Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романы. Қазақ әдебиеті, 11 сынып, дидактикалық материал. 1 сабақ.
Топтастыру
«Галереяда ой шарлау»
Қабырғаға ілінетін сөздер:
«Атау кере» повесіндегі өнімді көркемдік тәсілдің бірі – Оралхан Бөкейдің қаламына, оңтайлы әдеби шешім – психологиялық талдау. Жазушы Нюра кемпірдің ішкі ойлары арқылы тұтас бір дәуірдің қайшылықты өмір ағысында арпалысқан адам образдарын ашу амалдарына жол табады. |
Ешкімге қылдай қиянаты жоқ, білімді, алғыр, адал жас адам – Таған айықпас дерт – маскүнемдікке түсті. Жүрек қан жылайтын, күйзелетін ауыр күй. Ақиқат. Кеңестік кезеңнің бейбіт бір күндерде бел алып кеткен ауыр кесапаты. |
Алтай – ата-бабаның алтын ұясы. – Қайран, Алтай – сол Алтай – сол Алтайдың аяулы адамдары Тағанды да айықпас кеселден біртіндеп арылтады. Жазушы жас адамның арылу, тазару жолын шынайы, шым-шымдап баяндайды. Тағанға бала күнгі досы Ерік қай пиғылмен болса да қол созған. |
Оралхан Бөкей өзінің жазу машығындағы оңтайлы көркемдік тәсілдің бірі – ой ағынын пайдаланған. Бір жұтым сыраға үздігіп, өң мен түсті айыра алмай есалаң болып қалған, әйтеуір кеудесінде жан бар тірі өлік Тағанның сырын жазушы көпке шейін жасырып отырады. Бұл – маскүнем адамның болмысына орайластырылған шынайы өмірлік жағдайлардан туындаған мығым логика. |
Оралхан Бөкей «Атау кере» повесінде бірнеше әлеуметтік өзекті күйді арқау етеді. Арғы тарих та, адамның ар алдындағы жауапкершілігі де, белгілі бір кезеңнің саяси, шаруашылық ахуалы да, жалпы адамзаттық адамсүйгіштік аңсар да – барлығы қосақабат тау арасындағы оқшау өмірдің ішті қазандай қайнатып жатқан өкініш, үміт, өтірік пен шындық, жақсы мен жаман, ақ пен қара араласқан өмірінің фонында айтылып ашылады. |
Оралхан Бөкей – ой айтуға бейім жазушы. Қаламгердің оңаша күн кешетін кейіпкерлері ұдайы ой қамауында жүретіндігі иланымды. Өз кеудесін күйдірген өткір әлеуметтік, адамгершілік проблемалар ды жазушы кісікиіктеу табиғатымен дараланып отыратын кейіпкерлер шоғырында солардың іс-әрекет, ой-пайым, дүниетаным иірімдерінде көтеріп, қозғап отырды. |
Жазушы көксеген жан тазалығын, ар тазалығын, маңдай термен нан табудың мехнат-рақатын, ұлттық мүдделер, ұлттық рух идеалын оның әрқилы тағдыр, әр қалыпты ғұмыр кешіп жатқан кейіпкерлері өмірлік мұрат еткен. |
Нюра – науқас адам. Төсек тартып жатыр. Көбіне жалғыз қалады. Ондайда ой қамайды. Өткен-кеткен есіне түседі. Өткен өмір дегені «көппен көрген ұлы той» – сонау бір жылдардағы төңкерістің, ақ пен қызылдың, кәмпеске, ашаршылықтың заманы. Адамзатқа тажал болған соғыстың естелігі. Нюра кемпірдің ойы бітпейді. Ұзақ тарихты түгендеп шығады. Жазушы осы тәсілімен белгілі бір кезең, уақыттардың жалпы мінезін, қоғам, заман құрсауындағы адамдар мінезін ашады. |
Байқап отырсақ, жазушының мәңгілік әлеміндегі жалғыздық образы оның әр шығармасынан көрінеді. Жазушы кейіпкерлері шетінен сыршыл, мұңшылдау, нәзік жүрек иелері. Олар әлденеге алаңдаулы, шерлі. Неге? Сөйтсек, мұның барлығы жазушының өз мұңы, өз сыры, халық трагедиясы екен ғой... |
Әлемнің ұлттық бейнесін анықтау барысында ұлттық ерекшелікті танытып, айқындауда образ символдардың орны ерекше деуге болады. Себебі кез келген ұлттық әдебиет белгілі бір дәрежеде өзіндік образ-символдарға бай болып келеді. |
Символ грек тілінен аударғанда «symbolon» – танымдық белгі, таңба деген мағынаны білдіреді. Ол лингвистика, логика, математика ғылымдарында таңба ұғымын берсе, өнерде, философияда нәрсенің, құбылыстың қасиетін, сыр-сипатын бейнелеп, астарлап білдіретін әмбебап эстетикалық категория болып табылады. |
«Символ көркем бейне мен ұғымның аралығында екеуінің де қызметін атқара алады. Алайда символ ұғымнан гөрі астарлы мағынаға бай, ал көркем бейнеден гөрі нақтылы мәнге ие. Символдың символикалық формасы сақтала отырып, ишаралайтын нәрсесімен салыстыра тану барысында көпқырлылығы ашылады, бұл оның ерекшелігі болып табылады. Ал символдың табиғатына тоқталар болсақ, ол мағынасын ашып, түсінуді қажет етеді. Сондықтан да өзіндік таным, тіршілігіне байланысты белгілі бір символдар тілінде түсінісетін топтың қалыптасуына мәжбүрлейді. Символ астарлы мағынаға бай болғандықтан әркім өзінің ұғым-түсінігінің дәрежесіне сай тереңдеп түсініп, өз мүмкіндігіне лайық қажетті мәнді табады». |
Әдебиеттануда да символдың орны ерекше. Белгілі ғалым Зейнолла Қабдоловтың пікірінше: «Символ – бір нәрсені, не құбылысты тура суреттемей, бұларға ұқсас басқа бір нәрсеге не құбылысқа құпия теліп жасыра жарастырып, бүкпелей бейнелеу, ойды да ашық айтпай, тартымды тұспалмен түсіндіру. Мұның өзі ой мен образға астыртын, бұлдыр мағына береді деу де қате: ең бастысы – символ сөз өнерінде көркем кестеленіп отырған шындыққа әсем ажар, байсалды философиялық астар береді, шығармаға біртүрлі сыршыл сипат бітіреді. |
Астарлы шығарманың идеясы жалаң, жалаңаш көрінбейді, автордың ой толғаныстары арқылы көңіл ұйытып, көкірекке терең ұялайды» [2, 87]. |
Махаббат – табиғат өзі берген құдіретті сезім. Ондағы ең үлкен сыйлық – айнымас сыйластық. Ол әркімге де тән қасиет, ал нағыз сыйластық кез-келгеннің қолынан келмейді. Тағанды құтқарған ұлы сезім - махаббат сезімі. |
Ескерту: Мұғалім дидактикаық материалды өз қалауы бойынша ықшамдап ұсынады. Бұл берілген материал оқушыларды зерттеу жұмысына бағыттау үшін және мұғалімнің ұғым-түсінігін кеңейту үшін де ұсынылды.
№1
«БОРАНДЫ БЕКЕТ» РОМАНЫНДАҒЫ РУХАНИ МӘҢГҮРТТІК КӨРІНІСТЕРІ
Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы ең өзекті мәселесі- адамзат баласының сана-сезімінің рухани катаклизмі. Яғни, адамның рухани мәңгүртке айналуы. Аңыздық деректегі жарық дүниеге алып келген өз анасын атып өлтіру мәңгүрттенудің жеке адами трагедиясы болса керек. Ал бүтіндей бір халық, ұлт өзінің тегін, тілін, ділін, дінін ұмыта бастау-мәңгүрттіктің қоғамдық, ұлттық трагедиясы.
Ш.Айтматов «Боранды бекет» романында адамзат тағдыры туралы проблема көтерген.
Роман бірден шиеліністен басталады. Едігенің еңбек жолындағы досы, замандасы Қазанғаптың дүниеден өтуінен өріс алады. Суық хабарды естіген Едіге абыржытар қазанын өзі емес, қазамен қашан да бірге жүретін адамның әлеуметтік тегі: Қазанғаптай ұл да, қыз да өсірген ардагердің демі түскен шақта аузына су тамызып, басын сүйеп, бетін жабар жан болмай, қаңыраған бос үйде жан тапсыруы.
«-Ақыр соңы сол болды бишараның. Қандай асыл еді десеңші! Ақырында жүзін жабатын адам да болмай қалды қасында,-деп назаланды Үкілібала жылап отырып.-Мұндай болар деп ойлап па едік! Ақырында...-деп барып «ит өліміндей болды» демекші еді, онсыз да түсінікті болған еді»[3;12]. Едіге іштей егіліп, ер азаматтың «ит өлімімен» дүниеден өтуі күйзеліске түсіреді. Осы оқиға Едігенің роман бойындағы барлық қимыл - әрекеті мен ойына қозғаушы болады. Белгілі ғалым, философия ғылымдарының доктары, профессор С.Ақатаев «Кісілік сабағы» мақаласында:«Әдетте, қаза тек Едіге емес, иісі қазақ үшін үлкен сын. Кезінде соғыстан миы шайқалып, мүгедек болып қайтқан Едіге Қазанғап қол ұшын созып, жәрдемдесіп, дос жолына малын садақа етіп, Едігенің босағасына Қаранарды байлап, шама шарқынша көмегін көрсетсе, енді, қазақ этнографиясының дәстүрлі жосығы бойынша, Қазанғап жолына Едігенің жаны садақа болар күн туды. Қаза дара келмей Едігенің өміріне ғасырға татарлық бір күнді арқалай келді,»-дей келе, Едігенің адам өлімін физиологиялық құбылыс емес, адамгершілік категориялардың тоғысқан, өмірмен жанды қатынаста тұрған философиялық тіршілік проблемасы ретінде қабылдайтынын атап өтеді[4;31].
Едіге тұлғасын театр сахнасына алып шыққан Кеңес Одағының Халық артисі Михаил Ульянов Едігені заманының ірі азаматы, (личность) қайталанбас ардагері (он был он!) деп таниды.
Автор Едігенің еш кедергіге көнбей, өз досын, теміржолшы Қазанғапты «Ана-Бейітке» жеткізуді мақсат ету, оның адамгершілік мөлдір сезімінің көрінісі.
Өмірдің қазығы – Едігелер. Олар үшін өткен тарих, бүгінгі күн, болашақ – бір тұтас, бірінен-бірі өрбіген бірінсіз-бірі жоқ даму кезеңдері. Оны үзбейтін, өмір отын сөндірмейтін осы Едіге секілді абзал жандар.
Едігенің бір күні ғасырға бергісіз. Себебі, суреткер бұл образдар арқылы өткенді, бүгінді, болашақты бір түйінмен беріп отыр.
Ол адам санасы, осы уақыттың ұлы өлшемін ажыратпауға қажет. Тек сондай жағдайда ғана нағыз патриот, гуманист, биік адамгершілік иесі болады. Едіге сондай адам.
Едігеге қарама-қарсы сомдалған бейне-Қазанғаптың жалғыз ұлы Сәбитжан бейнесі. Сәбитжан-рухани мәңгүрт жан.
Жалпы, «мәңгүрт» сөзі қырғызша «манг», «мангыроо», монғолша «мангар», «мангуу», «мангарт(а)», «мангуур(а)», тува тілінде «мангыр», «мангыы» деп айтылса, ұғымы да «ақымақ», «есуас», «зейінсіз», «тегін ұмытқан» деген бір мағынаны білдіретінін Н.Мешітбаев «Мәңгүрттіктің мәні теренде» атты мақаласында талдай отырып, сөздің түп төркінін аша түседі. «Мәңгүрт» ұғымы туралы белгілі ғалым, философия ғылымдарының доктары, профессор С.Ақатаев «Кісілік сабағы» мақаласында : «Мәңгүрт» (мәңгірт)-ақылы кем, есуас, өткенін ұмыту, мылқау, тегін білмейтін тұл, ақымақ мағынасында тілімізде бар сөз. Ауыз әдебиеті нұсқаларында жиі кездесіп тұрады.Соның қай-қайсысында да мәңгүрт ұғымы ең алдымен «өткенін ұмыту» есеңгіреу, ақылдан жаңылу мағынасында қолданады»,[4;31] - деп анықтама береді. «Мәңгүрт өзінің кік екенін, ел-жұрты, руының кім екенін, өз атының кім екенін білмес. Балалық шағы, әке- шешесі мүлде есінде қалмас.Мәңгүрт өзінің адам екенін аңғармас. Ол да бір, тілсіз мақұлық малда бір, сондықтан ол қауіпсіз де, иесіне шексіз бағынған құлақ кесті құл. Бар тілері қу тамақ, далада үсіп өлмес үшін ескі-құсқы қомыт киім, басқа ештеңенің керегі жоқ...»[3.115].
Бұл ұғымды әдебиет сахнасына бірінші болып енгізген Әбіш Кекілбаев болғанымен, Шыңғыс Айтматов «мәңгүрт» ұғымына жаңаша мән беріп, күллі адамзат цивилизациясын шошондыратын, рухани дамуына тосқауыл болатын алапат күш ретінде танытты.
Тарихи тегін, ата-бабасын біле тұра, білгісі келмейтін, кешегісі мен бүгінгісі, болашағы туралы ойланбайтын рухани мәңгүрттік қолдан жасалған мәңгүрттіктің жанында барлығы жолға қалады. Қырғыз жазушысы қаламынан туған мәңгүрт тарихтан тыс қалған рухани мәңгүрт.
Романда мәңгүрт обрызының Сәбитжаннан басқа кейіпкерлермен тікелей байланысы болмағанымен, олардың іс-қимылдары арқылы да мәңгүрттіктің элементтерін байқауға болады. Өз қара бастарының қамын күйттейтін осы бір образдар романның кейбір тұстарында байқалады.Қазанғаптың қазасын естіген диспечер Шаймерден көңіл айтудың ырымын жасайды. Бұның көңіл айтқан түрін көріп Боранды Едіге қатты налиды: «Әй, мисыз хайуан-ай,-деді ішінен, -қазанын жөнінде дұрыс айта алмайды»[3.18].
Шаймерден өлікті сыйлаудың неекенін білмейтін мәңгүрт. Жұмысын ауыстыруды сұраған Едігеге:
«-Оу, айналайын Едеке, сен әлгі нетіп, менің басымды қатырма, нетіп. Өлсе-өлді, нетіп... Менің сені алмастыра қоятын адамдарым жоқ. Өліктің жанында нетіп, отырамын дегенің не, Едеке? Сен жанында отырғаннан өлген адам тірілмейді ғой»[3.18].
Диспечер Шаймерден, Ұзынтұра Еділбай, Таңсықбаев секілді безбүйректерге Едіге сынды ерлер арқылы үн қатады: «Бұл жұрт не болып барады! Бұлар үшін өлімнен басқаның бәрі қадірлі! Бұлар өлімді сыйламаса, тіршіліктің қадірін қайдан білсін! Бұлар қалай, не үшін өмір сүріп жүр өзі? Өмірдің мәні не үшін сонда бұлар үшін? » «Едігенің «Бұл жұрт не болып барады!», «бұлар!» деген бір ауыз сөзде күллі адам баласына ағынан жарыла айтылған телегей теңіз жыр жатыр»[4.11]-деп тарих ғылымының кандидаты С.Ақатаев «Кісілік сабағы» мақаласында романның негізгі идеясын аша түседі.
Үш кеңістікте (мифологиялық, әдеби-реалды, ғылыми-фантастикалық) өтіп жатқан уақиғалардың кісілік байламы Едіге санасында белес алып жатқан секілді, мәңгүрттік белгілердің баршасы Қазанғаптың жалғыз ұлы Сәбитжанның мінез-құлқы, ой өрісі мен жүріс-тұрысынан тұрақты белгі беріп отырады. «...аз ауылдың әйелдері сыпсыңдап, бұрқылдап жүр: әкесің жерлеуге емес, мейман боп келгендей ғой мынау өзі.Әлгі қаладағы сұрқия әйелін айтсайшы. Туған атасы өліп жатқанда, аруағын сыйлап, ататайлап келіп, жылап-сықтап жоқтаса қайтеді»[3.28]-деп өзі сынды рухани кем әйелінің обрызын жазушы көрсете кетеді.
Едіге мен Сәбитжанның түсінігі, рухани байлығы екі басқа. Едіге- ойшыл, сыршыл, көпшіл, ерен ер. Ал Сәбитжан болса, дүние қызығын ақшадан, «қызыл дүниеден» іздейтін, рухани жетім тұлға. Оның Едігеден айырмашылығы-оқыған, жоғарғы білімді маман. Алайда, білім ордасынан ол арамдық жолдарын ғана игерген. Диплом қалтада, сондықтан оның «білмейтіні жоқ, универсал». «Сәбитжан секілді «жаңа» мәңгүрттер оқу, ағарту ісін рухани еркіндік әперетін игілік емес, өмірге қажетті мүлік пен жиһазға кенелетін құрал ретінде таниды»[4.31].
Қазанғаптың ұрпағын жалғастырар ұлының тағдыры тұйық, арманы бастық болу, рухани байлықтың не екенінде түсінбейді, түсінуге тырыспайды. Сәбитжан, Таңсықбаев сынды жаңа өмірдің адамдары Едігенің адамгершілігіне қарсы. Осындай ізбасарларының болашақ өмірі не болатыны оны қатты ойға батырады.
Едігені басқа образдардан ерекшелендіретін: оның ары мен ожданы, ақылы мен парасаты. Осы адами қасиеттер оның көкірегіне көптеген жұмбақтар ұялатады: Қазанғаптай ардагерден рухани «кемтар» Сәбитжан қалай шықты?
Сәбитжан үшін адам-билік иесі, қолында билік бар адам үшін ол бәріне дайын. Туған әкесінің ауыр халін ести тұра келмей, иен үйде ешкімі жоқ жетімдей о дүниеге аттандырды. Әке қадірін білмейтін ұл әке сүйегінен құтылғанша асығады. Едігенің Қазанғап аманатын орындауға бел буғаны оны шаршатады. «...білімпаз Сәбитжан әкесін құрметтеп шығарып салу үшін емес, апыл-ғұпыл көме салу үшін келген болып шықты. Әкесінің жүзін жасыра салып ізінше қайтып кетпекші екен. Ау, жер түбіндегі Ана-Бейітке сандалып не керек, табалдырықтан аттап шықсаң дүниенің қиырына дейін Сарыөзектің қу даласы көсіліп жатқан жоқ па? Осы ауылдан ұзамай-ақ, темір жолдың бойындағы бір төбешіктің басына қоя салуға болады ғой. ...ит-құсқа жем болмайтындай, жүзі жасырылса болды емес пе?»[3.27].
Әкені пайда көзі ретінде пайдаланған Сәбитжан үшін, Найман- Ана қорығына жол жүру бос әурешілік. «Сәбитжан өзін-өзі ақтаған болды: жұмысбасты адам, бастықтардан әке-көке деп сұранып шыққан. Зираталыс па, жақын ба-онда бастықтардың қанша шаруасы бар. Бастықтың аты-бастық, қаланың аты-қала»[3.27].
Едіге досына адал, Қазанғап өтініші бойынша, оны Ана-Бейітке жерлемекші. Сәбитжан оған қарсы. Қайдағы бір ертегі бейітке апару, ол үшін ақылға сыйымсыз. Әке өсиеті оны көп қинай қоймады. Осы сәтте Едігенің көз алдына анасын атқан мәңгүрт елестейді. Ол мәңгүртпен Сәбижанның дүниетанымын салыстырып, қатты қапаланады:
«-Ал ,Сәбитжан, әңгіме былай: Марқұмды ақ жауып, арулап қоюға кесір етпе білдің бе. Асығады екенсің-жолың әне, біз сені ұстамаймыз. Сен үшін әкеңнің мүрдесіне бір уыс топырақты мен-ақ сала саламын!» [3.32].
Қазанқапты арулап қойғаннан кейін, Едіге Ана-Бейітті тегістеп, оның орнына касмодром салатынын естісімен, Ана-Бейітті қайткенде сақтап қалу үшін көзі ашық оқыған, қалада қызмет ететін, кіммен сөйлесіп, кімге жолығу жолын білетін адам ретінде ол Сәбитжаннан қол ұшын беруді сұрайды. Бұл қазаға мән бермек түгілі өзін ең сауатты жанға санаған Сәбитжан былай деп жауап қайырады:
«-Оның бәрі ерте-ерте, ертедегі, ешкі жүні бөртедегі ертек қой, Едеке, түсінсеңші. Бұл арада қазір әлемдік, космостық мәселелер шешіліп жатыр. Ал біз әлде бір зират туралы аңыз айтқанымыз жарамайды. Кімге керек ол? Олар үшін ол дегеннің – тфу! Әрі десе, бізді олай қарай өткізбейді де»[3.295].
Әрине, Сәбитжан сөзінде шындық бар. Бірақ мәселе оның бұл іске жүрдім-бардым қарауында, өткен тарихқа немқұрайлы көңіл бөлуінде жатыр. Оқыған сауатты Сәбитжанның сапасы қарапайым Едігеден көп төмен. Едігенің адамилығы Сәбитжанның арзан біліміне қарама қайшы. Басында Едігенің Сәбитжанмен сөйлесе келе, қылықтарына қарап, дала өмірінен адасып, қала өміріне үйренген, интернатта, институтта оқыса да дұрыс адам болмаған екен деген күдігі Қазанғапты арулап қойғаннан кейін айқындала түсті.
«-Мәңгүтрсің сен! Нағыз Мәңгүрттің өзісің! – деп ашына күбірледі Едіге, Сәбитжанды әрі аяп, әрі жек көріп»[3.297].
Кезінде сырлас досы болған Әбутәліп мұғалімді халық узындағы аңыздарды жинағаны үшін жау атандырғандар да Сәбитжан секілді мәңгүрттер.
Ителгікөз, Әбілев сияқтылар Әбутәліптің көзі ашық сауаттылығын көре алмай, ақыры оның « Партизан дәптерлері», «Дөненбай құс», «Раймали ағаның інісі Әбділханға айтқан сөзі» деген қол жазбалары үшін опат етті. «-Тарихи оқиғалар ұғымында адам өмірінде әрқилы жайлар болуы мүмкін. Өткенді еске алсаң, әсіресе жазсаң ,қазіргі талап тұрғысынан жаз. Бізге пайдасы жоқ нәрсені жазуға, еске алуға болмайды,» [3.166]-деп ақталған сынай танытты.
Ана-Бейіті, мәңгүрт ұлының қолынан қаза тапқан Найман-Ана туралы аңызды жиып тергені үшін жазғыру мәңгүрттік емей не еді? Құттыбаев Әбутәліпті тексеруге келгендер халық санасындағы ғажап аңызды тыңдағысы келмейді.
«- Жә, жетер, ол құстың ар жағында не жасырынып жатқанын оқып көреміз әлі, -деп Ителгікөз дәптерді әрі бері парақтап, тағы да ойын сабақтай» түсті – Дөненбай құс, қарай гөр, ойлап тапқан атын. Жазушы болғаныңа болайын. Тағыда бір Мұхтар Әуезов пайда болған. Білеміз оны да, феодалдық ескіліктің жыршысы. Дөненбай құс, м... Біз түсінбейді деп ойлайды ғой. Бір түкпірде бұғып отырып алып, балаларға арнап жаза қалғанын қарашы»[3.170].
Романда ғылыми техникалық процесс пен рухани прогресс арасындағы қайшылық бейнеленген. Адам санасы дами келе адамзат табиғатына қызмет атқара бастады. Себеп әлеуметтік антагонизмде. Егер әлеуметтік антагонизмнен туған екі систкема комфромтациясы болмаса, адамзат болашаға, тағдары туралы жазушы былайша толғанбас еді.
Адам баласы көрген білгенін, танығанның бәрін тек жасампаздыққа, гуманистік мұраттарға сай қолданса, мәңгүрт туралы аңыз көріністері болмас еді. Білім мен адамгершілік қасиеттер алшақтығы болмаса, Сәбитжан секілді бозөкпелер қайдан келсін.
« Жалпы мәңгүрттікті екіге бөліп қарауға болады: біріншісі, жаугершілік замандағы мәңгүрттік. Мұнда адамды күшпен, зорлықпен қашап, адами ойлау дүниесінен айрып, жазалап, құлақ кесті құл қылып, тағылық тұтқында ұстау. Екінші бір түрі, қазіргі жахандану заманындағы рухани мәңгүрттік. Сәбитжан мен аңыздағы мәңгүрт жауынгердің бейнелері осының айғағы. Бұл екі көріністе күрделі мәселелер. Бірі күшпен орындалса, екіншісі айла амал арқылы халықтың ділін, дінін, тілін ұмыттырып нағыз мәңгүртке айналдырған»[5.6].
Ш.Айтматов өз заманының қыспағына қарамастан, алыстан орағытып, «сөз атасын» түсінген халқына адамзат тағдырындағы ұлы мәселені жеткізген.
«Боранды бекет» романында әңгіме болған жасанды мәңгүрт пен рухани мәңгүрттің арасы жер мен көктей. Сәбитжан сынды рухани жетімдер образын мен қазақ аңызының көне тағлымын қолдана отырып Шыңғыс Айтматов адамзат атаулыны мәңгүрттіктен құтқарғысы келеді.
«Дүниедегі жаза біткеннің сұмдығы адамды ақыл-есінен айыру да. Ақыл-ой адам өле-өлгенше өзімен бірге болатын жалғыз қазына ғой.Біреудің қолында бар байлық бақада да бар болар, ақыл-ой тек саған ғана тән, басқалардікінен бөлек жалғыз асылың» [3.115]-деп жазушы ой қортады.
Садистік көріністер Орхон, Күлтегін жазба ескерткіштерінен бастау алып, мәңгүрттік тақырыпқа ауысады. Мәңгүрттіктің тамыры тереңде жатыр.
Қазіргі таңда рухани мәңгүрттік- ақын-жазушыларымыздың шығармаларында қаралып жүрген мәселе. Бұл өзекті тақырып ғылыми тұрғыдан зерттеп, терең зерделеудi, пайымды да парасатты пiкiр айтуды талап етедi.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Айтматов Ш., Шаханов М. Құз басындағы аңшының зары. А., Рауан,1997ж 2.Т. Рәмберді. Найман-Ана тұнық мұхитты көктей өтіп, манхет сахнасына жетті // Жас Алаш, 15 наурыз.2003ж.
3. Ш. Айтматов. Боранды бекет, А., Жалын, 1986 ж. [3;31]
4. Ақатаев С. Кісілік сабағы: Ш. Айматовтың «Боранды бекет» романының этнографиялық негізі туралы // Білім және еңбек, №4, 1985ж
5. Н. Мешітбаев. Мәңгүрттік мәні тереңде// Қостанай таңы 6 сәуір 2007ж.
№2
Габриэль Гарсия Маркестың
«Жүз жылдық жалғыздық» романын талдау
Жалғыздық жайлы роман «Жүз жылдық жалғыздық» қазақ даласында жазылуы керек еді Әмірхан Балқыбек Габриэль Гарсия Маркестың «Жүз жылдық жалғыздық» романы жайлы қай сыншы не демеді... Біреулер оны роман-аллегория дейді, екіншілері роман-қисса десе, үшіншілері роман-метафора, тіпті роман-ертегі деуге дейін барды. Жарты ғасыр бұрын шыққан роман ХХ ғасырдың ең оқылымды шығармаларының бірі болды. Роман желісінде Маркес Макондо деген қалашықтың тарихын баяндайды. Ал кейін осындай қаланың бар екені анықталады. Жазушының Отанына жақын маңда, Колумбияның тропикалық түкпірінде орналасқан жер расында да бар болып шыққан. Бірақ сонда да Маркестің суреттейтін қалашығы оқырман санасында географиялық обьектіден гөрі ертегі қалашығы немесе аңыз қалашығы болып қалатынына күмән жоқ. Онда жазушының дәстүрі сақталған, салты бөлек балалық шағы қалып қойғандай болады да тұрады. Роман бойында әлдебір жылулық сезіледі, қалашық, оның тұрғындары, ондағы күйбең тіршілік – барлығы да автордың терең симпатиясымен құрылған. Маркестың өзі де «Жүз жылдық жалғыздық» романын өзінің балалық шақ естеліктеріне арналатынын мойындаған-тын. Оның қызықты сюжеттері мен шытырман өрімдері әжесінің ертегілері мен атасының әңгімелерінен құралған. Сол оқиғалардың барлығына да: қалашық тұрғындары, әрбір ұмытылмас сәттер, қандай да бір көзге көрінбейтін ерекшеліктер баланың, бала Маркестің көзімен баяндала бастағанда, оның балаға тән шынайылығы ешқандай артық суреттеусіз көрсетілгендігін байқар едіңіз. Қайтсе де, «Жүз жылдық жалғыздық» – Макондоның кішкентай тұрғынының әңгімесі ғана емес. Романда Колумбияның жүз жылға таяу тарихы толығымен көрініс алады. Бұл дәуір елдегі әлеуметтік өзгерістердің, аумалы-төкпелі заманның шағы еді: азаматтық соғыс, Солтүстік Америка компаниясының Колумбия өміріне етене араласып кетуі. Мұның барлығы да бала Габриельдың атасының аузынан естіген естеліктер еді. Буэндидың алты ұрпағы жасаған ғұмырдың тарихқа жекелей, әрбірінің қыры мен сыры ашыла енгені жайлы. Романның қызықты тұсы да сол – оқырман мультиколоритті мінездер мен образдарға қанығады. Оқырман алдындағы жалғыз сынақ - сол әрқилы кейіпкерлердің аты-түсін шатастырмай, оқиға мәнін түсініп отыру тиіс. Роман лирикалық шегіністерге, бас кейіпкердің ішкі монологтарына толы. Әрбір кейіпкердің өмірі қалашық тағдырына етене аралас болса да, олардың әрқайсысы да жеке қырынан ашылып, барынша айқындала түскен. Тіпті ертегіге немесе аңызға арқау болатын сюжеттер, иронияның қарапайым қалжыңынан бастап ауыр сарказмға түсетін сәттер, ақиқи көріністердің болуы романға әлдебір құпиялы ете түсіп, ғажайып сипат береді. Бір ерекшелігі жайлы айтар болсақ, романда үлкен диалогтар тым аз, тіпті жоқ десек те болады. Туынды мінезін көркемдік, тұжырымға бай ете отырып, автордың дәл осы диалогқа келгенде тайсалуын құп көрмесек, Маркестың батальон-батальон болып сап түзеген оқырмандары жазғыра қоймас, себебі диалогтың аз болуы романның шынайы өмірден, реализмнен алшақтап кететіні байқалады. Маркес тарихи құбылыстар мен қоғамдық реструктуризацияны суреттеуде адамның да өзгеруі, танымы мен санасының өзге бір күйге түсетініне басты назар аударған секілді. Романның соңы болса, бірнеше жолдың тар шегінен асып түсердей болып, өзге бір мәселені көтеретіндей аяқталады. Оқырманға автордың жасаған түйінін түсіну қиын. Мүмкін, түйіннің шешімі де жоқ шығар деген ойға қалдық. Роман туралы сөз қозғаған әрбір сыншы оған әрқандай қырынан келетіні де сондықтан. Автордың өзі де көпшілік роман идеясын түсінбегені үшін өкінішін жеткізген екен. Маркес бұл шығармасы арқылы «жалғыздықтың адамға жараспайтынын» меңзегені байқалады. Қандай да бір жалғыздық болса да оның рухани бірлікте болуы романның басты идеясы дегенге тоқталуды жөн көрдік. Романның әлі күнге дейін өткен ғасырдың ең үздік он кітап тізіміне кіруі, әр оқырман бұл туындыдан өзінің бір бөлшегін таба алатындығынан, тіпті мұндағы автор көтерген мәселенің қайбірі болса да адамның селқос қарауы мүмкін емес, дәл осы біз тізген себептер оның құнын әлдеқайда арттырып тұр. Мәселен, туыстық қарым-қатынастар, рухани-адамгершілік мәселелер, соғыс пен бейбітшілік, адамның айнала қоршаған ортамен байланысы, жалпыадамзаттық азғындалу, іштей қамалу... Бұл тақырыптың барлығы да қашан, қай жерде болмасын – өзектілігінен арылмайтыны хақ. Ардақ Құлтай Сурет: bookcity.kz, dnevniki.ykt.ru
«Жүз жылдық жалғыздық» «Ғасырлық құлазу» болып қазақпен қайта қауышты
Дүниені дүр сілкіндірген «Жүз жылдық жалғыздық» романын Кеңес Юсуповтың аудармасынан оқып едік. Осы роман Қытайдағы баспаның тапсырысымен қазақ тіліне «Ғасырлық құлазу» деген атпен екінші рет аударылып отыр екен. Біз әлеуметтік желімізде аудармашы Қалтай Оразбекұлының шығарманы аудару барысындағы, романның жазылуына түрткі болған Колумбияның сол кездегі қоғамдық жағдайына жасаған зерттеуі мен ізденісін және шығарманы аудару барысындағы ойын жариялап отырмыз.
Көсем шығарманы аударудан өрбіген ой
Әлемге әйгілі, оқуға тиісті 10 кітаптың бірден бірінің бірегейі Колумбиялық арқалы жазушы Габриель Гарсия Маркестің 20 бөлімді «Ғасырлық құлазу» романын аудару бақытына ие болдым. Аталған романымен ғаламды дүр сілкіндірген кесек туынды жазған қаламгер қандай ортада туылды, қандай қоғамдық ауқымдарды бастан кешірді, сол туындыны жазуға зайір не нәрсе түрткі болды. Ол жазушы кім? деген сұраулар табиғи қоздайды. Ендеше, сөзді жазушы туылған топырақтан бастайық.
Әлемдік әдебиеттің жауһары сақталған құт топырақ-Латын Америкасы ـ Американың оңтүстігіндегі штаттардың жалпылай аталуы. Американың орта бөлегіндегі штаттар мен батыс Инды топ аралы және оңтүстік Америка штатын өз ішіне алады. Бүкіл елде латын тілінің қолданылу ықпалы зор болғандықтан, Латын Америкасы деп аталып келді. Бүкіл елдегі қаламгерлер үнді, испан, португал, франсуз, ағылшын сияқты тілдерде қалам тербейді. Латын Америкасындағы әдебиетті испан әдебиеті, бразил әдебиеті, андрейс әдебиеті үш ірі жүйеге жіктеуге болады. Латын Америкасына қарасты елдер мен райондардың саяси, экономика, мәдениет сияқты факторлары осы өңірдегі әдебиеттің ортақ ерекшелігін тұлғаландырған. Латын Америкасындағы елдер ұзақ мерзім отарлық түзімнің шырмауында болды, тәуелсіздік алғаннан кейінгі дамуы да мәз емес-ті. Жалпы Латын Америка топырағында дүниеге келген әдеби туындылар осы шындықтан аттап өте алмады. Латын Америкасындағы әдебиеттің өркендеуін мынадай бес дәуірге бөлуге болады: .
Бірінші, алғашқы дәуір: Эвропа отаршылары сұғанақтық жасаудан ілгері, орта оңтүстік өңірдеге қарасты штаттардағы үнді ұлтының өркениеті қауырт дамыды. Кейін отаршылдық кесірінен дерліктей күйреп жоғалды. Тек сақталып қалған аз сандағы шығармалардан сол бір дәуірдегі үнді әдебиетінің әсілгі жанрларын кезіктіруге болады. Міне бұл Латын Америкасы әдебиетінің алғашқы төркіні.
Екінші, отарлық дәуір: Мұнда негізінен билеуші елдер әдебиетінің ықпалы үстем болды. 17 ғасырда, Испания, Португалиадағы кейбір әдеби ағымдар Латын Америкасында кең етек алды. Адамгершілік идеясы мен ағарту қозғалысы бас көтерді. Ұлттық әдебиет өркендеді. Міне бұл Латын Америкасы әдебиетінің классикалық дәуірі саналады. 18 ғасырдың соңынан бастап билеуші елдер әдебиетінің ықпалы солғындап, тәуелсіздік идеясы қызу өрлеуге көтерілді. Әдебиет те осы идеялық ағымды, қоғамдық өзгерісті бейнелеу үшін қызмет етті.
Үшінші, тәуелсіздік төңкеріс дәуірі: Ұлттық әдебиеттің дүниеге келуі. Тәуелсіздік төңкерістік қозғалысының ықпалында, шығармашылық романтизмге қарай дамыды. Мұнда үнділерді өзек еткен үндизм көрнекті орында тұрды. Әдебиеттегі ағым біртіндеп өңірге, салт-дәстүрге қарай жіктеліп, өңірлік дәстүрлік түс алды.
Төртінші, ұлттық әдебиеттің гүлдену дәуірі: Ұлттық әдебиет үздіксіз даму барысында жаңалық ашуға, жаңа заманның жарқын идеясын дәріптеуді діттеді. Осындай жаңа ағым Латын Америкасындағы ұлттардың құшақ жая қарсы алуына ие болды. Әсіресе, жаңаша стилмен жазылған жырлар оқырман жағынан жылы қабылданды. 20 ғасырдың бас шенінде, реализм мен жаратылысшылдық түс алған прозалық шығармалар дүниеге келе бастады. Үнділердің тұрмыс тіршілігі мен жергілікті ерекшелік жырланды.
Бесінші, қазіргі заманғы әдебиет: Латын Америкасындағы әр қайсы ел, әр қайсы райондағы ұлттар үздіксіз даму барысында, біртіндеп өзіндік даралық қалыптастырды. 60 жылдары проза жанрының дамуында жаңа толқын көтерілді, алуан арнада даму нысайы жарыққа шықты.
Латын Америкасындағы елдер үш ғасырға жуық уақыт отаршылдық үстемдік езгісіне ұшырады. Билеуші елдер мәдениеті қара бұлттай қаптаса да, жергілікті ұлт өз әдебиетін қызғыштай қорғады. Латын Америкасы әдебиетінің негізі әлсіз, ұлттық салт-сана тапшы болса да, біртіндеп даму барысында өзіндік ерекшелік қалыптастырды. Ұлттық сананың кемелденуіне байланысты ұлттық әдебиет те қарыштаудың алтын арнасына түсті. Жүйеден Латын Америкасы топырағындағы жаңа бір ұрпақ жазушылардың жасампаздық ынтасы мен тынбай іздену рухының арқасында, әдебиеттегі дәстүрлі сүрдектен аттап өтіп, соны шығармалар жазып, Латын Америкасы әдебиетін жаңа бір белеске көтерді. Дүние жүзы әдебиетіндегі классикалық, романтизм және реализм ағымының үздік үлгілерінен нәр алды. Түрлі жанырларда қалам тербеп, сүбелі туынды жаратқан шоқтықты жазушылар дүниеге келді. Осылайша, жаңа дәуірдегі Латын Америка әдебиеті төрт ірі секіруді бастан кешірді.
Бірінші, романтикалық жырлар: Бұл негізінен тәуелсіздік қозғалысымен тел дүниеге келді. Куба, Эквадор, Венесуела сияқты елдерде шоқтықты ақындар топ жарып көзге шалынды; екінші осы заманғы жыр қозғалысы: бұл реткі секіру Латын Америкасындағы барлық елді шарпыды. Осы топырақтағы қаламгерлер классикалық, романтикалық ағымға қош айтып, жаңаша ағым қалыптастырып, осы заманғы әдебиетке тізгін бұрды; үшінші, реализмдік прозалық шығармалардың жарық көруі. Бұл 20 ғасырдың 20 жылдары еді. Осы тұста, Латын Америка топырағындағы қаламгерлер өңірлік, ұлттық түске ие нақты нәрселерді туындыға арқау етуді қуаттады. Бұл негізінен 1911 жылғы Мексикадағы демократиялық төңкерістен бастау алды. Мексика, Аргентина, Колумбия, Венесуала сияқты елдерде реализмдік шығарма жазған шоқтықты қаламгерлер арт-артынан жарыққа шықты; төртінші, серпінді даму кезеңі: бұл 50 жылдардың бас шенінен 60 жылдардың ақырына дейінгі аралықтағы Латын Америкасы топырағында дүниеге келген прозалық шығармаларды меңзейді. Алдыңғы үш реткісінен парқы, Латын Америкасындағы қаламгерлер көркемдік деңгей, батылдықпен жаңалық ашу, шеберлік өресі жағында Эвропа жазушыларынан асып түсті. Әне, солардың ішіндегі шоқтықты туынды ــ Голумбиялық Габриел Гарсия Маркестің «Ғасырлық құлазу» романы еді. Өзіндік даралығымен, бейнелеу шеберлігімен көне реализмдегі қасаң салтты бұзған қаламгер деп Мексика жазушысы Хуан Лорфты атаған жөн. Оның қаламынан туған «педро балама» атты роман 1955 жылы тұңғыш басылғаннан қазірге дейін, 20 неше рет қайталай басылса да, оқырман «шөлі» басылмай келеді. Жаңа дәуірдегі қара үзген шығармалардың арт-артынан дүниеге келуін, Латын Америкасындағы елдердің өзгеше жаратылыстық ортасы, күрделі ұлттық құрамы, таңғажайып тарихи кешірмелері, қилы-қилы салт-сана, нанымдардың өмір сүргендігінен бөліп қарауға болмайтын сияқты….
Жаһан халқын таңғажайып туындыларымен тамсандырған, шашасына шаң жұқпаған жазушы Габриел Гарсия Маркес осы заманғы қияли реализм әдебиетінің таңдай қақтырған туындылар көптеп жарық көрген Латын Америкасына қарасты, қойнауы толған алтын ــ Голумбианің Аракатака атты жұпыны қыстағында 1928 жылы 6 наурызда дүние есігін ашты. Балдырған шағын нағашы әжесі мен атасының қолында өткізді. Нағашы атасы өз тұсында Голумбиадағы екі реткі ішкі соғысқа ат салысқан, нағашы әжесі ел ішіндегі аңыз-әпсаналарды майын тамызып айтатын даңсалы қарт еді. Отар елдегі көп түрлі ұлттың салт-санасы, аңыз-әңгімелері Маркесті хикметты ғаламның қақпасына үнсіз жетеледі. Бұл халқымыздың «кемеңгер әжесінің қолында есейеді» дейтін тағылымын дәледегендей. 1940 жылы Маркес үй ішіндегілермен бірге Голумбияның астанасы Боготаға көшіп келеді. Бала Маркес ұлы туындыларының алғашы материалын әне сол бала шағында құлағына құйған қызықты хикаялардан бастаған еді. 1947 жылы Богота университетінен заң касыбын оқыды. Осы кезден бастап қолына қалам алды. Испанияның гүлденген дәуіріндегі жырлар оның кейінгі дамуына өріс сыйлады. 1948 жылы Голумбиадағы ішкі соғыс кесірінен оқуын жол ортадан доғарып, жерлік еркіндікшілер жағынан шығатын «шолушы газетінде» тілші болды. Осы барыста, Латын Америкасындағы елдерден тыс, Куба, Ветнам сияқты елдерді аралап, сол елдердің қоғамдық, жаратылыстық ортасымен танысты. Саяси, өркениет өзгерістеріне куә болды. Сол жылы тырнақ алды туындысы «күйреуді» жазды, сол кезде ол 17 жаста еді. 1954 жылы «шолушы газетінің» Эвропадағы тілшысы болып тұрғанда, Римнен кино сценериа касыбын оқыды. Қаламынан бір сыпыра кино сценериалары туды. 1958 жылы некеленді. 1960 жылы Кубадағы баспасөз агенттігінде тілші болды. 1961 жылдан 1967 жылға дейін Мексикада қоныс аударды. Әр кәсіптің шоқтығына сипап, алуан пікір-бағам түю оның кейінгі шығармашылығына байтақ кеңістік сыйлағандай. Жазушылыққа шындап кіріскен шағында қаламынан «ел ағасының еңкейген шағында», «боларын күн ілгері сезген бір өлімнің тарихы» сияқты романдар туды. Кемел шағына келгенде, бір жарым жыл шұқшиып, алуан сырлы, көсем туынды «ғасырлық құлазуды» жазып тамамдады. 1967 жылы бұл роман Аргентинада жарық көрген соң, арт-артынан басылды, көп тілге аударылды. Таралымы миллионнан асты. Аралда жазылған асыл туынды көгілдір мұхитты көктей өтіп, тайфун дауылындай жұлқынып құрлыққа шығып, шалғайға қанат қақты. Осынау жер шары атты жұмыр ғаламдағы иісі адамзаттың ортақ арманын, ниетін, түсінгін, түйсігін бір арнада тоғыстырған сүбелі туынды «ғасыралық құлазу» 1982 жылы Нобел әдебиет сыйлығын алып тынды. Маркес мәртебелі сыйлықты алғаннан кейін, Франсия-Испания тіл-мәдениет комитетінің төрағалығына тағайындалды. Осыдан кейін әлем халықтары аталған романды қайталап бастыру, аударудың ұлы үрдісіне ат қойды. Қазірге дейін 70 неше тілге аударылып, таралымы неше он миллионға жетсе де, оқырманы сеңдей соғылысып сусап жүргені рас. 17 жасында ойға алған туындысын шерік ғасырға жуық уақты санасында сан толғатқан қаламгердің ұлы бастама жаратудағы ұстамдылығын аңғартады. Ғаламат туынды дүние есігін ашқанда, ғұлама сыншылар «сыншыл реализмді білсек те, тылсым реализмен бейхабар едік» деп жағаларын ұстауы Маркес жасампаздығының қазіргі заманғы әдебиет ағымын бұзғанын талассыз дәлдесе керек. Көтерген тақырыбы жаңа, ойы тың, қатпары қалың, оқиғасы шытырман, сорабы соны, тілі жұтынған, адамзат әдебиет қазынасына өзіндік бөгенайымен қосылған заңғар жазушы Маркес1999 жылы жазушы лимфа рагына шалдықты. Бұл оның жазушылықпен шұғылдануына ауыр кедергі болды. 2014 жылы 17 сәуір жарық дүниемен қоштасты. Ғаламның әр қиырындағы ақпарат медиалары, әдебиет қоғамдары жазушының өмір тарихы, көшірмесі, әдебиеттегі үздік үлесін еске алды.
Габриел Гарсия Маркес шығармалары Қытайда арт-артынан аударылып, әдебиет сүйер қауымның, оқырманның сусауын басты. Сыншылар үздік бағаларын берді. «Ғасырлық құлазу»《百年孤独》) романы қытай тілінде 11 түрлі нұсқамен аударылыпты. Ал, қазақ тіліне Кеңес одағы кезіндегі Кеңес Юсупов «Жүз жылдық жалғыздық» деген атпен таржымалады. Осы нұсқа кейін «Шинжияң халық» баспасынан еш өзгеріссіз А. Байтұрсынұлы жазумен басылып, Қытай қазақ оқырмандарының керемет шығармадан нәр алуына мүмкіндік әперді.
Оқиға ғаламнан оқшау ортадағы Макондо қыстағынан өрбиді. Баспана ұстамай, мал бақпай, жаһанды кезіп тірлік ететін сыгандардың табаны осынау иен қыстаққа алғаш тиеді. Қыстақтағы мешеу тұрғындарды техника құдіретімен есеңіретеді. Магнит кесегімен темір-терсекті сарт-сұрт жабыстырып Макондолықтардың басын айналдырады. Жерлік тұрғындар тумысында естіп-білмеген ұлғайтқыш айнаның хикметін көргенде, сырлы айнамен жау бетін қайтарсақ деп армандайды. Міне мұнан шапқыншы елдердің Латын Америкасындағы елдерге жасаған сұғанақтығы, елін, жерін қызғыштай қорғаған жерлік тұрғынның ыстық ынтасы аңғарылады. Тамылжыған келбетін, қасиетін айнымай сақтаған табиғатты адамзаттың өз қолымен ойрандауының алғашқы бастамасындай сезіледі. Хосе Аркадио Буендиа (буендиа ــ әулет аты, Макондоға тұңғыш қоныстанған адамзат тұқымы) сығандар әкелген хикмет нәрселермен тылсым дүние қызығын көрем деген ойдан безіп, Макондо қалашығын жаңалыққа толы өңірмен тұтастыратын жол салуға ауылдастарын шақырады. Ел ауызындағы аңызды арқа тұтып, жабдықтарын дайындап, әлмисақтан адам ізі түспеген орман ішімен шығысты бетке алып жолға шығады… Сапар сәтсіздікпен тындым болады. Мұнан да тамаша бір өңірді көрсек деген армандары толастамайды. Міне мұнан адамзаттың дүниені өзгертіп, ғарышқа талпынған арманын аңғаруға болатындай. Жаһанның қайталанбас жаңалықтарын алға тартқан сығандықтар әр жылдың наурыз айы туылысымен Макондоға келіп, тұрғындарды есінен тандыра береді…. Макондоға алғаш ірге тепкен Испандардың, Португалдардың ұрпағы, немерелес туыс келетін Хосе Аркадио Буендиа мен Урсула некеленсе де, құбыжық бала туылуынан алаңдайды. Дәл осы тұс халқымыздың жеті ата араламай қыз алысып-беріспейтін тамаша салтын ғылым дәлеледейді. Жан иелерінің өсіп-өрбуіндегі заңдылықты ишаралайды.
Құймышағы қоқайған бала туылудан қорыққан Урсула күйеуін төсек ләззәтінән мақұрым етеді. Әйелінің бұшпағы қанамағандығын ел алдында бетіне басқандығы үшін, Хосе Аркадио Буендиа Агилиар есімді жігітті өлтіреді. Ал, оның аруағы қайта айналып олардың мазасын алады…. Осыдан соң, «жерұйық» іздеген ұзақ сапарда Урсула сау денелі балаға босанады… Осы кезде сығандар Макондоға ұшпа кілем әкеліп елді дүрліктіреді. Осылайша жазушы қаламы болымысты арғы аңызбен шебер ұштасып, шешім тауып жатады. Макондада туылған Буендиалардің тұңғыш ұрпағы Хосе Аркадио напсіқұмар әйел Пилар Тернерамен, сыған қыздарымен көңіл қосады, ақыры сығандармен ілесіп, зым-зия жоғалады. Ұлын іздеген Урсула айдан астам уақыт жүріп, тұрмысы шалқыған шаһар тірлігінен тамсанып оралады… Қызықты һәм сырға жүкті оқиға ары қарай жалғасады. Макондо күн сайын гүлденеді, басқа даргайда жасаған адамдар тұс-тұстан ағылады, Макондо орманмен шымқанып, алуан құстар сайрайды, сауда қызып, салиқалы тұрмысқа шомады… Аяқ астынан қалашықты ұйқысыздық, ұмытшақтық ауруы меңдетеді. Сиқы кетіп сенделген тұрғындар өз есімін де ұмытып қалады. Басқа тайпаға жұқтырмаудың амалы ретінде қалашық кіре берісіне қоңырау іліп, «Макондо» деген жазуды бадырайтып жазып қояды. Барлық заттың атын тұсына жазып тастайды. Сиырдың мойынынан асылған тақтайшаға мынадай сөз жазылады: «мынау сиыр, сиырдан сүт сауылады, сиырды әр күні тәңертең сауған жөн…» . Ақыры Макондолықтарды бұл дерттен Хосо Аркадионың ежелгі досы Маликадес құтқарады. Урсуладан туған Аруелиано есімді жігіт күніне жетпіс еркекті жолға салатын Мулан есімді әуейі қызбен некелене жаздайды. Аруақтар арасынан қайта тіріліп келген әнбиелер осы дүниеде енді болатын өзгерістерді маңыратады. Меликадес есімді сыған шал адам баласы байыбына барып болмайтын алашыбар қағазды көтеріп келіп, пәнни мен бақи арасын жалғаған тылсым болжамдарды сыдыртады. Хосе Аркадио Буендиа санасында уақыт жүрісінен жаңылып тоқтап қалады. Ұзамай желігіп аурып, ауылдастары талшын ағашының түбіне байлап тынады. Ол жарты ғасырды талшын ағашының түбінде өткізеді. Киімдері іріп, үстін мүк басып, жыл он екі ай оны далада отыруға итермелеген зайыры қандай күш?! Жарты ғасыры әділет жолында күреспен, жарты ғасыры талшын ағашы түбінде құлазумен өтіп, о дүниеге аттанған Хосе Аркадио Буендианің ел басқарған егей, жауын жайратқан хас батыр, әулие тұлға екенін өзгеше наным тұрғысынан былай кестелейді: «… Ағаш табыт жасау үшін марқұмның денесін өлшеп жатқан кезде, кесек сары гүлдер көктен нөсерше төпеп жауып тұрған еді, сол гүлдер түн бойы жауып, көзкөрім алқапты көміп тастады. Жанды-жансыз нәрселер түгел сары гүлдің астында қалды…» . Гүлдер неліктен жауады? Неліктен сары гүлдер ғана жауады? Жанды-жансызды басып тастауы қалай? Мұны зерттеп-зерделеуге татитын сияқты.
Еркін тұрмысты аңсаған жерлік тұрғындар мен сұғанақ тайпалар арасында соғыс туылады. Соғыста тығырыққа тірелген еріндікшілер тағдыры былай суреттеледі: «полковник Хосе Аркадио отыз екі рет қарулы көтеріліс жасады… Соның бәрінде жер қауып жеңілді де отырды… 17 әйелден 17 ұл сүйді, ұлдарының бәрі түнде өлтірілді… Өзі болса 14 рет қастандықтан, көзін құрытпақ болған 73 бөгеттен, бір рет артылудан аман қалды….» . Аркадио Макондоны жанын сала қорғағандығы үшін өлім жазасына үкім етіледі. Капитан атуға бұйрық береді. «жексұрындар, еркіндікшілер партиясы жасасын!!» деп айғай салады. Міне бұл Аркадионың ғана емес, ата мекені шапқыншылардың ат тұяғына тапталған мыңдаған еркіндікшілердің ортақ үні еді. !
Түсініксіз бірдемелерді шұқылап, екі дүниенің арасын күбірмен жалғап отыратын, өлген соң да пәнни дүниенің жайын, бақи дүниенің ілгеріде боларын болжап отыратын Меликадес аруағы екінші Аурелианомен жолығады. Көне жазбалардың сырын ашуға ынтыққан екінші аурелияноға «бір ғасыр толғанша бұл жазбалардың сырын ешкім аша алмайды» дейді ол. Бұл ـ бір ғасыр жалғыздықтан жабыққан, азапты да қым-қуыт кешірмелерді бастан кешірген бір әулеттің тағдырын тым ерте болжаған қолжазба еді. Мұнан автордың романның өзекті идеясын ашу шеберлігін, еркіндікшілердің аянышты тағдырын бейнелеудегі өзгеше тұрғысын, қиялизмдік өресін; жұмбаққа толы ғаламның адамзат болжап болмаған, ғылым-техника әлі де сырын ашып жетпеген кеңістіктері барын аңғартқандай.
… Макондоға тас жол тартылады, мөңіреп пойез жетеді, кино фильмдер қойылады, телефон жалпыласады. Бұл ара тұс-тұстан ағылып кірген бөгде тұрғындар тұрағына айналады. Бұл ـ Латын Америкасы даласының отаршылықтың билеп-төстеуіне өткен мезгілі еді. Ғаламат өзгерген осы топырақта өзін мерт еткен ессіз махаббат, еліп еткенге желіп етіп құлайтын көзсіз махаббат, ұзағынан сүйіндірген мәуелі махаббат, тән құмарлығын басуға ғана ынтыққан әуейі махаббат, мақсатын орындау үшін ғана иліккен әдейі махаббат, кір шалмаған пәк махабаттар төбе көрсетеді. Солардың бірі Урсуланың немересі әсем Ремедиос. Оның ай жамалы, шексіз адал жүрегін, кіршіксіз тәнін құлай сүйген офицер терезе түбіне келіп көз жұмғанда, «түктен түк жоқ өліп жүрген мынауың ақымақтың шай қалтасы ғой!» деп таңырқайды әсем Ремедиос. «… Әлде бір жат жұрттық жалаңаш тұрған Ремедиосты көріп, таңғажайып көріністен тынысы тарылып, есінен танып қала жаздады» «… Дәл осы сәтте, мынау шарапатты желдің құдыретін түсінген Урсула қалықтаған ақ жаймалардың ортасында қол бұлғап қоштасып бара жатқан әсем Ремедиосқа көз салды. Ол лезде жер бетінен алыстап, аспандағы заңдылығы басқаша бір ғаламға қарай кете барды… Ел болып шулап бұл сұмдықты сан-саққа жүгіртті…» «әсем Ремедиос кеткеннен кейін бірнеше сағат бойы ауада қалқып тұратын беймаза рух, ындынды қоздыратын бір леп есіп тұрды. Махаббат азабын тартып, әлемнің әр елінде сүйіспеншілік дәмін татып көрген еркектер бір ауыздан ‹әсем Ремедиостың бойынан таралатын табиғи иіс туғызатын сезімді ешқашан, еш жерден бастан кешкен емеспіз десті….›» . Бұл сірә қандай махаббат? Шынайы махаббат азып, адамшылық жер бетінен арыла бастағанда, кіршіксіз, шынайы сүйіспеншілік, сезім осылайша басқа бір пәк дүниені аңсап самғап кететін шығар. Қалай дегенмен мұнан жазушының қалам қуатын, талғампаздығын, ойын бейнелеудегі шеберлігін аңғарғандаймыз. Әсем Ремедиос сірә ненің симовлы дегенге әркім әр қалай тұспал жасап, шешім қабылдар! Бұл алдағы күндегі оқырман, зерттермендердің талғамында…
Осыдан соң ағайынды Аурелианолар шекесіндегі өшпес крест белгіден оқ дарып арт-артынан о дүниеге аттанады. Урсула кусеп қартайып, көзі суқараңғы тартып мүсәпір халге түседі, уақытын білсе болды, қай заттың қай арада тұрғанын дәп басып айтатын ғажайып қасиет дариды. Өз кезінде оның жатырында жатқан баланың сұңқылдап жылаған дауысының құдайға жетуінің өзі бір ғажап. Бір ғасыр азап-ауыртпалықты үнсіз арқалағанда көкірегіне ұйыған ашты өксікті ағыл-тегіл ақтарғысы келіп аһ ұрады. Амарантаның өлімін күн ілгері сезуі, жақын арада жалмайтын ажалға байсалды мәмле ұстануы, табыт дайындату үшін денесін өлшетуі тым сырлы…. Романда тағы «кісіні мас ететін махаббат құмары тек төсектен ғана тарқайды» сияқты анайы, тұрпайылау диалог, пайымдаулар көлденеңдейді. Бір қырынан қарасаң, «ұлы сөзде ұяттық жоқ» дейтін халық тағылымын еске салады һәм ашты шындықты, өмір заңдылығын оқырманға бүкпесіз жеткізеді.
… Макондода хикмет өзгерістер туылады. Тілі, діні бөгде жандар көбеймесе, кемімейді. Ұры-қары молаңдап, жыныстық әуейлік асқынады, жұртты үрей билейді. Долыхана, шарапхана, құмарханалар молығып, жұрт санасын улайды. Жұмысшылардың алал еңбегін жеп, ақысын қымқыратын жүгенсіздік асқынып, наразылық күшейеді. Жерлік тұрғындар анда-санда ереуіл өткізеді. Қайшылық ушығып қан төгіске айналады. Үкімет жағы жазықсыз халқты поиз аялдамасына жинап, оққа ұстайды. Мынадай суреттеу беріледі: «алдыңғы лекте келе жатқандарды пилемот оғы бауша турады… Есі шыққан адамдар сеңдей соғылысты… Тынымсыз төгілген оқ қалың шоғырды турап азайта бастады…» . Соғыс өрті өршіген отар елдегі нәубет күн, қаламгер жүрегін сыздатып, әділетсіздікке қарсы күрескен бейуаз халықтың жарнамасындай жүрек түкпірінен саңқылдап оқылады. Поез аялдамасында қырғын тапқан үш мың адам мүрдесі 200 поезбен түн қатып теңізге тасталады. Қанды оқиғаның бірден-бір тірі куәгері шала-жансар қалып поездан секірген екінші Хосе Аркадио еді… Осыдан кейін жаңбыр толассыз бес жыл сіркірейді, сұрапыл дауыл аспан астын сілкілейді. Макондода зинақорлық, әуейлік асқына түседі. Мұнан біз жазушының зауалға беталған қоғамдық ортаның халын табиғат құбылысымен шендестіруге құлшынған ыңғылын, ойын бейнелеудегі өрелілігін танимыз.
Ұзақ жауын-бораннан кейін жер-дүниені қаракүйе, қызыл құмырысқа, тарақандар басады. Жайнаған гүлдер иісі қолқаны қабатын сасыққа өзгереді. Түнгі аспанды нұрға бөлеп дөңгелек пішінді заттар ұшып өтеді. Тәлтүстегі ыстықта құстар топылдап жерге түсіп, өлекселері жерге симай кетеді. Үрейлі жайларға елдің есі кетіп, бастары қатады. Макондоның қайнаған ортасы құлазыған күй кешеді. Ол аз болғандай, кесерткі, өрмекші қаптайды…. Роман соңында Макондодан табанын ерте жалтыратқан қарт жұртта қалған жас достарына: «Макондодан кетіңдер, өткеннің бәрі өтірік, бүгінгі нәрсе ертең қайтып келмейді. Бір өткен көктемнің екінші оралмайтынын ұмытпаңдар…» деп қалам тербейді. Ұзамай Макондода ессіз ғашықтар ـ Аурелиано мен Амаранта-Урсула ғана қалады. Олардан туылған Буендиалардың соңғы ұрпағы дүние есігін ашып, ұзамай қызыл құмырысқаларға жем болады. Қайғы меңдетіп, дүниеден торыққан Аурелиано есеңгіреген шақта Меликадестің құпия жазуының алтын кілтін қолына түсіреді. Онда «тұңғыш ұрпақ ағашқа мәңгі байланар, соңғы ұрпаққа бар құмырысқа сайланар» деген сөз шалынады. Киіз кітаптан өз әулетінің тағдырының айна-қатесіз болжамын оқып қайран қалады. Сырдырта оқып, өз көшірмесін ұғып біткенше қарақұйын Макондоның ойранын шығарып, қарасын өшіреді.
Роман осылай бір әулеттің ғасырға жалғасқан құлазу кешірмесін шебер ақырластырып, күллі адамзатқа ой салумен тынады. Мен мынаны бағамдадым: адамзат қоғамы пайда болып, кемелденіп, дамып, гүлдену дәуірінің ұшпа биігіне шыққанда, ғаламат жойқын өзгеріске ұшырайтыны, әуелі құлдырап нөлден басталатыны айтылып та болжанып та жүр. Арғы аңыздағы «топан су қаптаған кездегі Нұхтың кемесі табылыпты» сияқты дақпырттардың жаны бар сияқты. Басқасын айтпайық, Египеттегі Перғауын моласындағы (пирамида) хикметтер құпиясын қазіргі ғылым-техника күші әлі ашып болмады, кей тұстарына болжам жасаумен ғана келеді. Соның бірі, өз тұсында адамзат қоғамы керемет дамуды бастан кешірген, ғылым-өнер таңғаларлық дамыған, түрлі сеппен қайтадан құлдырау дәуіріне түскен деген тұспал. Бұл иә шын, иә ой жота пікір болар. Қалай дегенмен Маркес қаламы әне сондай, алда болатын, болу мүмкіндігі бар, қоғам даму барысында туылу мүмкіндігі күшті жойқын өзгеріспен көркем шығармасын тамамдап, бізге бір сыр ұшығын аңдатады.
Шынайы кешірмені артқы көрініс етіп, қияли реализм тәсілімен жазылған романдағы кейіпкерлердің өмірі соғыс, отарлық үстемдік салдарынан құлазумен, қамығумен өтеді. Қуаныштан гөрі аянышты кешірмелер олардың алдынан жиі көлденеңдейді. Мұндағы басты құлазу ата мекендері отар елдің жауыз тырнағына ілінген жерлік тұрғындардың аһ ұрған күрсінісін; онан қалса ежелгі көркем мекеннің құты қашып, сүрепетінен айрылғаннан кейінгі сүреңсіз кеспірін меңзейді. Ал, жүз жыл дегеніміз біздің танымымызда бір ғасыр. Сол себепті, аударып болған соң, автордың айтпақшы ойы, романның көтерген тақырыбымен сәйкестіріп, темесін «Ғасырлық құлазу» деп қойдым. Бұрын оқырман атын естіп елеңдесе де, қолына алып оқығанда ұғымға күңгірт, тілге ауыр кейіпкер аты, шытырман оқиға, күрделі тілдік бейнелеу тәсілі, қиял-ғажайыпқа толы тұрмыс ортасы суреттелген аты шулы шығарманы аудару салмағы маған бірден оңай түскені жоқ. Басынан аяғына дейін әсілгі нұсқаны дұрыс, өз әйінде бейнелеуге шұқшидым, онан қалса автордың қалам стилин сақтауға, бейнелеу өзгешелігін көрнектілендіруге, тілін саралауға зең қойдым.
Мейлі қалай болсын, «аудармашыـең үздік оқырман» дегендей, аудару барысында автормен, кейіпкерлермен сыр бөліскендей болдым. Сонау алыс аралдағы елдің тарихы, жағрапиясы, ғұрпы, кешірме, түсінгі, танымы әр қалай адамдарды өзімше түсіндім, бағамдадым. Қалам тербеудің, соныға соқпақ салған қаламгер хикметіне куә болдым. Сонда маған бір ой келді: «қан алмастыру ـ бір ұлтты ғана емес, күллі жан иесін сапаландырудың негізі, Маркес ـ Макондоға басып кірген шапқыншы ұлттармен тоғысу, қан алмастыру барысында туылған ұрпақ, әрине оның гені керемет, өзі кемеңгер, кемеңгер тұлғадан кесек туынды туылды!». Романның ұзын ырғасын, өзгеше тұстарын, кейіпкерлерін, дәуір бөлгіш кезеңдерін, ерекше өзгерістерді тілге алуым, оқырмандарға шығарма жөнінде түсінік бере кету үшін. Бір мақаламен кесек шығармаға толық қанды баға беру қиын. Әрине, есті оқырман аталған роман жөнінде мұнан да кемелді пайым-бағамын жасайды деп сенем. Әлемнің қиыр түкпіріндегі бөгде ұлттың шығармасы оқырманға бірден балдай батып, судай сіңуі қиын. Ынта қойып оқыса, көндігер, түсінер, ой түйер деп сенеміз! Көсем шығармаға бағаны кезі келгенде оқырман сұратпай берер, авторды да, аудармашыны да өз орнына қояр.
Қалтай Оразбекұлы
№3
О. Бөкей шығармаларындағы әлемнің ұлттық бейнесі
Халықтың ұлттық түсінігі мен тілі арасындағы өзара байланысын зерттеуге деген қызығушылықтың туындағанына бүгінде бірнеше ғасырдың жүзі болды. Аталмыш мәселе, сонау ХІХ ғасырдың өзінде Ф.Ф. Фортунатов, Г. Шухардт сынды орыс ғалымдарының еңбектерінде қарастырылса, кейінірек А.А. Шахматов, К. Фосслер, А. Мартине, У. Вайнрайх, Ш. Балли, В. Матезиус, Б.А. Серебренниковтардың еңбектерінде жалғасын тапты.
Соңғы жылдары «әлемнің көрінісі», «әлем бейнесі» сынды сөз тіркестері ғылымның әр түрлі саласында кеңінен қолданыс тауып жүргені байқалады. Әсіресе, бұл тіркестер психология, мәдениеттану, лингвистика және әдебиеттану сынды ғылым салаларында жиі кездеседі. Алайда, әр сала ғалымдары аталмыш сөз тіркестеріне өзіндік түсініктеме беруде. Сондықтан да «әлем бейнесі», «әлемнің көрінісі», терминдерінің өзі нақты анықтама беруді талап етіп тұрғандай. Әсіресе, бұл филология мен мәдениеттану салалары үшін бүгінгі таңдағы аса маңызды мәселелердің бірі болып табылады десек, артық айтпаған болар едік. Оған себеп, аталмыш тақырып аясында зерттеу жүргізуге ниет танытушылар осы ғылым саласында көптеп кездеседі.
Ең алдымен О. Бөкей шығармашылығындағы әлемнің ұлттық бейнесі жөнінде сөз қозғамас бұрын, «әлем бейнесі» терминінің туындау тарихына назар аударғанымыз жөн болар. Деректерге сүйенер болсақ, «әлем бейнесі» жөніндегі түсінік ең алғаш Л. Витгенштейннің «Логико-философский трактат» атты еңбегінде сөз етіледі. Өз еңбегінде ол тілдің әлемге қатысын талдауға тырысады. Кейінірек «әлем бейнесі» антропология мен семиотикаға Л. Вайсгербердің еңбегі арқылы мәлім болды. Сонымен қатар алғашқылардың бірі болып аталмыш терминді өз еңбектерінде пайдаланған белгілі неміс ғалымы Генрих Рудольф Герц пен Нобель сыйлығының лауреаты Макс Планктың есімін атап өткен жөн болар. М. Планк өз еңбектерінде әлемнің ғылыми бейнесі мен әлемнің практикалық бейнесі жөніндегі мәселелерді сөз еткен болатын. Бүгінде осы тақырып аясында қалам сермеп, зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдардың еңбегінің нәтижесінде әлем бейнесі жөнінде тың дүниелер жалпыға мәлім болып, оның сан түрлі қырлары анықталуда.
«Әлем бейнесінің қанша түрі бар?» – деген мәселеге тоқталар болсақ, әлеммен тікелей байланысқа түсуде қанша бақылаушы болса, сонша әлем бейнесі бой көтереді деп толық сеніммен айта аламыз. Әлемге назарын тігіп, оның өзіндік бейнесінің суретшісі ретінде, атап айтсақ: біріншіден, жеке адамды (эмпирикалық субъект); екіншіден, жеке адамдар тобын (ұйым); үшіншіден, жеке халықты (ұлт); төртіншіден, жалпы адамзатты атай аламыз. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенер болсақ, жоғарыда аталған әлем бейнесінің «суретшілері» арасында да бірнеше сапалық айырмашылықтар бар, олар: ересек адамдар мен балалар; ақыл есі дұрыс адамдар мен психикалық ауытқуы барлар; бүгінгі күннің өркениетті тұлғалары мен ежелгі архаикалық көзқарасты адамдар. Осыған сәйкес әлем бейнесін үш түрге бөлуге болады: бірінші, ересек адамдар мен балалардың әлем бейнесі; екінші, ақыл есі дұрыс адамдар мен психопотологиялық әлем бейнесі; үшінші, «өркениетті» және архаикалық әлем бейнесі.
Демек, әлем бейнесін зерттеп, ұғыну үшін аталмыш мәселені гносеологиялық тұрғыдан, яғни танымдық тұрғыдан қарастырған жөн болар. Себебі, «әлем бейнесі» дегенде жалпы болмыс жөніндегі қоғам (сонымен қатар топ пен жеке тұлға) санасында қалыптасып, шоғырланған білімдер жинағын атаймыз. Осы сынды зерттеулер мен ғылыми ойқорытындыларды негізге ала отырып, орыс ғалымы, профессор З.Д. Попова өзінің «Язык и национальная картина мира» атты еңбегінде әлем бейнесін зерттеу барысында екі топқа бөліп қарастырған болатын. Олар, әлемнің тура бейнесі мен әлемнің жанама бейнесі. Одан әрі ғалым әлемнің тілдік бейнесі, көркемдік бейнесі, когнитивті бейнесі және әлемнің ұлттық бейнесі сынды мәселелерге жеке-жеке тоқталып өткен. Дәл осы әлемнің ұлттық бейнесі қазіргі таңдағы көптеген мәдениеттанушылар мен филология саласындағы зертеуші ғалымдардың назарындағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осы бағыттағы сапалы зерттеулердің бірі ретінде С.В. Шешунова, Т.Е. Смыковская сынды орыс ғалымдарының еңбектерін ерекше атап өтуге тұрарлық.
Жоғарыда аталған ғалымдардың еңбектерімен таныса отырып, белгілі бір жазушы прозасындағы «әлемнің ұлттық бейнесі» жөнінде сөз қозғалғанда, ғалымдар негізінен прозадағы ұлттық ерекшелікті, атап айтсақ ұлтқа тән мінез, өмір сүру ерекшелігі, ұлттық менталитет, орта, табиғат, образ-символдар, күнделікті қолданыстағы ұлттық нақыштағы заттарға, салт-дәстүрдің жазушы шығармасында көрініс табуына баса назар аударатындықтары айқын байқалады. Мұның бәрі жазушы прозасындағы әлемнің ұлттық бейнесін ғана емес, сонымен қатар жазушы санасындағы әлемнің жеке авторлық бейнесінен де суреттік кескіндеме береді деуге болады.
Г.Д. Гачев өзінің «Космо-психо-логос» атты еңбегінде «әлем бейнесі» деп адамның өзін қоршаған өмір сүру ортасына бейімделу процессін атаған болатын. Адам санасында әлемнің образдық бейнесі қалыптасқанда ғана адам тіршілік етуге бейімделе бастайды. Қазақ халқының көшпелі өмір сүру салты көшпелі мәдениеттің және сонымен қатар көркем әдебиет пен философияда көрініс табатын әлемнің көшпелі бейнесінің қалыптасуына ықпал етті. Бастысы бұл мәдениет сол көшпелі халықтың дүниетанымына, табиғатқа деген көзқарасына, ұлттың өзіндік мінез-құлқы мен менталитетіне өзгеріс енгізді. Осыған орай Г.Д. Гачев көшпелі халықтың сабырлылығы, толеранттылығы, философиялық ойтолғаныстар толқынының бір қалыптылығы, табиғат пен адам арасындағы байланыс сынды қасиеттерін ерекше атай отырып, көшпенділер мекенінде жеке «мен» деген түсінік пен табиғатқа адамның үстемділік жүргізуі мойындалмайтынын, бірақ рулық қатнас пен ата-жұртты ардақ тұту аса маңызды орын алатыны жөнінде айтқан болатын. Міне, осындай ұлттық ерекшеліктер көрініс тапқан көркем туындылар бүгінгі таңда әлемнің ұлттық бейнесі төңірегіндегі мәселелерді тереңінен зерттеуге итермелеуде, және де мұндай зерттеулер дұрыс зерттеу әдістерін пайдалануды талап етеді.
Әлемнің ұлттық бейнесін анықтау барысында ұлттық ерекшелікті танытып, айқындауда образсимволдардың орны ерекше деуге болады. Себебі кез келген ұлттық әдебиет белгілі бір дәрежеде өзіндік образ-символдарға бай болып келеді.
Символ грек тілінен аударғанда «symbolon» – танымдық белгі, таңба деген мағынаны білдіреді. Ол лингвистика, логика, математика ғылымдарында таңба ұғымын берсе, өнерде, философияда нәрсенің, құбылыстың қасиетін, сыр-сипатын бейнелеп, астарлап білдіретін әмбебап эстетикалық категория болып табылады.
«Символ көркем бейне мен ұғымның аралығында екеуінің де қызметін атқара алады. Алайда символ ұғымнан гөрі астарлы мағынаға бай, ал көркем бейнеден гөрі нақтылы мәнге ие. Символдың символикалық формасы сақтала отырып, ишаралайтын нәрсесімен салыстыра тану барысында көпқырлылығы ашылады, бұл оның ерекшелігі болып табылады. Ал символдың табиғатына тоқталар болсақ, ол мағынасын ашып, түсінуді қажет етеді. Сондықтан да өзіндік таным, тіршілігіне байланысты белгілі бір символдар тілінде түсінісетін топтың қалыптасуына мәжбүрлейді. Символ астарлы мағынаға бай болғандықтан әркім өзінің ұғым-түсінігінің дәрежесіне сай тереңдеп түсініп, өз мүмкіндігіне лайық қажетті мәнді табады».
Әдебиеттануда да символдың орны ерекше. Белгілі ғалым Зейнолла Қабдоловтың пікірінше:
«Символ – бір нәрсені, не құбылысты тура суреттемей, бұларға ұқсас басқа бір нәрсеге не құбылысқа құпия теліп жасыра жарастырып, бүкпелей бейнелеу, ойды да ашық айтпай, тартымды тұспалмен түсіндіру. Мұның өзі ой мен образға астыртын, бұлдыр мағына береді деу де қате: ең бастысы – символ сөз өнерінде көркем кестеленіп отырған шындыққа әсем ажар, байсалды философиялық астар береді, шығармаға біртүрлі сыршыл сипат бітіреді. Астарлы шығарманың идеясы жалаң, жалаңаш көрінбейді, автордың ой толғаныстары арқылы көңіл ұйытып, көкірекке терең ұялайды» [2, 87].
Осы орайда символдар өте сәтті әрі айшықты түрде өрілген Оралхан Бөкей прозасындағы ұлтқа тән мінез-құлық пен ұлттық дәстүрдің сақшысы ретінде бейнеленген образ-символдар дәлел бола алады. Мысалы, «Қар қызы» повесіндегі шынайылық пен елес үйлесім тапқан Қар қызы, Жетім ботадағы ескіліктің сақшысы Ақбота, «Мұзтау» әңгімесіндегі Ақтан бейнесі, Айқайдағы Аспан-шал барлығы да тылсым дүние мен шынайы болмыстың бір арнаға тоғысуынан туындаған ерекше бейнелер десек артық айтпаған болар едік. Осындай моральдық-этикалық бейнелер ұлттық менталитеттің тереңінен танылуына мүмкіндік береді. Осы образдардың барлығы ұлттық дәстүр жанашырлары болып табылады. «Оралханды өз биігіне шығарған, «Бөкеев нағыз талант» дегізген шығармасы – «Мұзтау» повесі. Міне, дәл осы шығармасынан бастап Оралхан Бөкеев қоғаммен, оның кереғарлығымен, адамзатқа қасірет әкелетін сойқанды іс-әрекеттермен тайталасқа түседі. Бөкеевтің мәңгіге бітпес айтысы басталады. Міне, осы «Мұзтаудан» басталған қоғам кереғарлығымен Бөкеевтің жекпе-жегі оның қалған ғұмырындағы шығармаларының лейтмотивіне айналғаны рас. Аршалы. Қазақ жерінің күншығыстағы сіргежинар пұшпағы. Жұрты екі-ақ күнде көр-жерін буып-түйіп бел асып, бошалап кеткен, әдірем қалған мекен. Мылқау шешесімен Ақтан ғана қалған. Тағы да бір Ақтанның мұңдасы, тіршілік иесі бар, ол арса-арсасы шыққан Шағырқасқа. Оның да терісі қанжар жүзіндей боп жұқарған, жүдеген. Мынау мүлгіген мылқау тірліктен Шағырқасқа да әбден зәрезеп болған: алқа салқасы шығып жылағысы,
белгісіз бір шулы өмірге күңірене кісінеп еніп кеткісі келетін. Бірақ ондай шылбыр үзер тентектікті Шағырқасқаға кім беріпті?! Қайта мынау меңіреу тайгадағы өзі салған, өзі мың сан таптаған сүрлеуімен митың-митың тапырақтағанына, тірлік етіп жүргеніне риза болсын. Жылқы да болса өз әулетінің тым жуастығына, тым көмпістігіне іштей қан түкіре налитын. Екі аяқтылардың еркіне көндім дегенің, табиғат берген тәуелсіз тірлігіңнен айырылдым деген сөз. Анау жылы бір тентек суға тойып алған, зәр жіберер долы Екі аяқты мұның көзін шұқып та алған. Шағырқасқа аталып жүргені сондықтан, Шағырқасқа екіаяқтылардың қолынан күніне сан рет жем алып жүрсе де оларға сауырын сипатпайтын бұғы, маралдардың ерлігіне қызығатын, Аршалының самырсынды бір сайында туып, соның ғана төсін дүбірлетіп келе жатқан Шағырқасқаның қиялы да қысыр қалған. Аршалы көгінің көкжиегін көмкерген әнеу бір, қол созым жердегі түкті төбемен шектелген. Шіркін, бұғы маралдардай тәуелсіз болсам-ау дегенді ғана армандайды.
Шағырқасқаның үстіндегі иесі – Ақтан да жалқы. Жалғыз. Жартылай аң, жартылай адам. Табиғилығына түрен түспеген пенделердің соңғы тұяғы. Өрелдегі өңезкеуделердің Аң атап жүргені де сондықтан. Олардың ойынша қулық, сұмдық, аярлық, алааяқтықты меңгермеген жан – Аң» [8].
Осы шығармадан шығар ойқорытынды Оралханға өз шығармасында халқымыздың ұлттық ерекшелігін, атап айтсақ елге, жерге деген махаббатты, дәстүрге деген беріктікті өзгелерге таныту үшін, бар болғаны бір бейненің өзі жеткілікті болғандай әсер қалдырады.
Дәстүрге деген беріктік тақырыбы одан әрі жазушының «Жетім бота» повесінде де жалғасын табады. Повестегі Ақбота образын автор жаңа заманның жаңа адамы Тас (Тасжан) образымен салыстыра отырып, қалың ғасыр көшімен келген ескі дәстүрдің бүгінгі мекені, қазақтың байтақ даласы емес, жаңашылдықтың көлеңкесі екендігін еске салады. Есімін заманға сай өзгертіп атайтын сәулетшінің сырт келбеті, өмір сүру салты, киім кию мәнері барлығы да қарт Каспийдің жағасында бой көтерген тас қамалға жалғыздықпен тойтарыс беруге тырысқан, ұлттық дәстүрдің ұшқыны Ақбота бейесінен мүлде өзгерек. Көкке қарай қол созған алып қамалдар арасымен, қолында қалған жетім ботасын жетегіне алып, күнделікті серуен құратын қыз бейнесі арқылы автор жаңа кейіптегі заманның ескі дәстүрді жетімсіреткендігі жөнінде айтқысы келгендей.
«Аға, сіз салған қала мені Маңқыстаудың маң даласынан қуып келе жатып, теңізден сескеніп, серейіп-серейіп қатып қалған кірпіш пен тастан жаралған алып адамдар секілді қоқынышты... қорқынышты...» Бұл автордың әлемнің ұлттық бейнесін суреттеудегі өзіндік шеберлігі. Тасжан образы – жаңашылдықтың символы болса, жетім қалған бота мен Ақбота бейнелері – қатагез жаңа дәуір шеттеген ұлттық құндылықтар жиынтығының символы іспетті. Осындай образдарды пайдалана отырып, жазушы ұлттық менталитетті танытудың айнымас айқын әдісін тапқан. Бетпақдалада аспанмен таласа бой көтерген зәулім қалалардың ата дәстүрді ығыстыруына өзіндік күресі ретінде аталмыш кейіпкер де басты қару – жалғыздықты таңдайды. Алайда, осы жалғыздықтардың астарында бір жағынан ұлтқа тән момындық, жанашырлық сынды қасиеттер мен мұндалап тұрғандай болса, екінші жағынан қоғамға қарсы жалғыз тойтарыс беруге ниет білдірген образдар бойында халқымызға тән намысқойлық пен өжеттілік те байқалады. Бөкей прозасындағы осындай бірегей образдармен таныса отырып, кейбір сәтте автор кейіпкер образын суреттеуде сананы селт еткізер сағым дүниеге ерік беретіндігіне көз жеткізе аламыз. Себебі, осы шығармалардағы қос бейне де бір жағынан мирас боп қалған ұлттық мұраның қорғаушысы болса, екінші жағынан адам кейпіне енген ұлттық мінездің бейне бір елесі сынды әсер қалдырады.
О. Бокей шығармаларындағы мұндай образдар оқырман назарын бірде сырға толы жұмбақ әлем бесігіне бөлесе, енді бірде аласапыран өмірдің тарих тереңіне жетелеуге тырысады. Жазушы шығармаларында тек тұңғиық пәлсапалық ой шеңберімен ғана шектелмей, бүгінгі күннің болмысы мен өткеннен қалған ақиқатқа баса назар аударады және де осы ақиқаттың ұлттық санаға тигізген әсерін шебер бейнелейді. Осы негізде, атап айтсақ дәстүр мен жаңашылдық арасындағы қақтығыс О. Бөкейдің «Бура» атты әңгімесінде де айқын байқалады. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары жарыққа шыққан бұл повестті жанрлық түріне қарай символдық-анималисттік сипаттағы шығармалар қатарына жатқызуға болады. Себебі, 60-70-ші жылдардағы әдебиет тұлғаның қалыптасуындағы дәстүрдің мәні мен мағынасы, табиғат пен адам арасындағы қарым-қатнас, әлеумет пен болмыс құбылыстарын терең тану арқылы тұлға бойындағы адамгершілік сананың қалыптасуы жөніндегі мәселелеге баса назар аударған. О. Бокейдің бұл әңгімесі Ш. Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары!», М. Мағауиннің «Тазының өлімі», Л. Толстойдың «Холстомер», С. Санбаевтың «Белая аруана», В. Курочкиннің «Урод» сынды қаламгерлердің анималистік жанрда жазылған шығармаларымен сарындас болып келеді. Мұндай шығармалар прозада жанурлардың классикалық образдары арқылы адамның мінез-құлқы мен этикалық ұстанымдарын талқылаудағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Осы әдіс О. Бөкейдің философияға толы шығармаларында да образ тереңдігін суреттеу мақсатында тиімді пайдаланылған. Жазушының «Бура» атты әңгімесімен таныса отырып, автор осы шығармада тарихи кезеңдерге астарлы түрде шолу жасағандай әсерде қаласың. Әңгімеде ақпан революциясы, ұжымдастыру, қазақ даласында темір жолдардың салынуы сынды тарихымыздағы әлеуметтік-саяси маңызды жайттарға оқырман назарын аударуға тырысатындай. Мұндағы автордың мақсаты қазақ қоғамындағы айтулы өзгерістерге көзқарасы мен ойтолғаныстарын тереңінен түсіндіру, және де осы мақсатта символ ретінде бура бейнесін шебер пайдалана білген.
Қазақ халқы үшін «түйе» бейнесі – гармония белгісі болып табылады. Шығармада қара бураның өзгелерінен сабырлы, шыдамды етіп бөліп сипатталуынан автордың осы арқылы халық қа тән ұлттық мінез ерекшелігін айқындағысы келгенін аңғаруға болады. Сонымен қатар, бура бейнесі өткен күннің, қазақ тарихының символы іспетті. Алайда, аталмыш бейне арқылы жоғарыда атап кеткендей гармонияның, яғни үйлесімділік заңдылығының бұзылуына әкеп соққан уақыт пен мәдениет арасындағы қақтығысты жазушы өз шығармасында шебер бейнелей білген. Мұның себебі, туындының кешегі мен бүгіннің, дәстүр мен жаңашылдықтың, кешегі дархан дала еркінен тыс қабылдаған жаңашыл дүние арасындағы күрестің айқын кескіндемесі оқырман санасына еріксіз өрнек салатынында жатыр.
«Ұрынарға қара таба алмай сандалбай күйде жүрген ол поездың өкпе тұсынан атой салды. Тіпті өзінен зор алпауыт күш екенін, қан қақсатып кететінін еске алғысы жоқ. Бар күш-қуатын жиып, мойнын иіп алып тұра шапты. <…> Шаптығып кеп кеудесімен бірді қойып еді, өзін сонадай жерге итше бұрап лақтырып жіберді де, бір қышқыртып зытып отырды. Бураның кеуде сүйегінің быт-шыты шықты. Езуінен қанды көбік ағып, біразға дейін тырбаңдап жатты. Бұдан соң аяғын қатты бір серпіп, жан тәсілім берді. Бірақ қаз баур бұлттар қалғыған көгілдір аспанның суреті түскен қимылсыз қара көзден жып-жылы жас, таза әрі күнәсіз жас ағып жатты...
Өзегі талып өртеніп жүріп, өрге сүйреп жеткізген баланың аяулы анасына қол жұмсағанын көргеніңіз бар ма? «Өз қолыңды өзің кесемісің» деп, іштей егіліп, қорлана жыламаушы ма еді. Сонда ардақ ананың көз жасын таңдайыңа тамызып татып көрсең ғой. Қара Бураның қазіргі халі дәл осындай еді.
Даланы да бір сәт қайғы басқандай, түйесіз жетімсіреп қалғандай еді. Қазақбай ауылының ең соңғы түйесін осылайша ит жемі болып қазаға ұшыраған» [1, 122]. Міне, егілген бураның тылсым дүниедегі шыбын жаны осылайша жан тәсілім етті. Осылайша қазақ халқы жаңа кезеңге, қазақтың дархан даласы жаңа мәдениетке қара бурасыз қадам басты. Осы үзіндіден автордың бура бейнесін жоғарыда атап өткен ескіліктің сақшысы, символы ретінде аса шеберлікпен суреттей білгенін аңғарамыз.
Егер бура сабырлылық белгісі болса, шығармадағы киіз үй образы бақыттың, жастықтың, өткен өмірдің, туған өлкенің символы болып табылады. Ал жұртта қалған киіз үйдің орыны – сағым болған қуаныштың, қайта оралмас жастықтың символы сынды. «Бураның ұзақ-сонар итің-итің жүріс ала бастаған бойы сергіп салды. <…> Әр ойпаңда шөп шықпай сарғылттанып жатқан ескі жұртты, киіз үйдің орнын иіскелеп сәйір жасады. Бұл ескі жұрттан жоқ іздегендей айналсоқтап көпке дейін жырақтана алмады. <…> Қара Бураның есіне әлдене түскендей, артына қайта қайрылып, ескі жұрттың орнына көз сата тағы да қараған... «Әнеу, жер ошақтың орны бықсып қайта тұтана бастады, әнеу, бақанға керме тартылды да, бірінен-бірі өтетін он бес ат қатарынан байланды, әнеу, көгендегі қозыны қараңыз – қозыны; әне, киіз үйден түйеші Әбіш шықты, қолында бұйдасы бар. Бірақ Бура бірсінбірсін жаңғырып бара жатқан колхозды ауылдан тек қана өз тобын – өз туысын таппады. Әлдеқайдан, қалың қорымдардың арасынан жас ботаның әлсіз үні естілгендей болды». Селк ете қалған Бура танауын жыбырлатып пысқырып еді, әлгіндегі ғайыптан пайда болған бір көрініс, сыңсыған үн ізім-қайым жоғалды.
Сағыныштай сарғайған ескі жұрт қана жатыр» [1, 196].
Жазық далада тек сарғайып орны қалған ақ боз үй бүгінде жоқ. Бүгінде тек сол сағым болған өткеннің сарқыны санада ғана сағыныш болып қала берді.
Қорыта келе, прозада образ-символдарды пайдалану ұлтқа тән ерекшелік болмысын тереңінен түсінуге мүмкіндік береді деп толық сеніммен айта аламыз. Әсіресе, бұл әдіс әлемнің ұлттық бейнесі мәселесін қарастыруда өте тиімді деуге болады.
Әдебиеттер
- Шығармалары. Повестер. Оралхан Бөкей. – Т. 3. – Алматы: Ел шежіре, 2013. – 384 б.
- Қабдолов З. Сөз өнері: оқулық. – Алматы, 2002. – 360 б.
- Хуторянская А.Д. Картина мира в современной гуманитарной науке // Вестник КЕМГУ, 2010.
- Смыковская Т.Е. Национальный образ мира в прозе В. Белова: Монография. – М., 2010.
- Введение в литературоведение: Учеб. для филол. спец. ун-тов / Г.Н. Поспелов,
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Посетители, находящиеся в группе Читатель, не могут оставлять комментарии к данной публикации.