25.05.2022
  148


Автор: Бейбіт Сарыбай

Бесігіңді тербеші

Жарым, сенен өтiнем,
Не айтсам да сенбегiн.
Мен тағдырдың өртiнен,
Жаны күйген пендемiн.
Бәрiн, бәрiн бiлгем мен,
Бiлгендiктен алаңмын.
Өп-өтiрiк күлгенмен
Наласы көп адаммын.
Жүрегiме у сеуiп,
Жылатқанда өткен күн.
Қанатыңмен су сеуiп,
Қарлығашым боп келдiң.
Неге маған сендiң сен,
Неге сүйдiң өңдi рең?
Ендi сенi сендiрсем,
Сүйiп қана сендiрем.
Қай қиырда жүрмейiн,
Қай биiкке шықпайын,
Жаным, сенсiз күлмейiн,
Тек өзiңдi ықтайын.
Өрге тартқан кемесiн,
Мен сезiмнiң серiгi ем.
“Сен тек сүйiп жеңесiң“,
Мен сағынып жеңiлем.
Тұғырыма қона алсаң,
Ажырамас iргемiз.
Сен сабырлы бола алсаң,
Бiз мәңгiлiк бiргемiз.
Келмес менiң кектенгiм,
Барлығына көнемiн.
Сендер өсiп жеткен күн,
Мен армансыз өлемiн.
Қина осылай қинасаң,
Жанға тыным бермешi.
Жарым, менi сыйласаң,
Бесiгiңдi тербешi.





Пікір жазу