Поиск по сайту

По Вашему запросу найдено 7 ответов (Результаты запроса 1 - 7) :

Ілияс Есенберлин | Алтын құс

Қозғалмай шалқамнан жатқаныма бір жетіден асып кетті. Көзімді ашып жан-жағыма қараймын. Аурухана бөлмесінің іші мұнтаздай тап-таза. Қабырғасы да, төсек орным да, терезеге ұстаған пердесі де — бәрі де аппақ. Аққудың үлпе жүнінде көзге жұмсақ. Осы айнадай таза ақ бөлменің сүреңіне сән бергісі келгендей ашық терезеден көгере бастаған жас қайыңның бұтақтары қарап тұр. Жасыл жапырақтары желмен ойнап әлсін-әлсін сылдыр қағады. Кенет бабына келтіре салған бұлбұл әні сұлу үнге ділгер жанымды кәнігі етеді...

Мен езу тартып күлімсіреймін. «Тәубе, тәубе! Өмірдегі ең қуанышты сол секундімде осынау шат дүниені қайта көре алмай өліп кетуім мүмкін екен-ау! Қуанышта да ажал бар деп кім ойлаған! Жасың келген соң, жар басында тұрған адам тақылеттес болады екенсің. Аяғыңды сәл мүлт бассаң, шыңырауға зымырай жөнелесің. Мен де сол қауіпке душар бола жаздаппын ғой». Иә, ажал деген қақпаннан бұ жолы да құтылып кеттім. Қақпан қанша тарс жабылғанмен, өткір жүзінің әлі жетпей қалды. Тағы да босатып жіберді. Енді мен көзімді жұмып сәл ойлана қаламын. Сол-ақ екен көз алдымда сол күнгі сурет елестей жөнелді.

Иә, сол күні мен жиырма бес жыл бойы мойныма таққан тұмардай жүрегімнің түбінде арман болып сақталып келген Ақбаянмен кездестім. Электр қоңырауын басып едім, есікті өзі ашты.

— Келдің бе? — деді үлкен бота кезін күлімдете. Сөйтті де, қынай белді сұңғақ денесін ырғалта, оқтаудай жұп-жұмыр, түп-түзу аяқтарын былқ-сылқ басып, қолымнан ұстап мені қонақ бөлмесіне қарай жетектей жөнелді. .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Көлеңкеңмен қорғай жүр

ЖЫР БАСЫ



Тың жерлерді игерудің

20 жылдығына

Бұлыңғыр күнде тынбай себелеген ақ жауын. Жер қара, дүние бозғылтым. Балдағын тас еденге тақылдатып Атымтай перронға тағы шықты. Жел тұрып, суық жаңбыр енді бетінен қарсылай шапалақтады. Мойнына сорғалаған жаңбыр суын елемей, ол поезд келетін батыс жаққа тесіле қарады. Келетін мезгілінен кешіккеніне үш сағаттан асып барады. Семафорға дейін ештеңе көрінбеді. Атымтай ақырын күрсінді де вокзалға қайта кірді. Әйелі Бибіғайша поездың жоғын ерінің томсарған қатыңқы реңінен байқады да, теріс бұрылып кетті. Жанында тұрған анасына таңдана, үрке қараған балдырған бөбегі Хасенді көтеріп алып, бауырына қыса, қайта-қайта бетінен, маңдайынан, тамағынан құшырлана сүйе бастады. Еріне қарағанда әйелдің бетінде қаншалық қайғы көрінсе, баласын сүйгенде оның жүзінен соншалық шаттық аңғарылады. Қайғысы, қуанышы аралас ұлан-асыр шаттық! Атымтай әйелінің мұндай түрін көруге шыдай алмай, далаға қайта шығып кетті. Әйелін, баласын осы шулы облыстық қаладан тез-ақ алып кетуге бар, әттең, поезд келмей-ақ қойды.

