Мемлекет түрлерінің эволюциясы: ежелгі дүниеден бүгінгі кезеңге дейін. Дүние жүзі тарихы, 10 сынып, дидактикалық материал.
Мемлекет түрлері
Мемлекет түрлері туралы түсінік
Кез кеген мемлекет болмыс, мазмұн және түрдің бірлестігі. Мемлекет өз қызметін дұрыс атқару үшін, сапалы және үйлескен механизм ретінде жұмыс істеуі үшін жақсы ұйымдастырылған мемлекеттік билік қажет.
Мемлекет құрылысының түрі оның билігінің қандай қағидаға және аумақтық құрылысқа негізделгені, мемлекеттік жоғарғы органдардың қалай құрылғаны, олардың халықпен қарым-қатынасы қандай әдістермен жүргізілетіні арқылы байқалады.
Мемлекет түрі деп мемлекеттік билікті ұйымдастыру, оны басқаруды, мемлекеттік құрылыс пен саяси (мемлекеттік) режимін айтады.
Мемлекет түрі оның пайда болуы мен дамуының нақты тарихи жағдайына байланысты, оның дамуына болмыс пен мемлекеттің тарихи тұрпаты әсер етеді.
Мысалы, феодалдық мемлекет монархиялық билікке, ал буржуазиялық мемлекет респубикалық билікке бағынған. Мемлекет түрі, әсіресе, оның пайда болған кезінде көбіне елдегі саяси күштердің ара қатынасына байланысты. Ерте кездегі буржуазиялық төңкерістер буржуазия мен феодалдар арасында келісімге, яғни конституциялық монархияның құрылуына әкелді.
Нақты бір мемлекеттің түрі туралы толық түсінікті оның үш құрамдас бөлігін талдау арқылы білуге болады, олар – билік түрі, мемлекеттік құрылым, мемлекеттік-құқықтық тәртіп.
Билік түрі
Бұл категориядан жаңа органдардың қалай пайда болатынын, олар қандай, өзара қандай қарым-қатынаста екенін байқауға болады. Билік түрінен мемлекеттің жоғары органдарын құруда оған халықтың қатысы бар ма, яғни бұл билік түрінің құрылуы демократиялық па, әлде демократиялық емес пе екенін көрсетеді. Мысалы, жоғары билік ұрпақтан ұрпаққа қалдырылатын монархиялық мемлекеттік басқару түрінде демократиялық емес жолмен құрылады.
Белгілі бір экономикалық даму сатысында құрылған өндірістік қарым-қатынас сипатынсыз қандай да бір мемлекеттік құрылыс түрін түсіну қиын. Мысалы, құлиеленуші қоғамдағы республика капиталистік қоғам республикасынан гөрі құлиеленуші монархияға әлдеқайда жақын сипатта болды. Белгілі бір елде және белгілі бір тарихи кезеңде құрылған мемлекет түрі әсіресе ондағы таптық күштердің ара қатынасына, билік басында тұрған адамдардың шыққан әлеуметтік ортасына байланысты. Билік үшін саяси күрестің нәтижесі мемлекеттік құрылыс механизмінің ұйымдасытырылуы мен құрылымына әсер етеді, яғни оның тотолитарлық немесе демократиялық жолға түсуіне себепші болады. Сонымен қатар мемлекет түріне ондағы халықтың ұлттық құрамы да, елдің тарихи дамуының негізінде пайда болған мәдениеті мен әдет-ғұрпы да әсерін жасайды(бұған мысал ретінде Ұлыбритания мен Жапония монархиялық дәстүрін келтіруге болады), ал жанама түрде бұл елдің географиялық орны да ықпалын тигізеді.
Мемлекет түрлерін талдау барысында халықаралық байланысты да ұмыт қалдыруға болмайды. Қазіргі замандағы елдердің арасындағы экономикалық, саяси, мәдени және басқа да байланыс түрлері экономикасы мықты дамыған мемлекеттердің өздеріне де толыққанды оқшауланып дамуына жол бермейді. Осылайша, мемлекет құрылысының түрі оның жоғарғы билігінің ұйымдастырылуы, органдарының құрылу тәртібі, олардың халықпен қарым-қатынасы және ел тұрғындарының олардың құрылуына қатысу дәрежесін ашып береді.
