Балықшының баласы
Ол қашан көрсең де көзі күлімдеп, тап-тұйнақтай жинақы жүреді. Сүйкімді бала. Біз екі-ақ күн бірге болдық, жуас сықылды. Тойған қозыдай томпиған түріне қарап, «ұялшақ шығар» деп ойлайсың.
Екеуміз ойда жоқта таныстық. Ауылға жақындап қалғанбыз. Жол жағалап бір бала кетіп барады. Аяғын ілби басады.
— Мына батырды ала кетелік,—деп, шофер жігітке өтініш айттым.
Кабина есігі ашылғанда, бала тоқтай қалды..
— Кел, балақай, отыр— деді.
— Сәлеметсіз бе, аға?— деп, ол ішке енді.
— Қайдан жүрсің?
— Тартымға барып едім.
Кіршіксіз ақ көйлегі, қыры пышақтай қара шалбары назарымды аударды.
— Тойға барған сияқтысың ғой.
— Тойдан басқа жерде таза киінуге болмай ма?!— деп, таңырқай күлімдеді.
— Е, неге болмасын?! — дедім сасқалақтап.
Теңіз қолтығындағы балықшы ауылына жеткен соң, бала колхоз кеңсесіне жол сілтеді де, жөніне кетті. Ертеңіне баланы тағы кездестірдім. Мектебі кеңсенің қасында екен.
— Сәлеметсіз бе, аға,— деп күлімдей амандасты.
— Жақаш, нешіншіде оқисың?— деп сұрадым.
— Екінші класта.
— Сабақ қалай?
— Бес,— деді ол, бұған пәлендей мән берместен. Қайтарда өзінің жүзім өсіріп жүргенін айтты. — Ертең біздің үйге келіп, мейман болыңыз. Менің жүзімдігімді де, салған суреттерімді де көресіз. Сағатесте кешікпеңіз!..
Келесі күні тағы да теңізге бардым, балықшылармен жақынырақ таныстым. Озат звено жетекшісі Жақсыбайдың ісіне қандым.
— Үйден дәм тат,— деді Жақсыбай қарт.
Осы арада тұйыққа тіреліп қалдым, Жақаштың үйіне баруым керек еді.
— Айып етпеңіз, осындағы бір інім шақырған соң, соған уәде беріп қойып едім.Жақсыбай қарт ренжіген жоқ.
Дұрыс, қарағым, уәде — қасиетті серт. Сөзін жұтқан адамда не қадір қалады? Жолың болсын!
Жақаштың үйіне келгенімде, Жақсыбай қарт алдымнан шықты. Таңданып қалдым. Сөйтсем ол кісі кішкентай досымның әкесі екен.
Шай үстінде қарт жадырай сөйледі. Сол кейпі Жақанға ұқсап кетті. Екеуінің кескін-келбетіндегі ұқсастыққа бұған дейін қалай мән бермегем?
Сол сәт көз алдыма байсалды жігіт болып өскен, толарсақтан су кешіп, ау тартып жүрген зіңгіттей Жақан елестеп кетті...