Келiңдершi!..
Келiңдершi!..
Жетiңдершi тездетiп,
қауырсынын құс-көңiлдiң жездетiп.
Көрiңдершi!
Жатыр бүгiн тойлатып,
кеудем менiң құлақ аспай
өсек-аяң, сөзге түк….
Жатыр билеп…
Жатыр күлiп…
Шаттанып…
Өзеуремей, өзге бiр сыр ақтарып,
құлағымда өзен шулап, бақ талып,
сiлкiнiстен – едендерiм сықырлап,
сына жаздап шақ қалып.
Жатыр…
Жатыр жазирамнан көшiп мұң,
ерiктi алып,
ерен сезiм – кесiктi үн.
Жетсеңдершi!
Қайдасыңдар?
Келсеңдершi айқара ашып есiктi.
Бар терезем ашық бүгiн,
бар есiгiм ашық бүгiн.
Аспанымда – ғашық Ай,
ғашық күнiм,
махаббатқа мас болған
ғашық түнiм.
Кешiктi кiм?
Сұраман, асықты кiм?..
Есеп…
Есеп…
Болмайды той дегенде,
бәрiн,
бәрiн жеңедi қуанышың,
бәрiн,
бәрiн жеңедi Ғашықтығың.
Қара жерге,
аспанға,
адамдарға,
қара жолға,
қара барқын тауларға,
алаңдарға,
зулаған замандарға,
ғаламдарға
айтатын Сөзiң барда,
сезiм барда
iркiлмей төгiлетiн,
қуанатын,
күлетiн,
егiлетiн…
Жүрек барда,
күн барда,
жұлдыз барда,
Ай барда,
түнек барда –
жолың да жоқ,
жөнiң жоқ
шегiнетiн…
Асық, Желiм!..
Асық!
Асық!
Дөңгеле!
Асық, Күнiм!
Бәрiн…
Бәрiн жеңедi Ғашықтығың.
Келiңдершi!
Тездетiп жетiңдершi,
кеудем менiң тұрғанда
тасып бүгiн,
быт-шыт етiп,
Ендiк…
Бойлық…
Құрлықтар қашықтығын…
9 тамыз, 1977 жыл.