24.07.2022
  124


Автор: Төлеген Жанғалиев

Ағайынға арыз

Өкпем – темір, жүрек – шойын, көзім – тас,
Сезім – кемік, төзім – көрік, көңіл пәс.
Ағайынға арыз жазып отырмын,
Бәрібір де бәрі бірдей сөз ұқпас.
Сөз ұғарға, көзі барға айтарым –
Азайса егер айғайың мен айтағың,
Азайса егер тіміскілеу тірлігің,
Айтатұғын менде де бар сәл шағым!
Әкем-ақын, ағам-ақын, мен-ақын,
Тіліп түсер тілден тартқан жазасын.
Өлең жазып жарық сәуле түсірген,
Қара ниет кеуделерге қара түн.
Жазығымыз – жазсақ дедік ел мұңын,
Тапсақ дедік ерлігі мен кемдігін.
«Ерлеріміз» ежірейді біздерге,
Сынағандар сұрап алды сөз құнын!
Әкем кетті көп айтпағын айта алмай,
Ағам кетті талай сырын тауса алмай.
Жауға жалғыз шапқанменен не шара,
Жаным менің жатыр шоршып шортандай!
Туы биік туған елге өкпем жоқ,
Халқыма да өкпе айтпаймын өктемдеп.
Көкбай құсап бере салам орнымды,
«Мә, ағайын, егер егін ексең» деп!





Пікір жазу