02.08.2022
  133


Автор: Қазданбай Қосжанов

ЖАСТЫҚ

Жастық – от, жастық – дауыл, жастық – жалын,
Жастық – бұл таудан аққан тасқынды ағын.
Жастық – гүл мәңгілікке солмайтұғын,
Мен содан қуат алып тасқындадым.
Ақбөкен өте алмаған даладан да
Құрыш күш қызыл қышты қалағанда,
Жаңаның бастаушысы жастар ғой деп,
Сүйсінді бар адамзат, бар ғалам да.
Рух боп досқа мейір, жауға ашуы,
Тігілді талай сында тауға туы.
Жондардан канал қазды егін жайға,
Қанағат бола алсын ба қауға суы.
Жастық шақ алда жүрді, жалындады,
Қиыннан еңсе түсіп жалынбады.
Жастықтың қолтаңбасы өрнек тастап,
Тарихтың талай томы қалыңдады.
Әлпештеп саясында қанатының,
Өсірер тапты өзінің жанашырын.
Жас жалын балапандай түлеп ұшты,
Сұңқар боп ұясынан анасының.
Ай емес түлеп өсіп аптасына,
Бет алды болашақтың қақпасына.
Жастықтың жалын атқан махаббаты
Жазылар талай ғасыр тақтасына.





Пікір жазу