АСПАННЫҢ ТҮРІП ТҮНДІГІН
Қолыңнан, тағдыр, келсе егер
бөтен жыр маған бер бүгiн,
сезiммен ғана өлшенер,
сенiмнiң айтар өрлiгiн.
Бөтен жыр маған бер бүгiн,
өмiрге мынау ғашық тым,
айтатын жүрек ерлiгiн,
сүртетiн жасын жасықтың.
Болмасын десең арқа тар,
қуат бер шабыт шақырар,
шерлiнiң шерiн тарқатар,
шерсiздi шерге батырар.
Сондай бiр сөздi бер ендi,
дүние шалқып тасатын,
бер маған өткiр өлеңдi,
даңғойдың пысын басатын.
Жалғыз үй… Жалқы ауылға
қонақ боп түнде қонатын.
Жол ұзақ… Қалған жауында
жалғызға серiк болатын;
Бер маған өзге жыр бүгiн,
ұялып өзiн ез көрер.
Аспанның түрiп түндiгiн –
Дүние күллi өзгерер…
Бақсызды баққа кенелтер,
оятып жанын ғарiптiң.
Теңелместердi теңелтер,
арсыздың жанын қарып түн…
Тағдырым! Қолдан келсе егер,
бөтен жыр маған бер бүгiн.
сезiммен ғана өлшенер,
сенiмнiң айтар өрлiгiн…
22 желтоқсан, 1969 жыл.