ҰЛТТЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін», – деп биылғы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады.
«Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз. Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін» деді Президент.
Шынында Қасым-Жомарт Тоқаев «бар жақсылық – балаларға» деп білетін, балалардың кемел келешегіне жіті мән беретінін талай мәрте байқатты. Енді міне, биылғы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялап, жыл бойы балалардың денсаулығы мен білімін көтеру жолында барын салмақ.
Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Балаларға ғылым-білім үйретіп, әдепке баулыңдар», – деген болатын. Баланы жастайынан білімді, зерек етіп өсірудің маңызы зор. Қарап отырсақ, қазақтың нар тұлғаларының қай-қайсысы да бала кезінен зеректігі, білімділігі, шешендігімен сөзге түскен.
Мәселен, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан Қарқаралыдағы бастауыш мектепте оқып жүргенде мектепке атақты генерал-губернатор Колпаковский келеді. Генерал-губернатор мектепте оқып жатқан қазақ балаларына сын көзбен қарап, олардың білімін тексеріп көрмек болады. Сөйтіп оқушыларға жұмбақ жасырады.
«Мен Омбыдан мына пəуескемен келдім, – деп балаларға өзі мініп келген пəуескесін көрсетеді. – Омбыдан Қарқаралыға жеткенше осы пəуескенің дөңгелегі қанша рет айналды? Жауабын кім біледі?» – дейді Колпаковский балаларға менсінбей қарап. Сол кезде топ ішінен бір бала жүгіріп шығып белдігін суырып алады да, пəуескенің дөңгелегін өлшейді. Сосын қолына таяқ алып жерге сызып, дөңгелектің қанша рет айналғанын көп алдында шығарып береді. Генерал-губернатор қазақ баласының зеректігіне əрі батылдығына таңғалып, мектепті бітірген соң Омбыда оқуға ұсыныс білдіріп, губернатордың стипендиясын тағайындайды. Осылайша кейін Əлихан Омбы техникалық училищесін үздік бітірген болатын.
Осындай оқиға ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының да басынан өтті. Негізінде ол кісінің азан шақырып қойған аты Адам Жүсіп болатын. Сегіз жастан асқан шағында ол топ алдында қазақтың «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» секілді жыр-дастандарын жатқа толғайды. Баланың өнеріне тәнті болған Мұса Шорманұлы жиылған қауым алдында: «Бұл баланың аты – Мәшһүр болсын» деп бөркінің басына үкі тақтырады. Осылайша ел оны «Мәшһүр Жүсіп» атап кеткен болатын.
Ел арасында осындай мысалдар жетіп артылады. Мұның бәрі нені білдіреді? Балаға жастайынан берілген тәрбиенің, білімнің жемісі. Біз «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды» деген Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзін көкейіне мықтап түйген, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ұстанымға мықтап бекінген халықпыз.
Бабаларымыз бұрыннан Құдайдан қорқатын перзент тәрбиелеп, балаға ең алдымен имандылық тәрбиесін сіңіруді көздеген. Себебі Алланы таныған, Құдайдан қорқатын перзент ешуақытта ата-анасына қарсы келмейді, қоғамға кері әсерін тигізбейді. Керісінше зерек, алғыр болып өсіп, ата-анасын екі дүние жақсылығымен қуантып, хәкім Абай айтқандай, кірпіш дүниедегі кетігін тауып қаланып, қоғамда орны бар өз ісінің маманы екенін дәлелдейді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Баланың әкесіндегі құқықтарының бірі – жақсы әдеп пен жақсы есім», – деген. Осы сүннетті берік ұстанған бабаларымыз перзентіне жақсы есім қойып, жақсы тәрбие беруге тырысқан. Себебі балаға жас кезінде берілген тәрбие жас шыбықты игенмен бірдей. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Адам дүниеден өткенде оның үш нәрсесінен – тоқтаусыз садақасы, таратқан білімі және салиқалы ұрпағының дұғасынан басқа барлық амалы тоқтайды», – деген болатын. Демек салиқалы ұрпақ өсіру – сауабы мол салиқалы іс. Ондай ұрпақ ата-анасының жүзін жерге қаратпайды, перзенттік борышын адал атқарып, тіпті ата-анасы дүниеден өтсе де олар үшін үнемі дұға етіп, жақсы амалдары арқылы сауаптың үзілмеуіне себепкер болады.
Асыл дініміз ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Дініміз балаларымыздың иманды да инабатты, елі мен жерін сүйетін, Алла Тағала мен ата-ананың разылығын алатын салиқалы ұрпақ етіп тәрбиелеуге мән береді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы бағытта бірқатар іс-шараларды атқарып келеді. Жоғарыда айтқандай, балаларымызға имандылық тәрбиесін сіңіру мақсатында мешіттер жанында жазғы сауат ашу курстары жұмыс істейді. Балалардың сауат ашу курстарынан Құран әліппесін, дін негіздерін үйреніп, танымдық ойындар ойнап, жазғы демалысын қызықты да пайдалы өткізуге мүмкіндігі бар.
Балаларымыздың имандылыққа деген құлшынысын жыл сайын сезініп келеміз. Діни басқарма дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан қарилар байқауларына жас балалардың қатысып жатқаны көңіл қуантады. Қари балаларымыздың Құран жаттап, жүлделі орын алып жатқанын көргенде, Аллаға шүкір дейсің.
Сондай-ақ мүфтият балаларды әлеуметтік қолдау бағытында балалар үйлері мен орталықтарына, арнаулы мекемелерге жиі бас сұғып тұруды әдетке айналдырды. Мешіт қызметкерлері балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан балақайлармен жүздесіп, оларға барынша қолдау көрсетуде. Одан бөлек балаларға киім-кешектер мен түрлі сыйлықтар үлестіріліп, қайырымдылық көмек көрсетіледі.
ҚМДБ-ға қарасты «Зекет және қайырымдылық» қоры «Тайқазан», «Жетім көрсең жебей жүр», «Үміт сыйла сәбиге» т.б жобалары арқылы көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларға қуаныш сыйлап, көмек көрсетіп келеді. Тіпті дін қызметкерлері арасында жетім балаларды асып алған азаматтар аз емес.
Діни басқарма балаларға арналған ағартушылық бағытқа да жан бітіруде. Былтыр «Muftiyat» баспасынан балаларға арналған «Әкесінің қызы» өлеңдер жинағы жарық көрді. Сондай-ақ «Мұнара» газеті балаларға арналған «Шынашақ» бетін үзбей жариялауда. Діни басқарма тарапынан балаларға арналған байқаулар, білім сайыстары да жиі ұйымдастырылады.
Былтыр ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай балалар арасында «Азаттық – балалар көзімен» республикалық көркемсурет байқауы жарияланды. Байқауға еліміздің әр аймағынан 7-12 жас аралығындағы балалар қатысып, жеңімпаздар анықталды. Алла қаласа, биыл да Балалар жылы аясында балалар шығармашылығын қолдауға арналған бірқатар игілікті іс-шараларды атқармақ ниетіміз бар.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ей, мүміндер! Өздеріңді және отбасыларыңды тозақ отынан қорғаңдар» («Тахрим» сүресі, 6-аят) деп бұйырды. Ғалымдар бұл аятты «біз балаларымызға дінді, қайыр-жақсылықтар мен әдепті үйретуге міндеттіміз» деп түсіндірген. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді бабаларымыз. Ендеше, ұлттың болашағын ойласақ, ұрпақ тәрбиесін ұмытпағанымыз абзал.
«Мұнара» газеті, №5, 2022 жыл
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру