17.03.2022
  144


Автор: Нұрлан Оразалин

Өмiр нұрлы...

Өмiр нұрлы...
Сезiм оты қызған шақ.
Алматыда қауыштық.
Сылқым мiнез,
сұлу түннiң қызғаншақ
сырын бiраз тауыстық.
Кезiп бойды
сәуiрдегi iзгi үмiт,
қол бұлғады шыңдардан.
Жанарыңмен жалт қарадың қыздырып,
оянғандай түнгi арман.
Жұрт ұйқыда – көз iлген
шақтарда кей
сыбдырынан әр үннiң,
көрiндiң сен сұлулардың көзiнен,
тапқандай боп, жаза бастым, жаңылдым.
Менiң жаным
сұлулыққа шын ғашық,
құштарлығым киiк мiнез даладай.
Жүрегiмдi тыңдашы!
Тыншу бiлмес
мына шулы қаладай...
Мен әлемге ғашықпын!
Куәм жалғыз – оттай ыстық өлеңiм.
 
Жолығуға жанұшыра асықтым,
тарқатпақ боп кеуделердiң шеменiн...
Алатаудың аспанында жұлдыз көп,
Ай астынан сезiмдi iздеп келемiн.
Ой төрiнде жылтырайды бiр күзгi от,
Өзiмдi iздеп келемiн...
Өзiңдi iздеп келемiн...
қараша, 1968 жыл.





Пікір жазу