Ұлы даланың ұлық тұлғасы Әбу Насыр әл-Фараби
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді»,- дей отыра, тарихи сананы жаңғырту үшін, ең алдымен, ұлт қаһармандарын үлгі тұтуға, олардың өнегелі өмірі мен артына қалдырған құнды еңбектерін елге, әсіресе жас ұрпаққа кеңінен насихаттауды тапсырған болатын. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында 2020 жылы халқымыздың ұлы перзенттері Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтуіміз және бұл тұста ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек екенін айтқан болатын. Әл-Фараби – ортағасырлық ғылымдардың қай саласында да үздік білімнің иесі, энциклопедист ғалым ретінде даңқы шыққан ғұлама-ойшыл. Ғұлама ғалым және философ Аристотельдің логикаға қатысты барлық дерлік еңбектеріне, атап айтсақ, «Метафизика», «Никомахтық этика», «Риторика», «Поэтика», Птоломейдің «Әлмагесіне», Александр Афродизискийдің «Жан туралы» еңбегіне, Евклид «Бастауларының» бірқатар тарауларына, Порфирийдің «Исагогына», түсініктемелер жасады. Бұлардың арасында «Философияны меңгеруге дайындық», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету туралы» еңбектері бар. Әл-Фараби тіл білімінің ірі теоретигі, лингвист, ақын болып саналды. Ол жазу, каллиграфия, өлең, риторика тақырыбына түсінік жазды. Фарабидің еңбектерінің түпкі мақсаты – адам, адамшылық мәселесі. Ол адамның білім, ғылым игеріп, тәрбиелі азамат болуын құптаған. Бұдан асқан адам өмірінде құндылық жоқ шығар. Адамзат жаратылыстың барлық тіршілік иесінің биік шоқтығы болып саналады. Сол себептен де оны құрметтеу, қастерлеу қажет деген тұжырым жасаған. Білім, ізгілік, сұлулық – Фарабидің үш ұстанымы. Ойшыл ғылымның биік шыңын дәріптеген ғұлама. Мінсіз қоғам, мемлекет, қала болуы мүмкін емес. Адамның өзі мінге толы. Қоғам болған соң, ондағы адамдардың арман, ниеттеріне тікелей байланысты. Ортағасырлық саяси-құқықтық ой тарихында шоқтығы биік, өзіндік орны бар тұлға кезінде екінші ұстаз, «Шығыс Аристотелі» атанған Әл-Фараби екендігі баршамызға белгілі. Қазақ даласынан шыққан ұлы ғұлама, саяси ойшыл, әлеуметтанушы, математигі, физигі, астрономы, ботанигі, логика және тіл маманы, музыка зерттеушісі Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби 870-950 жылдары өмір сүрген. Ол Арыс өзенінің Сырдарияға құяр жерінде орналасқан Фараб (кейінгі Отырар) қаласында туды. Жасында сонда оқу-тәрбие алып, кейін Бұхара, Александрия, Каир, Дамаск, Бағдат қалаларында тұрып, білімін ұштап, қызмет атқарды. Әл-Фараби дүниеге келген Отырар қаласы ірі саяси және мәдени орталық болатын. Әл-Фараби өзі дүниеге келген түркі мәдениетінің рухани құндылықтарын бойына сіңіріп өсті, яғни, түркі мәдениеті өзіне тән дүниетанымдық бағдарлар мен категорияларды, болмыс принциптері мен дүниені ұғыну құндылықтарын қалыптастырған болса, бұл құндылықтар оның тұлғалық қалыптасуын анықтады. Көптеген фарабитанушылар әл-Фарабидің көзқарасына түркі мәдени дәстүрінің әсер еткенін мойындайды. Оның Отырардан қашан кеткені, Бағдадқа қашан келгені белгісіз. Әл-Фарабидің рухани мұрасы барлық өмірінің барысында қалыптасты және дүниетанымдық тұрғыда, идеялық бастауында әр түрлі мәдениеттердің ықпалдарымен айқындалады Әл-Фараби ел басшылығына лайықты, осы көрсетілген қасиеттердің бәрі бойында бар тұлғаның сирек кездесетінін атап өтеді. Сондықтан, бұл қасиеттер екі тұлғада жиналса, онда олар бірігіп басқарсын дейді. Ал екі адамның бойынан табылмай, төрт-бес адамнан табылса, олар бірге қосылып басшылық жасауы керек. Сонымен қатар, ел басына керек негізгі қасиет – ол даналық. Егер белгілі бір уақытта елдің басшылығында даналық болмай қалса, онда елдің бірінші басшысы тіпті болмай-ақ қойсын, ондай қалаға қауып төнеді,- деп ескертеді ұлы ойшыл. Әл-Фараби есімі көптеген Еуропа елдеріне ертеден танымал болып, ХII-ХIII ғғ. өзінде-ақ оның философиялық трактаттары ежелгі еврей және латын тілдеріне аударылды. Бірақ әл-Фараби мұрасын жүйелі әрі нақты зерттеу оның трактаттарының мәтіні мен аудармаларын басып шығарумен қатар, зерттеу жұмыстары ХVIII-XIX ғғ. ортасында шыға бастады. Ортағасырлық Еуропа классикалық ежелгі грек философиясымен көп жағдайда Әл-Фараби еңбектері арқылы танысты. Мәселен, XII ғ. кезінде оның «Ғылымдар классификациясы» деген еңбегі латын тіліне екі рет аударылды. «Сананың мәні туралы», «Сұрақтар негізі», «Бақыт жолы туралы» және логикаға байланысты трактаттары мен басқа да еңбектері XII ғ. бастап XVII ғ. дейін латын тіліне бірнеше рет аударылды. Әл-Фараби Платон және Аристотель сияқты қалалардың класси-фикациясын жасайды. Ол мінсіз қаланы «адамның шынайы өмір сүруі, және оның өмірін сақтауы, тамаша заттарға қол жеткізуде адамдар бір-біріне көмектесетін қала» деп сипаттап, ол қаланың атауы «қайырымды қала» дейді. Әл-Фарабидің қайырымды қаласында қауымдар көп. «Қайырымды қалада бес бөлім бар: аса лайықты тұлғалар – ораторлар, есепшілер, батырлар және байлар. Кейін дін қызметшілері. Байлар-ол қаладағы байлықты сатып алатындар, жер иеленушілер, малшылар, сатушылар және оған сәйкес келетіндер». Фараби бұл туралы былай дейді: «Әр адам өзінің табиғаты бойынша былай орналасқан, адам өзінің өмір сүруі және жоғары дамуға қол жеткізу үшін және жалғыз өзі қол жеткізе алмайтын көптеген заттарға және оның мұқтаждылығын ескере отырып қандайда бір затты бере алатын адамдар тобынан кейбір заттарға қажетсінеді». Адамның табиғатынан көмекті қажетсініп, қоғам құруға бейілді екенін және қоғамның түрлері көптігін айтады. Себебі, әрбір адамның тіршілік етуі мен кемелділікке жетуі үшін қандайда болмасын қауым керек. Әл-Фараби басқаруды қайырымды және қайырымсыз деп екіге бөлді. Қайырымды, білімді, мәдениетті басқару – халықты бақытқа бастайды, олардың ісәрекетін, ерік-қасиетін осы жолға бағыттайды. Ол үшін басқару заң күшіне, игі тәжірибеге негізделуі тиіс. Ал қайырымсыз, надан басқаруда теріс әрекеттер мен жаман қасиеттер бой алады. Сондықтан ол надан адам басқарған, озбырлыққа сүйенген, қайырымсыз, қатал мемлекеттік тәртіпті өткір сынайды. Осы еңбегiнде ол «Бақыт дегенiмiз – игiлiктердiң iшiндегi ең қадiрлiсi, ең үлкенi және ең жетiлгенi. Артынан мадақтауға немесе жазғыруға болатын жағдайларда адам бақытқа жете алмайды. Әрекетіміз дұрыс болуы үшін біздің соған баратын жолымыз қандай болуы керек екенін, ал ойдағыдай болуы үшін жанымыздың аффектісі қандай болуға тиіс екенін және жақсы ақыл-парастқа жету үшін ол парасат қандай болуға тиіс екенін анықтап алуға тиіспіз» деп атап көрсетедi және әр адамның оған толық құқығы бар дейдi. Мұндай қалалардың басқа қалалардан басты айырмашылығы 33 және негiзгi белгiсi-жоғары тәртiп пен оның тұрғындарының мәдениеттiлiгi, сыпайыгершiлiгi және билеушiлерiнiң қайырымдылығы, ақыл-парасаты. Сондықтан әл-Фараби бұндай қалалардың өмiр сүруi өзiнiң бiлгiрлiгi мен ұстамдылығына толық жауап бере алатын билеушiге тiкелей байланысты деп тұжырымдайды. Ізгілік - адамның басты құндылығы. «Кісіге екі дүниеде пайдалы нәрсе: ізгі іс немесе мінезі түзулік. Екіншісі - ұят, үшіншісі - әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады»-, дейді Жүсіп Баласағұн. Сіздергеде қызметтеріңіз ізгі, бақытқа әкелсін. Қорытындылай келе, біріншіден, әл-Фараби ұлы ғалым, екіншіден, өнер әлемін, оның ішінде музыка дүниесін терең зерттеген адам, үшіншіден ол - сөзсіз дін әлемінің басты тұғырнамаларын философиялық тұрғыдан негіздеген, осы бағытта көптеп еңбек еткен ұлы даланың ұлық тұлғасы.
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: Ұлы Дала елі