Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1937)

 Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1937)

Кіріспе
Ұлы ағартушы демократтар Ы.Алтынсарин мен А.Құнанбаевтың көздерін көрмесе де, ұлағатты сөздері-шығармаларымен сусындап, олардың ұстаздық ісін, ақындығы мен аудармашылығын XX ғасырдың басында азаматтық жүрегімен қабылдап алып, жемісті жалғастырған қазақ халқының аяулы ұлдарының бірі Ахмет Байтұрсынұлы сан ғырлы та­лант иесі еді. Ақын, аудармашы, педа­гог, публицист, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының есімі мен еңбектері төңкеріске дейінгі кезеңде-ақ қалың ел, дүйім көпшілікке кеңінен мәшһүр болатын. Ол шынында да қазақ халқының «рухани көсемі» М.Әуезов болған айрықша санаткер еді.

Өмір белестері
Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы Торғай уезінің қазіргі Қостанай облысы Тосын болысында дүниеге келген. Әкесі қарапайым шаруа болғанымен кез келген зорлықшыға кеудесін бастырмаған намысты азамат болғанға ұқсайды. Бұған Байтұрсынның патша әкімдерінің әділетсіздігіне көнбей, ояз бастығына қол көтерем деп Сібірге жер аударылуы дәлел. Бұл оқиға бала Ахметтің жүрегінде өшпестей таңба қалдырған өмірдің алғашқы ауыр сабағы болар, сірә.

А. Байтұрсынұлы 1886-1895 жылдардаТорғай, Орынбор қалаларында оқып, мұғалімдік мамандық алып шығады, сөйтіп, бұдан бергі 13 жыл бойына, яғни, 1909 жылға дейін, ол Қостанай мен Қарқаралы өңірінің мектептерінде, сондай-ақ екі класты училищеде ұстаздық етеді. Жас ұстаздың көңіл-қиялымен үйлеспейтін өмір шындығымен бетпе-бет кеп, талай рет әкімдермен, ел ағаларымен айтыс-тартысқа түсетін шағы да осы кез. Ел ішінде Ахметтің есімі ұстаз ретінде ғана емес, әділетшіл азамат, сондай-ақ ақын ретінде де мәлім бола бастайды. Озбырлық иелеріне ойларын ашық айтқаны үшін жас педагог қуғынға да ұшырап, 1909 жылы түрме дәмін де татады. Осы жылы тұңғыш жинағы – аударма кітабы «Қырық мысал» жарық көреді.

Ахмет өміріндегі жаңа кезең 1910 жылдан басталады, ол осы жылы мұғалімдікті қойып, ақындық пен әлеуметтік күрес жолына түседі. 1913-1917 жылдар аралығында ол Орынборда «Қазақ» газетінің редакторы қызметін атқарып, газет беттерінде үлкен-үлкен әлеуметтік мәселелерді батыл көтеріп, халықты өнер-білімге, мәдениетке, елдікке шақырудың ұйытқысы бола білді, дарынды публицист ретінде кеңінен танылды. Бір өкініштісі, өткенге коммунистік идеология тұрғысынан қараудың кесірінен соңғы жылдарға дейін «Қазаңқ газеті ұлтшыл-буржуазиялық сипаттағы басылым болды деп біржақты бағаланып келді.

Сөйтіп, ол 1919 жылдың көктемінде кеңес жағына шығып, қазақ өлкесін басқарушы орган – Қазақ революциялық комитетінің құрамына еніп, сан сала саяси-әлеуметтік істерге белсене араласады. Бұдан кейінгі өмір жолында өзі қайта қудаланған 1929 жылға дейін ол білімі мен тәжірибесін жаңа заман мақсатына аямай жұмсайды, республика халық ағарту комиссары, жоғары оқу орындарында ҚазПИ профессор оқытушы қызметтерін атқарады. Бұл кезеңде ол мейлінше жемісті творчестволық еңбек етіп, педагогика, әдебиеттану, әсіресе, тіл білімі салаларында құнды зерттеулер, оқулықтар жазады. Республикаға үлкен ғалым, ірі педагог, көрнекті әлеуметтік қайраткер ретінде танылады.

Осындай әлеуметтік-творчестволық тұлғасы қалыптасқан шағында ол 1929 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, 5 жыл айдау азабын көреді, 1934 жылы елге оралады. Алайда, 1937 жылы тағы да заңсыз тұтқындалады. Халқын сүйген, сол үшін күйген аяулы азамат, ақын, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы осы жы­лы сталиндік репрессияның жазықсыз құрбаны болады. Содан бергі жарты ғасырдан астам уақыт бойына оның есімі де, еңбектері де аталмай, атала қалса, ұлтшыл, кертартпа ақын-жазушылар санатында айтылып келді. Қазіргі шақта заман да, қоғам да өзгерді. Тәуелсіздік самалы тарихқа, өткен мәдениетке де жаңаша көзқарас әкелді. Соның арқасында қазақ халқы жазықсыз жау атанып, мезгілсіз құрбан болған Ахмет Байтұрсынұлы секілді аяулы азаматымен қайта қауышып отыр.

А.Байтұрсынұлының творчестволыққа бет бұруы оның ұстаздық қызметке араласкан кезеңінен басталады. Туған әдебиеттің тұнығынан сусындау, сондай-ақ, орыс әдебиетінен алған әсер-тағылымы да жас ұстазды өнер соқпағына әкелген. Ахметтің әдеби мұрасы сан салалы, әрі қомақты. Алайда оның творчестволық қалыптасуында айрықша мәнге ие екі жинағын атау ләзім. Оның бірі -1909 жылы Петербургте жарық көрген «Қырық мысал» да, екіншісі — «Маса» 1911 жинағы.

«Қырың мысал » Ахмет Байтұрсынұлын халыққа аудармашы ақын ретінде танытқан тұңғыш жинағы. Кітапқа оның орыстың әйгілі мысалшы ақыны И.А.Крыловтан аударған қырық мысалы енген. Жинақтың «Қырық мы­сал» аталуының мәнісі де осында.

Аудармашы орыс ақынының шығармаларынан суреттелетін құбылыстар мен жағдаяттары қазақ тіршілігіне неғұрлым жақындау келетінін, әрі ұғымға жеңіл үлгілерін таңдап, іріктеп алған. Крылов мысалдарының негізгі мазмұнын сақтай отырып, оны қазақ оқырманының ерекшелігіне лайықтап еркін аударуды Ахмет негізгі принципі еткен. Әрбір аударма соңына мысалдың негізгі идеясын неғұрлым айқындай түсу үшін ол өз тарапынан бірер шумақ қосып, өзінше түйіндеп отырған. Мәселен, «Шымшық пен көгершін» мысалының аудармасын алып қарайық. Абайсызда торға шырмалған шымшықты көрген жас көгершін оған көмектесу орнына:

Талтүсте торды көрмей соқыр ма едің,
Есалаң, ақылың жоқ, күшік, — деді,
деп оны табалайды, мұнымен қоймай,
Мысалы мені алдап еш уақытта
Top түгіл түсіре алмассың онан зорға, —
деп өзін мақтап, астамшылық көрсетеді. Осылай күліп, табалап тұрып, аңдаусызда өзі де тұзаққа түсіп қалады.

1911 жылы Орынборда жарық көрген «Маса» – Ахмет Байтұрсынұлының төл өлеңдерінің топтамасы. Қазіргі өлшеммен қарағанда, көлемі шығындау бұл кітаптың XX ғасыр басындағы қазақтың қоғамдық өміріндегі үлкен әлеуметтік мәселелерді батыл көтеріп, өз дәуірі үшін елеулі мәнге ие болғаны, қазақ қауымы ортасында салиқалы ой туғызғаны белгілі.

Жинақтың мақсаты оның «Маса» аталуынан да таны­лады. Ақын кіріспе өлеңінде масаны ызыңымен елді енжарлығынан, жалқаулығы мен ұйқысынан оятуға септігі тиетін бейне етіп алады.

Кітаптағы өлеңдердің тақырыптық-идеялық мазмұнынан автордың ағартушылық көзқарасы да жақсы танылады. Халық тағдырына жаны күйіп, оны ұйқысынан оятуға, серпілтіп, жігерлендіріп, алға жетелеуге күш салған азаматтың үні естіледі. «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Жиған-терген», «Жұртыма», т.б. өлеңдері – бұған дәлел.

«Қазақ салты» өлеңінде ақын қазақ қауымының әртүрлі өкілдерінің мақсаты мен өмір-тіршілігін сын көзімен саралай келіп, «ұмтылып талап ойлап талпынбаған» елінің енжар, жайбасар халіне күйініш білдіреді. Елінің бұл халіне оқыған азамат ретінде өзін де кінәлі санай отырып өлең аяғын:

Бұл бір сөз қасірет етіп хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет, қазақ азған.
Байға-мал, оқығанға шен мақсат боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан, —
деп азаматтық үлкен қиналыспен бітіреді.

… Ақаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде. Кешегі күні оқушы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызға елестетеді. Ақақның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманынан бір ай ұзағамыз жоқ. Кешегі күндерге шейін бәріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік әр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді.

«Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қызметі — қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш — мәңгілік ескерткіш.

Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ақаң сөйлегенде менің есіме «Қазақ» газетінің әуендері түседі. Біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара жатқанын туманды оймен сезуші едік.

Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды. Ақаңа біздің айтатын сөзіміз: Ақаң — еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі — артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ақаң мектебіне тізіліп кіріп жатқан жас буын. Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ақаңды өзінің басшысы деп санайды.

Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам құлықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт на­мысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманын­да жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды…

Қалай болса да, жазушысы азғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай…
Сәкен СЕЙФУЛЛИН
1923 ж.



Ахмет Байтұрсынұлының ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы — баршасы осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған.
Рымғали НҰРҒАЛИЕВ


ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта келгенде, қазақтың жерін ғана алып қалмай, ой-санасын да отарлауға айналған патшалық өзбырлық пен большевиктік қызыл қырғын кезеңдерде әдебиет пен саясат майданында қажымас қайратын халқына қапысыз еңбек етіп, ұлттық сананы қалыптастырған Ахмет Байтұрсындай ұлы тұлға бұрыңғы – соңғы тарихымызда сирек.

А.Байтүрсынұлы Ы.Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың аудармашылық және ақындық дәстүрін жалғастырып, қазақ әдебиетін өзінің шығармашылық ізденістерімен байыта түсті. Ахметтің шығармашылық тұлғасының қалыптасуына Ыбырай, Абай мектебі мен алдыңғы қатарлы реалистік орыс поэзиясының да әсер-ықпалы айтарлықтай болды. Жалпы, А.Байтұрсынұлы шығармашылығы XX ғасыр басындағы демократтық әдебиетке тән дәстүрлі ағартушылық, сыншылдың сипатта қалыптасты.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру