Жаныңда жүр жақсы адам


Өмірдің көріп, білгенін адам баласы қара, ақ деп бөледі. Қара деген жамандықтың бейнесі болса, ақ дегеннің артында белгілі бір жақсылық, жылулық жасырынып жатыр. Жарық дүниеге жаңа келген пенде өмірінің ақ қағазын бастаған кезінде жақсылық пен жамандық деген екі ұғымның жер мен көктей айырмашылықтары бар екенін білмей туады. Күн көріп жүріп, ақ пен қараны қоса басынан өткізіп, бетпе-бет те кездеседі. Міне осы кезден бастап-ақ адам баласы қайсының жақсы, қайсының жаман екенін тани бастайды. Біз жақсылыққа тартыламыз, жанымызда тек жақсы адамдардың жүруін, құлағымыздың тек жақсы хабардың естуін, көзіміздің тек жақсылықты көруін қалаймыз. Жақсылық деген кең ұғым. Ол, біріншіден, ешкімге қиянат көрсетпеуді білдірсе, екіншіден, жылулықтың  белгісі болып саналады. "Жақсы − ай мен күндей − әлемге бідей" деп атам қазақ бекер айтпаған, жақсылықты әлемнің әрбір бұрышынан жақсы адам қолынан көре аламыз, ісінен біле аламыз. "Жақсы адам" дегенді де құлағымыз жиі естіп жүреді. Адам адамгершілігі мол болса, мәдениетті болып, жан-жағындағы адамдарға өзінің нұрын шашса, "жақсы" деген атқа лайықты жан болғаны. "Жақсыны көріп жан семіреді" дейді халық, жақсы адам жанында жүргеннің бәрін жандандырып, ерекше жылу сәуле жібереді. Бәрімізді әртүрлі адамдар қоршап жатады. Солардың ішіндегі жақсыны қадірлеу − міндетің: жаныңдағы жүрген жан сенің адам болып қалыптасу жолыңда маңызды орындардың бірін алады. 

Адамның әрқайсының өзіндік бір ерекшелігі бар. Біз, ең алдымен, өз алдымызда жеке дара тұлғамыз. Менің қоршап жатқан адам арасынан бұл тұлғаға ерекше көңіл бөлгім келеді. Оның аты сол қатардың арасынан жарқырап, жалтырап тұр. Бұл адамның маған әсер еткені сонша тіпті оның атының өзі маған өзгеше естіледі. Оны "жақсы" деп атау − құр бос үстінен ғана өтудің белгісі. Оның жаны терең, бойындағы қасиеттері санауға келмес. "Жақсының жаны − жаннат" деп айтылған сөз оның адамгершілігіне сай қылып айтылған. Адамгершілік бұл адам бойындағы ең асыл қасиет, рухани тәрбие. Бұл ұғыммен мейірімділік, кеңпейілділік, жанашырлық деген сөздер ұштасады. Ол өз бойында мейірімділік пен қаталдылықты теңестіре білген жан. Әрқайсысына жылы лебізбен қарайды, бірақ кейбір жағдайда қатал да бола алады. Бұл заманда барлығына жақсы болу мүмкін емес екендігі бәрімізге мәлім. Жанындағы айналасына жайлы, қолы ашық, алды кең, пейілі жомарт адам. Жүсіп Баласағұни: "көз − жіті, құлақ − сақ, көңіл − кең болуы керек",- деп кеңдікті жоғары қойды, мен де оның бойындағы сол қасиеттерді ерекше бағалаймын. Қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтың Ұлпанды Сибан елінің кедей-кепшігіне қол ұшын беретін кең пейілді, адамгершілігі мол әйел кейпінде көрсетуін тамашалаған кезімде оның бейнесі Ұлпан бейнесімен ұштасып жатқанын байқадым. Француз данагөйі Биффонның "Шыдамдылық − адамның ең ізгі қасиеті" деген сөзі оның да сабырлық қасиетінің маңыздылығын дәлелдей түседі. Жайдарлы мінезі де оның ерекшелігін айғақтайды. Жаныңдағы жүрген адамның саған үнемі жылулықпен қараған сайын өзің де қуаттанып, бір махаббатқа бөленесің. Халық "жарлы болсаң да, арлы бол" дейді. Ар-ұяты бар кісі ғана биязы, ақ жарқын, инабатты келеді. Оның қанағатшыл кісі екендігін күнделікті өмірінен көруге  болады: барын қадірлеп, жоқсынбайды. Бұл оның асыл қасиеті. Қанша қарасаң да қолы бос болып жатпайтын ол өте еңбекқор. Істерін аяғына дейін белгілі бір жауапкершілікпен орындайды. Күнелікті күрделі мәселелерді шешу барысында оның ақылдылығына таң қаласың. Абай атамыз қырық төртінші сөзінде "Талап қылушылар да неше түрлі болады. һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі" деген ғиратты айтқан. Ол "бәрекелдіні" күтпейтін талапты, яки қалағанның бәрін өзі үшін немесе жанындағы жақын адамы үшін істейді. Орыс халқының дана жазушысы Александр Сергеевич Пушкин "Евгений Онегин" туындысындағы басты кейіпкердің  бірі − Татьянаны суреттегендегі елінсүйгіш, еліне, жарына адал, нәзік жан бейнесі оған сондай ұқсас. Ол орыс пен қазақ әдебиетіндегі қыз идеалы талаптарына сәйкес келеді. "Жақсы адамда жаттық жоқ" деген сөз бекер айтылмаған. Ол ерекше адам. Оның ішкі жан дүниесі сұлулығымен сені бірден өзіне тартып алады. Ол адам бойындағы күллі асыл қасиеттерін иеленген, жанындағы адамға үлгі боларлық жан. 

Адамды бірінші рет көргенде біздің ең алдымен оның сыртқы келбетіне назар аударатынымыз сөзсіз. Ішкі жан дүниесі, сөйлеу мәнері, іс-әрекетімен бірге адамның бет-әлпеті, киінген киімі де маңызды болып, олармен қатар жүреді. Бұл өмірде адамдардың жан-дүниесін танып-білудің, әрқайсының сана-сезімімен санаса келіп, олардың жеке-дара өзгешеліктерін түсіне білудің маңызы айырықша. Оның өзгешелігін сыртқы келбетінен де байқауға болады. Аппақ жүзді, қырлы мұрын, сұлу жанның жіп-жіңішке қасы да айдай боп қиысып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас жүрекке шабар жендеттің жебесіндей. Махаббатқа толы, ойнап тұрған қарақат қара көзіне бір қараған соң, жан, ар тазалығы көрінеді. Аппақ сұлу тістерінің баршасын көрсетіп кішкене күлген дауысы сондай нәзік, құлаққа жағымды болып естіледі. Сырт сымбаты талдырмаш, орташа бойлы, сом денелі көрінеді. Бұйра қара шашы қысқа еді, басына орамал таққан кезінде тіпті көрінбей қалады. Бірақ бетіне жарасқандығы сонша сүп-сүйкімді бола қалады. Ұзын келген бармақтарын, жалпақ, жұмсақ алақанын қашан ұстамасаң да жүрегінің жылуын қолына жібергендей үнемі жылы болатын. Жіп-жіңішке қызыл ерні сөйлескен кезінде тез-тез жыбыр еткені оның шешендігін бір жағынан айғақтай түседі. Оның жаны да сұлу, келбеті де соған сай. Ғабит Мүсіреповтың "Ұлпан" атты туындысындағы Есеней: "Естілігі толыққан сайын сұлулығы да толыға беретін қыз болады",- деп айтқан. Дүниеде естілігі сұлулығына сай жандар көп емес, сұлулығы жеңсе, есінен айырылып қалатын қыздар аз болмайды. Бірақ ол болса ақылына, бойындағы адамгершілік қасиетіне сай көзге бірден түсетін айдай сұлу, көрікті, сымбатты адам. 

Адамның сыртқы ортамен байланыс жасайтын қарым-қатынастарының ішіндегі сыпайыгершілік, әдептілік жиынтығы − биязылық қасиетін иелену адамдық парыз. Ол әлеуметтік ортаның талабына бейімделген тұлға: меннен басқа да адамдармен араласып жүреді. Оның ерекше асыл қасиеттерін өзге жандар да қадірлейді. "Жақсы адам жолдасынан танылғы" демекші оның жолдастары ақ жарқын, мейірімді адамдар. Бұл адам өзінің ізгі қасиеттерін басқаға үлгі етіп, жанындағысын тәбиелейді, қоршаған әлеуметтік ортаға тигізетін зор әсері бар. Оның жомарттығы да "жақсылық ұмытылмас" дегендей жанындағы ізгі ниетті адам жүруінің бір себебі.  Дүниеде жақсы адамдардың көп екендігін мәлімдесек, қателеспейміз. "Жақсы туса − ел ырысы" деп атам қазақ бекер айтпаған. 

Менің өмірімде ерекше орын алатын, аты алтынмен құйылған бұл жан жанымда жүрген жақсы адам атағына лайық. Оның бойындағы күллі қасиеттері, адамдық келбеті, ортамен қарым-қатынасы − барлығы дерлік ұнайды. Бұл адам − жүрегімнің ажырамас бөлігі, өмірімнің әдемі гүлі. Үйге көктем әкелетін жылы жүзі, нәзік дауысы, жайдарлы мінезі үнемі менің жанымда жүргенін қалаймын. Бұл адам − менің анам. 


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу
Пікірлер 1
  1. Алёнка
    Алёнка 23.02.2021 13:07
    2 + 0 -
    Привет это класссссс!!!!!!!