Көктем. Көктем сәні. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 4 сынып, дидактикалық материал.
МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ
4-сынып
5-бөлім. Табиғат құбылыстары
4-сабақ. Көктем. Көктем сәні
Бұл сабақта оқу мақсаттарына сәйкес оқушылардың жазылым дағдысы дамытылып, сюжетті сурет пен тірек сөздер негізінде тұтас мәтін жазуды үйренеді, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін сақтап жай және құрмалас сөйлем құрастырады. Сондай-ақ оқушылар негізгі лексикалық минимуммен қатар бірнеше пассив сөздердің мағынасын меңгеріп, қолданады.
Грамматикалық минимум ретінде сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, жай және құрмалас сөйлем құру қарастырылады.
Барлығы: сюжетті сурет пен тірек сөздер негізінде тұтас мәтін жазады, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін сақтап жай және құрмалас сөйлем құрастырады.
Көпшілігі: көктем мезгіліндегі табиғи құбылыстарды сипаттайды.
Кейбірі: көктем мезгілінің ерекшеліктерін айтады.
Ресурстарды дидактикалық материалдардан оқушылар санына қарай көбейтіп алыңыз.
Мұғалімнің сабақ барысындағы әрекеті:
Сабақты Көктем сәні неде? сұрағынан бастаңыз. Бұл сабақ тақырыбын анықтауға итермелейді. Кейін «Көктем сәні» ертегісін көріп болған соң оқушылардың жауаптарын ертегі кейіпкерлерінің жауаптарымен салыстыруға болады.
Сөздікті меңгерту кезеңінде «Кім жылдам?» ойынын қолдану тиімді. Мұғалім өз шеберлігіне қарай сөйлемдерді өзгертіп толықтыра алады.
Жазылым тапсырмасын орындау барысында оқушылар сюжеттік суреттер бойынша өз әңгімелерін жазады. Тапсырманы, қажеттілікке қарай, жеке, жұпта немесе шағын топтарда орындатуға болады. Орындау барысында сөздікті пайдалануға рұксат етіңіз. Тапсырманы орындау алдында оқушыларды дескрипторлармен таныстырған жөн.
Дескриптор:
- Сюжетті суреттерді таңдайды, ретін тауып орналастырады.
- Тірек сөздермен танысып, ертегі/әңгіме жазады.
- Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін сақтайды.
- Жай және құрмалас сөйлем құрастырады.
- Жазған ертегі/әңгімелерін таныстырады.
Бағалау. Оқушыларды бағалау критерийлерімен таныстырыңыз.
Бағалау критерийлері:
- Сюжетті суреттердің ретін тауып орналастырды.
- Тірек сөздерді тиімді қолданды.
- Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін сақтап, ертегі/әңгіме жазды.
- Жай және құрмалас сөйлемдерді дұрыс құрастырды.
Бағалауды бірнеше тәсілмен өткізуге болады. Бағалау критерийлері бойынша топтық бағалау немесе жұптық бағалау ұйымдастыруға болады. Жеке орындалған жұмыстарды сауттылығын тексеру мақсатында мұғалім өзі тексерсе де болады.
Рефлексия "Кезбе микрофон" стратегиясы бойынша жүргізіледі. Оқушылар сабақ тақырыбын қорытындылау бойынша сұрақтар құрастырады, сыныпты аралап бір-біріне қойып шығады.
Үй тапсырмасын міндетті түрде түсіндіріңіз. «Көктем сәні неде?» тақырыбында сурет салу, суретті ауызша сипаттау тапсырылады.
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру