Ұлыс күніне арналған халық өлеңдері (22 наурыз мейрамы)

Ұлыс күніне арналған халық өлеңдері (22 наурыз мейрамы)

Ұлыс күніне арналған халық өлеңдері
Самалық, самалық!
Қазақ халқы Жаңа жылды 22 наурыз күні қарсы алады. Сол күні даланы Қызыр баба аралап, Самарқанның көк тасын ерітсе керек. Сондықтан осы күнді асыға күткен үлкендер, ел ішіне төмендегідей самалық айтуды дәстүрге айналдырған.
Самалық – самал деген мағынаны білдіреді.

Самалық, самалық,
Қан тауының көк құсы
Ұйқыдан көзін ашты ма?
Самалық, самалық,
Самарқанның көк тасы
Жібіді ме, көрдің бе!

Самалық, самалық,
Жаңа келген жақсылықты
Көрдік пе, көрмедік пе?
Самалық, самалық,
Ескі жыл шығып, жаңа жыл кірді.
Самалық, самалық,
Сүт көп, көмір аз.
Жаңа жыл жарылқа
Ескі жыл есірке, -
деп, үйдегі ескі ыдысты (қабақты) сындырып, «қабақ сынды, қайғы кетті» деп ырым жасаған.

Күннің аты – Ұлыс

Наурыз парсы тілінде – Жаңа күн деген сөз.
Наурыз күні қуанышқа кенеліп, масайраған жұрт аппақ көйлек пен жаңа киімдерін киеді.
Наурыз күннің бір ерекшелігі – бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар, кісілер бір - бірімен кездескенде:
Жасың құтты болсын!
Өмір жасың ұзақ болсын!
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Пәле - жала жерге енсін?! –
деп құттықтап, ер адамдар қос қолдасып, төс түйістіреді; ал әйелдер болса құшақтасады, ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады. Қос қолдап амандасып, төс қағыстыру – «өмір тірегім, тіршілік көзім – екі қолым аман - сау болсын!» дегенді білдіреді. Рәсім бойынша, жылына бір - ақ рет, жыл басына:
Наурыз жырында:
«Жаңа ағытқан қозыдай»
Жамырасып өрістен.
Ұлыс күні кәрі – жас
Жамырасып көріскен.
«Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар», -
деп айтылмақшы. Ұлыс күні жеті түрлі дәннен – бидай, тары, күріш, жүгері, арпа, сұлы және тұз бен етті қосып қазан толы наурыз көже пісіріледі. (Осы тағамдармен ғана шектеліп қалады деуге болмайды. Әр отбасы «барымен базар» жасайтынын да есте ұстаған абзал). Оның ішіне соғымнан қалған кәделі мүше (жамбас, жалпақ, ұзын, омыртқалар, жал, жая, қазы, қарта), әсіресе бас аман болсын деп, кәрілікке жеткізсін деп сақтаған кәрі жілік қосылады. Бұл үлкендердің алдына тартылады. Жастар жағы «жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын» десіп, наурыз көжені тоя ішеді. Көже ішіліп болған соң төрде отырған ауыл қариясы қолын жайып:
«Бақытты ас берсін,
Ұлыстың ұлы күнінде,
Ұлың оңға қонсын,
Қызың қырға қонсын,
Қыруар малың өріске толсын,
Дәулетіңді асырсын,
Дұшпаның басылсын,
Менің берген бұл батам –
Ұлыс күніне сақтап жүрген сүр батам!» -
деп үй иесіне батасын береді.

Наурыз көжені тоя ішу «жыл бойына тоқшылық болсын» деген ұғымға саяды. Әдетте Наурыз күнгі қасиетті дәмнен алыс сапарда жүрген адамдарға, қадірменді ақсақалдарға сыбаға сақталады.

Жастан - ізет, үлкеннен – ақыл

Жастардың сәлемі!
Ассалаумағалейкум!
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Азаматта әл болсын!
Атымызда жал болсын!
Түйеде қом болсын,
Қара малда қоң болсын,
Ұсақ малда шел болсын!
Сапар шексең жол болсын!

Көпті көрген көне көз қарттың Ұлыстың ұлы күніне ақ батасы

Ескі асымен есіркеп,
Жылқы жылы жылысса,
Жаңа асымен жарылқап,
Қой кіреді ұлысқа.
Әумин, бата берейін,
Жақсылықты терейін.
Жаңа жылда жараңдар,
Үстем болсын мерейің!
Жақсылыққа бас болып,
Алдымызға ас болып,
Келген наурыз құт болсын!
Берері тағы жұп болсын!
Бұлақ болсын сылдырап,
Төрт түлік мал қанатың!
Сәби болсын былдырап,
Құшаққа ана алатын!
Төл болсын да мол болсын
Өріс малға толатын!
Айдын шалқар көл болсын,
Жағалай ел қонатын!
Ізгілікке қол беріп,
Жүгінейік ақылға.
Араздыққа жол беріп,
Отырмайық тақырға!

Наурыз жыры
Қаһарлы қыспен мызыстан
Тайталасып жұлысқан,
Наурыз күні күлімдеп,
Шықты бүгін шығыстан.

Қарға қалған тұншығып,
Жанданады тіршілік.
Әр өткен соң тоқтау жоқ,
Аспаннан әуез үн шығып,

Наурыз үні көктемнің.
Қар ұйықтамай, білдірер
Жақсылықтың жеткенін.
Күн ұзарып, күн кеміп

Ағаш түлер бүрленіп.
Күн - түн сайын жасарар,
Ұлы дүние түрленіп.
Құшақтасып, көрістік,
Қуанышты бөлістік.
Еміренген ел ыстық.

Еміренсін күн нұры,
Бусандырып жер бетін!
Жермен елдің тірлігі,
Ел де өзгертсін келбетін
Жермен бірге жаңарып,
Көңілде кір қалмасын!
Сырттағы жау жаланып,
Жағаға қол салмасын!

Есіктен кірген емініп,
Төр менікі демесін!
Еңістен келген тебініп,
Өр менікі демесін!
Көктен жаңбыр себелеп,
Көк орай шалғын жетілсін!

Наурыз нұры жебелеп.
Жамандықты кетірсін!
Наурызбенен жаңарсын,
Тәніміз бен жанымыз!
Жақсы негіз қалансын,
Жарасып ән, сәніміз!
Әумин, аллауакбар!
Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру