3 сынып, I тоқсан - диктант түрлері


Қазақ тілінен диктант түрлері 3 сынып І тоқсан

Жыл бойы өткенді қайталау.

 И, й, у әріптерінің жазылуын қайталау.

Сөздік диктант

  1. Уақыт, уылдырық, меруерт, уыстау, қырау, тұсау, ашудас, хайуанат, миуа, қиюластыру, уағда, уілдеу, уылдырық, татулық, шашу, бурыл.
  • Өзің қалаған үш-төрт сөзбен сөйлем құрастыру.
  1. Қайық, күйші, тыйылды, байиды, қайықшы, сыйлық, қайшы, торғай, лайықты, сыйымды, таңдай, сыйлау, тайлақ, шайнек, түйнек, тыйым.
  • Сыйлық сөзінің түбірін тап, басқа қандай сөз жасауға болады? Жаз.
  1. Инелік, жиен, киім, тәрбиеші, биыл, жиналыс, биік, табиғат, сиыр, сирек, иірім, қия, хикая, пирамида, жиһаз, қария, аквариум.
  • Пирамида сөзін қалай тасымалдауға болатынын жазып көрсет.

Көру диктанты

Берекелі алтын күз

Қайтқан құсты көрдің бе,

Қаптай ұшқан әуелеп.

Күткен күзім, келдің бе,

Сыңсып бағың мәуелеп.

Қамба толды астыққа,

Алғыс саған, алтын күз!

Бір уыс дән шаштық та,

Қап-қап қауын алдық біз.

Ескен Елубаев.

  • Өлеңнің бір немесе екі шумағын жатқа жазу. У дыбысы бар сөздердің астын сызу.

Я, ю әріптерінің жазылуын қайталау.

Сөздік диктант

Тиянақты, ою, аяз, сарғаю, зиянды, биязы, көркею, марқаю, аяқ, тою, сия, оюшы, молаяды, Әсия, тою, күю, дария, сыяды, қою.

  • Биязы, молаяды, тиянақты, зиянды сөздерін буынға бөліп жаз.

Терме диктант

Жаңылтпаш

Қырықаяқ, қырықаяқ,

Қырық аяғы —  қырық таяқ,

Қырықаяқтың өзі – құрттай-ақ.

  • Я әрпі бар сөздерді теріп жаз, сол сөздермен сөйлем құрастыр.

Шығармашылық диктант

  1. Жақсы, уәде, оқуға, берді, Әбу.
  2. Иса, әзірледі, сыйлық, анасына.
  3. Тікті, Сәния, қуыршағына, тақия.
  4. Үйлер, зәулім, көбеюде, Астанада.
  5. Әсия, әжесінен, үйренді, ою, оюды.
  • Орны ауыстырылып берілген сөздерден сөйлем құрап жаздыру.


диктант түрлері, диктант, 1 тоқсан, қазақ тілі


Дауыссыз дыбыстардың түрлерін қайталау.

 Б мен п, қ мен ғ, л мен р, к мен г, н мен ң.

Сөздік диктант

  1. Кітап, штаб, клуб, көп, лебіз, шөп, сеп, бөрік, белбеу, саба, мектеп, тәртіп, жіп, бұлақ.
  • Өзің қалаған үш-төрт сөзбен сөйлем құрастыру.
  1. Жауынгер, дөңгелек, үзеңгі, лебіз, балық, рұқсат, жұмбақ, реніш, ілгіш, ылғал, жолбарыс, сенгіш, діңгек, көлеңке, бозінген, көлік, қасық.
  • Дөңгелек, көлік, қасық, жұмбақ, балық  сөздеріне ы, і әріптерін қосып жаз.

Шығармашылық диктант

  1. 1. Ақбөкеннің басы үлкен, тұмсы…ы жалпақтау. 2. Кіта…ты жыртпа. 3. Болат қолындағы күре…ін жерге қойды. 4. Мұрат ауыл мекте…інде оқиды.
  • Көп нүктенің орнына п – б, қ – ғ, к – г әріптерінің тиістісін жаздырту.
  1. Төмендегі сөздерге у, ы, і әріптерінің тиістісін қосып жаз, үш сөйлем құрастыру.

Сап, тап, топ, мектеп, тәртіп, жіп, жап, түп.

  1. Егіншілер егін … (орақ, орағын) ерте аяқтады. Биыл егіншілердің … (астық, астығы) мол. Шөптің де … (шығым, шығымы) жақсы болды. Егіншілер … (өнім, өнімін) элеваторға тасыды.
  • Көп нүктенің орнына жақшадағы сөздердің дұрысын қойып, сөйлемдерді жазу.

Өздік диктант

сақа – саға             күл – гүл               ұқ – үк

саба – сапа             тос – дос               тара – дара

  • Сөздердегі өзгерген дауыссыз дыбыстардың астын сызу. Сөздердің мағынасын түсіндіру.

Көру диктанты

Көк шатыр

Шатырым бар қолымда

Жаңбыр маған түк емес.

Мейлі құйып тұрса да

Одан қорқар мен емес.

Аяғымда етігім,

Төбемде көк шатырым,

Ішіменен жаңбырдың,

Жүріп келем ақырын.

Сағындық Тәнеке.

  • Өлеңдегі н дыбысының астын бір, ң дыбысының астын екі рет сыз

Жатқа жазу

Көктемде көктеп масағы,

Шілдеде жайнап шашағы,

Тамызда толық толықсып,

Қауызын күзде ашады.

  • Құрамында түбір сөздің соңғы әрпі өзгерген сөздердің астын сыз. Ол сөздердің ы әрпін алып тастап айтып көр.

Диктант

Жұмсақ төсек.

Күз келді. Кірпі ағаштың түбінен ін қазды. Ін өте жайлы болды. Бірақ төсегі болмады. Кірпі өзіне төсек іздеуге шықты. Ол үйіліп жатқан жапырақтарды көрді. Кірпіжапырақтардың үстіне аунады. Жапырақтар кірпінің инесіне қадалды. Кірпі жапырақтарды ініне алып келді. Енді кірпінің жұмсақ, жайлы төсегі бар.

(43 сөз)

Күз.

Қыркүйек. Күздің алғашқы айы. Аспан бұлттанды. Күннің қызуы азайды. Ағаштың жапырақтары сарғая бастады. Терек пен қайың жасыл жапырағынан айырылды. Айнала сары ала түске боялды. Шық осы айда түседі. Құстар да жылы жаққа ұшып кетеді. Аңдар қысқы тіршіліктеріне кіріседі. Адамдар болса күздің мол сыйын жинап алуда.

(45 сөз)

Отаным.

Менің Отаным – Қазақстан Республикасы. Қазақстанның жері өте кең. Жерінде тау да, жазық та, ойпат та кездеседі. Үлкен-үлкен көлдер, өзендер бар. Сәулетті қалалар да көп. Қазақстанның жер қойнауы пайдалы қазбаларға бай. Республикамызда астық көп өндіріледі. Мал шаруашылығы да жақсы өркендеген.

Қазақстан бес мемлекетпен шектеседі. Олардың бәрімен  достық қарым-қатынаста.

(46 сөз)

Сөз және оның мағынасын қайталаймыз.

Шығармашылық диктант

  1. 1.      Көп нүктенің орнына сол сөзге мағынасы жуық сөз тауып жазу.

Батыр, …

Көркем, …

Алыс, …

  1. 2.      Берілген сөздерге мағынасы қарама-қарсы сөз жазу.

таза– …                     биік  – …

тар – …                        ұзын – …

қымбат – …                ыстық – …

  1. 3.      Көп нүктенің орнына қою деген сөзді қойып, көшіріп жазу. Ол сөздің мағынасын түсіндіру.

Сүт … ұйыды.

… қара бұлт төнді.

Қарындашты орнына … керек.

Концерт …ға келдік.

Көру диктанты

Мақал-мәтелдер.

  1. 1.      Жаман адам – құлқынның қара қабы,

Жақсы адам – адалдықтың тағы.

  1. 2.      Еңбегі аздың өнбегі аз.
  • Қарамен жазылған сөздердің түбірін тапқызып, түбірдің соңғы әрпінің өзгеру себебін айтқызу.
  • Мағынасы қарама-қарсы сөздердің астын сыздыру.

Жатқа жазу

Аппақ қарға                       Үйіне көрші

Қонды қарға.                      Келді ме екен, көрші!

Мынау – қада                     Бұтарлап талды

Жерге қада.                         Қолымыз талды.

  • Жазылуы бірдей сөздердің мағынасын түсіндіріп, салыстыру.

Сөз құрамын қайталаймыз

Сөздік диктант

Асық, бала, еңбекқор, кітап, сыйлық, оқушылар, шеге, биші, орындық, өрмек, мақта, түймедақ, құлақшын, ағаш, гүлдер, өнерпаз, үйшік, ожау, өзен, тау.

  • Түбір сөздердің астын сыз.

Шығармашылық диктант

1. Маржан төсек… тұрды. Ол төсек… жинады. 2. Кітап… күтіп ұстау керек. 3. Біз жексенбі күн… саябақ… бардық. Жапырақ жер… түсіп жатыр. 4. Сынып іші айна… тап-таза. 5. Апасы Әйгерімге сыз…, өшір… сатып алып берді.

  • Көп нүктенің орнына тиісті қосымшаларды қойып жаздыру.

Сөз таптарын қайталау

Сөздік диктант

  1. Өрмек, қой, оқу, домбыра, кезек, бокс, сурет, аң, ән, сауын, аспаз, етік, кен, күй, мал, жұмыс.
  • Сөздердің қандай сөз табы екенін анықтау. Сөздерге -шы, -ші жұрнақтарының бірін жалғап жазу.
  1. Бала, өлке, аудан, ел, бес, адал, әсем, орын, жақсы, бай, қашық, шебер, жаңа, биік, жаман, сақ, әділ, ұзын.
  • Сөздерге-лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тікжұрнақтарының тиістісін жалғап жазу.
  1. Айт, біл, тоқы, ес,  ұш, өшір, кес, сүрт, жырт, ал, отыр, ат, іл, бас, көр, сөйле, кел, бар.
  • Сөздерге -ғыш, -гіш, -қыш, -кіш жұрнақтарының тиістісін жалғап жазу.

Көру диктанты

Әдемі сурет

Дайын қағаз, қаламым,

Бояу таңдап аламын.

Ақ көгершін, көк аспан,

Суретін мен салмын.

А.Бақтыгереева

  • Зат есімнің астын сыздыру. Сын есімдерге сұрақ қойғызу.

Жұмбақтар

—          Кімге керек бұл өзі?

—          Қызға керек!

Төмен қарап өседі екі терек.

(Қос бұрым)

Шеңбер жасап өседі,

Желмен бірге көшеді.

(Қаңбақ)

  • Етістіктерді тауып, дара немесе күрделі екенін айтқызу.

Уақыт өлшемдері.

Уақыт ғасырмен, жылмен, аймен, аптамен және күнмен өлшенеді.

Бір ғасырда 100 жыл бар. Бір жылда 12 ай, 364 немесе 365 күн бар, Бір айда 30 күн бар, бір аптада 7 күн бар. Бір тәулікте 24 сағат бар.

  • Сан есімдерді сөзбен жаз, астын сыз.

Өздік диктант

Адамның мамандығын, кәсібін білдіретін сөздер:

жүргізуші, …

Туыстықты білдіретін сөздер: ата, ана, …

Кісі аттары: Жанат, …

Жер-су аттары: Балқаш, Алатау, …

Кім көп біледі?

Бояулар: көк, көкшілт, …

Өлшемдер: ұзын, биік, …

Терме диктант

Құлыншақ

Жібек жалды құлыншақ,

Бөкен санды құлыншақ.

Құндыз жүнді құлыншақ,

Қоңырау үнді құлыншақ.

Қияқ құлақ құлыншақ,

Болат тұяқ құлыншақ,

Құлыншақты ноқталап,

Сылап-сыйпап міне шап.

Оразақын Асқар

  • Сын есімдерді теріп жаз, сөйлем құрастыр.

Арқар

Тастан тасқа қарғыған,

Қой тұқымдас дәу бір аң –

Ай мүйізді арқар бұл,

Ұстай алмас аңдыған.

Мұзафар Әлімбай

Жұмбақтар

Жүреді мұхиттарда,

Балық деме,

Жаны бар,

Сияқты бір алып кеме.

(Кит)

  • Зат есімдерді теріп жаздырту.

Жетісу мен Арқаның арасында,

Сынаптай көлбеген көл жағасында.

Орналасқан қаланың есімі де

Көл аттас, ойлансаң сен, табасың да.

(Балқаш)

  • Жалқы есімдерді теріп жаздырту.

Шығармашылық диктант

… жазда гүлдейді. Күзде мақтаның қауашақтары … . Одан үлпілдеген … мақта көрінеді. Мақтадан көп нәрсе жасалады. Одан … иіріледі. Жіптен мата … . Мақтаның шитінен … шығады.

