Қаныш Сәтбаев


Қаныш Сәтбаев (1899-1964 жж.)


Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – аса көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалушы. Туған жері – бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы).


Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін бітіріп келгеннен кейінгі Қ.Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеологиясын зерттеуге арналған. Оның геологиядан басқа ғылымдар, мәдениет саласында да, тарихта да қалдырған іздері сайрап жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға тақағанда, жағдайдың аса қиын ауырлығына қарамастан, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласуы ұлыларға тән көрегендіктің белгісі еді. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы – кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масштабтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ ол минералдық шикізатқа бай сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеп, олардың кендерінің стратиграфиясын, тектоникасы, құрылысы, металлогениясы, неохимиясы және шығу тегі туралы маңызды ғылыми қорытындылар жасады, ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізді.


Көптеген мамандар қатыстырыла отырып, Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен бірнеше жылдар бойы жүргізілген тынымсыз еңбектің нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалды. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың біраз жаңа кендері ашылды. Біраз кендерге бүтіндей жаңа өндірістік баға берілді.


Ол Қарағанды металлургия зауытын салуға, Қостанай, Алтай темір және марганец, Қаратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми-зерттеу институтының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді. Қазақстан ғалымдарының зор армиясының ақылшысы, тәрбиешісі болды.


Ол – геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі толып жатқан комиссиялардың, комитеттердің мүшесі, басшыларының бірі, бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы  Кеңестерінің депутаты, СОКП съездерінің делегаты, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің президиум мүшесі. Ол төр рет Ленин орденімен, Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері болған. Оның есімі институттар мен кен-металлургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген. Сондай-ақ Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады. Оған арналған бірнеше мұражайлар бар.



Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу