Қор нарығы: инвестор ол туралы не білуі керек


Әрбір қаржылық тұрғыдан сауатты адам өз ақшасын ақылға салып қайда салуға болатындығы туралы ойланады. Біреу депозиттер ашады, біреу қымбат металдарға немесе жылжымайтын мүлікке инвестиция салады. Ал кейбіреулерде бағалы қағаздар нарығы басымдыққа ие.


Қор нарығы - бұл өзінің ерекше заңдылықтары бар бүтін бір әлем, сондықтан оны түсіну үшін архитектурасын танып-білу қажет. Fingramota kz толығырақ айтып береді.


Бағалы қағаздарды қайда сатуға болады?

Қор нарығы - бұл капитал нарығының құрамдас бөлігі, бұл бағалы қағаздар нарығы. Іс жүзінде ол жоқ - бұл бағалы қағаздармен сауда жасауға мүмкіндік беретін әрекеттер мен тетіктердің жиынтығын білдіретін абстрактілі ұғым.

Инвесторлар бұл сауда-саттықты арнайы ұйымдастырылған сауда алаңында - қор биржасында өткізеді. Биржа - бұл сауда мәмілелерін жасауға арналған орын беретін және бағалы қағаздарды сатып алушылар мен сатушыларды біріктіретін ұйым. Әр қор биржасының нақты мекенжайы, ережелері мен жұмыс кестесі бар. Қазақстанда негізгі қор алаңы Қазақстан қор биржасы (KASE) болып табылады.

Қор, тауар және валюта биржалары арасындағы айырма неде?

Кейбір азаматтар қор биржасын валюта және тауар биржаларымен шатастырады.

Форекс – бұл валюталық биржаның немесе валюта нарығының түрлерінің біреуі, оның тауары валюта болып табылады. Мәні бойынша, Форекс биржасында «арзанға сатып алып, қымбатқа сату» қағидаты бойынша бағадағы айырманың есебінен пайда алу үшін бір валютаны басқасына ауыстыру жүргізіледі.

Тауар биржалары, Қазақстанда тіркелгені 19, бірақ оның 9-ы ғана тұрақты ай сайынғы негізде және 6 – кезеңмен сауда-саттық жүргізеді, еркін бәсекелестік қағидаты бойынша тұрақты жұмыс істейтін көтерме нарықтар болып табылады және оларда белгіленген қағидалар бойынша сапалы біртекті және жеңіл өзара ауыстырылатын тауарларға сату-сатып алу мәмілелері жасалады, мысалы, бұл ауыл шаруашылық тауарлары, тас және қоңыр көмір, мұнай өнімдері, битум және басқасы болуы мүмкін. Тауар биржасының негізгі функциясы – оның барлық қатысушылары үшін қызмет ететін бағдар – баға индикаторларының нарығымен қамтамасыз ету.

Қазақстанның қор нарығы қандай инвестициялық құралдар ұсынады?

Инвесторлар үшін акциялар, облигациялар, туынды қаржы құралдары (фьючерстер, опциондар, форвардтар) сияқты бағалы қағаздар, инвестициялық қорлардың бағалы қағаздары, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары ұсынылады.


Қор биржасында сауда-саттық іс жүзінде қалай жүреді?

Қазақстанда бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымы мынадай түрде жұмыс істейді: клиент-сатып алушы, яғни инвестор және бағалы қағаздарды сатушы – оларды шығаратын компания, яғни эмитент бар. Инвестициялық делдалдар да бар, өйткені биржа инвесторлармен және эмитенттермен тікелей байланыс орнатпайды. Бұл брокерлер, дилерлер, басқарушы компаниялар, банктер.

Сатушы өз брокеріне бағалы қағаздарды сатуға бұйрық береді, ол одан әрі биржаға түседі. Сатып алушы өзінің брокері арқылы өзінің инвестициялық портфелін толтыру ниеті туралы ақпаратты таратады. Биржа мәміле туралы ақпаратты Орталық депозитарийге жібереді, онда брокер сатып алушыға шот ашады. Бұл сондай-ақ қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру, сыйақы және өтеуге негізгі сома төлеу және басқалар үшін банк шоттарын ашу және жүргізу бойынша қызметтер көрсететін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы. Орталық депозитарий Қазақстан Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығынан сатып алушыда ақшаның болуы туралы ақпаратты сұратады. Барлық деректер расталғаннан кейін Орталық депозитарий ақшаны сатушының брокеріне, ал бағалы қағаздарды сатып алушының брокеріне есепке алады және бұл туралы биржаға хабарлайды. Мәміле аяқталды.

Жаңадан бастаған инвестор үшін әрекет алгоритмі қандай және қандай ережелер бар?

Қор нарығында сауда жасамас бұрын, өзіңіз үшін үш маңызды факторды анықтауыңыз керек: қор нарығының құралдарына қанша қаражат салуға дайынсыз, қанша уақытқа және Сіз үшін не маңызды – үнемдеу және көбейту немесе тәуекелге бару және тез ақша табу.

Жинақтардың үштен бір бөлігін ғана қор нарығының құралдарына қиналмай жіберуге болады деп саналады, өйткені ол жерде тәуекелдер бар және оларды инвестор өз еркімен қабылдайды. Кез келген инвестиция – бұл өте қауіпті бизнес. Мұны әрқашан есте сақтау керек. Қор нарығына бармас бұрын «оң», «терісін» таразыға салыңыз.

Әрине, жоғары тәуекел үшін инвесторлар тәуекел үшін «сыйлықақы» деп аталатын жоғары кіріске ие болады. Егер Сіз үшін тұрақтылық маңызды болса, тәуекелі аз құралдарды, мысалы, мемлекеттік облигацияларды сатып алу дұрыс болады, бірақ олар бойынша, мысалы, акцияларға қарағанда, кіріс айтарлықтай төмен. Кез келген жағдайда инвестициялық портфель теңдестірілуі тиіс, яғни онда тәуекелді (акциялар мен облигациялар), сондай-ақ тәуекелсіз активтер (мемлекеттік бағалы қағаздар) болуы тиіс. Белгілі бір инвестициялық стратегияны таңдап, оны қатаң ұстану керек. Сіз биржалық сауда-саттықтың шебері болғанша, бастапқыда сенімді бағалы қағаздарға салған дұрыс.


Сондай-ақ, мынадай қағида бар – инвестицияларды уақыт бойынша бөлу. Яғни, бағалы қағаздарға «салым жасау», мысалы, күте тұру, бақылау, содан кейін қайтадан инвестиция жасау.


Инвестор өз тәуекелдерін өзі түсінуі және бағалауы тиіс және биржада ойнау арқылы тек қана ақша тауып қана қоймай, бар ақшасын жоғалтуы мүмкін екендігіне дайын болуға тиіс, сондықтан инвестициялау негіздерін, қор нарығының жұмыс істеу қағидаттарын мұқият зерттеп, кәсіби брокерлердің ұсынымдарына барынша зер салу қажет. Осы тақырыпта сіз оқи алатын трейдерлердің тегін және ақылы курстары, көптеген кітаптар мен онлайн-дереккөздер бар.

Бағалы қағаздарға қатысты сізге алаяқтар – жалған брокерлерден басқа ешкім ешқандай кепілдік бере алмайтынын есте сақтау керек. Осыған байланысты, өз инвестициялық делдалыңызды дұрыс таңдаған маңызды. Ол KASE-ге тіркелген болуы тиіс және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тиісті лицензиясына ие болуы тиіс. Қаржы реттеушісінің сайтында таныс болуыңыз қажет жосықсыз «инвестициялық делдалдардың» тізімі жарияланған.


Брокерді қалай таңдау қажет? 

Егер сіз салымдарыңыз барынша белсенді жұмыс істегенін қаласаңыз, - мұны кәсіби брокерлік компаниялар арқылы жасау қажет.

Брокерлік компания сауда-саттыққа қатысудан өзге клиенттік операциялардың есебін жүргізетінін, салық қызметіне табыс салықтарын аударатынын, өз клиенттеріне талдамалық деректерді ұсынатынын атап өту қажет.


Қор нарығында сауда-саттық жасау үшін брокерді таңдағанда, мыналарға назар аударыңыз:

1. Қазақстанның қор нарығында жұмыс істеу лицензиясының болуы;

2. Сауда-саттық шотын ашу үшін ең төменгі депозит мөлшері;

3. Комиссия мөлшері;

4. Софт сапасы;

5. Брокерлік компанияның беделі.


Брокерлік шартқа қол қоймас бұрын, оның талаптарымен міндетті түрде танысыңыз, оны мұқият оқып шығыңыз!

Бағалы қағаздар бойынша кірістілікке салық салынады ма?

Егер Қазақстанның қор биржасының ресми тізіміне енгізілген бағалы қағаз құнының өсуі орын алса, онда жеке тұлға табыс салығын төлемейді. Егер бағалы қағаз шетелдік биржаның тізіміне енгізілген болса, онда жеке инвестор пайдадан 10% төлеуге міндетті және бұдан кем емес салық, әдетте, шетелдік биржада да алынады, яғни инвестор екі есе төлейді.

Қазіргі заманғы инвестордың әлемі бүгінде планетаның шегіне дейін жетті. Интернеттің арқасында біз әртүрлі қаржы құралдарына ақша сала аламыз. Бірақ әрқашан сақ болу қажет және аса жоғары кірістердің соңына түспеу керек. 


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу