21.04.2021
  1113


Автор: Бейімбет Майлин

Өтірікке бәйге

…Баяғыда салтанатты,
Сауықшыл бір хан бопты.
Ойын-тойдан қызғылықты –
Көре келген хан көпті.

Бәрінен де көре-көре
Жиренген соң, сілтеп қол,
Өзінше бір ғажап істі
Ойлап-ойлап тауыпты ол.

Уәзірлерін жиып алып,
Жұртқа бұйрық таратқан:
«Болса түпсіз өтірікші,
Жұртты аузына қараттан.

Келсін бері, көрсін менің
Ойынымның қызығын.
Келген жұртқа – шаршы топқа
Көрсететін қызығым,

Айтса олар бір өтірік,
«Рас» десем, шын болар.
Алдай алмай, арбай алмай
Өтірікші мұң болар.

Мен «өтірік» десем егер,
Өтірікші жеңгені.
Бір көзе алтын бәйгесіне –
Ханыңыздың бермегі!..»

…Хан әмірі шығысымен –
Өтірікші таласты.
«Мен өйттім»,– деп,
«Мен бүйттім»,– деп,
Бәрі де айтып қарасты.

Хан жауапты қысқа берді:
«Бәрі де рас, нанамын…»
Лек-лек болған өтірікші
Тұжырып таудай талабын.

Шықты бәрі, үміт үзіп
Көзе толған алтыннан.
Атақ алған қуларының
Жоқ біреуі артылған.

Бір таз бала үсті дал-дұл
Келді ханның алдына.
Өтірігін айтты ретпен,
Рұқсат сұрап алды да.

Өтірігі өте жойқын,
Жас бала да нанғысыз,
Алтын қимай «Рас»,– дейді
Ұяты жоқ хан арсыз.

Шаршамады, талмады да,
Түйдектетті таз бала:
«Келді есіме бір оқиға,
Сабыр ет, хан, аз ғана.

Баяғыда бала күнім,
Жер де жаңа жаралған;
Зурә сұлу жерде онда,
Ай Зурәдан нәр алған.

Көктің жүзі тебінгідей,
Тау менен тас жоқ еді.
Жер жүзінің бәрі қазақ,
Мал менен жан көп еді.

Бала күнім, шықтым қырға,
Жидек, шие тергелі.
Бір топ бұқа гүрілдесіп,
Тіпті маза бермеді.

Бағып жүрген бір кәрі шал,
Ірің аққан мұрнынан.
Үсті дал-дұл, көзі соқыр,
Жан шошырлық пормынан.

Торғайдай бит жыбыр-жыбыр,
Бірі кіріп, бірі шығар.
Сіңбірмеген маңқасынан
Шалдың өзі тұншығар.

Ерні жалақ, жалаң аяқ,
Қисық таяқ қолында.
Ақсай басып, асып-сасып,
Бұқаның жүр соңында.

Тақсыр ханым! Білесіз бе,
Сол жаман шал кім еді?..»
«Жоқ, білмеймін, ал айта ғой!..»
Басқа еш нәрсе демеді.

«Білмесеңіз мен айтайын
Шалдың жөні-жосығын:
Бұл шал сіздің әкеңіз еді,
Рас па, ханым, осыным?

«Рас» десеңіз,
боқ мұрын шал
Сізге әке болғаны.
Көнбесеңіз, өтірік деп,
Алтынды таз алғаны…»

Хан шошынды, жиіркеніп,
«Рас»,– деуге болмады.
«Өтірік!» – деп айтып салды,
Тазды құдай оңдады…





Пікір жазу