Рота командирі Атымтай Батыс-Теріскей майданында төрт жыл өмірін өткізді. Жеңіс күнінен бір жеті ғана бұрын аяғынан қатты жарақаттанып, ауруханаға түскен. Содан сентябрь айында ғана жазылып шықты. Кеудесі орден мен медальға толған жаралы ер соғыстан бұрын өзінің кен бұрғышысы болып жұмыс істеген руднигіне бармай, осы облыстық қалаға бірден тартқан. Оған себеп: өзі әскерге кетісімен туған бөбегін алып әйелі осы қалаға көшкен-тін. Атымтайдың бұл сапары — сол әйелі мен баласын іздеп келген беті. .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Маңғыстау майданы

БІРІНШІ БӨЛІМ

І

Әр соғыс майданындай, Маңғыстау мұнай майданының да өзінің маршал, генералдары, полковник, лейтенанттары, солдаттары болды. Ал біздің сөз еткелі тұрған кейіпкерлеріміз — оның маршал, генералдары, полковниктері де емес, қатардағы солдаттары мен ортан қолдай өндіріс командирлері. Әскери тілмен айтсақ, тікелей ұрыс тағдырын шешетін алдыңғы шептің адамдары, өндіріс тетіктері қолдарындағы жұмысшы мамандары.

Қысқасы, бұлар мұнай майданының алдыңғы қатары — жаны, жүрегі.

Әрине, Маңғыстауда ешкім қан төгіп, жау қолынан шаршы метр жер аламын деп жанталасқан емес. Бірақ Каспий теңізінің солтүстік-шығыс аймағын алып жатқан, солтүстік - шығысында Үстіртке жеткен, ал оңтүстігінде Қарабұғазбен шектескен, мол сулы бір өзені жоқ тек жусан, ақселеу, бұйырғын, ебелек өскен сонау шөлейт, құмайтты, сортаң жапан даланы игеру совет адамына ешбір соғыс майданынан кем тимеген. Ұлы дала өзінің ен байлығын, әрбір шаршы метр жерін орасан қиындықпен берген. Сондықтан да бұл арада бір кезде басталған мұнай тартысын Маңғыстау майданы деп атадық.

Иә, біздің бас кейіпкерлеріміздің көбі осы Маңғыстауда туып-өскен. Ата-бабалары да осы араны көптен бері мекендеп келген. Бұған қандай дәлеліміз бар? Ғалымдар бұл өлкеде түйе бұдан мың жыл бұрын сақ - сармат заманы тұсында да болған дейді. Тіпті біздің дәуірімізден бес ғасыр бұрын, осы арадан көшпенділер бұл қос өркеш жануарды Үндіге де апарған деп жазады. .....
Әңгімелер
Толық

Чарльз Диккенс | Оливер Твистің басынан кешкендері


I ТАРАУ

Оливер Твистің дүниеге келген жepi мен оның тууына қатысты жағдайды әңгімелейді

Толып жатқан себептерге байланысты атын атамай-ақ қойғанды жөн көріп, әрі ойдан шығарып та ешқандай атау бергім келмей отырған әлдебір қаланың қоғамдық мекен-жайларының арасында көптеген үлкенді-кішілі шаһарларда кездесетін үй — жұмыс үйі тұрды. Тап осы жұмыс үйінде, — оқиғаның осы бір кезеңінде оқырман үшін ешбір маңызы болмағандықтан айы мен күнін көрсетіп әлекке түсіп жатпай-ақ қояйын, — есімі осы тараудың басында аталған пенде дүниеге келді.

Оны приход дәрігері1 осы бір қайғы-мұң жайлаған әлемге алып келгенде, қандай да болмасын бір ат қою үшін баланың тірі қалар-қалмасы тым күдікті көрінді: негізінен алғанда бұл мемуарлар ешқашан жарыққа да шықпас еді, егер шыға қалғанда да екі-үш беттен аспас еді де, осындайлық баға жетпес сапасының арқасында кез келген ғасырлар мен кез келген елдің әдебиетіндегі барлық сақталып қалған өмірбаяндардың ең қысқа да, ең шыншыл үлгісі боп қалар еді. .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Махаббат мейрамы


БІРІНШІ ТАРАУ

Махаббатқа деген ешбір әлеуметтік қайшылық жоқ біздің заманымызда, Қозы Көрпеш-Баян сұлудың ғашықтығындай, өздерін өлімге қиярлық ғашықтық болуы мүмкін емес.

— Сіз солай ойлайсыз ба?

(Театр фойесінде естіген сөз)

Қала шетіндегі тау етегін жапқан қалың ағаш арасында бір жас жігіт келе жатыр. Бұл -Еркебұлан. Түн көзге түртсе көрінгісіз тастай қараңғы. Жайшылықта бетке барқыттай жұмсақ тиетін түнгі ауа дәл қазір тікенек боп қадала түсетіндей, жігіт екі бетін қолымен жауып, кенет тұра қалады. Әлдекімнің атын атағандай болады. Осылай ол сәл тұрады да, қайтадан жүріп кетеді. Және осы көрдей соқыр түнде Еркебұлан ештеңені көрер емес. Бірақ, ештеңеге де соқтықпайды. Міне, сынған бұтағы кеудесіне қадалғалы тұрған жуан еменге тұп-тура таяп қалды. Бірақ бұтаққа сүйем қарыс жетпей кілт бұрылып кетті. Міне, ол енді табанында тау өзені күркіреген жарқабаққа келіп тоқтады. Енді бір аттаса болғаны, төмен қарай құлдилай жөнеледі. Бірақ Еркебұлан дәл осы сәтте кеудесінен біреу итеріп жібергендей, тағы кілт бұрылып, кейін қарай жөнелді. Қазір жігіттің екі иығында екі періште отырғандай. Сол иығындағы ажал періштесі өлімге қарай сүйресе, он иығындағы өмір періштесі оны өлімнен бөтен жаққа алып қашқандай. Еркебұлан осылай өлім мен өмір таласының арасында ойын добы тәрізді ұзақ жүрді. Өзі де әбден шаршады. Сонда да жүріп келеді. Алдағы арманы, асар белесі - тек жүру тәрізді. Аялдар емес. Сонда осынау қайғыдай қап-қара түнде жас жігітті, қара жыландай қуып келе жатқан қандай үрей? Ол үрей - қасірет және жай қасірет емес, жас көңілдің мөлдір бұлағын суалтқан, жас өмірдің жасыл құрағын қуартқан, ақылынан мүлдем адастыруға аз-ақ қалдырған жан қасіреті, ой қасіреті, ақыл қасіреті еді. .....
Әңгімелер
Толық

Джек Лондон | Мартин Иден

Бірінші тарау

Алда келе жатқан жігіт француз кілтімен есік ашты. Оған ерген жас жігіт, табалдырықтан аттамас бұрын, әлденеге қолапайсызданып, жұлқа тартып, басындағы кепкасын қолына алды. Оның жұпыны шидем киімінен теңіз лебі аңқиды; кең холлға кірген кезде бұл жігіттің не қылса да берекесі қашайын деді. Кепкасын қайда қоярын білмей, қалтасына енді жытырғалы жатқанда серігі жайраңдап, өзімсініп, қолынан кепкасын ала қойған еді, оның бұл қылығы жігітке ұнап кетті. «Жағдайға түсінетін жақсы жігіт екен, тегі, ұятқа қалдырмас»,— деп ойлады ішінен.

Еденді жоғарылы-төмен теңіз теңселтіп тұрғандай ол найқалып, аяғын нығарлай басып, серігінің соңынан жүріп келеді. Алшаңдаған алпамсадай жігітке дағарадай бөлме тар көрінді — ол есіктің жақтауын иығыммен қағып кетер ме екем немесе каминнің үстінде тұрған жылтырауық-жарқырауықтарын ұшырып жіберем бе деп зәресі қалмады. Олай-бұлай орынсыз бұрыла бергендіктен, қайдағы жоқ бәлеге өзі бас болды. Рояль мен үстінде үйіліп көп кітап жатқан столдың арасынан алты адам еркін өтер еді, сол арадан әлденеге сасқалақтап, бір өзі әрең өтті. Соқталдай болып солбырайған екі қолын қоярға жер таппағандай. Бірде стол үстіндегі кітаптарды қағып кетем-ау деп, үріккен аттай орғып түскенде, рояльдің түбіндегі орындықты құлатып кете жаздады. Ол алдында алаңсыз еркін жүріп келе жатқан серігіне қарап, өзінің арпыл-тарпыл жүрісін ерсі көрді. Екі беті оттай дуылдап кетті. Маңдайынан шып-шып тер шықты, сәл кідіріп, орамалымен күнге күйген қоңырқай бетінің терін сүртті.

.....
Әңгімелер
Толық