БЕЙРУТ ЖҰРТЫ БҰРҚАНДЫ
«Біздің өжет ерлеріміз – ливандықтар мен палестиналықтар Израильдықтар қаншама өршеленсе де, дұшпанға тойтарыс беруден тайынбайды».
Ясир Арафат.
Бомба бүркеп,
Бейрут көгі азынады.
Израильдің дозақ оты маздады.
Өртке қарсы қасқиды да жүгірді,
Ахмад Әли –
Палестина боздағы.
Ол жүгірді
Отты жалап тістеніп
Кек кеудесін
Құдіретті күш керіп.
Безілдетті автоматын
Ер Әли,
Тель-Авивтің сойқанына
сұс беріп.
Езді жұртын
Израильдің әлегі,
Қайтып шыдар қорлыққа бұл
Ер елі.
Халқы үшін,
шықты жаумен сайысқа
От намысы –
арабтың жас өрені.
Күйретті ғой
Бейрутты өрт-алапат...
Қайран жұртын
Жайрата ма сор апат?
Ол жар салды:
«Бауырларым, соқ жауды!
Соқ қаттырақ кек дабылын,
Арафат!»
Бомба буып,
Тұншықты ма бейбіт күн?
Ойран-топыр
көшелері Бейруттың.
Ракеталар, зеңбіректер жарқылдап
Жайпай берді
мүскіндерін бұл жұрттың.
Айналада ағып жатыр
селдей зар.
Ұждансыз ғой,
бұл басқыншы сұмырайлар.
Аналар мен сәбилерді жер құшып,
Талқандалды
емханалар, сарайлар.
Ахмад Әли
айғай салды ашынып:
«Шайтандарға
бағынбаймыз бас ұрып!»
Ұмтылды ол от тұманды бүркеніп,
Автоматтан оқ боратып
асығып.
...Сол өрендей
күллі Бейрут сұстанды
Сойқандарға қарсы майлан басталды.
Соқты Ливан, Палестина ұлдары,
Қан бүріккен,
қамалаған дұшпанды.
Аспаныңда
самолеттер дүркіндеп,
Жау бомбасы
найзағайдай күркіреп
Жалмап жатты
бейқам үйді, жандарды.
Тек ерлерді шегінтпеді
шерлі кек.
Құтырынды жау жан-жақтан анталап...
Ахмад Әли
өлгендерге бір қарап,
Айғай салды:
«Құримыз ба бір-бірлеп,
Қайдасыңдар, біріксейші
күллі араб!»