23.03.2022
  228


Автор: Нұрлан Оразалин

КӨКТӨБЕ

Мамыр айы…
Тал, қайың көктегелi,
сеземiсiң, iздеймiн Көктөбенi.
Жастығымның iзi бар бөктерде анау,
шақырмайды күндерiм текке менi.
Толға, тауым, көңiлдi толға, көлiм,
мөлдiр, таза кезiм бар онда менiң.
Айлы аспанды көтерiп алақанға,
алғаш сонда қанатты қомдап едiм…
Махаббатқа, сезiмге анық қанып,
сөз арнап ем ғаламға талып-талып.
Алатауды көлбеген қос аққудай…
Қанша жүздiк?..
Есте жоқ қалықтадық?..
Қүлағымда жастықтың сазы қалған,
кекiлдi қыз жәудiреп, назы қалған.
Алматының сол түнгi кескiнi есте,
аспанында қалқыған нәзiк арман.
Мамыр айы…
Бел-белес көктегелi,
жиi iздейтiн болдым мен Көктөбенi.
Сол төбеден, байқашы жанға жайлы
Ыстық жалын келедi, от келедi…
мамыр, 1978 жыл.





Пікір жазу