Биліктің екі негізгі түрі бар - монархия мен республика. Олардың жоғарғы органдары құрылу тәртібімен, құрамымен, құзіреттілігімен бір-бірінен ерекшеленеді.
Монархия – мемлекеттің жоғары өкімет билігі жеке-дара бір билеушінің қолында болады, ол – монарх (патша, король, шах, император, сұлтан, т.б.), бір өзі мемлекет басшысы, заң шығарушы және билікті атқарушы қызметін атқарады.
Монарх билеуші әулеттің өкілі ретінде биліктің мұрагері болып, оны өмір бойы иеленеді. Ол мемлекетке дербес басшылық етіп, ұлт, халық атынан сөйлейді, атқарған іс-әрекеті үшін заңды түрде жауапқа тартылмайды. Жоғарыда аталғандар монархиялық билік түрін сипаттайды.
Шексіз(абсолюттік) монархияда монарх мемлекеттің жоғарғы органы болып есептеледі. Ол заң шығарушы, атқарушы билік органдарын басқарушы, сотты бақылаушы рөлін атқарады. Абсолюттік монархия феодалдық мемлекеттің дамуының ақырғы кезеңінде, яғни феодалдық бытыраңқылық мүлдем жойылып, мемлекетті бірортадан басқару үдерісі аяқталған кезде пайда болған. Шектелген монархияда жоғарғы мемлекет билігі монарх пен басқа да органдар арасында шоғырланған, (мыс.земстволық). Шектелген монархияға сословиялық-өкілеттілік және конституциялық монархия болып екіге бөлінеді. Мұнда монархтың билігі конституциямен, парламентпен, өкіметпен және тәуелсіз сотпен шектеледі.
Республика – бұл билік түрінде:
1) мемлекеттік билікті халық бір органға емес, алқалы органның басқаруына (сенатқа, парламентке, халық жиналысына, федералдық жиналысына) құқықты етеді, ал ол басқа билік тармақтарымен «тежеу және қарама-қарсылық» режимінде өз қызметін атқарады;
2) өкілетті билікті ауыстыруға болады, ол белгілі мерзімге сайланады;
3) билік басындағылар өздері атқарған қызметіне заң жүзінде жауапты және есеп беріп отырады.
Мемлекеттік құрылыс түрлері
Мемлекеттік құрылыс деп мемлекеттің ішкі ұлттық-аумақтық түзілімдері, бүтін мен бөлшектің ара қатынасын атаймыз. Мемлекетті басқарудың қалыптасқан үш түрі белгілі: унитарлық, федеративтік және конфедерациялық (аралық).
Унитарлық мемлекет –біртұтас, бірорталықтандырылған мемлекет, яғни бұл құрылыста саяси билік бір орталыққа бағынады, мемлекет ішінде өз алдына бөлек басқа құрылымға жол берілмейді, әкімшілік-жергілікті құрылымдар мәртебеге, егемендік құқыққа ие бола алмайды. Өйткені унитарлық биліктің талабы – мемлекеттің тұтастығы, сондықтан мұндай мемлекетте заңды күші бүкіл территорияға таралатын бір ғана жоғарғы билік, бір елдің азаматтығы, біртұтас конституция. Бұндай мемлекетте жоғарғы биліктің құқықтық-ұйымдастырушылық алғышарттары елдің түкпір-түкпіріне билік жүргізуіне мүмкіндік береді. Жергілікті-әкімшілік басшылық органдары тұтастай орталыққа, немесе жартылай орталық пен жергілікті органдар өкілдеріне бағынады. Көптеген мемлекеттерде унитарлық билік құрылысы қалыптасқан. Унитарлық мемлекеттің ұлттық құрамы бір ұлт өкілдерінен, не көп ұлттты болуы мүмкін.
Федеративтік мемлекет (федерация) бірнеше субъектілерден құрылған, ортақ мәселелерді шешуге біріккен күрделі мемлекеттік құрылыс. Субъектілер ұлттық немесе территориалдық үрдіс бойынша құрылады, кейде екеуі де есепке алынады.Федерацияға енген мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттер федерация субъектісі болып аталады. Субъектілердің өз конституциясы, азаматтығы, жеке жоғарғы мемлекеттік органдары, яғни заң шығарушы, атқарушы органдары және соты болады.
Конфедерация – белгілі бір мақсатқа жету үшін (әскери, экономикалық, т.б.) құрылған егеменді мемлекеттер одағы. Мұнда одақтық органдар тек мемлекеттердің, конфедарация мүшелерінің, бірігуге мүдделеген мәселелерді шешу барсында атқаратын қызметін үйлестіріп отырады. Конфедерацияда егемендік жоқ. Конфедератифтік бірлестікте тұрақтылық болмайды, олар көбіне ыдырап кетеді, немесе федерацияға айналады. Конфедерация АҚШ федерациялық мемлекет болып құрылуының сатысы болды.
Саяси режим
Саяси режим мемлекеттің түрімен тығыз байланысты, себебі жүргізілетін саясаттың ел өмірінде маңызы зор. Мемлекеттік механизм жұмысының ерекшелігін саяси режим көрсетеді. Мемлекеттік режим демакратия дамуының деңгейі мен түрін айқындайды.
Саяси режим – саяси билікті жүзеге асыратын тәсілдер, әртүрлі саяси күштердің қарым-қатынасы мен қайшылықтарының нәтижесінде құрылған қоғамдағы саяси жағдай, барлық саяси институттардың қызметі арқылы жүзеге асқан демократизм немесе антидемократизм.
Авторитарлық режимнің айырмашылығы:
1) біржақты билеу,бұл режимде халық мемлекеттік билікті құруға іс жүзінде қатыспайды және оның қызметін бақылаудан шеттетіледі;
2) билік толығымен басқарушы таңдаулы топтың қолына шоғырланып, ел тұрғындарының мүддесі есепке алынбайды;
3) оппозиция жойылады (кейде көзқарастары сәйкес саяси партиялар мен кәсіби одақтардың қызметі ресми түрде рұқсат етіледі);
4) орталық биліктің әрбір шешімі зорлық-зомбылық арқылы әскери-полициялық аппаратқа сүйеніп жүргізіледі. Мемлекет құқықтан жоғары тұрады;
5) адам өміріне қауіпсіздік кепілдігі жоқ, ресми түрде жарияланғанымен, ол жалпыдемократиялық бостандық құқығын іс жүзінде қолдана алмайды. Мемлекет мүддесі оның азаматының мүддесінен жоғары қойылады. Көне заманнан авторитарлық режимнің деспоттық және тирандық түрлері белгілі. Олар билеушінің қатыгездігі мен өктемдігіне негізделген. Олардың айырмашылығы тек билікті қолға түсірудің түрі мен билікті жүргізу тәсілдері. Егер деспот билікке заңды түрде қол жеткізсе, тиран – басып алу, мемлекеттік төңкеріс көмегімен басшылыққа ие болады. Деспот өзін қоршаған айналасындағы билеуші топтардың өкіліне өктемдік жасаса, тиранияда – барлық халық жапа шегеді.
Конституциялық-авторитарлық режимде қабылданған конституцияда демократиялық шектеулер заңды түрде көрсетіледі, азаматтардың құқығы мен бостандығы ресми түрде ғана жарияланады. Оппозициялық партияның қызметіне не рұқсат мүлдем берілмейді, немесе шектеулер қойылады. Билікті жүргізу үдерісі бұзылады. Парламент атқарушы биліктің қосалқы бөлігі болып, парламент мүшелерінің біраз бөлігі сайланбай, тағайындалады.
Тоталитарлық режимде барлық билік диктатор қолына шоғырланады, ал ол билікті зорлы-зомбылық әдісімен жүргізеді, барлық заң шығарушы және атқарушы билік бір органға бағынады. Адам құқығы мен бостандығын ешкім қорғамайды.
Демократиялық режимде мемлекеттің жоғары билік органдары халық атынан билік жасайды, халықтың мүддесін қорғайды, басшылықты демакратиялық жолмен және құқықтық әдістер арқылы жүргізеді.
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Посетители, находящиеся в группе Читатель, не могут оставлять комментарии к данной публикации.