Жүрек әмірі

 Жүрек әмірі

Бәрі де көктемде басталған еді. Осы күннен бастап Ербол деген жас жігіт таумен таласқан сары үйлердің қасынан жиі өтетінді шығарды. Әр қадамын аңдап басып, балкондардан көз алмауды әдетке айналдырды. Жап-жас жігіттің осы бір қылығына көрші үйлердің тұрғындары үйреніп алып, іздейтінді де шығарды. Себебі, Ербол әр келген сайын үлкен қуаныш пен махаббатты арқалап келетін. Бір күні ән салса, келесі күні өлең оқып, арғы күні тағы бір дүниені ойлап тауып отыратын. Әрине, бұны бәрі оған оңайға соқпайтын. Амал бар ма, басқа салса махаббат не істетпейді?! Ербол келген сайын әлгі қыз балконда отыратын. Өмірі күтетін. Өмірі боянбаған қалпы, шашын екі өріп тастайтын. Өмірі езуінен күлкі кетпейтін. Сөйте тұра, көзінде бір нәзік мұң жататын. Өзі соншалықты әдемі еді. Дүниеде мұндай перизаттың барына Ербол бұрын сенбейтін, енді сенетін болды. Енді құлай сүйетін болды. Тек, әлгі қызды сыртқа шақырса шықпайтын еді. Жауап та бермейтін. Одан басқасының бәрін қапысыз атқаратын. Күл десе күлетін, әңгіме айт десе айтатын. Бұдан басқа не керек. Сол үшін де Ербол өкпелей алмайтын. Бәрі уақыттың еншісінде деп ойлайтын. Әшейінде жұрт екі жасқа сүйсініп қараушы еді. Махаббаттарының мәңгі болуын тілейтін еді. Екі жасты қосуға өздері-ақ дәнекер болатын еді. Бірақ, бұларда бәрі басқаша. Бұларға сүйсініп қараудың орнына, аянышпен қарайды екен. Енді Ербол үй алдына келгенде баяғыдай күліп қарамайды. Керісінше, кінәлап қарайтындар көбейе бастады. Жұрттың бұл өзгерісін Ербол еш түсіне алмады. Оны ол жамандыққа жорып та тастады. Менен басқа жігіттер көп келетін болған ғой деп ойлады. Менен артық туған жігіттер көп емес пе деп ойлады?! Бірақ, 24 сағаттың 12 сағатын осында өткізбейтін бе еді. Кейде тіпті бүкіл тәулігін арнайтын да сәттер болатын. Сонда қалай болғаны?! Мүмкін емес деді. Қызға сенейін деді. Мұндай қызды өтірік айтты деуге аузы да бармайтын. Бүгін тағы асығып келеді. Көктем күні маужырап тұр. Жан-жағына қарап келе жатыр еді, тұрып қалды. Бұрын қалай байқамаған. Мынау сары үй қалың бір сағыныштан тұрғызылғандай. Біреуді күтіп тұрғандай. Біреуді аяп тұрғандай. Жақындап еді, өзгеріп салды. Сұсты болып бара жатыр. Ербол қорқайын деді. Қыз отыратын балконға қарады. Қыз жоқ. Көзін уқалап тағы қарады. Жоқ. Бұндай әдеті жоқ қой деп ойлады. Біраз уақыт күтті, болмады. Ысқырды, болмады. Енді бір ғана нәрсе қалып еді. Көршілерден сұрайын деді. Көршілер де көрінбеді. Бұлардың бәріне не болған деп ойлады. Бір кезде әзер дегенде Мария Ивановна табылды. (Өзі солай айт деп бұйырған.) Бәрін содан біліп, асығыс шаруасы бар кісідей кетті де қалды. ...Ұзақ келіп жылады. Өзін аяды. Оны да аяды. Тағдырға қарғыс та жаудырды. Өлім сұрап та көрді. Бәрібір, біреуі де іске аспайтын еді. Енді ойланайын деді. Бөлмедегі сағат тықылы шешім күтіп тұрғандай. Өз-өзін қолға алуға бекінді. Өмірінде бірінші рет сүйген, сүйгенде де өліп тұрып, құлай ғашық болған махаббаты мүгедек екен. Қос бірдей аяғы жоқ болып шықты. Қос бірдей... Қалайша білмегеніне налыды. Одан не шара, өткен күн бәрібір оралмайды. Сонда болған көлік апатын көз алдына елестетті. Көз алдына нәзік қыз келді. Көз алдына бір тамшы жас келді. Сүртпеді де. Оны қатты сүйеді екен. Оның жазығы бар ма?! Ол да бұны сүйеді. Сонысы үшін қысылатын шығар. Аяғы жоқ қыздың махаббатта несі бар деп ойлайтын шығар деді... Екі жас қосылған жағдайда қиын болатын еді. Әсіресе, Ерболға. Арбада отырған сүйіктісін күн сайын көргенде жүрегі ауырмайды дейсің бе?! Әсіресе, Аяулымға. Жап-жас жігіттің тағдырын арбаға байлап қойғанына қысылмайды дейсің бе?! Аяулым баяғыда-ақ күдер үзген. Ол Мария апайға бәрін түсіндіріп, Ербол келгенде терезенің ар жағында жылап отырған. Жөндеп қоштаса да алмаған. Ал Ербол әлі де кездескісі келе береді. Алдында екі-ақ жол бар. Соның біріне әрі дұрысына белді бекем бууы қажет.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру