұры мінездес:
Екеуі де түнді аңдиды.
Бұлбұл мен гүл мінездес:
Екеуі де күнді аңдиды.

Қас сұңқардың баласы
Шыңнан тоят тілейді.
Қас тұлпардың баласы
Шапқан сайын үдейді.

Соқыр көргенін жазбас.

Өзі жоқтың — көзі жоқ.

Жүгірген жетпес,
Бұйырған кетпес.

Кетпеннің басын бассаң,
Сабы өзіңе тиеді.

Аспаннан шұға жауса да,
Сорлыға ұлтарақ тимес.

Жазмыштан озмыш жоқ.

Аузына әлі жетпегеннің
Қолында шоқпары бар.

Бір жоқтыңбіртоқтығы бар.

Көкте тырна қиқуласа,
Көлдегі қаз қанатын қағар.


Бөркіңді беріп
Бөріден құтылмайсың.


Қараусыз қалған есек —
Қасқырдың олжасы.


Ит — жеті қазынаның бірі.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу