Директор сөзі (соңғы қоңырау 25 мамырға арналған құттықтау сөздері)


«Соңғы қоңырау» мерекесіндегі
Абай атындағы №2 лицей директоры
Қ.Т.Рахимберлинаның
құттықтау сөзі 25.05.2019 ж

Қымбатты түлектер!
Құрметті ата аналар, ұстаздар және қонақтар!


Баршаңызды бүгінгі «Соңғы қоңырау» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мерекені оқушы, мұғалім және ата-аналардың 11 жыл бойғы білім жолындағы атқарған еңбектерінің ортақ жемісі деп білеміз.
Құрметті түлектер!
Бүгін Сіздер орта мектепті тәмәмдап, арман жетегінде сан тарапқа тарап, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрсыңдар.
Біз Сіздерді бүгінгі жастардың бойында болу керек құндылықтарға тәрбиелей отырып, отаншыл, қазақстандық патриоттық сезімі қалыптасқан, білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы ашық, халқымыздың рухани-адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген, үштілді еркін меңгерген, бүгінгі жылдам өзгеріп жатқан заманда инновациялық өзгерістерге дайын тұлға болуға бейімдедік.
Сіздер еліміздің ертеңін құратын жалынды жастарысыздар. Елімізде биылғы жыл - Жастар жылы деп жарияланған болатын. Бұл ұлтымыздың болашағы – мына сендерге деген қамқор, қолдау және үлкен сенім болып танылады.
Бұл жыл аясында мемлекет тарапынан Сіздерге арналған көптеген қолдаулар мен жайлы жағдайлар қарастырылып, жүзеге асырылуда. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру-болашаққа бағдар», «Ұлы даланың 7қыры» атты мақалалық бағдарламалар аясында мемлекет тарапынан сендерге маңызы бар үлкен тапсырмалар қойылып, атқарылуда.
Мұның барлығы сендердің болашақта бәсекеге қабілетті және кәсіби шеберлігі жоғары мамандар болып қалыптасуларыңызға бағытталған іс шаралар.
Биыл лицейімізді 21 түлек бітіріп отыр. 11 жыл бойғы оқу еңбектеріңіздің толағай жетістіктері бізді қуантады. Мен үлкен мақтанышпен оларды атап өткім келеді.
1.Екі түлегіміз – бірі Советова Эльдана «Алтын белгіге», бірі- Бекенов Аслан «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.
2. 4 тілде еркін сөйлеп, талай елді тамсандырған Советова Эльдана бүгінгі күн түлегінің образы болып табылады. Ерекше жетістіктері үшін биыл Балқаш қаласы Әкімінің «Өркен» сыйлығының иегері болды.
Бекенов Аслан – физика пәні бойынша қалалық, облыстық пәндік олимпиаданың, ғылыми жобаның бірнеше дүркін жеңімпазы болып, мектеп қабырғасында алған білімінің сапасын көрсете білді.
3.Дәстүрлі өтетін қалалық дарынды балалар форумында Аманболды Алтын – «Жыл оқушысы» , Бағдаулет Әйгерім – «Жас көшбасшы» номинацяиысының иегері атанды.
4. Аманболды Алтын – ең беделді олимпиадалардың бірі – жаратылыстану пәндері бойынша Президенттік олимпиаданың облыстық және республикалық кезең жеңімпазы атанып, облысымызды, қаламызды,оның ішінде лицейіміздің мәртебесін көтерді.
Түлектеріміз мектеп қабырғасында алған білімдерінің сапасын әтүрлі деңгейлерде өткен пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, спорт, көркемөнерпаз жарыстарында көрсетіп отырды:
Республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының қалалық, облыстық, республикалық кезең жеңімпазы, барлық лицейішілік, қалалық іс-шаралардың үздік жүргізушісі, мәнерлеп оқу, Абай, Сәкен оқуларының бірнеше дүркін жеңімпазы – Бағдаулет Әйгерім. Облыстық олимпиада жеңімпаздары: Советова Эльдана, Бекенов Аслан, Марат Іляс, Есенгалиева Назым.
Қалалық олимпиада жеңімпаздары: Бағдаулет Әйгерім, Аманболды Алтын, Ыдырысов Кәдірбек, Төлеуханова Әйгерім, Разбекова Ания, Бауыржан Аяужан, Жамел Сабина, Сатыпалдиева Жадыра, Балкей Әйгерім, Төлеугалиева Жанерке, Жексембаева Айжан.
Облыстық ғылыми жоба жеңімпаздары: Бекенов Аслан, Бауыржан Аяужан, Серікбол Ерасыл, Марат Іляс, Бағдаулет Әйгерім, Есенгалиева Назым.
Спорт пен әскери ойындарда да, өнерде де ерекшеленген түлектер:
Аманболды Алтын, Карыбек Бауыржан, Ыбрахым Батыржан, Умбетов Дамир, Рысбаев Ансар, Ыдрысов Кәдірбек, Жексембаева Айжан, Разбекова Ания, Төлеугалиева Жанерке, Серікбол Ерасыл, Тимурқызы Іңкәр, Төлеуханова Әйгерім сынды түлектерімізді үлкен мақтанышпен атап өтемін.


Құрметті ұстаздар!
Бүгінгі мерекеде Түлектерге сапалы білім беріп, өмірлік ұстанымдары мен адамгершілік негіздерін қалыптастыруда адал да, жемісті еңбектері үшін директор орынбасарларына, лицей ұстаздарына ерекше алғысымды айтамын.
Сіздер Қазақстанды ең дамыған 30 елдің қатарына енгізу мақсатында жүргізіліп жатқан білім беру мазмұнын жаңарту кезеңінде жаңа талаптарға сай болуға бағытталған үлкен қызмет атқарып жатырсыздар. Оның қаншалықты ауқымды, маңызды екенін қаламызда соңғы 2 күнде дүрілдеп өткен «Ұлы дала мұрагерлері» атты форумда ата-аналарға, жан жақтан келген барша қонақтарға терең де, жан-жақты көрсете алып, жоғарғы бағаға ие болдыңыздар. Бұл Сіздердің сапалы еңбектеріңіздің нәтижесі. Сіздерге мықты денсаулық, шығармашылық ізденіс пен табыс, мол күш-қуат, білім шыңына жетелеген зерек оқушыларыңыздың көбейе беруін тілеймін !
Құрметті ата - аналар!
Бүгін Сіздер ерекше толқып, шаттыққа бөленіп тұрсыздар. Бала сіздердің болашаққа деген үкілі үміттеріңіз. Сіздерді бүгінгі тамаша қуаныштарыңызбен құттықтай отырып, бізбен бірге болған талай талай кездеріңіз, қолдауларыңыз үшін рахмет айтамын.
Сіздер күрделі кезең алдында тұрсыздар. Балаларыңыз университет пен пен мамандық таңдау секілді маңызды қадам жасау алдында тұр. Бүгінгі Әлем бір орында тұрмайды, үнемі өзгеріс үстінде. Көп мамандықтар өзектілігін жоғалтып, артта қалуда, алдыңғы қатарлы технологиялар дамып, жаңа мамандықтар пайда болуда. Сондықтан балаларыңызға дұрыс қолдау көрсетіп, болашақта қажет болатын мамандықты тізгіндеулеріңізге тілектеспіз.
Құрметті түлектер!
Сіздер өмір бойы өсірген, оқытып, тәрбиелеген ұстаздарыңыздың, ата-аналарыңыздың сіңірген ұшан теңіз еңбектерін жүректеріңізде ерекше құрметпен сақтап өтеді деп сенемін.
Алда тұрған мемлекеттік аттестациядан, ҰБТ сынағынан сәтті өтулеріңізге тілектеспіз.
Қадам басып отырған жаңа өмір жолында Сіздерге бәсекеге қабілетті білім, креативті көзқарас, шығармашыл ой-өріс өмірлік серіктеріңіз болсын.
Алған білімдеріңіз бен барлық күш-жігерлеріңізді Тәуелсіз еліміздің игілігін арттыруға, одан әрі нығайтуға жұмсайды деп сенемін.

Ал бүгінгі кіп-кішкентай болып тұрған 1-ші сынып оқушылары, ата-аналары! Сіздерді 1 –ші сыныпты бітірулеріңмен құттықтаймын. Сендер осы ағаларың мен апаларыңның жолдарын қуып, білімпаз, талантты, іздемпаз болып өсулеріңе тілектеспіз.

Баршаңызға сәт сапар, ақ жол тілеймін!




Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру