Қадір түні қанша рәкәғат намаз оқылады?


Қадір түнінің мың айдан артық екендігі Қадір сүресінде ашық баян етілген. Осы түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжаттың сауабына татиды. Ал, бұл түнді жіберіп алған кісі көп нәрседен мақұрым қалады дейді ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.):


"Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны"[1].


Қадір түнінде арнайы оқылатын намаз түрі нақты көрсетілмеген. Кей деректерде жүз рәкәғаттық намаз жайында сөз етілсе, кей жазбаларда 4-12 рәкәғаттық намаз жайында айтылады. Алайда, нақты әлдебір намаз түрлері риуаяттарда келтірілмеген.

Әйтсе де, бұл – еш нәпіл намаз оқуға болмайды деген сөз емес. Мың жылға татитын қадір түнінде қаншалықты көп намаз оқысақ, соншалықты сауабы да көп болмақ. Осы тұрғыда оқуға болатын кейбір нәпіл намаздарды былайша тізіп өтуге болады:

1. Әууәбин намазы. «Әууәбин намазы» - «тәубе етушілердің намазы» деген ұғымда. Уақыты - ақшам намазынан кейін. Алты рәкәғаттан тұрады. Қадір түні – ақшам намазының уақыты кіргеннен кейін басталады десек, ауыз ашып, намазымызды оқып, асымызды ішкеннен соң, «әууәбин» намазын оқыған орынды болмақ. (Әууәбин намазына ниет етіп, екі рәкәғаттан үшке бөліп алты рәкәғат оқиды. Дұға-сүрелер әдеттегі рет бойынша оқылады).

2. Еркін құлшылық. Әууәбин намазынан соң құптанға дейінгі аралықта Құран оқып, зікір-таспихат тартса болады. Қаза намазы бар кісілер, қазаларын оқып, қаза намаздары жоқ кісілер қосымша нәпіл намаздар оқи алады. Алақан жайып, дұға тілеген де жөн.

3. Тарауих намазы. Құптан намазының уақыты кірген бойда, парызы мен сүннетін оқып, артынша жиырма рәкәғаттық тарауих намазын оқыған дұрыс.

4. Қажет намазы. Қажет намазы - төрт рәкәғаттан тұрады. Бірінші рәкағатында Фатихадан кейін, үш рет "Аятул күрси" оқиды. Екінші рәкағатында фатихадан кейін бір рет "ықылас" сүресі, үшінші рәкағатында "фалақ", төртінші рәкағатында "нас" сүресі оқылады. Одан кейін Аллаға хамд, Оның Елшісіне салауат айтып, артынан қажет дұғасын айтып, дүние-ақыретіне қатысты тілек тілейді[2].

5. Тәһәжжуд намазы. Тәһәжжуд намазын екі, төрт, алты немесе сегіз рәкәғатқа шейін оқуға болады. Тәһәджүдті төрт, алты немесе сегіз рәкәғат етіп оқитын кісі, оларды екі рәкәғаттан бөліп оқығаны абзал (әр екі рәкәғатта сәлем беріп). Оқылатын белгілі сүрелері жоқ. Әркім білген сүрелерін оқи беруіне болады.

6. Тәспих намазы. Төрт рәкәғаттан тұратын бұл намазда үш жүз рет «Субханаллаһи уәлхамдулилләһи уә лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар» деп айтылады. (Тәспих намазы жайында толығырақ: "Тәспих намазы").

Қадір түнінің уақыты таң намазының уақыты кіргенге шейін жалғасады.

Осы орайда айта кетелік, хайызы келген әйел кісілер, Құран мен намаз оқымайды. Оның орнына тәспі тартып, дұға-истиғфар жасауларына болады. Алладан жарылқау тілеп, өзіне қажетті нәрселерін сұрай алады. Одан бөлек, дұға кітаптарынан дұғаларды оқыса болады. Ондай үзірі бар әйелдерге мешітке кіруге тыйым салынған.

Алла жасаған құлшылықтарымыз бен тілеген тілектерімізді қабыл етсін!


[1] Имам Нәсәи.
[2 Қажет дұғасы: «Ләә иләһә иллал-лоһул-халимул-кәрим. Субхан-Аллаһи Раббил-а’ршил-а’зим. Әл-хәмду лилләһи раббил-а’ламин. Әсәлукә мужибаати рахматика уә азаимә мағфиратикә уәл-ғанимәтә мин кули биррин уәс-сәләәматә мин кулли исмин ләә тәда’ ли зәнбән иллә ғафәртәһ уә ләә һәммән иллә фәррәжтәһ, уә ләә хәәжәтән һиә ләкә ридан иллә қадайтәһә иәә әр-рахамәр-рәхимиин».


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу