Атымтайкөк
Күн көзіне шағылған алтындай боп,
Ат жарыста жанарда жарқылдайды от.
Аттың басын босатып жібергенде
Алға шықты атылып Атымтайкөк.
Деді біреу:
– Шіркіннің шабысын-ай!
Деді біреу:
– Аяғын алысын-ай!
Қадалады сан-мың көз көк тұлпарға,
Әрі таң боп, риза боп, әрі сынай.
Шапқан сайын, жануар, күш алғандай.
Қанат бітсе қалықтап ұша алғандай.
Бүкіл аттан оқ бойы озып кетті,
Мүмкін емес қарауың құшырланбай.
Алға ұмтылып аттарға емінеміз,
Жақындаса қайтадан шегінеміз.
Топтан озған Торғайдың тұлпары үшін,
Тақым қысып, жанды жеп тебінеміз.
– Қыл мойнын-ай!
– Жалын-ай!
– Құйрығын-ай!
Дейді біреу:
Мына аттың жүйрігін-ай!
Атбегі тұр көзінен жас домалап,
– Құлдырап келе жатыр құлдығым-ай!
Сыймайды әттең көргеннің бәрі өлеңге,
Аты озды оның әудемжер ә дегенде.
Атымтайкөк жұлдыздай зулап ағып,
Бірінші боп өтті өзі мәреден де.
Беріні де, әріні сәл қозғап ел,
Тек мақтасып сыпырды жампоздан ер.
...Алда жүру әдеті аулымыздың,
Қашаннан-ақ, Торғай бұл, аты озған ел!