Мақта өте бағалы болғандықтан, оны … деп атайды.

  • Көп нүктенің орнына керекті сөздерді қойып жаз.

Керекті сөздер: мақта, ақ, жарылады, май, тоқылады, жіп.

Дыбыс және әріп

Э дыбысы мен әрпі

Сөздік диктант

Эстафета, экспресс, эмаль, эмоция, экран, электрон, энергетикалық, эфир, эстондар, эстрада,

эвкалипт, экватор.

Терме диктанты

1.Айжан – сыныптағы ерекше сүйкімді, зерек оқушы. 2. Әзімбек Жер планетасы туралы энциклопедиядан оқып білді. 3. Маржан үй шаруасына епті екен. 4. Айгүл досына хатты электронды пошта арқылы жіберді. 5. Үздік оқушылар эстон еліне саяхатқа барады. 6.Еңіс – өрдің ойға қарай түсе берісі. 7. Қалада экспресс автобустар барар жеріңе лезде жеткізеді.

8. Қымыз – емдік қасиеті бар сусын.9. Эфир майының хош иісі бар.

  •    Э әрпі бар сөйлемдерді көшіріп жазу.
  • Электрон сөзіне дыбыстық талдау жасау.

Ескерту диктанты

Энергия

Электр – бұл энергия көзі. Энергия жылу мен жарық береді. Ол машиналарды жүргізеді. Жер бетіндегі тіршілік күн сәулесінен алынатын энергияға тәуелді. Электр қуатымен жұмыс істейтін құралдар өте көп. Ешқашанда электр желісінің сымдарына жақындамаңдар. Бұл адам өмірі үшін өте қауіпті.

В, ф  дыбыстарымен әріптері

Сөздік диктант

  1. Трамвай, вагон, велосипед, волейбол, автобус, витамин, аквариум, автомобиль, авиация, пингвин, вокзал.
  2. Фабрика, филармония, француз, футболшы, фойе, фигура, фильм, фирма, флейта, факультет.
  • Қалаған 2-3 сөзбен сөйлем құрастыр.

Көру диктанты

Пойыз.

Бір-біріне тізілген

Вагондары тұр неше,

Темір жолмен жүгірген

Пойыз – үлкен бір көше!

С. Оспанов

  • В әрпі бар сөздің астын сызу.
  • Велосипед сөзіне дыбыстық талдау жасау.

Өтірік өлең.

Ферзі қатты шатысты,

Фильм көрді ат үсті.

Фотоаппарат асынып,

Фестивальға қатысты.

  • Ф дыбысы бар сөздердің астын сызу.

Шығармашылық диктант

  1. Аулада …онтан бар.2. Бұл – темір жол …окзалы. 3. …арида …ерғанада тұрады.4. Аяқ киім …абрикасықала шетіне орналасқан. 5. Менің анам …ермада істейді. 6. Сендер …елосипедтің қандай түрлерін білесіңдер? 7. Кіта… – адамның ақылшысы, досы. 8. Дос…олдың атасы – шопан.

Көп нүктенің орнына б-в, п-ф әріптерінің тиістісін қойып жаздыру.

Терме диктанты

  1. Тігін фабрикасынан әкелінген жаңа киімдер дүкендерде сатылады. 2. Екі қария Фурманов көшесінде асықпай әңгімелесіп келеді. 3. Қолында су жаңа портфелі бар Фархат мектеп табалдырығын қуана аттады. 4. Нағыз шофер мейлінше сабырлы да сақ болуы тиіс. 5. Гүлсім жиынға ақ кофтасын киіп барды.
  • Ф әрпі бар сөздерді теріп жазу.

Диктант

 Фермада.

Жадыраған жаз. Ауылдың сиыр фермасы тау қойнауында еді. Сиырлар көк шүйгін шөпке құныға жайылып жүр. Мұнда малшылар да әбден рақатқа батты. Ашық аспан. Ақ бас таудың таза саф ауасы. Көк жүзінде қараторғай әуелете әнге басады.

Ахмет сиырларды кешкі сауымға айдап әкелді. Сауыншылар сиыр саууға кірісті.

(45 сөз)

Емен.

Емен – қатты ағаш. Ол ежелден шаруашылық үшін бағалы боп есептеледі. Еменнің сүрегін көпір діңгектерін, кемелер мен вагондар жасауға пайдаланады. Одан ұзаққашыдайтын үйлер тұрғызады. Еменнен әдемі фанер, тамаша паркет дайындалады.

Еменнің жемісінен крахмал және спирт адады. Шошқажаңғақтар кейде кофе алмастырғыштарын даярлауға да жұмсалады. Шошқажаңғақ – шошқа үшін тамаша азық.

(48 сөз)

Құмырадағы су

Қорада құмыра тұр. Оның ішінде суы бар. Бір кезде қара қарға құмыраның қасына келіп қонды. Оның су ішкісі келді. Құмыра болса биік. Қарғаның тұмсығы құмырадағы суға жетпеді. Қарға жерде жатқан тастарды көрді. Ол тастарды тұмсығымен тістеп, құмыраға тастай бастады. Су көтерілді. Қарға құмырадан су ішті. Қарға айласын асырды.

(48 сөз)

Ч, щ, ц  дыбыстарымен әріптері

Сөздік диктант

  1. Ащы, тұщы, борщ, чемодан,щётка, чемпион, плащ, чек, чемпионат, чуваштар,чех.
  2. Цех,цирк,циркуль, цемент, цистерна, центнер,центр, циклон, конститутция, целллофан,  концерт, авиация.
  • Өзің қалаған сөзге дыбыстық талдау жаса.

Көру диктанты

Чемпион аға оралды.

Чемоданы қолында.

Атағы шықты алысқа,

Күрес спорты жолында.

«Ч» әрпі бар сөздердің астын сыздыру.

Балқаш көлі

Балқашқа мен де мың келдім.

Жартысы тұщы суының,

Жартысы ащы суының.

Дәмін де татып үлгердім,

«Щ» әрпі бар сөздердің астын сыздыру.

Өтірік өлең.

Цейлондық піл түймелі

Цыган биін биледі.

Циркте оған қол соқты,

Це-це шыбын күймелі.

«Ц» әрпі бар сөздердің астын сыздыру.

Ескерту диктанты

Цирк.

Ағай мені циркке апарды. Онда біз ат ойынын көрдік. Циркте ат ойыны болып тұрады. Онда басқа да жануарлар өнер көрсетеді. Цирк ойындары қызық.

*   *   *

Көлдің суы ащы. Оны мал ішпейді. Мына құдықтың суы тұщы. Мал осыдан ішеді.

Жусан – ащы шөп. Оны қой-ешкі жақсы жейді.

  • Қарамен жазылған сөздердің айтылуы мен жазылуын салыстыру.

Шығармашылық диктант.

  1. Анама дүкенші … берді. 2. Асқар мектеп асханасынан … ішті. 3. Мектепте … кездесу өтті. 4. Әжем екеуіміз теледидардан … көрдік. 5. Әдемі … үйі қаланың дәл ортасында орналасыпты. 6. Талғат … училищесін үздік бітірді. 7. Жанармай құйылған … жанында ойнауға болмайды.

Керекті сөздер: борщ, чек, цистерна, концерт, чемпионмен, цирк, авиация.

Х, һ дыбыстары мен әріптері

Сөздік диктант

Хабар, жиһан, гауһар, қаһар, шаһар, жиһанкез, хайуанат, халық, емхана, емтихан, тарих, археолог, мәслихат, жиһаз, қаһарман.

Терме диктант

Хайуанаттар әр күні

Хабар тосып қалғыды.

Хат келген соң,

Х әрпін

Хан сайладыбарлығы.

«Х» әрпі бар сөздерді теріп жаздыру.

Ей, Қаһарман, Қаһарман,

Келдің қандай шаһардан?

Айдаһармен алысып,

Қорықпайсың заһардан.

«Һ» дыбысы бар сөздерді теріп жаздыру.

Көру диктанты.

Мақал-мәтелдер.

  1. Қары бар жерде қаһар бар.

Кені бар жерде шаһар бар.

  1. Өмір – мұхит, уақыт – толқын.

Ескерту диктанты

Алхоры

Үй алхорысы қызғылт бұталар тұқымдасына жатады. Үй алхорысы әлемнің барлық жерінде егіледі. Жемістері әртүрлі пішіндегі шырынды, сүйекті болып келеді. Алхоры сары, көк, күлгін, қара, домалақ, сопақша, ірі және ұсақ болады. Жемістерінің құрамында дәрумендер көп. Жемісі мен шырыны – керемет емдәмдік тағам.

Өздік диктант

…исса, …арауыл, …ат, …атық, жи…ангер, қа…арман, …алық, …абарландыру, …анзада, жи…аз, Гау…ар, Жау…ар, ша…ар, …орған.

  • Көп нүктенің орнына тиісті қ, х, һ әріптерін қойып жазу.

Сөйлем

Көру диктанты

Жаңылтпаш.

Көже пісті.

Көжені неше кісі ішті?

Неше кесе ішті.?

  • Сөйлем түрлеріне ажыратқызу.

Шығармашылық диктант

Ауыл маңы қалың қайың. Аң көп. Қар жауды. Айнала тегіс аппақ. Аңшылар аңға шықты.

  • Хабарлы сөйлемді сұраулы және лепті сөйлемдерге айналдырып жаздыру.

*  *  *

Жалғыз отыр, Жақып, қарт. Келді, немересі, Бақытжан, оның. Өзінің, білетін, атасына, айтты өлең, тақпақтарын. Зеріккені, Жақып қарттың, басылды.

  • Орны ауыстырылып берілген сөздерден сөйлем құрап жаздыру.

*   *   *

Тамаша, шіркін, алақай, жасасын, неткен, қандай.

  • Берілген сөздерді қатыстырып лепті сөйлемдер құрастырып жазу.

Терме диктант

  1. Мейірімді анашым, саған мың алғыс! 2. Балалар сыныпқа жүгіріп келді. 3. Туған өлкең жайлы не білесің? 4. Таулы аймақтың ауасы қандай тамаша! 5. Бұлбұлдың сайрағанын естідің бе? 6. Мұғалім – мектептің жүрегі. 7. Қай мезгіл деп ойлайсың? 8. Неткен сұлу көрініс!
  • Хабарлы сөйлемдерді бір бөлек, сұраулы сөйлемдерді бір бөлек, лепті сөйлемдерді бір бөлек көшіріп жазу.

Ескерту диктанты

Таңқурай

Кәдімгі таңқурайдың жерасты бөлігі көпжылдық болып табылады. Жапырақтары үш, бес жапырақшалардан тұрады. Таңқурай маусым айында ақ гүлдермен гүлдейді. Таңқурайдың жемісі – күрделі шырынды, хош иісті және тәтті сүйекті жеміс. Таңқурай маусым, тамыз айларында піседі.

  • Алақай сөзін пайдаланып, соңғы сөйлемді лепті сөйлемге айналдырып жазу.

Жазылуы қиын сөздер: жерасты, көпжылдық.

Бақылау диктанты

Кірпі

Әлден уақытта жел соға бастады. Ағаштардың бастары теңселіп, орман іші шуылдай жөнелді. Осы кезде бір ғажапты байқап қалдық. Тиіндер секіріп жүрген қарағайлардың түбінен бірнеше кірпі жорғалап шыға келді. Олар бастарын жоғары көтеріп қатты да қалды. Аспаннан әлдебір нәрсе күткендей телміріп отыр.

Ағаштың бастарынан кепкен саңырауқұлақтар түсе бастады. Кірпілер дайын асты тікенде-ріне шаншып алды.

(53 сөз)

  • Тиіндер сөзіне дыбыстық талдау жасау.
  • Соңғы сөйлемдегі сөздердің байланысын сызбамен көрсет.
  • Кірпі сөзімен сұраулы сөйлем құрастырып жаз.

   Көкшетау

Күн ыстық. Көкшетау маңы.Қара жерге түгел жасыл жібек кілем төсегендей. Оның айнадай суында зеңгір аспанның суреті көрінеді.Алдыңғы күні қалың нөсер жаңбыр құйып өткен еді.                                                                          Жер беті қаптағанқалың жасыл шөп, жаңа жасыл желекке оранған. Өсімдіктердің, бұталардың жасыл жапырақтары мен гүлдері кеше мен бүгін төтенше құлпырған. Жасыл шөпке араласа шыққан гүлдер жерге ерекше түр береді.

(56 сөз)

  • Бұталардың сөзіне дыбыстық, буындық талдау жаса.
  • Айнадай сөзін сөз құрамына талда.
  • Мәтіннен тасымалданбайтын төрт сөзді теріп жаз.

Мұз астындағы ұйқы.

