Прокариоттық эукариоттық жасушалар. Биология, 8 сынып, қосымша материал.
Мұғалімге арналған әдістемелік нұсқаулық
- Тақырып мазмұнына қатысты теориялық материал
Эукариоттық жасуша
Эукариоттарға барлық жоғары сатыдағы жануарлар мен өсімдіктер, сондай-ақ бір немесе көп жасушалы балдырлар, саңырауқұлақтар және қарапайымдар жатады. Эукариоттар жасушалары прокариоттармен салыстырғанда күрделі. Эукариот жасушалары ішкі мембраналармен жеке бөліктерге бөлінеді. Жасуша ядросы, митохондрия, пластидтер цитоплазмадан екі қабат мембрана арқылы шектеледі. Ядрода жасушаның генетикалық материалы (ДНҚ, онымен байланысқан заттар) шоғырланады. Эукариот жасушасының мөлшері прокариот жасушасынан бірнеше есе үлкен. 100 мкм (10-3) жетеді. Эукариот жасушаларының мөлшері үлкен және күрделі құрылымды болуының себебі олардың тіршілік әрекеттеріне байланысты. Жасушадағы органеллдер әртүрлі қызметтерді атқаруға бейімделген. Олар түрлі әрекеттерді атқаруға байланысты түрліше болып келеді.
Прокариоттық жасуша
Прокариоттарға микроорганизмдер мен көк-жасыл балдырлар жатады. Прокариоттардың мөлшері өте кішкентай, ұзындығы 1—10 мкм. Прокариоттардың эукариоттардан айырмашылығы — олардың айқындалған органоидтері, яғни эндоплазмалық торы, Гольджи жиынтығы, митохондриялары, мембранамен қоршалған ядросы мен хромосомалары болмайды. Прокариот ДНҚ-сын сақина тәріздес болып жасушада шашыраңқы жатады. Цитоплазмасында мембранадан тыс орналасқан құрылымдары (жасуша қабықшасы, капсула, сілемейлі қап, талшықтар) орналасқан.
- Техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстар
Сабақ басында оқушыларға:
Сабақ барысында биология кабинетіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау.
Партаға дұрыс отыруына назар аударуды ескерту қажет.
Сабақтың ортасында: Үлгілеу кезінде қайшы, желім сияқты жұмыс құралдарымен жұмыс жасау кезінде абай болу айтылады.
- Сабақты ұйымдастыруға қатысты қосымша ұсыныстар
Сабақты сын тұрғысынан ойлауды қамтамасыз ету, қызығушылықты ояту, тақырыптың өзектілігін ашу мақсатында миға шабуыл ретінде оқушыларға бактерия, жануар, өсімдік жасушаларының суреттерін беріп суреттерді топтастыруды сұрауға болады. Оқушылар оларды екі немесе үш топқа топтастырғаннан соң бірнеше жұптың/топтың жауаптарын тыңдап, топтастырудың себептерін анықтау қажет. Оқушылар бұл тапсырмадан әр тірі ағзаның тіршілік ерекшеліктері мен мекен ортасына деген бейімделушілігіне байланысты жасушаларының да құрылысы әртүрлі болып келеді дегенді түсінеді.
Сабақ жаңа тақырыпты алдыңғы біліммен байланыстыру үшін жануар мен бактерия, өсімдік пен бактерия жасушаларын салыстыру тапсырмасын орындаумен жалғасады. Оқушыларға бактерия, өсімдік, жануар жасушаларының суреттері ұсынылады. Ол суреттерде органоидтардың аттары жазылған. Кейбір оқушыларға эукариот, прокариот жасушаларының суреттерін беру арқылы саралауға болады. (1-қосымша) Бұл тапсырма барысында оқушылар бактерия жасушаларын «Қандай белгілеріне қарап ажыратуға болады?
Бұл жасушалардың айырмашылығы неде?» сұрақтарына жауап бере отырып ажыратады. Бұл тапсырманы орындау кезінде кейбір алғыр оқушылардан органеллдердің қызметтерін сұрау арқылы саралауды қамтамасыз етуге болады. Бұл тапсырма орындалып жатқанда «өзгенің пікірін тыңдай білу маңызды» деген сияқты құндылықтарға сілтемелер жасалады.
Тақырыптың мазмұны оқушылардың әртүрлі ресурстардың көмегімен жасушаларды кесте толтырып салыстыру арқылы жүзеге асырылады. Бұл тапсырманы сыныптағы оқушы санына қарай бірнеше топта орындату қажет. Тапсырма орындалып жатқанда «өзгенің пікірін тыңдай білу маңызды» , «топтық жұмыс кезінде ынтымақтастықта болу қажет», «әр оқушы өзінің білім алуына жауапкершілікпен қараған жөн» деген сияқты құндылықтарға сілтемелер жасалады. Алдымен жұмысқа арналған нұсқаулық/критерийлермен танысуға уақыт беріледі. Тапсырманы қалай орындау қажет екенін түсінгенін тексеріп алу қажет. Кесте толтыруды бастамас бұрын бұл жасушаның екі түрін қандай белгілер бойынша салыстыруға болатынын анықтау мақсатында талқылау жүргізіледі. Содан кейін тапсырманы орындау барысында топтарды аралап жүріп, көмек көрсету, тереңдету сұрақтарын қою сияқты кері байланыстар беріледі. Тапсырма барысында саралауды, тереңдетілген тапсырмалар ұсынуды және қабілеті төмендеу оқушыларға көмек көрсетуді ұмытпаған жөн. Кестелер толтырылғаннан соң топтар өз жауаптарын салыстырады. Бірнеше топтың жауаптары тыңдалады. Сұрақтар қойылады.
Сабақтың соңында оқушыларға деңгейлік тапсырмаларды орындау ұсынылады. Бұл тапсырманы жеке орындатып, жауаптарын оқытып салыстыруға болады. Тапсырманы орындап жатқан кезде аралап жүріп оқушыларға кері байланыс ұсыну маңызды.
Алғыр оқушыларға қосымша тапсырмаларды ұсынуға болады. Уақыт қалып жатса кейбір оқушыларға жасушаның екі түрін үлгілеуді тапсыруға болады.
Сабақ соңында рефлексия жасау қажет. Осы кезде үй тапсырмасы жазылған слайдты ашып, үй тапсырмасын жазып алуды ескерту дұрыс.
Бұл тақырыптан оқушылар екі жасушаның мембраналы органоидтардың болуы болмауына байланысты ажыратылатынын түсінуі маңызды. Көбінесе ақпарат көздерінде прокариот жасушасында ядросы болмайды деп беріледі. Осыған байланысты оқушыларда олардың генетикалық ақпараты да болмайды деген түсінік қалыптасады. Сондықтан ядро болмайды деген түсінікті мүлде қолданбаған жөн. Тек ядросын қоршаған мембрана және мембраналы органоидтары болмайды деген қорытынды жасалады.
- Қалыптастырушы бағалауды жүргізуге байланысты ұсыныстар
Сабақтың басында суреттер бойынша топтастыру кезінде неліктен мына екі жасуша бір топқа жатады, олардың қандай ортақтығы бар деген сұрақтар қоюға болады. Жауап беру кезінде оқушылардың дұрыс қолданған терминдері, өз жауабына дәлелдер келтіре білуіне назар аударылады. Мысалы, жасушалар әртүрлі, себебі ағзалардың тіршілік әрекеттері әртүрлі. Оқушыларға «бұл ойыңыз орынды болды», «... терминінің қолданғаныңыз ұтымды болды», «осы ойыңызға дәлел келтірсеңіз», «мына пікіріңізге мысал келтірсеңіз» деген сияқты кері байланыстар ұсынуға болады.
Кесте толтырмас бұрын осы жасушаларды қандай белгілер бойынша ажыратуға болады деп суреттер бойынша салыстыру жұмысын қорытындылап кету дұрыс. Оқушылармен бірге салыстыру белгілерін жазу қажет. Ең соңында ол белгілерді таныстырылымда ашып көрсетіп қою қажет. Үлгілеген оқушылардың жұмысын тексеріп кері байланыс ұсынған жөн. Олардың жасушаларды үлгілеп үлгергендеріңіз өте жақсы болды, өз оқуларыңызды реттеп үйренгендеріңіз керемет деген сияқты мадақтаулар ұсынған дұрыс. Кейбір оқушылардан органеллдердің қызметін сұрауға болады.
Кесте толтыру кезінде «неліктен бұл ұқсастық болып табылады...», «мына айырмашылық туралы тағы да ойлансаңыз», «өте жақсы жауап», «... жұмысты тез орындады», «жоғары деңгейдегі жауап!» деген сияқты кері байланыстар ұсынылады.
- Саралау тапсырмалары
- Саралау деңгейлік тапсырмалар ұсыну арқылы жүзеге асырылады
- Кейбір алғыр оқушылардан органеллдердің қызметтерін сұрау арқылы саралауды қамтамасыз етуге болады.
- Қабілеті жоғары оқушыларға прокариот ДНҚ зерттеп көруді ұсынуға болады. Олар онда шашыраңқы жатқан ДНҚ -дан басқа плазмидтің болатынын анықтайды. Плазмид пен осы ДНҚ-ның айырмашылығын қарастырады. Плазмидтер өздігінен екі еселене алатын ДНҚ.
- Тапсырма жауаптары, критерийлері
Ерекшеліктері | Прокариоттық жасуша | Эукариоттық жасуша | |
Жануар | Өсімдік | ||
Жасушалық мембрана | + | + | + |
Жасуша қабырғасы | + (пептидогликаннан тұрады) | - | + (целлюлозадан тұрады) |
Ядролық мембрана | - | + | + |
Генетикалық материалы | Сақиналы ДНҚ; Плазмид-қосымша ДНҚ | Гистон нәруызымен байланысып хромосомаға айналған тізбекті ДНҚ | |
Рибосома | Диаметрі 18нм | Диаметрі 22нм | |
Митохондрия | - | + | + |
Мезосома | + | - | - |
Мембраналы органеллдер | - | + | + |
Бағалау критерийлері |
|
- Сілтемелер мен ресурстар
https://twig-bilim.kz/kz/film/what-is-a-cell
https://www.youtube.com/watch?v=RQ-SMCmWB1s
https://www.youtube.com/watch?v=TvSy0Hucgvc
Биология. Стаут, Грин, Тейлор: http://biologylib.ru/books/item/f00/s00/z0000009/st006.shtml
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Посетители, находящиеся в группе Читатель, не могут оставлять комментарии к данной публикации.