Поиск по сайту

По Вашему запросу найдено 12 ответов (Результаты запроса 1 - 12) :

Александр Пушкин | Капитан қызы

Арыңды жастан сақта
Мақал

ГВАРДИЯ СЕРЖАНТЫ

Болар еді күні ертең гвардия капитаны.
«Ол қажетсіз; армияда істесін.
Жөн айтылған сөз осы.
Қиналып көрсін түскесін».
Әкесі кім еді өзінің?
Княжнин


Менің әкем, Андрей Петрович Гринев, жасында граф Минихтың қарауында әскери қызмет істеп, 17... жылы премьер-майор боп отставкаға шыққан. Содан соң Симбирдегі өзінің туған деревнясына қайтып, сондағы бір кедейленген дворянның Авдотья Васильевна Ю. деген қызына үйленіпті. Біз тоғыз ағайынды екенбіз. Менен басқалары түгел жастай өліпті. Жақын туысымыз гвардия майоры, князь Б-ның жәрдемімен мен Семенов полкының сержанты болып жазылдым. Бірақ, оқуым біткенше мен демалыста жүрген боп саналдым. Момын мінезді, үй қызметкері Савельичтің күтуіне тапсырылдым, ол менің тәрбиешім болды. Соның қарауында жүріп, он екі жасымда орысша хат таныдым. Аңшыл иттердің қасиеттерін шешен сөйлейтін, әңгімешіл де боп алдым. Осы кезде әкем маған арнап, Москвадан Мосье Бопре деген французды тәрбиешілікке алдырып жалдады; оның өзіне бір жылға жетерлік шарап пен прован майын да қоса алдырды. Француздың келуін Савельич қатты ұнатпады.

— Аллаға шүкір, баланың бет-аузы таза, шашы мезгілімен таралып, таматын да мезгілімен ішуші еді; ақшасын қояр жер таппағандай мусьені жалдағаны несі, өз адамдары жетпеді ме екен.. - деп қоңқылдайды Савельич.

Бопре өз жұртында шаштараз екен, кейін Пруссияда солдат бопты; pous cfrc out.

.....
Әңгімелер
Толық

Александр Пушкин | Дубровский

Мұнан бірнеше жылдар бұрын өзінің ата-қоныс мекендерінің бірінде Кирила Петрович Троекуров дейтін орыстың ежелгі шонжары тұрып жатты. Байлығы, білікті ата-тегі және күшті байланыстары оны губерниядағы құдіреті зор адам етті. Көрші-қолаңдары қабағын шыттырмай, бабын тапқанына мәз болса, губерния чиновниктері атын естігенде-ақ қалтырап тұрды. Кирила Петровичтің өзі болса, бұл бас июшілікті жұрттың парызды міндеті есебінде қабыл алды. Үйі әменде қонақтарға лық толы болатын, бұлар оның көңілін аулап, у-шуы мол кейде тіпті шектен шыққан дарқан думандарын да бірге атқарысып жүрді. Оның шақырғанынан бас тартар, болмаса мерзімді күндерде Покровское селосына тағзыммен келіп, бас имейтін ешкім болмады. Ал үй тұрмысында Кирила Петрович білімсіз адамда болатын ожарлықтың бәрін де көрсете жүретін. Қоршаған қауымы өзін жаман үйретіп, еш нәрседен қағажу көрмей өскен бұл жампоз ұшқалақ мінезі мен шолақ ақылына не келсе, соны істей берді. Ересен күшті адам бола тұрса да, ол жұмасына екі рет күпті болып мешкейліктің сазайын тартатын, бірақ сонда да күн сайын ішіп көңілді жүретін. Үйінің флигельдерінің бірінде әйел жынысына тән ою ойып, кесте тігіп отыратын он алты даяшы қызы бар-ды. Қыздар тұрған флигельдің терезелерін ағаш тормен қоршап, есіктеріне құлып салып қояды, ал құлыптың кілттері Кирила Петровичтің өзінде болады. Қапастағы жас қыздарды мерзімді сағатында баққа шығарып, бой жаздырып екі кемпір бақылап жүреді. Кирила Петрович ара-тұра қыздардың кейбіреуін күйеуге береді, олардың орнына жаңадан басқа қыздар әкеп қояды. Шаруалар мен үй қызметшілерін ол, ақырып-жекіріп өте қатал ұстайтын. Солай болса да олар баринге жан-тәнімен берілген жандар еді; мырзаларының байлығы мен атағына мардамсып, күштілігіне арқа сүйеп, олар да былайғы көршілеріне озбырлық жасай жүретін......
Әңгімелер
Толық

Оноре де Бальзак | Жергілікті дәрігер

I таpay

ӨЛКЕ МЕН АДАМ

1829 жылдың жазғытұрғы бір жайдары күнінде жасы елулер шамасындағы кісі Гранд-Шартрезге таяу орналасқан үлкен елді мекенге қарай бет алып, өрлеу жолмен салт келе жатты. Бұл мекен — табаны тастақ, арнасы көбінесе құрғап қалатын шағын тау өзенінің аңғарында ұзыннан созылып жатқан, халқы тығыз кантонның орталығы. Қазірде қар суымен толысқан өзен аңғарды бойлай бұрқ-сарқ ағып жатыр, арнасы екі жақтан бір-біріне қарама-қарсы ентелеп келіп беттескен қос қыраттың ортасында қысылып қалған, үстеріне жан-жақтан анталап, Савойя мен Дофиненің шыңдары төніп тұр. Екі Морьенаның тізбек-тізбек жоталары, жалпы нобайлары бір-біріне ұқсас болғандарымен, жанағы бейтаныс кісі өтіп бара жатқан өңірдегідей жердің ала-құлалығын, дәл сол тұстағыдай күн сәулесі мен көлегей көлеңкенің құбылған ойнақылығын басқа ешқайдан табуға болмас еді. Біресе аңғар алқабы далия шалқайып кетеді де, жылдың қай мезгілінде де тау бұлақтарынан сусындаған құнарлы жердің нәрлі өсімдігі жап-жасыл кілемдей болып көздің жауын алып жатады; біресе алдыңнан су күшімен жүретін тақтай зауыттары көлденеңдеп шыға келеді де, оның әр жерде жайылып жатқан жұпыны құрылыстары, қабығы аршылған шырша бөренелерінің қоймалары жалт етіп көзге шалынады; жаңағы буырқана сарқыраған өзеннен бұрып әкеліп, ауқымды тақтай науалар арқылы ағызып қойған су шыжымдары және көрінеді. Әр жерде шашыраған лашық үйлер мәуелі жеміс бақтарына көміліп, еңбекқор кедейшілік жайындағы ойға итермелейді. Ал одан әрегіректе балықтың қабыршақтары секілді бір-біріне қабаттаса жабысқан дөңгелек қышпен жабылған қызыл төбелі шағын үйлер ұзақ жылдар бойғы еңбектің берекелі нәтижесін айғақтап тұрғандай.

.....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Алтын құс

Қозғалмай шалқамнан жатқаныма бір жетіден асып кетті. Көзімді ашып жан-жағыма қараймын. Аурухана бөлмесінің іші мұнтаздай тап-таза. Қабырғасы да, төсек орным да, терезеге ұстаған пердесі де — бәрі де аппақ. Аққудың үлпе жүнінде көзге жұмсақ. Осы айнадай таза ақ бөлменің сүреңіне сән бергісі келгендей ашық терезеден көгере бастаған жас қайыңның бұтақтары қарап тұр. Жасыл жапырақтары желмен ойнап әлсін-әлсін сылдыр қағады. Кенет бабына келтіре салған бұлбұл әні сұлу үнге ділгер жанымды кәнігі етеді...

Мен езу тартып күлімсіреймін. «Тәубе, тәубе! Өмірдегі ең қуанышты сол секундімде осынау шат дүниені қайта көре алмай өліп кетуім мүмкін екен-ау! Қуанышта да ажал бар деп кім ойлаған! Жасың келген соң, жар басында тұрған адам тақылеттес болады екенсің. Аяғыңды сәл мүлт бассаң, шыңырауға зымырай жөнелесің. Мен де сол қауіпке душар бола жаздаппын ғой». Иә, ажал деген қақпаннан бұ жолы да құтылып кеттім. Қақпан қанша тарс жабылғанмен, өткір жүзінің әлі жетпей қалды. Тағы да босатып жіберді. Енді мен көзімді жұмып сәл ойлана қаламын. Сол-ақ екен көз алдымда сол күнгі сурет елестей жөнелді.

Иә, сол күні мен жиырма бес жыл бойы мойныма таққан тұмардай жүрегімнің түбінде арман болып сақталып келген Ақбаянмен кездестім. Электр қоңырауын басып едім, есікті өзі ашты.

— Келдің бе? — деді үлкен бота кезін күлімдете. Сөйтті де, қынай белді сұңғақ денесін ырғалта, оқтаудай жұп-жұмыр, түп-түзу аяқтарын былқ-сылқ басып, қолымнан ұстап мені қонақ бөлмесіне қарай жетектей жөнелді. .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Алыстағы арпалыс

БІРІНШІ ТАРАУ

Өзеннің екіге бөлініп ағатын сағасынан жақында ғана кен зерттеушілер титан элементі кездесетін рутил минералын тапқан. Бұл адам айтқысыз зор байлық болатын. Бірақ кеннің негізгі желісі өзеннің тармақтанып, теңізге барып құятын оң жақ саласының астында болып шықты. Енді тек осы мол қазынаның үстіндегі суды тоқтатып, қабат болып жауып жатқан әк тасынан аршып алып, бай минералға жету ғана қалған еді.

Үкімет титанның адамзаттың келешегіне, бейбітшілік ісіне зор маңызы бар екенін ескере отырып, осы Жарқын қойнауын пайдалануға асығыс түрде кіріскен-ді. Өзеннің оң жақ саласын құрғату үшін бөгет сала бастаған. Осы бөгет қасынан жаңадан рудник ашуды ұйғарған.

Рудниктің салынып жатқан жері — сұрғылт топырақты алан. Солтүстіктен күнбатысқа қарай аттың тағасындай дөңгелене келген, бірімен-бірі жалғаса біткен құлын жалды жоталар. .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Көлеңкеңмен қорғай жүр

ЖЫР БАСЫ



Тың жерлерді игерудің

20 жылдығына

Бұлыңғыр күнде тынбай себелеген ақ жауын. Жер қара, дүние бозғылтым. Балдағын тас еденге тақылдатып Атымтай перронға тағы шықты. Жел тұрып, суық жаңбыр енді бетінен қарсылай шапалақтады. Мойнына сорғалаған жаңбыр суын елемей, ол поезд келетін батыс жаққа тесіле қарады. Келетін мезгілінен кешіккеніне үш сағаттан асып барады. Семафорға дейін ештеңе көрінбеді. Атымтай ақырын күрсінді де вокзалға қайта кірді. Әйелі Бибіғайша поездың жоғын ерінің томсарған қатыңқы реңінен байқады да, теріс бұрылып кетті. Жанында тұрған анасына таңдана, үрке қараған балдырған бөбегі Хасенді көтеріп алып, бауырына қыса, қайта-қайта бетінен, маңдайынан, тамағынан құшырлана сүйе бастады. Еріне қарағанда әйелдің бетінде қаншалық қайғы көрінсе, баласын сүйгенде оның жүзінен соншалық шаттық аңғарылады. Қайғысы, қуанышы аралас ұлан-асыр шаттық! Атымтай әйелінің мұндай түрін көруге шыдай алмай, далаға қайта шығып кетті. Әйелін, баласын осы шулы облыстық қаладан тез-ақ алып кетуге бар, әттең, поезд келмей-ақ қойды.

Рота командирі Атымтай Батыс-Теріскей майданында төрт жыл өмірін өткізді. Жеңіс күнінен бір жеті ғана бұрын аяғынан қатты жарақаттанып, ауруханаға түскен. Содан сентябрь айында ғана жазылып шықты. Кеудесі орден мен медальға толған жаралы ер соғыстан бұрын өзінің кен бұрғышысы болып жұмыс істеген руднигіне бармай, осы облыстық қалаға бірден тартқан. Оған себеп: өзі әскерге кетісімен туған бөбегін алып әйелі осы қалаға көшкен-тін. Атымтайдың бұл сапары — сол әйелі мен баласын іздеп келген беті. .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Маңғыстау майданы

БІРІНШІ БӨЛІМ

І

Әр соғыс майданындай, Маңғыстау мұнай майданының да өзінің маршал, генералдары, полковник, лейтенанттары, солдаттары болды. Ал біздің сөз еткелі тұрған кейіпкерлеріміз — оның маршал, генералдары, полковниктері де емес, қатардағы солдаттары мен ортан қолдай өндіріс командирлері. Әскери тілмен айтсақ, тікелей ұрыс тағдырын шешетін алдыңғы шептің адамдары, өндіріс тетіктері қолдарындағы жұмысшы мамандары.

Қысқасы, бұлар мұнай майданының алдыңғы қатары — жаны, жүрегі.

Әрине, Маңғыстауда ешкім қан төгіп, жау қолынан шаршы метр жер аламын деп жанталасқан емес. Бірақ Каспий теңізінің солтүстік-шығыс аймағын алып жатқан, солтүстік - шығысында Үстіртке жеткен, ал оңтүстігінде Қарабұғазбен шектескен, мол сулы бір өзені жоқ тек жусан, ақселеу, бұйырғын, ебелек өскен сонау шөлейт, құмайтты, сортаң жапан даланы игеру совет адамына ешбір соғыс майданынан кем тимеген. Ұлы дала өзінің ен байлығын, әрбір шаршы метр жерін орасан қиындықпен берген. Сондықтан да бұл арада бір кезде басталған мұнай тартысын Маңғыстау майданы деп атадық.

Иә, біздің бас кейіпкерлеріміздің көбі осы Маңғыстауда туып-өскен. Ата-бабалары да осы араны көптен бері мекендеп келген. Бұған қандай дәлеліміз бар? Ғалымдар бұл өлкеде түйе бұдан мың жыл бұрын сақ - сармат заманы тұсында да болған дейді. Тіпті біздің дәуірімізден бес ғасыр бұрын, осы арадан көшпенділер бұл қос өркеш жануарды Үндіге де апарған деп жазады. .....
Әңгімелер
Толық

Ілияс Есенберлин | Аққу құстар қуанышы

I

Көгілдір аспан аясында жасыл орманға бөленген көгілдір қала жатыр. Қала қай жағынан қарасаң да бірдей көрінген, сан қырлы гауһар тастай жалт-жұлт етеді. Керемет көрікті. Шығыс-күнгейі мен құбыласына дейін тұтаса созылған, аспанмен тілдескен ақ сәлделі таулары қандай айбарлы, сәнді десеңдерші! Кант бастары күн сәулесімен ойнап, көздің жауын алады. Бұл көшелері, көшені қуалай жүгірген арықтары әлі асфальт пен бетонға құндақталмаған соғыстан кейінгі Алматы. Бұнда әлі алты қабат, жеті қабат үйлер жоқ. Жиырма бес қабатты «Қазақстан» мейманханасы тұрғындардың қиялына да кірмеген. Сонда да қала сандықтан алып шыққан жаннат ішіктей құлпырып тұр. Сонау аспанмен тілдескен алып таулардың қойнауларынан, шатқал, арналарынан қуалай, қаланың шығысы мен батысын ала үш өзен ағады. Шығысындағыны - Кіші Алматы өзені, батысындағыларын - Көктем мен Жаман өзен деп атайды. Шығысындағы Кіші Алматы өзені сонау тау қойнауынан сарқырай шаттана күліп, тынбай ағып, қалаға жетеді де, кіре бере екіге бөлінеді. Бір қолы тасты, құмды Кіші Алматы өзенінің арнасымен төмен қарай құлайды да, судың екінші жартысы Бас арықты беттей жүйткиді. Бас арықтан әр көшенің екі жағын ала, тарам-тарам боп, қала бойын қуалай жөнеледі. Көгал көмкерген, әлі бетон кимеген бұл арықтар, нағыз бір тау етегіндегі тас бұлақтар тәрізді көбік атып секіре, сылқ-сылқ күледі. Сулары көз жасындай мөп-мөлдір, ұрттап қалсаң, тісіңді жарардай сұп-суық. Күндіз-түні сыңғырлап жатқан ағысының жылдамдығы ұшқан құсқа пара-пар бір кереметтер.

.....
Әңгімелер
Толық

Джек Лондон | Мартин Иден

Бірінші тарау

Алда келе жатқан жігіт француз кілтімен есік ашты. Оған ерген жас жігіт, табалдырықтан аттамас бұрын, әлденеге қолапайсызданып, жұлқа тартып, басындағы кепкасын қолына алды. Оның жұпыны шидем киімінен теңіз лебі аңқиды; кең холлға кірген кезде бұл жігіттің не қылса да берекесі қашайын деді. Кепкасын қайда қоярын білмей, қалтасына енді жытырғалы жатқанда серігі жайраңдап, өзімсініп, қолынан кепкасын ала қойған еді, оның бұл қылығы жігітке ұнап кетті. «Жағдайға түсінетін жақсы жігіт екен, тегі, ұятқа қалдырмас»,— деп ойлады ішінен.

Еденді жоғарылы-төмен теңіз теңселтіп тұрғандай ол найқалып, аяғын нығарлай басып, серігінің соңынан жүріп келеді. Алшаңдаған алпамсадай жігітке дағарадай бөлме тар көрінді — ол есіктің жақтауын иығыммен қағып кетер ме екем немесе каминнің үстінде тұрған жылтырауық-жарқырауықтарын ұшырып жіберем бе деп зәресі қалмады. Олай-бұлай орынсыз бұрыла бергендіктен, қайдағы жоқ бәлеге өзі бас болды. Рояль мен үстінде үйіліп көп кітап жатқан столдың арасынан алты адам еркін өтер еді, сол арадан әлденеге сасқалақтап, бір өзі әрең өтті. Соқталдай болып солбырайған екі қолын қоярға жер таппағандай. Бірде стол үстіндегі кітаптарды қағып кетем-ау деп, үріккен аттай орғып түскенде, рояльдің түбіндегі орындықты құлатып кете жаздады. Ол алдында алаңсыз еркін жүріп келе жатқан серігіне қарап, өзінің арпыл-тарпыл жүрісін ерсі көрді. Екі беті оттай дуылдап кетті. Маңдайынан шып-шып тер шықты, сәл кідіріп, орамалымен күнге күйген қоңырқай бетінің терін сүртті.

.....
Әңгімелер
Толық