9 мамыр. Соғыс туралы өлеңдер авторымен


Құрметті оқырмандар, осы постта 9 мамырға арнап соғыс туралы өлеңдер жинағы авторларымен жарияланды!

соғыс, өлеңдер, 9 мамыр, соғыс туралы өлеңдер, ұлы отан соғысы туралы өлең, ұлы отан соғысы
Бесікте жаттым уілдеп,
сол бір сұрапыл соғыс күндерде,
қан кешіп біздің әкелер
сонау батыста жырақ жүргенде.
“Жан папа” деген бір ауыз
сөзді айта алмай қалғандар көп қой,
бір мен бе?..
Жиырмада, қыздар,
жайқалған гүлдей көз тартып бейне жанасың,
сол жиырма жаста құшақтап мені қалыпты жалғыз анашым.
Тұңғышым деген мына мен шіркін кенжесі де боп қалыппын,
жаза алмай жүрек жарасын.
Үмітпен әр кез алданушы едім
Келер деп менің папам да
(балалық жүрек сезбеді оныңкеткенін мәңгі сапарға).
Өсірді мені сол ана гүлдей мәпелеп, ержеттім,
тұрдым қатарда.
Бақытты балғын сәбилер бүгін жетелеп жүрсе әкесін,
қызыға қарап, күрсіне қарап, жанынан үнсіз өтесің.
Еркелік көрмей, мейірім нұрынаң саған көңіл мың толқып,
елжіреп кетеді екенсің…
Оралмай кетті әкелер біздің сонау бір ұзақ сапардан,
бейуақыт сөнді албырт жүрек пен алаулап тұрған от арман.
Әкенің жүзін көңілге түймей, бесікте ғана қалыппыз,
жаутаңдап ұзақ есікке қарап өткен күндерге қанықпыз.
Жұмыстан апам келетін дәйім жанарына нұр тұндырып,
сәби жаныма дақ салмау үшін әдейі екен-ау бұл қылық.
“Жеңіспен папаң оралар ертең”, -дейтін ол бізді қуантып,
үмітсіз,үнсіз жүруден, достар, күту деген мың артық.
Жеттік-ау бір күн жеңіске біз де, тойлады бүкіл халқымыз,
жеңістің күйі – ерліктің күйі даланы кернеп шалқыды.
Алаулап тулар, алқызыл тулар,
жарқылдап жеңіс жұлдызы,
жан әкем бірақ оралмай кетті,
көре алмай кетті ұл-қызын.
Біз жүрміз бүгін шым-шытыр жолын қуалап үлкен өмірдің,
аялы сол бір алақанды аңсап,
солады кейде көңіл-гүл.
Алаңдардағы алаулы туды көрген сәттерде тоқталам:
әкемнің, сірә, мен үшін
төккен қаны емес пе екен деп қалам.
Фариза Оңғарсынова
****
Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына орай жазылған өлең
Таң атады, күн батады,
Қара жерде айналар.
Қатал тағдыр тіл қатады,
Көкіректі қайғы алар.
Бақыт сенің қолдарында,
Күндер келер арайлы.
Жүріп өткен жолдарында,
Өсек қардай борайды.
Қанаттылар барады ұшып,
Уақыт шіркін зырлайды.
Қара түнде қара мысық,
Көкіректі тырнайды.
Іштен тынды-ау талай дана,
Қос ішектей септесер.
Жер басарсың қалай ғана,
Қадіріңе жетпесе ел.
Пана болмай кеңселер,
Қалды сонау жолымда.
Бес-алты ауыз ел сенер,
Сөз қалсын деп соңымда.
Мен де жүрмін мұрат қып,
Ойшылдайын толғанып.
Жазықсызды жылаттық,
Жетесізден қорғанып.
Адамның жоқ жаманы
, Басқың келсе дауды егер.
Жүріп тұрған заманы,
Алшандайды саудагер.
Жолатпады қасына,
Балға батқан бармағы.
Іс түскенде басыма,
Бір досым да қалмады.
Әурелеме босқа елес,
Құдай мені қысқанға.
Опасыз сол досқа емес,
Ыразымын дұшпанға.
Құлын байлап, қозы алған,
Бұрынғы ауыл… ойланам.
Жаратылдым тозаңнан,
Топыраққа айналам.
Өткізе алмай қор ғып жүрген өмірін,
Біреулерге жібімейді көңілім.
Бес-алты ауыз сөз қалсын деп соңымда,
Мұңаятын, түсінетін мені кім.
Бұрынғылар бір күні өтсе жылаған,
Аспан жақтан тек шапағат сұраған.
Мына жұрттың пиғылдарын ұға алмай,
Қалқаманда сандалып жүр бұл ағаң.
Тәуекел деп кеше дастан бастап ем,
Бүгін мұңлы мазалады басқа өлең.
Алматы жақ абыр-сабыр неліктен,
Жаутаңдайды аң-таң болып Қаскелең.
Әр уақытта бергендер аз, алған көп,
Соның көбі, ел есінде қалған жоқ.
Кешегі өткен туған дала қарттары,
Here айтты екен бұл өмірді жалған деп.
Бүгінгілер… тірлік қамы, бас қамы,
Асқақ-асқақ армандарды тастады.
Театрдың жәудірейді жанары,
Туған жердің түнеріп тұр аспаны.
Шыққан күнмен шуақ болдым шашылдым,
Атқан таңмен қырда гүл боп ашылдым.
Жүрегімді ауыртады мұңдары,
Қалып бара жатқан ата ғасырдың.
Мен кеткенде калар екен жар кіммен,
Қалар екен таңғы шықтай ар кіммен?
Аналардың көздерінде бармын мен,
Ағалардың сөздерінде бармын мен.
Теңіз каңсып, жоғалғанмен тоғандар,
Халық қалар, өзгергенмен қоғамдар.
Бұрын өмір сүріп көрген жоқ ем мен,
Өкпелетсем кешіріңдер, Адамдар!
Ана қайғы, жар қайғы, бала қайғы.
Мансап қайғы, бақ қайғы, дала қайғы.
Азамат боп қайғыра алмасаңыз,
Ішіңдегі шеменің тарамайды.
Қайдағы ойлар көңілге балалайды,
Жанымды кеміргенде қара қайғы.
Алпыс екі тамырда зыр жүгіріп,
Өн бойымды қан болып аралайды.
Ары таза ақын деп қарамайды,
Нақақ жара жанымды жаралайды.
Бар білерім кімдердің кім екенін,
Уақыт патша сұрыптап саралайды.
Жүрегім қаншама рет қақ бөлінген,
Оны оқып сезерсің дәптерімнен.
Дәптер ғана емес, ол мұрам менің,
Хабар берер мұңайған сәттерімнен.
Қара өлеңмен астасқан қара қайғы,
Қан боп қатқан көңілден тарамайды
Қазақ аман тұрғанда асқақ жырым,
Есімімді аспанда даралайды.
Бейіттерге қонды тағы кептерлер,
Кептерлерім, алысқа ұшып кетпеңдер.
Төмпешіктер деп қарама жай ғана,
Бұның бәрі кеше өмірден өткендер,
Айналайын кептерлер.
Мәңгілікке осында орын тепкендер,
Тылсым сырды сезгендей ме кептерлер.
Кептерлерге мұң шаққандай көрінді,
Алуан адам талай келіп-кеткен жер.
Бейіттерді аяқ асты етпендер,
Моншақ көзді үрікпейді кептерлер.
Дәм-тұз бітсе біз де барар орын ғой,
Бал өмірді қимай-қимай өткендер.
Сан айналар шыр көбелек көк пен жер,
Біздер әлі кездесеміз, кетпеңдер.
Бұл бейітте жатыр жақсы адамдар,
Қоштасайық, қош болындар, кептерлер.
Қоштастым мен жанарымнан жас парлап,
Дүние-дәурен, басымыздан қашқан бақ.
Бейіт қорып жүрген нәзік құстарым,
Бірте-бірте бара жатты аспандап.
Қасымхан Бегманов

****

Соғыстың соңғы көктемі
Жасылмен бояп қойған ба?!
Жап-жасыл таудың бөктері
Қырлар да, мынау ойлар да,
Жап-жасыл болып көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.
Көп болды, жасыл тауларға,
Жап-жасыл бұлттар шөккелі,
Әкелді шуақ бар маңға,
Соғыстьң соңғы көктемі.
Соғыстың соңғы көктемі,
Көп болды нұрын төккелі.
Жап-жасыл анау аспан да,
Аспан да, сірә, көктеді.
Бойына таудың асылып,
Шұғыла тұрды, көк меңі.
Қызғанып, гүлін жасырып,
Қылтанақтар да көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.
Жап-жасыл шыбық, тал-дағы,
Орманның жасыл шекпені.
Қуанта, бірақ, алмады,
Сонау бір үйді шеттегі,
Соғыстың соңғы көктемі…
Мұқағали Мақатаев
****

ӘКЕ ТУРАЛЫ

Үзіліпті сол өмір… 
Жо, жоқ, өлген жоқ бірақ. 
Тек ерлік пен еркіндіктің өлеңін 
Айтар болдық бұрынғыдан қаттырақ. 
Тек оны ешкім шақырмайды дауыстап, 
Алматыда көре алмайды әке ұлын. 
Бірте-бірте құлақтардан алыстап 
Бара жатыр аты оның. 
Бұдан өзге тіршілігі сол күйі – 
Әйнек салған рамада бейнесі, 
Оған арнап, «ас береді» енді үйі, 
Жумайд бірақ ешкім оның жейдесін. 
Соғыс бітті, біткенде ме бар айып,– 
Соғыс, соғыс… ұмыттырмас ол атын. 
От өшкен соң осылайша қарайып 
Орны қалар болатын. 
Ұмытар ем соғыс атын, ел оны 
Бес құрлыққа таратыпты бес бөліп. 
Және соғысты ұмыттырмай келеді 
Әкелер жайлы естелік.
Жұмекен Нәжімеденов

****

«Ленинградтық өренім»

Ленинградтық өренім,

Мақтанышым сен едің

Нева өзенін сүйкімді

Бұлағымдай көремін.

Көпіріне қарасам,

Көмкерген су көремін.

Өркеш-өркеш жарасқан

Шоқылардай дер едім.

Сапырылған көк теңіз,

Шомылдырған кемерін!

Шамы күндей жайнаған

Аспанға үйлер бойлаған…

Арқа тұтып алыста

Айбыным деп ойлағам!

Шамы Күндей жайнаған,

Аспанға үйлер бойлаған…

Арқа тұтып алыста,

Айбыным деп ойлағам!

Жабықпағын Ленинград!

Отан әмір берген шақ.

Сап-сап қол барар

Қорғап сені ол қалар.

Жанышталар айдаһар!

Жата алмаймын төсекте,

Жаным қалай жайланар?

Құс ұйқылы көнемін,

Қайтып ұйқы көремін,

Жетсін деймін сендерге,

Жыл құсындай өлеңім,

Қаласында Лениннің,

Сайып қыран өренім.
Жамбыл Жабаев

****

Солдат Шинелі

Советтер Одағының Батыры Қадыран Туғанбаевқа

Уа, сұр шинель, сұрапыл кезеңдерде,

Өрт кешіп талай хутор, селендерде,

Жасқанбай жауған оққа қарсы ұмтылып,

Сен кешкен жүздік дүлей өзендерде.

Тобырсып тобығымнан сорғалап су,

Сіресіп сыртында мұз,

Бұрқырап бу,

Жат жерлікті жапыра ілгері озып,

Кезекті ердің үстіне орнаттық ту.

Кейде жаудың сыртына кеттік өтіп,

Төкседе оқ боранын нөсерлетіп,

Жел қағып желкілдеген етегіңді

Минаның жарқыншағы жатты тесіп.

Жерім жоқ бас сауғалап, жан қорыған,

Кейде «тіл» алып қайттық жау орынан,

Жүзім суық,

Түсіндей сұрғылттанды,

Көзімде түн күзетіп жол торыған.

Көзіне батыл қарап сұм ажалдың,

Сескенбей мен әрқашан алға бардым,

Солдаттық көкрегіме қалқан боп сен,

Жүрегімді қатерден қорғап қалдың.

Жүргенде намыс отын оқпен көсеп,

Болдың сен әрі жастық, әрі төсек,

Көзге ұйқы тығылса қар үстінде

Қалғыдым етегіңді астыға төсеп.

Автоматты төсіме қысып жардай,

Жата кетсем бүрісіп бойым жазбай,

Денемді сен қыздырып сала бердің,

Жардың жібек көрпесін жамылғандай.

Уа, сұр шинель, сұрапыл кезеңдерде,

Жүзерміз әлі талай өзендерде,

Жат жерлікті жайратып, азаттықтың

Тігерміз туын талай селендерге.
Әбу Серсенбаев

****

Өтелген парыз
Соғыс оғы сорлатқан жаралы қол,
Маңдайынын сипауға жарады мол.
Сырбай сұлу сазың ғой, Тек біліп қой,
Көрінген жоқ тотыдай таранып ол.
Оқығанда Торғай мен Сыр жайлы өлең,
Оны бейне үні ашық сырнай дегем.
Бар болмысын бүтіндей бүгін айтсақ,
Жұмысшы ғой, шаруа ғой Сырбай деген.
Досың ғой ол үп-үлкен денесіндей;
Естілігі орнықты ел есіндей.
Және жаны – құлыншақ…
Бір күні жоқ Өткізетін өз жұртын енесінбей.
Басса бассын осының жастар ізін,
Алпыстағы ақынның жоспары ұзын,
– Берері көп!.. Қанағат сөзін айтсақ,
Азамат бұл өтеген өз парызын!
Хамит Ерғалиев

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру