23.03.2022
118
БОЙТҰМАР
Жар да сүйдiм,
ұл сүйдiм,
қыз да сүйдiм,
махаббатсыз тiрлiгi қызбас үйдiң.
Оразалы әулетiн жалғаймын деп,
оңашада Өмiрге жүз бас идiм.
Сырнайлатып, тербетiп таңдарымды,
жылдарымды сүйредiм, алға күндi.
Аз артсаң да, Тағдырым, көп артсаң да,
жүрегiммен көтердiм салмағыңды.
Алыс-жұлыс…
Тiршiлiк кемесiнде,
қайыссам да көтердiм (сенесiң бе?!)
толқын ұрып, теңiзiм сабағанда,
тұрдың ылғи маяктай сен есiмде.
Көкжиегiм кеңейiп, қыр асқандай,
ошақ оты Отанға ұласқандай,
Көкбастауым көл болды, көлiм – теңiз,
жалдап жүзсем жарады, құлаш талмай.
Өмiр жүгiн қиналып көтерерде,
ширығып ем кеудеден от өрерде.
Адамзаттың әулетiн жалғар сөздi
айтшы, Тағдыр, жүрегiм көтерер ме?!
наурыз, 1981 жыл.