Қыстың алғашқы аязынан кейін көлдің бетін мұз басты. Су асты күңгірт тартты. Бұрын мұндайды көрмеген жас сазандар абыржып қалды. Кәрі сазан түсіндіріп жатыр. Аю сияқты сазан тұқымы да қыста тамақ жемейтіндігін айтты.

Кәрі сазан көл астында талай қыстаған. Көлдің терең жерлерінің бәрін білетін. Оның соңынан басқа сазандар ілесті. Бәрі тереңдегі бір қуысқа жиналды. Ұйқыға жатты. Су астын қараңғылық басты.

(59 сөз)

  • Бастауыштардың астын бір сызықпен, баяндауыштардың астын екі сызықпен сыз.
  • Соңғы екі сөйлемнен қатаң дауыссыз дыбыстардың астын сыз.
  • Қараңғылық сөзін буынға бөліп жаз.

Сөйлем мүшелері

Сөздік диктант

1)      Құс, ағаш, жүзім, дәрігер, дос, жұлдыз, жауынгер, кітап, алма, күн, балалар, өсімдік.

2)      Жылады, өсті, ақырды, оқыды, секірді, биледі, еркелейді, шырылдайды, күледі, соқты.

Шығармашылық диктант

1)      1. Жаңбыр жауды. 2. Оқушы жазды. 3. Гүл өсті. 4. Қыс түсті. 5. Мұғалім түсіндірді. 6.Ай туды. 7. Домбыра тартты.

  • Бастауыштың астын бір сызықпен сызу.

2)      Жұмбақтар

Көзге … ,

Жұтсаң … .

Шешуі: ауа.

Керекті сөздер: ілінбейді, білінбейді.

Найзасымен … ,

Піскен жері … .

Шешуі: ара.

Керекті сөздер: піседі, іседі.

3)  … мектептен келе жатты. … бір әжені көрді. … шелекпен су алып келе жатыр екен. … жақындағанда, ол шелегін жерге қойды. Әжейдің шаршағанын көріп, … оған көмектесті.

  • Көп нүктенің орнына баяндауышты қойып жаздыру.

4)      Оқушылар мектепке … . Қоңырау … . Сабақ … . Бүгін – мұғалімнің туған күні. Біз мұғалімімізді туған күнімен … . Ол бізге … .

  • Көп нүктенің орнына баяндауышты қойып жаздыру.

Терме диктант

1)Қыста қоян тоңбайды.Оны жұмсақ жүні тоңдырмайды.

Қоян қар үстінде секеңдеп жүре береді. Оның белгілі мекені болмайды. Ол кез келген жерге жата береді. Көбінесе қардың, қалың шөптің арасын мекендейді. Ағаштың, бұтаның түбіне паналайды.

  • Бастауыш пен баяндауышты теріп жаздыру.

2) Бейсен қарттың үйінің жанында бақ бар. Бағын айнала тақтаймен қоршаған. Онда жиырма түп алма ағашы өседі. Ағаштардың түбін айнала қазған. Топырағын майдалаған. Қарттың жеміс ағаштары көп. Ол бақты ұқыпты күтеді.

  • Бастауыш пен баяндауышты теріп жаздыру.

Көру диктанты.

Мақал-мәтелдер.

  1. Болат қайнауда шынығады,

Батыр майданда шынығады.

  1. Еңбексіз іс бітпейді,

Еріншектің қолы жетпейді.

  • Бастауыш пен баяндауыштың астын сыздыру.

Ескерту диктанты

 Алмұрт

Алмұрт – жапырағы түсетін ағаш. Гүлдері ақ немесе қызғылт болады. Алмұрт сәуір, мамыр айларында гүлдейді. Жемісінің түсі жасыл, сары, кейде қызылдау болады. Алмұрттан тосап қайнатады. Шырын және сусын дайындайды. Алмұрттың ағашынан музыкалық аспаптар дайындайды.

  • Бастауыштың астын бір сызықпен сызу.

Құлпынай

Құлпынай – көпжылдық өсімдік. Оның гүлдері қалқанды гүлшоғырына жиналып өседі. Құлпынай шырынды, тәтті, хош иісті болады. Үлкендігі мен пішіні әртүрлі болып келеді. Емдәмдік бағалы тағам болып табылады. Құлпынай тәбетті ашады. Ас қорытуды жақсартады. Одан тосап қайнатады. Шырын, сусындар дайындайды.

  • Баяндауыштың астын екі сызықпен сызу.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу