Поиск по сайту

По Вашему запросу найдено 7 ответов (Результаты запроса 1 - 7) :

Оноре де Бальзак | Жергілікті дәрігер

I таpay

ӨЛКЕ МЕН АДАМ

1829 жылдың жазғытұрғы бір жайдары күнінде жасы елулер шамасындағы кісі Гранд-Шартрезге таяу орналасқан үлкен елді мекенге қарай бет алып, өрлеу жолмен салт келе жатты. Бұл мекен — табаны тастақ, арнасы көбінесе құрғап қалатын шағын тау өзенінің аңғарында ұзыннан созылып жатқан, халқы тығыз кантонның орталығы. Қазірде қар суымен толысқан өзен аңғарды бойлай бұрқ-сарқ ағып жатыр, арнасы екі жақтан бір-біріне қарама-қарсы ентелеп келіп беттескен қос қыраттың ортасында қысылып қалған, үстеріне жан-жақтан анталап, Савойя мен Дофиненің шыңдары төніп тұр. Екі Морьенаның тізбек-тізбек жоталары, жалпы нобайлары бір-біріне ұқсас болғандарымен, жанағы бейтаныс кісі өтіп бара жатқан өңірдегідей жердің ала-құлалығын, дәл сол тұстағыдай күн сәулесі мен көлегей көлеңкенің құбылған ойнақылығын басқа ешқайдан табуға болмас еді. Біресе аңғар алқабы далия шалқайып кетеді де, жылдың қай мезгілінде де тау бұлақтарынан сусындаған құнарлы жердің нәрлі өсімдігі жап-жасыл кілемдей болып көздің жауын алып жатады; біресе алдыңнан су күшімен жүретін тақтай зауыттары көлденеңдеп шыға келеді де, оның әр жерде жайылып жатқан жұпыны құрылыстары, қабығы аршылған шырша бөренелерінің қоймалары жалт етіп көзге шалынады; жаңағы буырқана сарқыраған өзеннен бұрып әкеліп, ауқымды тақтай науалар арқылы ағызып қойған су шыжымдары және көрінеді. Әр жерде шашыраған лашық үйлер мәуелі жеміс бақтарына көміліп, еңбекқор кедейшілік жайындағы ойға итермелейді. Ал одан әрегіректе балықтың қабыршақтары секілді бір-біріне қабаттаса жабысқан дөңгелек қышпен жабылған қызыл төбелі шағын үйлер ұзақ жылдар бойғы еңбектің берекелі нәтижесін айғақтап тұрғандай.

.....
Әңгімелер
Толық

Вальтер Скотт | Айбынды батыр Айвенго


I ТАРАУ

Өрістен малдар қайтқанда,
Қорс-қорс етіп шошқалар
Тойып ап тоңқаң қаққанда –
Отырған төбе басында
Осынау кеңесті айтқандар.

Поп, «Одиссея»

Сауықшыл сайран Англияның ерте заманда небір әсем жерлері болған ғой, сондай бір табиғаты көркем кең жазирасына о кезде Дон дариясының суы жайылатын. Шеффилд, Донкестер уалаяттарының аралығындағы сай-сала, бел-белестерді алып тұрған қалың орман, ну тоғай болатын. Уэнтворт, Уорнклиф-парктегі ақсүйектер сарайларының айналасында, Ротерхем маңында сол қалың орманның жұрнақтары күні бүгінге дейін көрініп тұрады. Ел аузындағы аңызға қарағанда, бұл араны баяғыда уонтлей аждаһасы мекен еткен екен деседі; бұл арада Ақ Роза мен Алқызыл Розаны ту ғып тұтынған халықтардың жауыққан заманында нешеме қиян-кескі ұрыстары болып өтіпті; тағы осы арада қандыбалақ қарақшылар кезінде жасақ жинап, ел шауыпты, жол тосып, тон тонапты; аты шулы қарақшылардың аламандық ерліктері ел аузында жыр боп қалыпты. .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Алтын орда III кітап


БІРІНШІ ТАРАУ

Жошы өлерінен бір жыл бұрын бесінші баласы Сибанға Орда мен Бату ұлыстарының шекарасы — Тобыл өзенінің батыс жағынан басталып Ырғыз, Жем өзендерінің бойларына дейін созылған кең даланы ұлыс етіп берген. Бірақ бұл өлке жеке Сибан ұлысы дегенмен сонау Бату заманынан Алтын Ордаға кіретін. Ақсақ Темірдің арқасында Ақ Орданың ханы болған Тоқтамысқа Сарай-Беркеге жетіп Алтын Орда тағын жаулап алу үшін, ең алдымен осы Сибан ұлысынан өту керек еді.

Бұл кезде Алтын Орда қайтадан бел алып қалған Сибан ұрпақтары бұны оңай өткізе ме? Ал Қыпшақ рулары ше? Бұлар да өз елінде әйгілі күш қой. Әрі олар Тоқтамысқа қалай қарайды? Бұған тағы ақ алдаспанның жүзімен, көк найзаның үшімен жол салуға тура келе ме?

Тоқтамыс Алтын Ордаға деген ең алғашқы жорығында осылай ойлап қатты қауіптенген. Бірақ оны Алтын Орда деген ұлы арман алға қарай жетектеген. Жолындағы дәулерді, айдаһарларды жеңіп сүйгеніне жетуді ғана тілек еткен ертегінің батырларындай Тоқтамыс, қандай бөгет болса да сескенбеуге бел буған. Және бұл жолының оң болуына Ақсақ Темірдің жәрдеміне қатты сенген. Мауараннахр секілді егін егіп, жер суғарған тұрғын жұрттың қит етсе шауып, мазасын ала беретін көршілес көшпелі елдерге Тоқтамыс тәрізді айтқанынан шықпайтын қол бала адамның хан болуы Ақсақ Темірге тиімді екенін бұ да жақсы білетін. Ал Ақсақ Темірдің көңілінен шыға ма, шықпай ма, ол Тоқтамыстың шаруасы, бұл Ақ Орда ханының теңіз тұңғиығындағы асыл тастай жүрегінің түбінде жатқан, бір құпия сыры еді. Ол сырын ешкімге айтпаған. Тек әзірге Ақсақ Темірдің дегенінен шықпайтындай сыңай көрсете берген. .....
Әңгімелер
Толық

Чарльз Диккенс | Оливер Твистің басынан кешкендері


I ТАРАУ

Оливер Твистің дүниеге келген жepi мен оның тууына қатысты жағдайды әңгімелейді

Толып жатқан себептерге байланысты атын атамай-ақ қойғанды жөн көріп, әрі ойдан шығарып та ешқандай атау бергім келмей отырған әлдебір қаланың қоғамдық мекен-жайларының арасында көптеген үлкенді-кішілі шаһарларда кездесетін үй — жұмыс үйі тұрды. Тап осы жұмыс үйінде, — оқиғаның осы бір кезеңінде оқырман үшін ешбір маңызы болмағандықтан айы мен күнін көрсетіп әлекке түсіп жатпай-ақ қояйын, — есімі осы тараудың басында аталған пенде дүниеге келді.

Оны приход дәрігері1 осы бір қайғы-мұң жайлаған әлемге алып келгенде, қандай да болмасын бір ат қою үшін баланың тірі қалар-қалмасы тым күдікті көрінді: негізінен алғанда бұл мемуарлар ешқашан жарыққа да шықпас еді, егер шыға қалғанда да екі-үш беттен аспас еді де, осындайлық баға жетпес сапасының арқасында кез келген ғасырлар мен кез келген елдің әдебиетіндегі барлық сақталып қалған өмірбаяндардың ең қысқа да, ең шыншыл үлгісі боп қалар еді. .....
Әңгімелер
Толық

Кәкімжан Қазыбаев | Сұрапыл


Үркіншілік

Мынау ұйқы-тұйқы дүние не болып кетті? Дәмелінің есіне бәрі түсіп жатыр...

1

«Мұрагер, мұрагер» деп ер баланы тілейтін қазақтығына басып, бұл туғанда әке-шешесі тіпті қуанбапты да. Дүниеге үшінші қыз келді дегенде, әкесі кімге өкпелегенін қайдам, ауылына екі күн бойы жоламай қойыпты. Шешесі де айыпты адамдай қатты қысылған екен. Амал не, ақыры тағдырдың жазғанымен бәрі де келіседі. «Ұл көруге жазсын» деп мұның атын Дәмелі қойғаны да сол еді. Біржарым жасқа келгенше әкесі мұның, бетінен де иіскемегенін анасы талай айтып отыратын. Ақыры бақытына артынан үш ұл бірдей еріп, Дәмелі деген атын ақтаған екен. Ұл болғанда қандай, бірінен-бірі өтіп, балуан, батыр, мерген болып өседі. Осынау Қармыс ауылына олар үлкен атақ әкеледі. Тұрғанбектің үш арысы атанады — Нарғазы, Жанғазы, Ерғазы. Оның есесіне бой жетіп, толықси отырғанда, екі әпкесі де дүние салады.

Нарғазының ел аузына іліккені сонша, Дәмелі төркінінен жырақта жүрсе де, «а, құдай-ау, тіл-көзден сақтаға» басып, айналасына түкірініп отыратын. Сонау үркіншілік жылы, ақ пен қызылдың алма-кезек айқасында, осы Нарғазы болмағанда Қармыс ауылының қырылып қалуы да сөзсіз еді. Ақылыңнан айналайын азамат, әйтеуір, қиын кезеңнен алып шықты ғой. Жағдай ауырлап бара жатқан соң, ол жылдары Дәмелі бала-шағасымен төркінін паналаған-ды. Алты жасар Ақылжанның құдай сақтап ақтың қылышынан аман қалғаны да есінде.

Осы сәт көз алдына келгенде, біреу қойнына мұз тастап жібергендей дір ете қалады. .....
Әңгімелер
Толық

Әзілхан Нұршайықов | Ақиқат пен аңыз

БІРІНШІ ДИАЛОГ

I

Алматы жазда да, күзде де әсем ғой, шіркін! Сентябрьдың аяқ кезі болса да, астана ыстық, шуақ, жылы нұрға бөгіп тұр. Бірақ ауа райының хабаршылары бүгін жиырма бес градус ыстық болады деп айтқанымен, жаз жиырма бесі мен күз жиырма бесінің жалыны бірдей болмайды екен. Жаздың мұндай күндерінде шолақ жең көйлек киген көше жаяулары жандарына сая таппай дедектейтін еді. Қазір де көйлекшеңдер көп кездескенімен, бірсыпыра жұрт иықтарына костюм іліпті, бәрі де аяқтарын асықпай басатын болыпты.

Күн әлі де едәуір ыстық болғанымен, сары күздің келгенін сары ала жапырақтар айқын аңғартқандай еді. Төбеден төмен қарай қалықтай құлаған екі-үш жапырақ Фурманов көшесімен жоғары қарай өрлеп бара жатқан менің алдыма келіп түсті.

Комсомол көшесінің қиылысындағы «Ювелирторг» магазинінен өткеннен кейін, үйлердің номеріне көз сала бастадым. Өйткені менің іздеп келе жатқан үйім осы тұста болуға тиіс. Білетін адамдар маған магазиннен өтісімен-ақ оң жағыңа қарай бер деп түсіндірген. Расында да лезде-ақ мен бұрышында төрткіл көк қаңылтырға ақ сырмен 117 деп бадырайта жазылған номері бар үш қабат үйдің қасына келдім.

Үйдің осы номеріне көзім түскен сәтте жүрегім сәл шым ете қалып, өн бойымды әлде бір жеңіл діріл аралап өткендей болды. Ол бірте-бірте ұмытылыңқырап бара жатқан ескі сезім еді. Ұлы Отан соғысында жүрген кезімізде, шабуылға шығар алдында дәл осындай болып, көңіл қобалжыңқырайтын да, артынан дайындық басталғаннан кейін, дененің дірілі басылып, қорыққаның, қобалжығаның ұмыт боп кететін.

.....
Әңгімелер
Толық

Аптап ыстыққа қалай шыдаймын?

Қыс келсе аяз, ал жаз келсе аптап деп жақтырмайтынымыз бар. Десе де қаһарлы қысқа қарағанда көбіміз жаз мезгілін қалайтынымыз белгілі. Бірақ күн күйіп, желдеткіші жоқ кеңседе отыру мүмкін еместей. Бұл материалымызда күн ыстықта не істеуге болатыны жайлы ақпарат бермекпіз.
Кеңестер
Толық