14.03.2022
  194


Автор: Нұрлан Оразалин

ӘН ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

«Бесікті таудың желі тербетеді,
Белгісіз тау ұлына қанша кезең.
Айта сап бесік жырын жел кетеді,
Айтады бесік жырын қар мен өзен...»
Расул Ғамзатов
«Ана жыры», «Бесік жыры» екі ән ғой,
Ананы да, баланы да тербейтін.
«Ана жыры», «Бесік жыры» екі ән ғой,
ұлылығын махаббаттың көр дейтін.
«Бесік жырын» айтар асыл анасы:
«Әлди, әлди, айналайын!» деп түнде –
Көктегі анау жұлдызыңа қарашы.
Әлди, бөпем, тәтті ұйқыға кеттің бе?
Әлди, көкем», – деп түнде:
«Қыр күзеткен қойшы бәлкім боларсың,
Жыр күзеткен ойшыл бәлкім боларсың?
Әлди, әлди!
Әлди, бөпем, алтыным,
ертегідей ел көгіне қонарсың!
Әлди!
Әлди!
Дүниені теңгергін...
Кім болсаң да, болғайсың тек бағыңмен.
Аналардың әдеті ғой сендердің
жүретұғын болған сәби шағыңмен...»
Ерте көктем
 Тау суының талып жеткен сыңғыры,
осы ән болып жалғасатын баяу мұң...
Осы әнменен тербетіліп қыр гүлі,
құшағыңда қалғыр аспан, аяулың...
Әнді осынау көктен алыс тосып Ай,
қалғып қайың, мүлгіп шырша, жай тұрар.
Аналардың махаббаты осылай
сәбиіне әнмен түнде айтылар.
Жердің үстін ана-сезім аялап,
Аспан астын «Бесік жыры» тербетер.
Ғалам түлеп, шешек атып сая бақ,
сәби өсіп, жігіт болып ер жетер...
Есейген соң сәби әлгі ер жетіп,
жұлдыз кезіп,
«Ана жыры» айтылар.
Бар әлемді ұрпақ үні тербетіп,
жасыл көкте балқып әнмен Ай тұрар...
Ал анасы...
«Бесік жырын» айтатын
қасында жоқ баяғы.
Ана орнына кеш жұмыстан қайтатын
сүйген жары құшағын кеп жаяды.
Кеш батады...
«Бесік жыры» ал бірақ
Үзілмейді. Аяулысы айтады.
Ақ бесікте тұңғыш ұлы балбырап,
Ай аспанмен құбылаға қайтады.
25 маусым, 1965 жыл.





Пікір жазу