Ешкімнің жоқ таласы


Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылы.
Т. Салқынбаев

2. Ешкімнің жоқ таласы.
«Айтылар күні айтылмаса сөздің атасы өледі» деген екен бұрынғылар. Елтануға есепсіз үлес қосып отырған Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі қарсаңында сол хандықты құруға, нығайтуға, қорғауға еңбегі сіңген тарихи тұлғалар жөнінде де шындықтың бетін ашу мақсатымен «Тоғас хан» деген мақала жазып едім. Ол «Ертіс өңірі» газетінің 25 ақпандағы санында басылды. Мақаланы шашау шығармай жариялаған газет ұжымына рахмет. Біз бала күнімізден бері қай жерде болса да жөн білетін үлкендердің Тоғас атын айтсаң болды «Е, хан Тоғас қой» дегенін үздіксіз естіп өстік, әлі де естіп келеміз. «Хан Тоғас» дегенді көне қазынаның білгірлері жыршы – жырау шежірешілер де жеткізген. Солардың бірі белгілі ақын Кәрібай Таңатарұлы: «... Базарқұл мен Назарқұл хан тоғастың баласы. Таққа отырған Тоғасқа, ешкімнің жоқ таласы» деп толғаған екен. Одан бөлек Камал Әбілрахманов, Зейнолла Сәнік, Қалихан Алтынбаев, Замантай Оразаев сынды біршама зерттеушілер мен ақындардың жазбаша деректерін пайдаланған едім мақала жазуда. Олар көне шежіре мен ауыз әдебиетінің деректерін көп жинаған ел тарихының білгірлері ғой, өтірік айта қоймайды. Біздің қазақ халқының тарихын негізінен шежірешілер мен жыр дастандардың авторлары бір біріне қапысыз жеткізіп отырған. Тоғас баба өмір сүрген он жетінші ғасырдың ортасынан он тоғызыншы ғасырдың аяғына дейінгі екі жарым ғасыр шежіре үшін көп уақыт емес қой, 19 - дың аяғы мен 20 - шы ғасырдың басына дейінгі шежірешілер деректерді бұрмаламай жеткізген болса, Кәрібайлар солардың соңғы тұяғы ретінде өз пікірлерін айтып кетті.

Ал елді адастырған, шынайы шежіренің үнін өшірген 20 - шы ғасырдағы кеңестік кезең де, адасқан біз, сол дәуірде туып өскен ұрпақ болдық. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» демекші бұдан былайғы ұрпақты адастырмаудың, тарихи шындықты қалпына келтірудің қамын ойлайтын күнге жеттік кәзір.

Дегенмен көненің көзін көріп қалғандар, көкірегіндегі асыл қазынаны кеңес дәуірінің ақырына дейін жеткізгендер де болды. Түйгені мол ағалардың соңғы тұяғы, Тікқұлақов Сыдық ата бастаған ауыл ақсақалдарының бастамасымен, сол кездегі ауылдық кеңестің төрағасы Ж, Баяхметованың, мектеп директоры С. Көнекбаевтің қолдауымен 90 – ншы жылдардың басына да Ойшілік ауылындағы мектепке «Тоғас батыр» есімі берілді. Олар да «Тоғас хан» жайлы шындықты жетік білген. Бір – ақ кеңестік сенімнен әлі ажырамаған халық, әсіресе жастар мен орта буын өкілдері ол кезде «хан» деген атуды қабылдамас еді. «Хан» деген ұғым ол уақытта жауыз, жалмауыз, қатыгез, қанішер дейсің бе, қойшы әйтеуір ел санасындағы ең жеккөрінішті атау болғандықтан оны сол кездегі үкімет те бекітпес еді. Ел ішінде «хандар» жөнінде кәзіргі пікір қалыптасқан жоқ болатын да, «Батыр» ұғымы халықтың қорғаны, қаһарман ретінде тоқтаусыз қабылданатын болды. Ал одан бергі 25 жылда көп нәрсе өзгерді, мүлде басқа пікір, басқа көзқарас қалыптасты. Үйткені кәзіргі уақытта «Қазақстан тарихының» ғылыми жүйесі құрылды, Тоғас баба жайлы аңызды сол жүйеге салып шындықты ашуға тырысқан деректі мақалалар да басылды.

Ендігі жерде аңыз - шежірені сол ғылыми жүйенің қалыбына салуға тиіспіз, мен де соған талпындым. Бір – ақ мақаланы жазғандағы хан бабаны ұлықтайтын шараларға бастау болама деген ойымыз іске аспай қалды. Қайта Тоғас ұрпақтары жинақталған Тарбағатай өңірінде «Тоғас хан болмаған» дейтіндер көрініс бере бастады. Шындығында оларды да сөгетін емес, біз тарихын тануда тым кенже қалған елміз, кеңестік кезең көкірегінде көзі бар, көкейінде сөзі бар абзалдар мен дегдарлардың тұқымын тұздай құртты. Сөйтіп ғасырлар мұрасын бір біріне жалғап келе жатқан шежіре – дастандарды, ондағы шындықты айтарманға айтқызбай, тыңдарманға тыңдатпай жүйесін бұзды, желісін үзіп желкесін қиды. Біз де сол қоғамның өніміміз.

Тоғасты «хан болмаған» дейтін азаматтардың айтатын уәжі: «Қазақтың хандары санаулы ғана, олардың арасында Тоғас деген хан жоқ» дейді. Санаулы дегенде олардың Керей ханнан Кене ханға дейінгі Ұлы хандармен ғана шектеліп отырғанын байқау қиын емес. Бұған қарсы айтарым - қандай мемлекет болса да әкімшілік бөліктерге бөлінеді, «жалғыз кірпіш қорған емес, жалғыз ағаш орман емес» демекші қандай елді болса да жалғыз хан немесе жалғыз патша билемейді. Сөзіміз дәлелді болу үшін тым әріге бармай Шыңғыс хан заманынан бастайықшы. Шыңғыс хан жаулап алған ұлан – ғайыр жерлерді ұлдарына «жасау» немесе «інжу» түрінде бөліп бергені әлемге мәлім. Ол жерлер «Ұлыс» деп аталды, ұлыстарды хандар билеген. Әрі қарай олар да өз ұлыстарын аймақтарға бөледі, мысалы Қадырғали Жалайыри: «Жошы үлкен екі баласына енші бөліп берді» деген дерек қалдырған. Олар Батый хан мен Орда Ежен хан болатын, Жошының бесінші ұлы Шайбан хан кейінірек батыстағы жорықтарға еңбек сіңіргені үшін Батый ханнан үлес алып билік құрған, олардың бәрі өзінен жоғары тұрған ұлыстың ханына бағынған. Ал ұлыстардың хандары түптеп келгенде бәрі бірдей Қарақорымдағы Ұлы ханға бағынушы еді. Бұл бір ғана мысал, Шыңғыс ханның төрт ұлына берілген жерлер өз ішінде қанша аймақтарға бөлінгенін, оларды қанша хан билегенін мөлшерлеп көріңіз. Ал біздің қазақ хандығының басқару жүйесінде осы дәстүр сақталып дамытылған болатын. Ғылымға тереңдемей - ақ мектептің оқулығын ашсақ сол замандағы қазақ хандығының жүздерге, жүздердің ұлыстарға бөлінгенін көреміз. Жалпы жеті сатыдан тұратын хандық иерархияның төртінші сатысы «ұлыс - бірнеше ру – тайпалардан құралады, жаугершілік жағдайда он мың жасақ шығаратын ұлысты сұлтан немесе хан басқарады» дейді жаңағы оқулық. Әдетте мектеп оқулығына дауласуға жатпайтын, әбден екшелген шындық жазылады ғой. Ендеше ұлысты басқаратын сұлтандар біріншіден міндетті түрде хан тұқымынан болуы шарт, екіншіден олардың кейбіреуіне хан атағын «ұлы ханның» өзі береді, сіңірген еңбегіне, ерлік істеріне қарай әрине. Олар Ұлы ханның алдында ант қабылдайды, оның жарлықтарын орындайды, алым салықтар төлейді, құрылтайға қатысып керек уақытынды әскерін бастап шығады. Ол кезде кәзіргі сияқты казармада жатқан тұрақты әскер жоқ, әрбір ер азаматтың бес қаруы сай болуы шарт, жаушылар жаугершіліктің жарлығын жеткізген жағдайда ауыл ондық, аймақ (ата - аймақ) жүздік құрайды, ру – тайпа мыңдық, ұлыс түменді құрайтын Шыңғыс хан заманынан сақталып келе жатқан жүйе тарихи әдебиеттерде көп айтылады. Сол сияқты ол кездегі билік жүйесін кәзіргі ақпараттық, қарым – қатнас құралдары жетілген заманмен салыстыруға тағы болмайды. Ұлы хан жүздер мен ұлыстарды басқаратын кіші хандар мен сұлтандарға сүйенеді, олардың қандайы болса да ұлы ханның пәрменін орындамаса, антты бұзса аяусыз жазаланатыны да содан. Біз білетін Тұрсын ханның бүлігі де соның айғағы. Негізінде Тұрсын хан қазақ хандығының құрамындағы Ташкент өңіріндегі екі ұлыс Қатаған тайпаларының ханы болған. Антты бұзып Есім ханға бағынбай бүлік шығарғаны үшін өзі ғана емес бүкіл үрім – бұтағы, қатаған ұлысының халқы түгел жазаланды. Тұрсын ханды жойған соң Есім хан «Тұрсынның ұлы Болатты хан атағына отырғызды» дейді шежіре. Міне осы кезде ерекше ерлігі мен еңбегі үшін Тоғас батырға да «хан» атағы берілген сияқты. Бірақ шежіреші - зерттеушілердің ешқайсысы да Тоғас баба Ұлы хан болды деген дерек айтпайды, олай болуы мүмкін емес те. Қарауында халқы жоқ, қол астында әскері жоқ, сыбай – салтаң жүрген адамға «хан» атағы берілді деу тағы қисынға келмейді.
Көбінесе хандық билік әлсіреген кезде жекелеген хандар өз билігін күшейтіп дербестене бастауы көшпенділер тарихының көнеден қалған ерекшелігі десе де болады. Мысалы Бұйдаш ханның тұсындағы Ахмет хан мен Тоғым ханның өз бетімен билік жүргізуі сияқты жағдайлардың да тарихымызда жиі болмаса да қайталанып тұрғаны рас. Билік әлсіреген замандарда халық таңдаған хандар да тарихымыздан өз орынын алған. Жүйелі зерттеуге ілінген, өмір – тарихы дәлелденген 18 - 19 ғасырларда халқына қорған болсам деген Батыр хан, Әбілғазы хан, Қаратай хан, Арынғазы хан сияқты күрескер тұлғаларды ел тани бастады. «Ұлы хандар санаулы» болғанымен оларға сүйеу болған, жүздер мен аймақтарды басқарып ел ісіне өлшеусіз еңбек сіңірген кіші хандардың қаншасы әлі танылмай жатыр. Солардың бірі, Есім ханның сенімді серігі, елеулі еңбегі мен ерлік істері үшін «хан» атағын алып ұлыс елге, одан шығатын әскерге мейлі аз уақыт болса да басшы болған Тоғас баба да лайықты бағалануы тиіс. «Тоғас хан» жөнінде әртүрлі болжамдар айтылып жүр, соның ішінде қисынды тұспал осы шығар. Ал «Тоғас хан болмаған» деп жүрген жігіттердің де қолында жазбаша дерегі жоқ, олардікі де тұспал. Үйткені жазбаша деректің табыла қоюы қиындау, табылып жатса құба құп, бір - ақ басқаны айтпағанда әйгілі «Жеті жарғының» өзі де бізге жазбаша түрде жете қойған жоқ қой.
Ол кездегі ұлыстар ірі тайпалардың аттарымен аталатыны мәлім, ендеше Байыс бабаның кезінен бастап жинақталып сол кезде ықпалды күшке айналған Наймандардың ішінде Төлегетей ұрпақтарының, болмаса тіпті Қаракерей тайпаларының жеке ұлыс болып он мың әскер шығаруы әбден мүмкін. Бүкіл қазаққа ортақ тұлға қасиетті Қабанбай батырдың атына арысы «Найман» немесе бергі атасы Бәйжігіттің аты тіркелмей «Қаракерей Қабанбай» аталуы да тегін емес сияқты болып көрінеді. Қаракерей сол кезде алты алашқа танымал іргелі ұлыс болды ма кім біледі. Бұдан былайғы зерттеушілер шындықты осы төңіректен іздесе болар еді. Бүгінгі біздің борышымыз қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында мемлекетті құруға, қорғауға үлес қосқан аруақты тұлғаларды елге танытып, ұрпаққа үлгі ету деп білемін.

Т. Салқынбаев. Ақсуат ауылы, Тарбағатай ауданы.
(Ертіс өңірі газетінің 2015ж. 21 қазандағы санында басылған).


Источник: bilimdiler.kz
Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу